Таза заттар және қоспалар | туралы қазақша

0

Табиғатта заттар таза күйінде көп кездеспейді. Табиғи заттардың кейбіреулері көптеген заттардың қоспаларынан тұрады. Ерітінділер, құймалар, ауа т.б. қоспаларға жатады. Қоспалардың құрамы тұрақты емес. Олар әртүрлі қатынастағы түрлі заттардан тұрады. Қоспада әр зат өзінің қасиетін сақтайды.

Теңіз суы — әртүрлі тұздардың сулы ерітіндісі. Ауа — газдар қоспасы. Оның құрамына азот, оттек, көмірқышқыл газы және инертті газдар кіреді. Түссіз кварцтан тұратын құмның түсі оның құрамына кіретін қоспаларға байланысты әртүрлі болады. Тазалығына жоғары талап қойылатын дәрілік заттарда да елеусіз мөлшерде басқа заттардың қоспалары кездеседі. Бірақ онда қоспалардың мөлшері аз болғандықтан, біздің организмімізге әсер етпейді.

Таза зат деп нені айтамыз, қоспа деп нені айтамыз? Заттардың құрамындағы қоспалар белгілі бір мөлшерге дейін азайғанда олардың кейбір физикалық қасиеттері тұрақтана бастайды. Қасиеттері өзгермей қалатын осындай заттарды таза заттар деп есептеуге болады. Егер қандай да бір заттың балқу және қайнау температурасы бірнеше градусқа ауытқымай, тек бір ғана градусты көрсетсе, ондай затты таза зат деп есептейміз (1-кесте).

1-кесте. Таза зат пен қоспаның салыстырмалы сипаттамалары

Салыстырмалы белгілері Таза зат Қоспа
Құрамы Тұрақты Тұрақсыз
Құрамындағы заттар Бір зат Бірнеше зат
Физикалық қасиеттері Тұрақты Тұрақсыз
Бөлу тәсілдері Химиялық әдістермен Физикалық әдістермен

 

Физикалық қасиеттері тұрақты заттар таза заттар деп аталады. Мысалы, дистилденген су.

Барлық жағдайларда таза заттардың қоспалардан артықшылығы бар деген түжырым дұрыс емес. Мысалы, таза оттекпен тыныс алуға болмайды. Егер атмосферадағы оттекті қауіпсіз деңгейге дейін «сұйылтып» тұратын азот бір себептермен жоғалып кетсе, құрлықтағы барлық тірі организмдер бірнеше сағатта тіршілігін жойып, әлемді алапат өрт жайлар еді. Қоспалар біртекті және әртекті болады.

Құрамындағы бөлшектер жай көзбен немесе микроскоппен көрінетін қоспалар әртекті немесе гетерогенді деп аталады.

Кейбір қоспа құрамындағы бөлшектер бір-біріне «еніп» кететіні сонша, тіпті оларды микроскоп арқылы да көру мүмкін емес. Қанша үңіліп қарасақ та, ауа құрамындағы газдарды көре алмаймыз. Сол сияқты сіркесуы немесе ас тұзының судағы ерітіндісінен әртүрлі бөлшектерді табу мүмкін емес.

Құрамындағы бөлшектері микроскоп арқылы да көрінбейтін қоспаны біртекті немесе гомогенді қоспа деп атайды. Біртекті қоспалар агрегаттық күйі бойынша газ тәрізді, сұйық және қатты болып үшке бөлінеді.

Кез келген газдардың қоспасы — гомогенді. Мысалы, таза ауа -азот, оттек, көмірқышқыл газы, асыл газдар және су буларынан тұратын гомогенді қоспа. Шаңды ауа — сол газдардың ішінде қатты заттардың ұсақ бөлшектері таралған гетерогенді қоспа.

#Таза #заттар #және #қоспалар

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз