Сана және астар сана | Скачать Материал

0


ДӘРІСТІК КЕШЕН:

1.Тақырып. №1. Жаратылыстану және әлеумет ғылымы ретінде психологияның
арнаулы ерекшеліктері.
2. Мақсаты:
← Психология пәні және зерттеу объектісі туралы білімді қалыптастыру
← Психология пәнінің басқа ғылымдардан ерекшелігін айтып түсіндіру.
← Психология ғылымның міндеттерін ұғындыру.
3. Дәріс тезистері:
1. Осы заман психологиясының құрылымы
2. Психология пәні және зерттеу объектісі.
3. Психологияның арнайы және қолданбалы салалары
4. Психология әдістері.
5. Психологияның қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі орны.
4. Көрнекі материал: слайд көрсету.
Адамның ішкі жан дүниесін, оның сырттай болмыспен өзара ықпалдастық
байланыстарының жалпы заңдылықтарын зерттеумен арнайы ғылым – психология
(грек.-psiche, logos-ғылым) айналысады.
Психологияның негізгі даму кезеңдеріне сәйкес оған берілген анықтамаларды
қарастырайық.
1-кезең – психология жан жөніндегі ғылым. Психологияға мұндай анықтама
бұдан екі мың жылдай бұрын берілген. Ежелгі адамзат жан бар деген ұғыммен
өзіне түсініксіз барша өмір құбылыстарын дәйектеуге тырысқан.
II-кезең – психология сана жөніндегі ғылым. XVII-ғасырда жаратылыстану
ғылымдарының өркендеуімен пайда болды. Адам өзінің ойлау, сезу және ниеттеу
қабілеттерін сана категориясымен баламаластырған. Ал сананы зерттеудің
негізгі әдісі адамның өзін өзі бақылап (интроспекция), одан алған
деректерін баяндау болған.
III-кезең – психология әрекет-қылық жөніндегі ғылым. XX ғасырда пайда
болды. Психология бұл кезеңде өз міндетіне эксперимент жасап, тікелей нақты
көруге мүмкін болғандарды ғана, яғни адамның мінез әрекеттерін, қылық-
қимылдарын, сыртқы әсерге жауап қозғалыстарын зерттеуге алды, бірақ оларға
себепші болған мотивтерді ескеруді қажет деп білмеді.
IV-кезең – психология шынайы заңдылықтарды, психика көріністері мен
тетіктерін зерттеуші ғылым ретінде танылды.
Психология — психиканың дамуы мен әрекетке келуі және оның көрінісінің
жеке-дара типологиялық ерекшеліктері жөніндегі, сонымен бірге адамның
қоршаған ортамен өзара ықпалдасты байланыстарының жалпы заңдылықтары туралы
ғылым.
Психология пәні 1) іс-әрекет субъекті ретіндегі адам, 2) өзін өзі
реттеуіне қажет тұлғаның жүйелі өз сапалары; 3) адам психикасының
қалыптасуы мен әрекеттік қызметке келу заңдылықтары; 4) адамның болмысты
бейнелеу қабілеттері және оны тануы; 5) соның нәтижесінде өзінің сырттай
дүниемен өзара ықпалдасты байланыстарын реттей алуы.
Психология нысаны: психиканың пайда болуы мен оның дамуы; психикалық іс-
әрекеттің нейрофизиологиялық негіздері; психиканың ең жоғары формасы – адам
санасы; сырттай болмыстың ішкі жан дүниелікке ауысу заңдылықтары; адам
психикасының әлеуметтік- тарихи жағдайларға тәуелділігі; психикалық әлем
бейнелерінің қалыптасуы мен сол бейнелердің адамның сырттай тұрмыстық,
тәжірибелік іс-әрекеттерінде көрініп, іске асуы; биологиялық және
әлеуметтік жағдаяттардың адамның өзін өзі реттеуіндегі бірлігі; адам
психикасының құрылымы; тұлғаның танымдық, еріктік және көңіл-күй үдерістері
мен жеке-дара психологиялық ерекшеліктерінің бейнелеу-реттеушілік мәні;
адамның әлеуметтік ортадағы қылық — әрекетінің психологиялық ерекшеліктері;
адамның нақты іс-әрекет түрлерінің психологиясы.
Психологияның негізгі міндеттері:
— психикалық құбылыстарды сапалық тұрғыдан зерттеу;
— психикалық құбылыстардың қалыптасуы мен даму барысын талдау;
— психикалық құбылыстардың физиологиялық тетіктерін зерттеу;
— психологиялық білімдерді адам өмірі мен іс-әрекетіне жоспарлы ендіруге
жәрдем ету.
Психология зерттеулерінің міндеттері мен әдістері қоғамдық және
жаратылыстану ғылымдарының тоғысынан туындайды.
Психологияның негізгі әдіснамалық принциптері: 1) заттасқан болмыстағы
психикалық құбылыстардың себеп-салдарлылығын мойындау; 2) психикалық
құбылыстарды танудың генетикалық бағытын ұстану және оларды даму үдерісінде
зерттеу; 3) психика мен іс-әрекеттің ажыралмас бірлікте болатынын қолдау;
4) адам психикасын биологиялық және әлеуметтік жағдаяттардың бірлігін
ескерумен зерттеп бару.
XX-ғасырдың соңына қарай психология адами ғылымдар жүйесінде өзекті пәнге
айналды, ал оның қолданбалы салалары адамзат тіршілік әрекеттерінің барша
тарауларындағы тиімділіктің кепілі ретінде қолданылуда. Жетістіктерінің
соншалықты ауқымды болуынан психология ғылымы бұл күнде адам жөніндегі
ғылымдар жүйесінің бірінші қатарларынан орын иелеуде.
Қазіргі заманда психолгияның келесідей қолданбалы салалары: экономикалық,
педагогикалық, құқықтық, әскери, ғарыштық, спорттық, өнер, басқару,
менеджмент, т.б. – жедел де өнімді қарқынмен дамуда.
Психология әдістері. Психологиялық зерттеулер кезеңдері.
Әдіс сөзі ғылыми білім жүйесін түзу мен негіздеудің жолын білдіреді,
сонымен бірге болмысты тәжірибелік және теориялық тұрғыдан игерудің
тәсілдері мен қимыл-әрекеттер тобын танытады.
Психологияға орайластыра әдісті психика жөніндегі деректерді алудың және
оларды талдап түсінудің жолы деп білеміз.
Кейбір басқа да ғылымдардағыдай, психологиядағы зерттеу әдістерінің
негізгілері – бақылау және эксперимент.
Бақылау – зерттеудің ғылыми әдісі – деректі суреттеп баяндаудан оның ішкі
мәнін түсіндіруге өту үшін қажет. Бақылау әдісінің негізгі тиімділігі –
психикалық үдерістерді табиғи жағдайларда зерттеу мүмкіндігінің мол болуы.
Араласа бақылау – зерттеушінің зерттелуші топпен етене жақын қатынастар
әрекетінде болуы.
Сырттай бақылау – әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды шеттен,
зерттелуші адам не топпен қарым-қатынасқа түспей-ақ зерттеп, мәліметтер
жинақтау.
Өзіндік бақылау (интроспекция) – адамның өзін-өзі бақылап, өзінің ішкі
жан дүниелік үдерістерін тану жолы.
Дегенмен, психологиялық зерттеу әдістерінің арасындағы ең бастысы –
эксперимент — психологиялық деректердің ашылуына жағдайлар жасау мақсатында
зерттеушінің сыналушы адамның не топтың іс-әрекетіне белсенді араласуы.
Психологиялық эксперименттің негізгі міндеті – жан дүниелік іштей
психологиялық үдерістердің мәнді ерекшеліктерін шынайылылықпен сырттай
бақылауға жағдайлар жасап, мол нақты деректерге қол жеткізу.
Зертханалық эксперимент – арнайы жағдайларда жүргізіледі, арнайы
жабдықтар пайдаланылады, сыналушының әрекеттері нұсқаулармен белгіленеді,
сыналушы экспериментке түсетінін біледі, бірақ оның толық мәнін аңғармауы
да ықтимал.
Табиғи эксперимент – еңбек, оқу, қарым-қатынастың әдеттегі жағдайларында
жүргізіледі, ал адам өзінің эксперименттік сыналуда екенін сезбейді.
Тестілеу әдісі – адамның белгілі психикалық сапаларын сынақтан өткізіп,
анықтау.
Психологиялық тест – сыналушының жеке басының кейбір ерекшеліктерін
анықтау үшін орындалатын, әдетте, қысқа мерзімді шағын стандартты сынақ
тапсырмалары беріледі. Бұл күнде психологияда адамның ақыл-ес даму
деңгейін, кеңістікте бағыт-бағдар аңдау қабілетін, психикалық әрекетке келу
мүмкіндіктерін, жадын, кәсіби іс-әрекеттерге қабілетін, тұлғалық сапаларын
анықтаушы тестер жиі қолданылуда.
Құжаттарды талдау әдісі – адамның қызмет, іс-әрекеттік өнімдерін талдауға
арналған жалпы психологиялық әдістердің бір түрі. Құжаттарды талдау
әдістері сапалық және сандық болып ажыралады. Сапалық талдауда баяндалған
мәтіндік ақпарат сандық көрсеткіштерге келтіріліп, кейін математика-
статистикалық өңдеуге түседі. Бұл ғылымда контент-талдау атауын алған.
Құрастырып жобалау әдісі – осы күнгі психологиялық зерттеулерде кең
қолданымдағы жалпы ғылымдық әдіс. Оның мәні – психикалық құбылыстарды таңба
күйіне келтіру немесе адам іс-әрекеттерінің әрқилы түрлерін жасанды
құрастырылған ортада ұйымдастыру. Осы жолмен қабылдаудың, жадтың, қисынды
ойлаудың кейбір қырларын қолдан жобалап жасауға, сондай-ақ психикалық іс-
әрекеттің бионикалық модельдерін тұрғызуға болады.
Сауалнама әдісі – әлеуметтік-психологиялық зерттеулерде кең қолданылатын
әдіс. Оның мәні – объектив не субъектив деректер жөнінде сауалға тартылған
адам аузынан ақпар топтау.
Өмірнамалық әдіс – кейінгі уақыттары тұлғаны зерттеуде көп қолданылатын
әдістердің бірі. Мұнда жеке адамның қалыптасуындағы өзекті жағдаяттар, оның
өмір жолы, дамуындағы дағдарысты кезеңдер, әлеуметтенуіндегі ерекшеліктер
анықталады. Адам өміріндегі күнделікті оқиғалар талданып, болашақта кезігер
жағдайлар болжастырылады, өмірлік кестесі түзіледі, каузометриясы жасалады.

Каузометрия (лат. causa-себеп, грек. metro-өлшем) –оқиғалар арасындағы
қатынастардың себептік сарабы, тұлғаның психологиялық мерзім –кезеңдерінің
талдауы беріледі, оқиғаларға қатысы бар жағдайлар анықталады, тұлға
дамуының не тоқырауының кейбір кезеңдерінің бастау оқиғалары айқындалады.
Жас ерекшеліктері психологиясында салыстырмалы-генетикалық әдіс
қолданылуда. Бұл әдістің мәні – психикалық заңдылықтарды жеке адамның
психикалық дамуының әр кезеңдерін салыстыру арқылы зерттеу.
Социометрия – әлеуметтік психологиядағы зерттеу әдісі – бірлікті іс-
әрекетке не оқиғаға араласу (араласпау) мүмкіндіктерін анықтау мақсатында
шағын топтың әрбір мүшесін жеке сауалға тарту әрекеттері. Бұл әдіс
нәтижелері топтағы қатынастар құрылымын графикпен бейнелейтін соц
иометриялық кесте, социограмма, сондай-ақ топтағы психологиялық
қатынастарды сандық көрсеткіштермен танытуға болатын социометриялық
индекстер күйінде өрнектеуге болады.
Жеке тұлғаның бағыт-бағдарына әлеумет ықпалын зерттеу үшін жасақталған
топ әдісі қолданылады.
Тұлғаның мәнді әлеуметтік сапа-қасиеттерін диагностикалау мақсатында
эксперттік бағалау және тұлғаны топпен бағалау әдістері пайдаланылуда.
Тұлғаны топпен бағалау әдісі – адам мінездемесін топ мүшелерінің өзара
бағалауы арқылы алу. Бұл әдіс топтағы адамдардың өзара таныстығы мен
бірлікті іс-әрекеті және қатынасы нәтижесінде топтың әрбір мүшесі жөнінде
қалыптасқан топтық санаға негізделген.
Қандай да психологиялық проблеманы зерттеуде сол мәселеге сәйкес зерттеу
тәсілдері мен ережелері, яғни нақты зерттеу әдістері қолданылады. Олар:
болжам ұсыну, эксперименталдық тәсіл мен соған сай материал, сыналушылардың
бастапқы бақылау және эксперименттік топтарын айыру, эксперимент серияларын
анықтау, эксперименталды материалдарды статистикалық және теориялық
өңдеуден өткізу және т.б.

Психологияның қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі орны
XIX ғасырда позитивизм бағытындағы философияның негізін қалаған О.
Конттың (1798-1857) ғылымдарды топтастыру жүйесі кең қолданымда болды.
Дегенмен осы жүйеде психологияға орын табылмады. Ғалым пайымдауынша,
психология әлі (үш кезең заңына орай) метафизикалық сатыда, ғылым ретінде
пісіп жетілмеген. XIX ғасырдың бірінші жартысы үшін мұндай тұжырым, әрине,
әділ болатын.
Ол заманнан бері ұланғайыр өзгерістер болды: психология дербес ғылымға
айналды, адамзатқа қажет табыстарымен көзге еленді. Екі ортада ғылымдарды
жүйесімен топтастырудың талай амалдары талдау, талқыдан өтті. Солар
арасында аса танымал болғаны орыс философы және ғылымтанушысы Е.М. Кедров
(1903-1985) ұсынған топтастыру амалы еді. Кедров пікірінше, ғылымдарды бір
беткей түзулік (линейный метод) сипатымен топтастыруға болмайды. Ол барша
ғылымдарды үш топқа: жаратылыстану, әлеуметтік және философиялық – бөлуді
ұсынады да, олардың бастарын бір түзу бойында емес, үшбұрыш шыңдарына
орналастыра қосады. Сонда, үшбұрыштың жоғары шыңында жаратылыстану
қылымдары, төменгі сол жақта – әлеуметтану, ал төменгі оң тарапта –
философиялық пәндер жайғасады. Психология осы ғылымдардың бәрімен бірдей
тығыз байланыста, сондықтан ол үшбұрыштың ішінен кең орынға ие болады.
Себебі адам ойы, ойлауы (психологияның маңызды бөлімдерінің бірі) тек
психология тұрғысынан зерттеліп қалмастан, олармен философия да, логика да
айналысады. Психология, сонымен, барша ғылыми білімдермен өзара байланысқа
келеді.
Психологияның аса маңызды мәселелерінің қандайы болмасын, басқа
ғылымдармен байланыспай шешілуі мүмкін емес. Психиканың пайда болуы мен
дамуын зерттеу үшін биология, генетика, антропология, білімдері мен
әдістерін қолдану қажет; психофизиологиялық проблемаларды шешу үшін
нейрофизиология, нейроанатомия, нейрохимия, медицина әдістерін тартуды
талап етеді; психикаға орай биологиялық және әлеуметтік жағдаяттар
байланысы проблемасы әлеуметтік, биологиялық, психологиялық білімдердің
басын қоспай мүлде шешілмейді. Осылайша, психологияның басқа ғылымдармен,
ғылым салаларымен ара қатынас түрлерін шексіз жалғастыра беруге болады. Өз
кезегінде, психологиялық зерттеулер нәтижесінде алынған деректер
психологиямен сыбайлас пәндер үшін өте қажет.
Психология және логика байланысы ойлау жөніндегі психологиялық білімдер
тарихында анық көрінеді. Осы ғылыми білімдердің әрбірі ойлау құбылыстарын
ашуда өз зерттеу аймақтарына ие. Логиканың шұғылданатыны ақиқат жөніндегі
мәселе, ойлаудың болмысқа деген танымдық қатынасы туралы проблема. Ал
психологияның айналысатыны – ойлау үдерісінің жүрісі, жеке адамның ойлау іс-
әрекеті, ойлау құбылысының сананың басқа да тараптарымен аралық нақты
байланыс, қатынастары.
Психология және әлеуметтану байланысы әлеуметтік психологияны жарыққа
келтірді. Әлеуметтік психологияны қызықтыратын екі өзекті проблема: тұлға
және топ арасындағы өзара ықпалдасты қатынас; тұлғааралық байланыстар.
Шағын социологиялық зерттеулер деңгейінде (кіші топ зерттеулері: отбасы,
еңбек ұжымы) әлеуметтік бақыт пен әлеуметтік-психологиялық бағыт
айырмашылықтарын ажырату қиынға соғады. Дегенмен, әлеуметтанудың
(социологиялық) әлеуметтік психологиядан бөліне көрінетін тұсы – ондағы
зерттеулердің ірі де ауқымды, макроәлеуметтік деңгейде жүргізілуі,
зерттеуге түскен құбылыстарды қоғам және оның құрылымдық бөлшектерінің
жасауы мен әрекетке түсу заңдары тұрғысынан түсіндіруге ұмтылыстың болуы.
Психология және педагогика байланысы ежелден келе жатқан, дәстүрлі
қалыптасқан құбылыс. Барша ғұлама педагогтар адамның табиғи қасиеттерін,
оның тума қажеттері мен мүмкіндіктерін түсіну керектігін, тұлғаның
психикалық іс-әрекеттері және дамуына орай тетіктер мен заңдарды ескеруді,
солар негізінде оқыту, білім беру, тәрбиелеу маңыздылығын алға тартты.
Психология және биология байланысы. Адам дамуының табиғи және әлеуметтік
жағдаяттарының ара қатынасы жөніндегі проблема- психология үшін аса маңызды
мәселелердің бірі, ол биология үшін де ізденіс азығы. Екі ғылыми
білімдердің қосыла зерттеулері нәтижесінде әрбір жеке адамның даралықты
дамуындағы тума берілген және өмір барысында қалыптасатын сапа-
қасиеттерінің сыры ашылады.
Психология және медицина байланысы медициналық психологияның туындауына
әсер етті. Бұл сала дәрігер қызметінің психологиялық ерекшеліктерін және
сырқат адамның әекет-қылығындағы психологиялық көріністерді зерттейді,
емдеу мен психотерапия, сондай-ақ психика дамуындағы ауытқулар мен әртүрлі
ми науқастарына байланысты психика бұзылысын зерттеуші медициналық білім
саласы патопсихологияның психологиялық әдістерін орайластырады.
Психология және саясаттану байланысынан саясатқа орай қалыптасатын
әрекеттердің субъектив тетіктерін, оларға ықпал жасаушы сана, астар сана,
адам көңіл күйі, еркі, оның нанымдары, құндылықты бағыт-бағдарлары және
ұстанымдарын зерттеуші саясат психологиясы пайда болды. Бұл ғылым адам
әрекет-қылығын үдеріс ретінде танып, оны жеке тұлғаның қоршаған ортамен
өзара ықпалдастық қатынасының нәтижесі деп біледі. Себебі тұлға әрекеттері
сыртқы ықпалдар мен психологиялық талдаудың тікелей нысаны болған
субъекттің оларды қабылдау және түсіну ерекшеліктерімен анықталады.
Психологияның арнайы және қолданбалы салалары
Осы заман психологиясы – басқа ғылымдармен тығыз байланысқан қарқынды
даму жолына түскен адамзат білімдерінің елеулі аймағы. Сондықтан да,
дамудағы құбылыс ретінде психология үздіксіз өзгерісте болады: жаңа ізденіс
бағыттары, проблемалар туындап отырады, жаңа жобалар іске асып жатады,
нәтижеде психологияның соны салалары ғылым қорына ене береді. Психология
салаларының бәріне ортақ құбылыс – бұл пән біртектілігінің сақталуы:
психология білімдерінің бәрі де психика деректерін, заңдылықтары мен
тетіктерін жағдайға байланысты, іс-әрекет барысында, даму деңгейлеріне
орайластырып, зерттеп отырады.
Психологияның негізі — жалпы психология. Бұл саланың атқаратын қызметі:
психиканың жоғары жалпыланған заңдарын, заңдылықтары мен тетіктерін
зерттейді. Аса маңызды психологиялық пәндердің бірі психология тарихы. Бұл
пән өз назарын психологиялық білімдердің қалыптасуы мен дамуына байланысты
тарихи үдерістердің мән-мағынасына аударып, оларға түсіндірме береді.
Көп түрлі психология салаларының өз алдына бөлінуінің негіздемелері де
сан қилы. Әдетте, олардың жіктелуі мен топтасуына арқау болар жағдайлар
келесідей:
1) нақты іс-әрекет (еңбек психологиясы, медициналық, педагогикалық
психология, өнер, спорт және т.б. психологиясы);
2) даму (жануарлар психологиясы, салыстырмалы психология, даму
психологиясы, балалар психологиясы және т.б.);
3) адамның әлеуметтік жағдайы мен оның қоғамға қатынасы (әлеуметтік
психология; тұлға психологиясы; топ психологиясы; тап, тайпа психологиясы;
ұлыс, ұлт психологиясы және т.б.).
Және бір аса маңызды жағдаят – бұл іс-әрекет мақсаттары (жаңа білімдерді
ашу, алу немесе олардың қолданылуы): тұғырлы және қолданбалы ғылымдар;
зерттеу аймағына орай: даму, шығармашылық, тұлға және т.б. психологиясы.
Өзге ғылымдармен байланысына қарай психология келесі салаларға бөлінген:
психофизиология, нейропсихология, математикалық психология. Психологияның
әртүрлі қызмет, тәжірибемен болған күрделі байланыстары ұйымдастырушылық,
инженерлік, спорттық, педагогикалық психологияда байқалады.
Жануарлардың психикалық ерекшіліктерін зоопсихология зерттейді.
Балалар психологиясы өсіп, кемелденудегі адамның санасын, психикалық
үдерістерін, іс-әрекеттерін, барша тұлғалық сапа-қасиеттері мен жедел даму
шарттарының заң-заңдылықтарын зерттейді.
Әлеуметтік психологияның айналысатыны: адамның тұлғалық сапаларының
әлеуметтік-психологиялық көріністері; оның адамдар және топтармен қарым-
қатынастары; адамдардың психологиялық үйлестігі, ірі топтардағы әлеуметтік-
психологиялық қатынастар заңдылықтары (адамдардың әрқилы қауымдастығына
радионың, теледидардың, басылымдардың, моданың, өсек-аяңның ықпалы).
Педагогикалық психология тұлғаның оқу және тәрбие үдерісіне байланысты
даму заңдылықтарын зерттейді.
Саясат психологиясы саясатқа орай қалыптасатын әрекеттердің субъектив
тетіктерін, оларға ықпал жасаушы сана және астар сана, адам көңіл күйі және
еркі, оның нанымдары, құндылықты бағыт-бағдарлары мен ұстанымдарын
зерттеумен шұғылданады.
Адамның нақты қызметі, іс-әрекеті түрлеріне орайласқан проблемаларды
зерттеуші көптеген психология салаларын бөліп атауға болады. Мысалы, еңбек
психологиясы – адамның еңбектену және іс-әрекетке келуінің психологиялық
ерекшеліктерін, еңбектену дағдыларының даму заңдылықтарын айқындаумен
шұғылданады.
Инженерлік психология – адам және осы заманғы техника арасындағы өзара
ықпалдасты қатынастар үдерісінің заңдылықтарын зерттеп, оларды жобалау
тәжірибесінде, автоматтасқан жаңа басқару жүйелерін, техниканың соңы
түрлерін жасау мен пайдалануда қолдану жолдарын қарастырады.
Авиация және ғарыштық психология — ұшқыш, ғарышкер іс-әрекетінің
психологиялық ерекшеліктерін талдайды.
Медициналық психология – дәрігер қызметінің психологиялық ерекшеліктерін
және сырқат адамның әрекет – қылығына тән психологиялық көріністерді
зерттейді, емдеу мен психотерапияның психологиялық әдістерін орайластырады.
Патопсихология – психика дамуындағы ауытқулар мен әртүрлі ми науқастарына
байланысты психика бұзылыстарының заңдылықтарын ашады.
Заңгерлік психология – қылмыс үдерісіне қатысқандардың мінез-құлығындағы
психологиялық заңдылықтарды ашып, қылмыскер тұлғасының қалыптасуы мен оның
бойына біткен мінез-құлығының психологиялық проблемаларымен айналысады
(куәгер психологиясы, сауалнама жүргізудің психологиялық талаптары және
т.б.).
Әскери психология — соғыс әрекеттері жағдайындағы сарбаздар мінез-
құлығының психологиялық ерекшеліктерін зерттейді.

5. Әдебиеттер:
Негізгі
1. Жарықбаев Қ. Жантану негіздері. Алматы: 2002
2. Сәбит Бап – Баба. Жантану негіздері. Алматы: 2002
3. Қадыржан Сейталиев Жалпы психология. Алматы: Білім 2007
4. Жарықбаев Қ. Жантану оқулығы Алматы: 2008
Қосымша:
1. Елікбаев Н.Психология. Алматы: База университеті; 1992.
2. Ілешева Р. Медициналық психология. Алматы: 1994, Санат
3. Адамұратова Ә. Қызықты психология. – Алматы: Қазақ университеті,
1992.-112б.
4. Алдамұратов А. Жалпы психология. Алматы: 1996

6. Бақылау сұрақтары:
1. Психология ғылымы нені зерттейді?
2. Психологияныңнегізгі саларын атаңыз.
3. Психологияның зерттеу әдістері дегеніміз не?
4. Қазіргі психология ғылымның алдында тұрған басты міндеттерге
тоқталыңыз.

1. Тақырып. №2.Таным үрдістерінің психологиясы.
2. Мақсаты:
← Таным процестерінің жалпы сипаттамасы туралы түсінікті қалыптастыру.
← Таным процестерінің түрлерін ажыратуға үйрету.
← Таным процестерінің маңыздылғы.
3. Дәріс тезистері:
1. Түйсік пен қабылдау арақатынасы.
2. Түйсік түрлері мен қасиеттері.
3. Зейін мен ес түрлері, қасиеттері.
4. Ойлау мен сөйлеу түрлері, қасиеттері.
5. Қиял мен елес.
6. Таным процестерінің маңыздылығы.
4. Көрнекі материал: таблица, сызбамен жұмыс істеу
Психикалық үрдістерді топтастыру
Барша психикалық құбылыстар өзара байланыста, дегенмен дәстүрлі
психология оларды үш топқа бөліп қарастырады: 1) психикалық үрдістер; 2)
психикалық қалыптар; 3) тұлғаның психикалық қасиеттері.
Психикалық үрдістер негізгі тірек құбылыстар ретінде қарастырылады, ал
психикалық қалыптар мен қасиеттерді уақытша әрі психикалық үдерістердің
тектік ауысулары деп білеміз. Барша психикалық құбылыстар өзара бірігумен
бейнелеу-реттеу іс-әрекеттерінің біртұтас сарынын құрайды.
Негізгі үш психикалық құбылыс сипаттамасы төмендегідей:
Психикалық үрдістер – бейнелеу – реттеу іс-әрекеттерінің жекеленген тұтас
қозғалысы. Психикалық үрдістердің әр түрі өз бейнелеу нысанына, өз реттеп
бару ерекшелігі және меншікті заңдылықтарына ие.
Психикалық үрдістер психикалық құбылыстардың бастау көзі- осылар
негізінде психикалық өрнектер қалыптасады.
Субъекттің бейнеленуші нысанмен белсенді қарым-қатынасы, нысанды тануға
және онымен әрекеттік байланысқа түсуге бағытталған ерекше өту жүйесі осы
психикалық үдерістерден көрінеді.
Психикалық үдерістер түрі: 1) танымдық (түйсік, қабылдау, ойлау, қиял
және жад); 2) еріктік; 3) көңіл-күйлік.
Адамның психикалық іс-әрекеті – бұл таным, ерік және көңіл-күй
үдерістерінің бірігімі.
Психикалық қалыптар – іс-әрекет мазмұны және сол мазмұнға болған адам
қатынасында айқындалушы психиканың уақытша өзіндік көрінісі. Психикалық
қалып — адам психикасы бейнелерінің үздіксіз жаңаланып, ауысып тұруымен
болады. Болмыспен араласу барысында адамның барша психикалық әлемі
салыстырмалы тұрақты бірігімде болып, оның нақты мезеттегі уақытша көңіл-
күйінен, ынта-ықыласынан, яғни психикалық қалпынан байқалады. Психикалық
қалып психикалық белсенділіктің жалпы қызметтік деңгейінде адамның нақты
мезеттік іс-әрекетіне, бағдары мен оның тұлғалық ерекшеліктеріне тәуелді
көрініс береді.
Психикалық қалыптың барша түрлері төмендегідей өзара топтасуымен
ажыралады:
· сеп түрткілік (мотивтік) — қажеттіктерге байланысты ұстанымдар,
ниеттер, қызығулар, мұдделер, құмарлықтар.
· сана дайындығы қалпы – зейінділік пен жұмыс қабілеттілігінің әрқилы
деңгейлерінде көрінеді;
· эмоционалдық – көңіл-күйге байланысты түйсіну, көңіл-күйге байланысты
сырттай ықпал-әсерге жауап, көңіл-күй шарпулары – стресс, аффект,
фрустрация;
· еріктік — адамның нақты мезеттегі іс-әрекетке деген ынталылығы,
ұмтылысы, шешімділігі, табандылығы, өжеттігі т.б. Бұлар қатарында
психиканың өзара сыбайлас тұлғалық қалыптары да болады: психопатия, мінез
асқынуы, невроздар және психикалық дамудың тоқырауы.
Психикалық қасиеттері – психиканың әрбір жеке адамға тән тектік
ерекшеліктері, тұлға бойына біткен психикалық үдерістердің іске асу
ерекшеліктері.
Тұлғалық психика қасиеттері: 1) темперамент, 2) тұлға бағыт-бағдары
(қажеттер мүдделер, дүниетаным және мұрат-мақсаттар); 3) мінез; 4)
қабілеттер.
Психикалық үдерістер – психикалық іс-әрекет көріністерінің жиынтығы.
Әрбір психикалық үдеріс жалпы бейнелеу нысаны мен бір текті бейнелеу –
реттеу ерекшелігіне ие. Мұндай үдерістер танымдық, еріктік және көңіл-
күйлік болып ажыралады.
Танымдық үдерістер әрекет-қылықтың бағыт-бағдар негіздемесін қамтамасыз
етеді және оның ақпараттық қорын қалыптастырады. Бейнелеу нысанына орай
олар бес түрге бөлінеді.
1. Сезімдік (сенсорлы) үдерістер болмыстық жеке қасиеттерін (физикалық,
химиялық, т.б.) бейнелейді. Бұл үдерістердің психикалық нәтижесі түйсік деп
аталады. Сенсорлы үдерістер түр ерекшеліктерімен бір қатар жалпы психикалық
заңдылықтарға жүгінеді: олар сезімталдықтың жоғары және төмен, айырма
(дифференциалды) табалдырықтарымен шектелген, адаптация (бейімделу),
сенсибилизация (сезімталдық), шұғыл айырма (контраст) және синестезия
(қосарлы түйсік) заңдарына бағынады.
2. Қабылдау (перцептивті) үдерісі заттар мен құбылыстардың мәнді
айырмашылық белгілерін саналы түсіну арқылы оларды біртұтас күйінде
бейнелеу әрекеті. Бұл үдерістердің нәтижесін психологияда қабылдау деп атау
қалыптасқан. Перцептивті үдерістер өздерінің түр ерекшеліктерімен (көру,
есіту және сезіну) бір қатар ортақ, жалпы заңдылықтарға тәуелді. Олар —
қабылдаудың заттық тегі; таңдамалы бағыты; біртұтастығы; құрылымдығы;
апперцепциялылығы, яғни өткен тәжірибеге байланыстылығы; константтығы, яғни
заттық шынайы сана бейнесінің затты қабылдау шарттарына тәуелсіздігі.
3. Ақыл-ес (интеллектуал) үдерістері- бұл заттар мен құбылыстардың мәнді
өзара байланыстары және ерекшеліктерін бейнелеу әрекеттері; интеллектуал
үдерістер (ойлау) болмысты салыстыру, бейнақтылау, сәйкестендіру, ауыстыру,
сырттай заттастыра тану (экстраполяция), іштей ойда бейнелеу (интерполяция)
жолдарымен бейнелеу қызметін атқарады; проблемді мәселелерді шешу
барысындағы танымдық іс-әрекеттер мен ойлау әрекеттері және амалдар
келесідей кезеңдерді өтуімен ажырылады: салыстыру, қорытындылау,
дерексіздендіру, нақтылау, топтастыру және жүйелестіру; формальды
нәтижелерге жету ерекшеліктеріне тәуелді
ойлау формалары: пікір, ұғым, түсінік-болып ажырылады. Сонымен бірге
ойлау: практикалық және теориялық, эмпирикалық және ғылыми, көрнекі-
әрекеттік, көрнекі-бейнелі және бейнақты, стандартты және шығармашыл —
түрлеріне де бөлінеді; ашық сана мен астар сананың өзара ықпалдасты
қатынасынан сезімдік (көрегендік, аян) ойлау қабілеті қалыптасады.
Тек өкілінің ақыл-ес қабілеттерінің тұрақты құрылымы – интеллект деп
аталады. Ол тұлғаның ақыл әрекеттері түрінде көрініп, проблемді мәселелерді
шешудің стратегиясын, ой қызметінің өнімді нәтижесін қамтамасыз етеді.
4. Қиял – іс-әрекеттің алда күтілген нәтижелері, әрекет-қылық
бағдарламалары ретінде, сонымен бірге баяндап, суреттеу негізінде пайда
болатын жаңа, бұрын соңды көрілмеген бейнелердің туындауы; қиял бейнелері
ақпараттық олқылықтардың орнын толтырады; қиял оқиғалардың алдағы дамуы мен
нәтижесін көрегендікпен сезуді қамтамасыз етеді.
5. Ес (мнемикалық) үдерістері — өткенде қабылданған материалды санаға
түсіру, оның сақталуы, қайта жаңғыруы және ұмытылуымен бірге жұретін
психикалық әрекеттер; естің келесідей жіктелуін аңғару қажет: ес түрлері
(бейнелі, қисынды, дыбысты, көңіл-күй есі), ес жүйелері (сезімдік, қысқа
мерзімді, нақты іс-әрекеттік, ұзақ мерзімді) және ес типтері (естің
бағдарлануына, оның кейбір түрлерінің беріктігімен, есте сақталу
жылдамдығымен, көлемі мен жетекшілік рөліне байланысты жекеленген –
типологиялық ес формалары — ырықты және ырықсыз ес – ажыралады.
Реттеуші психикалық үдерістер қатарына еріктік және көңіл-күй үдерістері
еніп, саналы әрекет-қылық пен кенеттен болатын бейберекет (спонтанно-
импульсивные) мінез-құлық қимыл-әрекеттерін қамтамасыз етеді.
6. Ерік – жоспарланған нәтиженің мәнін түсінуден адам белсенділігінің
өзінен өзі іске қосылуына себепші психикалық үдеріс. Ол белсенділік
қарапайым және күрделі ерік әрекеттерімен көрініс беріп, орындалып жатады.
Қарапайым әрекет – бұл мақсат – әрекет – нәтиже бағасы 30 араларындағы
байланыстан белгілі болады, ал күрделі ерік әрекетінің құрылымы өзгеше:
қажеттік – ықтимал мақсат – сеп-түрткілер күресі – шешім қабылдау – орындау
әрекеттері жүйесі – оларды бағалау және түзету – қорытынды әрекеттер –
ақырғы нәтижелердің жинақты бағасы.
Ерік мәні қажетті нәтижеге жету жолындағы табандылықтан көрінеді.
7. Көңіл шарпулары (эмоции) –сыртқы ықпалдардың қажеттілік мәнін, олардың
тек өкілі тіршілігіне пайдасы мен зиянын сезу арқылы бейнелеуге негізделіп,
адам қылығына бейберекет (импульсив) реттеу беруші психикалық үдерістер.
Түйсік: жалпы сипаттама
Түйсік – болмыстың қарапайым қасиеттерін (физикалық, химиялық және т.б.),
сонымен бірге қоршаған ортаның ықпалдарына болған адам сезімталдығын
тікелей, сезім деңгейінде бейнелеуші психикалық үдеріс.
Түйсіктің негізгі қасиеттері: модальдығы, мекендігі, созылыңқылығы.
Тітіркенушілігі (модальность) — өте қарапайым психикалық сигналдар
ретінде (жүйке сигналдарымен салыстырғанда) түйсіктің ерекшелігін танытатын
сапалық сипаттама. Түйсіктің қандай да түрі өзіне тән тітіркенушілік
сипатына ие. Көру түйсігі үшін бұл – түр-түс, жарық, сәуле толыққандылығы;
есту түйсігі үшін – үн деңгейі, ырғақ, дауыс күші; сипай сезу үшін –
қаттылық, кедір-бұдырлығы.
Мекендігі (локальность)- түйсіктік кеңістікке байланысты сипаты.
Созылыңқылығы –түйсіктің уақыт, мерзімге орайласқан сипаты.
Жеделдігі (интенсивность) – түйсіктің сандық сипаты.
Түйсік түрлерінің баршасы жалпы психо-физиологиялық заңдылықтарға
негізделеді. Олар – сезімталдық табалдырықтары, бейімделу, сезімталдық
(сенсибилизация), шұғыл айырма (контраст), түйсік қосарлылығы (синестезия).
Түйсіну мүмкіндігінің ең төмен табалдырығы — өте нәзік байқалатын түйсік
тудыру үшін қажет тітіркендіргіш күштің ең аз мөлшері, деңгейі.
Түйсіну мүмкіндігінің ең жоғары табалдырығы – жоғарылаған сайын ағзаға
салмақ түсіретін не түйсіну қабілетін жоятын тітіркендіргіш күштердің ең
жоғары мөлшері, деңгейі.
Ықтимал сезімталдық – ықпал жеделдігінің өзгерістеріне болған
сезімталдық. Ол табалдырық айырмаларымен өлшенеді.
Айыру табалдырықтары – түйсік жеделдігін өзгертуге қажет екі біртекті
тітіркендіргіштің күшіндегі болар-болмас өзгешелік.
Бейімделу – әрекеттегі тітіркендіргіштің күші мен созылыңқылығына
икемдесу нәтижесінде талдағыштар сезімталдығының өзгеріске түсуі.
Сезімталдық (сенсибилизация) – ішкі (психикалық) жағдаяттардың ықпалымен
талдағыштар сезімталдығының көтерілуі.
Толықтырушы сезімталдық – қандай да бір сезім түрінің жетіспеуінен басқа
сезім ағзалары сезімталдығының күшеюі (мысалы, зағиптердің есіту, иіс сезу
қабілеттерінің артуы).
Қосарлы түйсіну (синестезия) – белгілі заттың нақты өзіне тән сезімдік
түйсігіне оның қандай да бір қасиетіне байланыстыра екінші бір сезімді
ойдан қосу (тәтті лимонның сарғылт түрі ауызда қышқылт дәм пайда етеді;
гүлдің хош иісі, көрмей тұрып-ақ оның сұлу бейнесін түйсіндіреді).
Шұғыл айырма (контраст) – кейбір қасиеттерге болған сезімталдықтың екінші
бір қарама-қарсы болмыс белгілерінің әсерінен көтерілуі. Мысалы, бір түсті
фигура ашық фонда қарауытып көрінсе, қара фонда ағараңдайды.
Сезімталдықтың кемуі (десенсибилизация) – бір талдағыштар күшті қозуынан
басқа сезім, түйсіктердің төмендеуі.
Көру түйсігі. Көру түйсігінің пайда болуы үшін көру рецепторлары – көз
торына электромагнитті толқындар әсер етуі қажет. Адам айыратын түр-түстер
хроматикалық (грек.хрома-түр-түс) және ахроматикалық (түссіз – ақ, қара
және сұр түстің әрқилы реңктері) болып ажыралады.
Түр-түс – әрқилы толқынды электромагниттік сәулелердің әсерінен болатын
психикалық құбылыс. Адам көзі 300-ден 700нм (нанометр) қабілетіне ие.
Есіту түйсігі. Есіту ағзасы секундына 16-дан 20 мың толқындар шегіндегі
дыбыстарды сезе алады. Дегенмен, есітудің ең тиімді сезімталдығы 2000-3000
герц аралығында (бұл аса қорыққан әйелдің жан айғайына сәйкес дыбыс
биіктігі).3 Адам өте төмен жиіліктегі (инфрадыбыстар) дыбысты сезбейді.
Табалдырық асты төмен жиіліктегі 6 герц дыбыстар адам психикасына кері
ықпал жасап, бас ауыртады, шаршатады, көңіл күйзелісіне тап қылады, ал 7
герц дыбыстар тіпті жүрек қызметінің тоқтауына соқтыруы мүмкін.
Сипай сезу (тактиль) түйсіктері – жанасу түйсіктері. Тактильді
рецепторлар бармақ ұштарында көптеп шоғырланған.
Қозғалыс сезу (кинестезиялық) түйсіктер – адамның өз тәні мүшелерінің
кеңістіктегі жағдайы мен орын ауыстыруын сезінуі.
Тербеліс (вибрациялық) түйсіктері серпінді ортадағы 15-тен 1500 герц
дейінгі тербелістерді бейнелеу нәтижесінде пайда болады. Психикалық
тұрғыдан тербелістер адамды қатты жалықтырады әрі тіпті пайдасыз. Көп
жағдайда олардан сақтанған жөн.
Иіс түйсіктері ауа құрамындағы иісті зат бөлшектерінің мұрын қуысындағы
иіс сезу клеткаларын тітіркендіру әсерінен туындайды.
Дәм түйсіктері. Бұл түйсіктердің барша түрлері төрт қилы (ащы, тұзды,
қышқыл және тәтті) дәмнің түрліше бірігуінен пайда болады.
Табиғи (органикалық) түйсіктер – ішкі ағзаларда жайғасқан
интерорецепторлармен байланысты түйсіктер. Мұндай түйсіктердің болуынан
адам тойғанын, ашырқағанын, тынысының тарылғанын, жүрек айнығанын сезеді.
Адамның сезімталдық (сенсорлы) қалпы – бұл әрбір тек өкіліне тән әрқилы
сезімталдық қабілеттерінің даму денгейі және олардың жүйелі әрекетте болуы.
Қабылдау: негізгі қасиеттері және түрлері
Қабылдау – бұл заттар мен құбылыстардың өздеріне тән белгілерінің мәнін
түсінуден оларды тікелей тұтас күйінде сезімдік бейнеге түсіру.
Мақсат бағытына, ерік қатысына орай қабылдау екі формаға бөлінеді:
ырықсыз (ниеттелмеген, ерік күшімен, алдын ала белгіленген мақсатпен
байланыспаған) және ырықты (мақсат бағдарлы).
Рецепторлар қызметіне қарай қабылдау көру, есіту және сипай сезу
түрлерімен ажыралады.
Күрделілігі, жайылымдылығы, перцептивті әрекеттерімен қабылдау
симультанды (бір әрекетті) және сукцессивті (кезеңді, бірізді) формалдығына
ие. Қабылдаудың төрт түрі белгілі: сенсорлы (сезімдік) – нысанның сезіммен
қабылданып, оның санаға өтуі; перцептивті — нысан мәнін түсіну, оны белгілі
категорияға, объекттер тобына жатқызу; оперативті (нақты әрекеттік) –
нысанның қандай да тарапын қамтып, қызметке қосу; іс-әрекеттік – қызмет
мақсатына орай нысанмен ықпалдас қатынасқа келу.
Қабылдау түрлері бейнеленетін нысан ерекшеліктеріне орай өзара топтасуы
мүмкін, мысалы, көркем шығарманы, сөзді қабылдау, табиғат әсерлері мен
өрнектерін қабылдау және т.б. әдетте, қабылдау қандай да іс-әрекетке қосыла
орындалады, дегенмен ол өз алдына да, дербес жүруі мүмкін.
Қабылдаудың жалпы заңдылықтары: мағыналылығы, жалпылығы, заттасқандығы,
біртұтастығы, құрылымдылығы, таңдамалы бағыттылығы, апперцепциялылығы
(өткен тәжірибеге негізделуі), константтығы (тұрақтылығы).
Қабылдаудың мағыналылығы және жалпылығы. Қабылдау нәтижесі – заттың
сөзбен өрнектеліп, белгілі категорияға, түсінікке қосылуы. Заттар мен
құбылыстардың аса қарапайымдасқан түсінім формасы – тану.
Қабылдаудың заттасқандығы – заттар жөніндегі ми ақпаратының шынайы
заттармен сәйкес келуі. Қабылдаудың заттастығы санада қабылданып,
өрнектелген бейнелердің шынайы болмыс заттарына адекваттығын (сәйкестігін)
білдіреді.
Қабылдау біртұтастығы – затты тұрақты тұтастық жүйе ретінде бейнелеу
(нақты жағдайда заттың кейбір бөлшектері болмай қалса да).
Қабылдау құрылымдылығы. Әрқилы нысандарды оларды құраушы тұрақты бөлшек,
не белгілерін ажыратумен танимыз.
Қабылдаудың таңдамалылығы. Төңірегіміздегі мың сан заттар мен
құбылыстардан біз нақты мезетте қажетімізге керегін ғана бөліп аламыз.
Апперцепция – қабылдаудың тұлғалық тәжірибеге, білімге, мүдделер мен
ұстанымдарға тәуелділігі, мысалы, түбір – агроном үшін өсімдіктің жер
бетінде көрініп қалған бөлігі, математик үшін – 00 фигура, тілші үшін –
сөздің мәнді бөлігі.
Қабылдау тұрақтылығы – заттардың шынайы сапаларының (көлемі, түр-түсі,
формасы) мида бейнеленуінің оларды қабылдау жағдайларына (жарыққа,
қашықтыққа, көз салу қалпына және т.б.) тәуелсіздігін білдіреді.
Қабылдау түрлері: затты, уақытты қабылдау; қатынастарды, қозғалыстарды,
кеңістікті қабылдау; адамды қабылдау.
Елес: жалпы сипаттама
Қабылдауда болатын сезімдік бейнелердің жасалуынан санада өз алдына
ерекшеленген жаңа психикалық құрылым – елестер пайда болады.
Елес – бұл адамның өткен тәжірибесіне негізделіп, болмыс затының санадағы
қайта жалпылай жасалған психикалық бейнесі.
Елесте заттың барша бітістері мен белгілері теңдей жарқын, дәлдікпен
нақтылай берілмейді. Егер де кейбір елестер біздің іс-әрекетімізбен
байланысты келсе, онда алғы шепке нысанның біздің әрекетімізге тікелей
қажет, маңызды тараптары шығарылады, қалған тұстары бұлдыр күйінде қалады.
Елестер қабылдану түрлеріне орай бөлінеді (көру, есіту және т.б.).
Елестердің негізгі ерекшеліктері:
— елестер қабылдаудағыдай көрнекі келеді, бірақ мұндағы бейне күңгірттеу;
— елеске түскен бейнеде заттың бөлшектері мен жеке бітістерін ажыратып
болмайды;
— елесте әрдайым жалпыланған бейне сақталады (тау елесі, мысалы, ол
Алатау не Памир емес, жер бетіндегі барша тауларға тән белгі – биік шоғыр).
— бір зат жөніндегі әр адамның елесі жеке-даралықты келеді. Бұл
адамдардың тұлғалық сапа-қасиеттерінің өзіндік ерекшелігінен болады;
— елес көрнекі – бейнелі бола тұрып, біз үшін қандай да жалпыланған
танымдық, білім қызметін атқаруы мүмкін;
— түйсік және қабылдау үдерістеріне қарағанда елес сатысы анағұрлым
жоғары деңгейлі келеді;
— елес ойлау жүйесінің құрамды бөлігі, ой азығы – есте сақталғанды елес
күйіне келтіріп алғаннан соң ғана, біз оны жан-жақты талдауға салып,
нақтылай бастаймыз.
Елес қабылдау үдерісінің қарабайыр, сол күйінде қайталануы емес, ол
ауыспалы қозғалысты құрылым, әр мезеттегі нақты жағдайға байланысты
жаңаланып, тұлғаның күрделі өмірін бейнелеп барушы психикалық құбылыс.
Тұлға өміріндегі елестің маңызды болуының жарқын дәлелі – бұл адамдардың
шығармашылық өнері. Шығармашылық әрекеттің қай түрі болмасын өз бастауын
осы елестен алады. Құлақтан қалып, есіту түйсігінен айрылған әйгілі
Бетховен ән-күй өрнек елестерін өзінің мәуелі шығармашылығының сүйеніші
еткен.
Эйдеттік (грек. eidos-бейне) елес – ырықсыз бір көргеннен есте қаларлық
толық та жарқын елес.
Персевераттық (лат. perseveratio- табандылық) елес – бұл қандай да елес
бейненің ырықсыз, ойдан шықпай, қайталана еске түсе беруі.
Зейін: негізгі қызметтері мен түрлері
Зейін – бұл психикалық іс-әрекеттің бағытталуы мен шоғырлануы. Осы
әрекеттің таңдамалылығы мен сақталуы оның бағыттылығын танытса, ал сол
әрекетті тереңдей танумен басқаларын елемеу – зейіннің шоғырлылығын
білдіреді. Бұл анықтамадан болатын қорытынды — зейін өз өніміне ие емес, ол
тек басқа психикалық үдерістердің нәтижелілігін көтеру қызметін атқарады.
Зейін сана қызметінің іске асуын қамтамасыз ете отырып, сыртқы әсерлерді
бөлшектейді, нақты сәттегі мәнді ықпал бірліктерін ажыратады және оларға
аса жоғары аналитик-синтетикалық күштерді шоғырландырады. Осыдан сана айқын
да анық деңгейге көтеріліп, қажетті бағыт-бағдар алады.
У. Джемс зейіннің келесі түрлерін қарастырады: 1) сезімдік (сенсорлы)
және ақыл-естік (интеллектуалды); 2) тікелей нақты, егер нысан өздігінен
көңіл тартатын болса, және туынды (жанама); 3) ырықсыз не енжар, күш
жұмсауды қажет етпейтін және ырықты (белсенді) – ерік қосумен болатын.
Ырықсыз зейін қандай да затқа ешбір ниетсіз-ақ бағдарланады және ол үшін
ерік күшін қажет етпейді.
Ырықты зейін немесе ерікті зейін нысанға әдейі, белгілі мақсат қоюмен
бағытталып, саналы да ерік жұмсаумен қалаған қажет уақыт аралығында
орындалып жатады.
Егер іс-әрекет адамды қызықтыратын болса, ырықты зейін үйреншікті зейінге
өтеді де, енді ерік күші тіпті қажет болмай қалады. Ырықта зейін сияқты бұл
зейін түрі белсенді сезімімен, мақсат бағдарлылығымен және ниеттілігімен
ерекшеленеді. Аталған үш зейін түрлері өзара ауысып, іс-әрекет бабына,
мақсатына орай қызмет жасауы мүмкін. В.Н. Страхов өз еңбектерінде өзіндік
бағдарлау деген зейіннің және бір түрін атап көрсетеді.
Өзіндік бағдарлау нысаны жеке адамның өз бойындағы әрекет-қылық сипаты,
өзінің сөйлеу және қатынас мәнері, әлеуметтік рөлі және т.б. болуы мүмкін.
Зейіннің бұл түрі арнайы қызмет те атқарады, мысалы, тұлғаға өз бойындағы
әрекет-қылық, мінез өзгерістерін өзінше байқап, өзіндік ақпараттарды
жинақтауға мүмкіндік береді. Мұндай зейіннің қалыптасуы үшін адам біршама
күш-қуат жұмсап, жаттығуы қажет.
Сыртқа бағытталған зейін – тысқы ортадағы мәнді заттар мен олардың
маңызды тұстарын бөліп қарастыруға жұмсалады.
Ішке бағдарланған зейін – психиканың өз қорындағы ниетті нысандарды бөліп
алу қызметін атқарады.
Зейін әрдайым адамның ұстанымдары мен оның әрқандай іске бейімділігі және
дайындығына байланысты. Ұстаным, ниет тұлға ағзаларының сезімталдығын,
барша психикалық іс-әрекеттің деңгейін арттырады.
Зейін жеке-даралықты және ұжымдық болып та ажыралады. Ұжымдық зейін бір
қызметпен шұғылданып, бір мақсатқа жұмылған орындаушылар арасында
қалыптасады, мұндайда топтағы бір мүшенің ықпалы басқалар зейініне өзгеріс
ендіруі мүмкін.
Зейін қасиетері: тұрақтылығы, шоғырлылығы, көлемі мен ауысуы.
Зейін тұрақтылығы оның уақыт аралығында шоғырлы сақталу мерзімімен
анықталады. Іс-әрекет барысында субъекттің өзі сезбейтін, бірақ іс өніміне
әсер етпейтін қысқа мерзімді зейін тербелістерінің болуы да заңды.
Зейін шоғыры (концентрация) зейін тобының бір нысанға бағытталып, оның
аймағына енбейтіннің бәрін елемеуімен сипатталады.
Зейіннің бөлінуі бір уақытта бір не одан көп іс-әрекеттерді орындау
мүмкіншілігін беретін психикалық әрекеттердің ұйымдасу сипаты.
Зейін көлемі – бір уақытта анық та айқын қабылдануы мүмкін өзара
байланыспаған заттар саны.
Зейін ауысуы – жаңа мақсаттың белгіленуімен психикалық әрекет бағдарының
саналы әрі ниетті өзгеріске түсуі. Кейде зейін іс-әрекеттің нәтижесіне орай
толық ауысуы – не аяқталмаған ауысуға түсуі мүмкін.
Зейіннің жеке – даралықты ерекшеліктері – бірнеше жағдаяттарға
байланысты. Олар: жоғары жүйке қызметінің типі, тек өкілінің психикалық
даму жағдайы, оның күнделікті психикалық қалпы, үйреншікті қызметінің
шарттары.
Ес: жалпы сипаттамасы және түрлері
Ес – адамның болмыспен өткендегі өзара ықпалдасты қарым-қатынасының
психикалық бейнесі, оның тіршілігіне қажет ақпараттық қор.
Ақпаратты сақтау қабілеті және оны іріктеп, таңдаумен қажетті іс-әрекетке
қосып баруы, әрекет-қылықты реттеу үшін пайдалануы – тек өкілің қоршаған
ортамен байланысын қамсыздандырушы мидың негізгі қасиеті. Ес арқылы өмір
тәжірибесі бірігеді, адамзат мұдениеті мен жеке бас тіршілігі үздіксіз
дамиды. Ес негізінде адам бүгінгісін бағдарлап, келешегін болжастырады.
Есті интелекттік және тұлғалық жүйешелер ретінде белгілі құрылымға ие
қызмет, үдеріс, психикалық болмыс деп сипаттауға болады.
Ежелден қалыптасқан ғылыми көзқарастар бойынша ес, бір тараптан –
психикалық қызмет (функция), ал, екіншіден – үдеріс (процесс) ретінде
қарастырылып жүр.
Естің психикалық қызметі, яғни қандай да мнемикалық (лат. mnema – ес)
нәтиже беруге қатысуы, оның психикалық болмысы (реальность). Бұл жағдайда
назарға ес тиімділігінің нәтижелілік тарапы алынады.
Ес тиімділігі – бұл мнемикалық іс-әрекеттің өнімділігі, сапасы және
сенімділігі
Мнемикалық іс-әрекеттің өнімділігі – бұл есте қалдырылған және қайта
жаңғыртылған материалдың саны (ес көлемі), есте қалдыру мен қайта жаңғырту
шапшаңдығы.
Мнемикалық іс – әрекеттің сапасы – есте қалдырылған мен жаңғыртылғанның
дәлдігі.
Мнемикалық іс – әрекеттің сенімділігі – (валидность): ес беріктігі,
жылдам әрі дәл есте қалдыру және жаңғырту ықтималдығы.
Ес нәтижесі оның үдерістік табиғатының (процессуальная сторона) салдары.
Ес психикалық үдеріс ретінде мнемикалық әрекеттерімен, мнемикалық
амалдарымен, есте қалдыру және қайта жаңғырту және т.б. кезеңдерімен
сипатталады. Ес үдерісінің жалпы мнемикалық мазмұнын суреттеп, баяндау үшін
бес үдеріс түрін ескеру қажет. Олар: есте қалдыру, есте сақтау, ұмыту, тану
және қайта жаңғырту.
Есте қалдыру – бұл санаға жаңадан түсіп жатқан ақпаратты ұйымдастыру
(рәміздей, бекіту, меншіктеу). Есте қалдыру шартты түрде екіге бөлінеді:
ақпараттың өзін тікелей жадта рәміздеп (кодировать) бекіту және ақпараттан
алған әсерді ғана есте қалдыру (запечатление).
Есте сақтау – есте қалдырылған ақпаратты белсенді не енжар (ырықты не
ырықсыз) қайта өңдеп, меншікті ақпаратқа айналдыру (трансформация).
Ұмыту – сақтауға кері үдеріс, есте қалдырылған материалды қайта жаңғырту
не тану мүмкіндіктерінің кемеюі.
Қайта жаңғырту – бұрын есте қалдырылған материалды тіктеу
(реконструкция). Қайта жаңғырту үдерісі тіл ұшына келтіру (припоминание)
және еске түсіру әрекеттерін де қамтиды.
Тану – нысандар мен құбылыстарды олармен тікелей қатынасқа түскен сәтте
бұрыннан белгілі қалпында қабылдау.
Есті есте қалдыру, сақтау, қайта жаңғырту мақсатындағы ақпаратты
ұйымдастыру үдерістерінің жүйесі және сол ақпаратты өңдеу қызметін
атқаратын тұлғаның танымдық қабілеттері мен ол меңгерген білімдердің жүйелі
арақатынасқа келуін қамтамасыз ететін интеллекттік жүйеше деп те
қарастыруға болады.
Ел не өндірісті басқарған адам іс-әрекетінде белгілі мөлшерде естің барша
негізгі түрлері көрінеді. Егер есті уақыт- мерзімге орай топтастыратын
болсақ, ендеше оның келесідей түрлерін ажырата білу қажет: қысқа мерзімді,
нақты іс-әрекеттік (оперативті) және ұзақ мерзімді.
Қысқа мерзімді ес – қабылдау аймағына түскен нысандар мен жағдайлар тобын
бір көргеннен тікелей байқау және бекіту қызметін атқарады. Мұндай мерзімді
естің қызмет бабы 30 секундтық, қабылдау көлемі — 5-7 нысан.
Нақты іс-әрекеттік ес – қажетті әрі мезеттік іс-әрекет нәтижесіне жету
үшін ғана жасалған ақпаратты іріктеп сақтау және іске асыру жұмысына
бағытталады. Бұл ес үдерісінің жалғастығы орындалатын іс-әрекетке жұмсалған
уақыт мөлшерімен сипатталады.
Ұзақ мерзімді ес – аса жоғары маңыздылыққа ие болған ақпаратты түбегейлі
не ауқымды уақыт жадта сақтау қызметімен байланысты.
Сенсорлы (сезімдік) ес – сезімдік ықпалдарды тікелей байқау, яғни
нысанның сезімдік әсерін көрнекі бейне түрінде анық әрі толықтай қабылдап,
өте қысқа уақыт аралығында сақтап тұру (0,25сек.).
Іс-әрекет субъекті ақпаратты түрлі сезім ағзаларының: көру, есту, иіс
сезу, дәм сезу, сипай сезу – арқасында қабылдайды.
Осыған орай көру есі, есту есі, иіс сезу есі, сипай сезу есі және дәм
сезу есі ажыралады.
Бұлардың басқа ақпаратты жадта қалдыру сипатына байланысты вербалды
(сөздік ес), бейнелі, моторлы (қозғалыс есі), эмоционалды (көңіл, сезім,
толғаныс есі), сондай-ақ заттардың кеңістікте, уақыт аралығында жайғасу,
сандық, аты-жөні, адамдарды жадта қалдыру ес түрлері бөліне қарастырылады.
Жадта қалдыру үдерісінің даму дәрежесін ескерумен есті тікелей нақты және
жанама деп ажыратудың да үлкен маңызы бар.
Тікелей нақты естің ерекшелігі – есте қалдырылған материалдың өңдеуі кем,
қалай қабылданса, сол күйінде бейнеленіп, психикалық бекімге түседі. Мұндай
жағдайларда … жалғасы