В. Ф. Шаталовтың педагогикалық жүйесі — Тарих — Bilim

0

Мұғалім-новатор В. Ф. Шаталов 70-жылдары мектеп және жоғары оқу орындары мұғалімдері арасында «Шаталов әдісі» деп аталып кеткен өзінің байыпты оқыту жүйесін жасап шығарды. В.Ф. Шаталовтың педагогикалық жүйесі көптеген жылдар бойы соқтықпалы-соқпақты жолмен жүріп, оны КСРО ПҒА өкілдері қатты сын тезіне салды, алайда, оны мектептердің, техникумдар мен ЖОО практик мұғалімдері барынша зерттеп-зерделеп және қолдап келді. Тек Е. Г. Лихачевтің «Орта және жоғары мектепті қайта құру барысы мен партияның оны жүзеге асырудағы міндеттері туралы» (18.02.1988 ж. «Правда» газеті)  КСРО ОК пленумындағы жасаған баяндамасындағы «айқайынан» кейін ғана В. Ф. Шаталов өзінің тәжірибесін жалғасыруға мүмкіндік алды  /101/. Ол баяндамада «Мақсатқа жетелейтін жол — мектепке шығармашылыққа деген құқық беру, оқыту мен оқыту-тәрбие үдерісін ұйымдастыру әдістерін таңдауға, тәрбиелеудегі жаңашыл идеяларды сынап көруге құқық беру. Бет-бейнесі дарынды, ойлау жүйесі ерекше және өз ісіне берілген педагогтардың қам-қарекеті арқылы айқындалатын енді пайда болған мектептердің жас өскіндерін жұлып-таптап емес, оларлы барынша аялау керек» деп айтылған еді.

В. Ф. Шаталов, өзінің айтуынша, жаңа ештеңені ашқан жоқ, тек педагогика мен психологиядағы оңтайлы идеяларды қолдана бастады. Оның оқыту технологиясының өзегі: топтық оқыту (сынып) жағдайындағы оқушылардың күрделі танымдық қам-қарекетін ұйымдастыру. Ол мүмкін болған барлық құрал-тәсілдері арқылы оқушыларды қызықтырып, олардың ықылас-ынтасын оятады, бәсекелестік элементтерін енгізеді. Барлығының істегендері ойдағыдай шығып, бәрі табысқа жететіндей қылып жұмысын істейді. Ал табыс болса өзіне деген сенімділікті қалыптастырып, сәйкесінше келесі табысқа жетелейді. Оқушының бар істегені жақсы шыққан сайын ол қызыға түседі.  

В. Ф. Шаталовтың педагогикалық жүйесінің негізгі постулаттары:

1. Материалды мейлінше түсінікті, тіпті оңайлатып айтып беру, ол үшін мыналарды істеген абзал: 

— бір нәрсені әртүрлі сөздер арқылы 3-4 рет қайталап, балалардың зейініне түсетін артық күшті азайту; 

— бір сабақта бір теореманы емес, «тақырыптар өзара байланысты болатын» ірі-ірі блоктар арқылы оқыту. Мысалы, ол бір сабақта «Шексіз прогрессиялар», «Шек», «Шексіз кеми беретін прогрессия мүшелері жиынтығының формуласын шығару», «Шектер туралы негізгі теоремалар» тақырыптарын өтеді де, үздік нәтижелерге қол жеткізеді, өйткені «сол жылдардағы оқыту бағдарламасындағыдай материалды 5 сабаққа бөлшектеу түсініп алуды қиындатып, бүтін нәрсені жеке-жеке үзінділерге бөліп, олардың өзара байланыстылығын көруге кедергі келтірді»; 

— оқушыларға негізгі мәністі түсіндіру, сонда еске сақтайтынның көлемі азаяды. Осының нәтижесінде материалды жақсы түсініп, 70% еске сақтап қалады. Логикалық жад іске кіріседі, ол механикалық жадтан тиімдірек. 

2. Оқушылардың бір мезетте әрі жазып, әрі тыңдауына рұқсат бермеу. Ол бұл екі үдерісті екі айырады, яғни, мына заңдылықты қолданады: тыңдау қабылеті барлығында бірдей дамымағандықтан, зейінді жазуға және түсінуге екіге бөледі. Оқушылар әуелі тыңдайды, содан кейін олар не жазып алады, не Шаталов оларға қайталап шығуға мүмкіндік береді. 

3. Теорияға алдын ала көз жүгірту, оны (теория) материалдың логикалық тізбегі көрініп тұратын блок-схемаларда немесе конспектілерде түсіндіре түсу. Өте әдемі, жарқын, ерекше бейнелеу, көрім анализаторының заңдылығын пайдалану. Оқушы өзі логикалық жоспарды немесе өзекті конспектіні құрса, жад жұмысының тиімділігі арта түседі. Осының барлығы оның еске сақтауын оңайлатады. Өзекті конспектілер өзін қадағалауға, өзара қадағалауға және ата-аналары тарапынан қадағалауға мүмкіндік береді.   

4. Осы блок-схемалар бойынша оқушылардың білімін қадағалап отыру. Оқушы есіне сақтағаны бойынша осы өзекті конспектіні сызып беруі және сол бойынша оқу материалының мазмұнын қалпына келтіруі тиіс. Қадағалаудың қайталау заңдылығын пайдалану. Ақпараттың көп бөлігі (40, 30%) алғашқы үш күн ішінде ұмытылып қалады. Сондықтан оны бас кезінде күн сайын қадағалап, сосын, шамамен бір айдан соң, ұмыту үдерісі баяуырақ (27%) жүре бастайды, сол кезде кейінге қалдырылған қадағалауды жүргізуге болады.  

5. Жад мектебіне сүйене отырып, бірақ оқушылардың ойлану қабылетін де жоққа шығармай, сабақтарды дәстүрлі оқыту жүйесі аясында өткізу.  

6. Сыныпта әрбір оқушы өзін жайбарақат ұстап, өзіне сенімді болатындай ахуал қалыптастыру. Бұл оқушылардың қарым-қабылеттерінің және ынта-ықыласының артуына сеп болатын шығармашыл және қам-қарекетшіл ахуалдың пайда болуының басты алғышарты болып табылады. 

7. Сабақ сайынғы балл қағидатын қолдану, яғни әр сабақта әр оқушыдан сұрап отыру. Оқушыларды әртараптан қадағалап отыру мен сауал қойып отыруды ұйымдастыруда, әрине, В.Ф. Шаталовтың өзінің дарынының да ықпалы бар.  

8. Әрбір оқушыға өзінің баллын жақсартып алуға мүмкіндік беру. Және де оқушыны оқытушы шақырған кезде емес, оқушы өзі материалды енді жақсы білетінін және өзінің бағасын түзете алатынын сезген кезде мүмкіндік беру. Бұл қағидат «перспективаны ашу» деп аталады.  

9. Оқушылар мен ата-аналарына адамгершілік тұрғысынан қарау. Міне, кішкентай мысал: оқушының күнделігіне үй тапсырмасы жазылмай қалуы себепті ата-аналар мен балаларының арасындағы дау-жанжал жиі болып тұрады. Шаталовтың оқушыларында бұлай болуы мүмкін емес еді, ол сабақтың аяғында оқушыларға күнделікке үй тапсырмасының дұрыс жазылғанын өзара тексеріп шығуы үшін екі секундтан екі минутқа дейін уақыт беретін. Осындай қарапайым ғана профилактикалық тәсіл оқушылардың да, ата-аналардың да жүйкесін жұқартпайтын. Бұндай тәсілдер В. Ф. Шаталовта көп-ақ, әсіресе, бұл оның «екіні үнемдеу», яғни ол болмауы үшін алдын алып отырудағы икемдігіне қатысты.    

Жалпы айтсақ, В. Ф. Шаталовтың педагогикалық жүйесінің мәні ерекше жағдайда оқушы өз білімін ойына түсіре алуын, түсіне алуын, есінде сақтауын және қолдануын (4 Т) білдіреді. Тәп-тәуір қағидат, солай емес пе? Оның жолын қуған ізбасарлары жоғары мектеп педагогтарының ішінде де бар екені еш таңданыс тудырмайды.  

Дереккөз: Басова Н.В., Педагогика и практическая психология

Оқуға кеңес береміз:

Мектеп оқушыларының сабақтағы ынтасын арттыру жөнінде 50 кеңес

Ұстаздарға кеңес: Оқушыларды қалай жігерлендіруге болады

Осылайша мұғалім оқушылардың сабаққа келу көрсеткішін 40%-дан 93%-ға көтерді

Мұғалім балаларға келемеждеудің соңы неге әкелетінін түсіндірудің тамаша амалын тапты

Сенім Авраам Линкольнның мұғалімге жазған хаты

Педагогтың өзін-өзі кәсіби кемелдендіруі

Сызықты қысқарту

Сенім


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Дереккөз: bilim-all.kz