Тоқ ішектің жаралы қабынуы — Денсаулық — Bilim

0

Тоқ ішектің шырышты қабатындағы қабыну-дистрофиялық үдерісінің нәтижесінде оның қызметі бұзылады. Ауру дизентерия салдарынан, витамин тапшы болуынан, алкоголь ішімдіктерін жиі ішуден, ішек бактериозынан, ауыр металдармен уланудан, әртүрлі дәрі-дәрмектерді көп қолданудан болады.

Белгілері

Науқастың іші ауырады, іш өту мен іш қату алмасып отырады, іш желденеді. Іштің төменгі және бүйір беліктерінде толғақ тәрізді ауыру білінеді. Ол көбіне тамақтанып болғаннан кейін 2-3 сағаттан соң байқалады. Организмде ақуыздар дұрыс ыдырамағандықтан, улану күшейіп, бас ауырады, әлсіздік пайда болады. Нәжіс шырышты немесе қан аралас. Жүрегі айнып, құсады, ауыз іші күйіп ауырып, тамаққа тәбеті нашарлайды. Ол орталық жүйке жүйесіне де ықпалын тигізеді, соның салдарынан ұйқы да бұзылады.

Егер дер кезінде дәрігерге қаралмаса, ол тоқ ішектің ойық жаралы ауруына ұласады. Ішті қол саусақтарымен тексеріп көрген кезде тоқ ішек тұсы қатты ауырады, бауыр мен көкбауыр көлемінің ұлғайғаны байқалады. Ауру ушыға келе науқас арықтай түседі, қаны азайып, қаназдық пайда болады, трофикалық өзгерістер де білінеді. Көтеншекте де, әсіресе үлкен дәретке отырған кезде, ауырсынулар пайда болады. Ауруды нақты анықтау үшін нәжіске талдама жасалады, рентгендік және эндоскопиялық зерттеулер жасалады, клиникалық көріністерге де мұқият назар аударылады. Копрологиялық зерттеу жүргізген кезде қан мен шырыш табылады. Рентгенологиялық зерттеу жүргізгенде тоқ ішектің спазмы, шырышты қабық бедерінің бұзылғаны байқалады. Ректороманоскопия арқылы тексергенде ойық жара мен шырышты қабық гиперемиясы анықталады.

Емі

Алдымен, аурудың себебін анықтап алу керек. Емді соған сай бастайды. Тамақты күні бойы бірнеше бөліп қабылдау керек болады. Диеталық емге ерекше көңіл бөлінеді. №4 диета тағайындалады. Сұйық сорпа, ұнталған ботқа, сүзбе, кисель, тәтті емес жеміс-жидек шырындары — негізгі тамақ. Етті азайтады. Егер іш қататын болса, майды шектеу керек, Өйткені олар ішектің жиырылуын төмендетеді және газдың түзілуін қамтамасыз ететін көмірсуларды азайтады. Лактаза ферментінің тапшылығы байқалғандықтан, сүт пен сүт өнімдерін шектеген жөн. Ол асқынса, бір-екі күндей тамақты азайтып, аш жүруге де болады. Ауруға жақпайтын тамақты тіпті пайдаланбау керек.

Дәрі-дәрмекпен емді ішектегі шартты-патогенді флораның сезімталдығын анықтағаннан кейін тағайындайды. Созылмалы жұқпалардан болған болса, қабынуға қарсы қолданылатын сульфаниламидтер мен антибиотиктер қолданылады. Ішектің түйілуін, ауыруын кетіру үшін спазмолитиктер, мысалы, атропин, папаверин, но-шпа, белладона т.б. тағайындайды. Дерттік күшену пайда болса, оған түймедақ тұндырмасымен, калий перманганатының әлсіз ерітіндісімен, антипиринмен микроклизма жасайды. Маймен, мысалы шырғанақ, итмұрын, балық майларымен жасалған клизма жақсы көмектеседі Қабынуға қарсы гидрокортизонмен де клизма жасауға болады. Міндетті түрде әртүрлі дәреумендер беріледі. Әсіресе В тобы дәрумендері, РР, С, А дәрумендер көбірек қолданылады.

Егер аллергиялық колит болса, антигистаминд препараттар (пипольфеи, димедрол), стероидты гормондар (преднизолон, дексаметазон, триамсинолон тағайындалады.

Тоқ ішек қызметіне емдік шөп араластырылған бұлаудың, балшықпен аппликация жасаудың, новокаинмен жасалатын электрофорездің индуктометриялардың пайдасы көп. Шипажайға барар алдында ауруды емдеген дәрігерден ақыл-кеңес алған дұрыс.

Егер дәрі-дәрмекпен емдеу жәрдемдеспесе, хирургиялық ота жасауға тура келеді.

И. Керімов


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Дереккөз: bilim-all.kz