Таным дегеніміз не? — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Жоғарғы тарауда болмыс мәселелерін талдап, «Дүние қалай құрылған?», деген сұраққа жауап беруге тырыстық. Енді уақыт екінші үлкен сұраққа жауап беруді талап етеді. Осы өзімен-өзі өмір сүріп жатқан Дүниені адам танып-біле ала ма? Әрине, біз бұл сұраққа оң жауап қайтарамыз. Тек болмыс шеңберіндегі заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу арқылы ғана адам оны ерікті түрде шығармашылық жолмен қайта өзгерте алады. Бізді айнала қоршаған «екінші табиғат» — неше түрлі машиналар мен механизмдер, электр стансалары, байланыс жүйелері т.с.с. — адамның дүниетаным мүмкіндігі, рух құдіретінің шынайы көріністері.
Таным деп біз адамның айнала қоршаған ортаны зерттеудегі ерекше рухани іс-әрекетін айтамыз. Ол әрқашанда даму үрдісінде. Егерде көне замандағы адам найзағай жарқылдап, күн күркіреген кезде зәресі кетіп, оны аспан Құдайының іс-әрекетіне теңестірген болса, қазіргі уақытта оның физикалық сырын 8-9 сыныптарда оқитын әрбір оқушы айта алады.
Адамзаттың мыңдаған жылдарға созылған тарихы танымның өте күрделі көпдеңгейлі құбылыс екенін мойындайды. Миллиондаған адамдардың дүниетану әрекетінің негізінде әртүрлі жырақтар мен бұлақтардан қосылған өзен арнасы сияқты, қоғамдық мағынасы зор таным үрдісі қалыптасады. Алайда жеке адамның санасында қалыптасқан кейбір түсініктер жалған болуы, я болмаса, кейбіреулері өз заманының арнасынан шығып, бүгінгі өмірдің сұранысын тудырмауы да мүмкін. Сондықтан нақтылы тарихи қоғамның сұранысына байланысты «табиғи таңдауға» ұқсас үрдістердің негізінде жеке адамның санасындағы ойлар қоғамның рухани байлығына айналады. Ол үшін адамдар өз білімдерімен бір-бірімен бөлісуі қажет. Ол, негізінен алғанда, университтердің мінбелері, басылып жарық керген мақалалар мен кітаптар арқылы, олардың мазмұнын сынау, тиімді және тиімсіз жақтарын қоғамдық санаға көрсету т.с.с. жолдармен жүріп отырады.
Қайсыбір тіршілік сияқты, адам да айнала қоршаған ортаның шеңберінде өмір сүреді. Алайда оның өмір сүру тәсілі басқа тіршіліктерден мүлде өзгеше. Егерде қайсыбір жануар өзінің дене құрылысы мүмкіндігіне сай айнала қоршаған ортаға бейімделген, дүниедегі сан алуан құбылыстардың ішінде тек өз тіршілігіне тікелей, я болмаса жанама қатысы бар заттар мен құбылыстарды ғана сезініп, тек соған сәйкес өмір сүретін болса, адам дүниеге өз санасы арқылы универсалды, яғни жан-жақты қарай алады. Сонымен қатар айнала қоршаған орта нақтылы тарихи өмір сүріп жатқан адамдардың таным мүмкіндіктері мен оны игеру деңгейінен әрқашанда асып түседі. Олай болса, ол адамдардың Дүниені зерттеп игеру жолындағы шексіз мүмкіндіктерін тудырады.
Дүниетанудағы негізгі мақсат — зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу, яғни оларды білу. Білім -әрқашанда шындықтың идеалдық бейнесі, өйткені бірдемені білу дегеніміз — сол жөнінде идеалдық түсініктің болуы. Олай болса, танымды күрделі үрдіс, ал білімді белгілі бір нәтиже ретінде қарауымыз керек.
Тарихи ғылыми білім дүниеге келместен бұрын, күнбе-күнгі өмір тәжірибесінен пайда болған қарапайым күнбе-күнгі білім дүниеге келеді. Ол адамның кәсіби танымдық іс-әрекетінен емес, күнбе-күнгі өмірдің қажеттіліктерінен (аң аулау, балық ұстау, еңбек құралдарын жасау, үй салу, бала тәрбиелеу, жеміс-жидек жинау т.с.с.) пайда болады. Оған күнбе-күнгі емір тәжірибесінен қорытылған халық даналығын көрсететін мақал-мәтелдерді, адамгершілік нормаларды, әдет-ғұрыптарды т.с.с. жатқызуға болар еді. Осындай өмірлік білімнің негізінде адамдар айнала қоршаған ортаны бағдарлай алатын дәрежеге жетеді. Ал ғылыми білімге келер болсақ, ол арнаулы білімді меңгеру мен оны шығармашылық жолмен дамытудың негізінде пайда болады. Оның қайнар көзі бертінде, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуінен басталады.
Жүре келе, ғылыми зерттеудің тақырыбына байланысты білімнің әртүрлі салалары пайда болады. Табиғатты зерттеудің барысында астрономия, механика, физика, химия, геология, биология т.с.с. ғылымдардың негіздері қаланады. Олардың басын біріктіріп, жаратылыстану ғылымдары дейміз. Адам мен қоғамды зерттейтін білім салалары гуманитарлық, қоғамдық пәндерді тудырды. Оларға философия, психология, саясаттану, мәдениеттану т.с.с. пәндер жатады. Гуманитарлық білімдердің ерекшеліктері -олардың мазмұнында нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың мүдделері мен мақсат-мұраттарының бейнеленуі. Сондықтан белгілі бір қоғам өміріндегі құбылысқа әрбір әлеуметтік топ өзіндік баға беруі мүмкін. Сонымен қатар бұл пәндердің бәрінің басын біріктіретін құндылықтарға келер болсақ, олар — адамды сүю, ізгілік, жақсылық, жетілгендік, әсемдік, әділеттілік, еркіндік, теңдік т.с.с.
Гуманитарлық білім саласында көркемдіктануды ерекше алып қарауға болады. Оған әдебиет, поэзия, қылқалам, әуен т.с.с. өнер саласындағы туындыларды зерттеуді жатқызамыз.
Сонымен қатар бүгінгі адамзаттың рухани-адамгершілік дағдарысқа түсуіне байланысты, дінтану мәселелері ерекше өзекті болып отыр.
Дүниетану — өте күрделі құбылыс, ол үшін адам барлық жан-тәнінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан қоғамдағы құндылықтар, солардың негізінде қалытасатын қоғамдық қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі т.с.с. таным үрдісінде өз орнын алады.
Олай болса, дүниетану негізінде жатқан негізгі құбылысты анықтамай болмайды, сонда ғана оның терең мәнін ашуға болады. Сана, pyx болмысының өзегі білімде болғаннан кейін, мыңдаған жылдардың шеңберінде ойшылдар танымның негізін адамның санасынан көрді: «таным үрдісін дамытатын ақыл-ой жаттығуы, жетілуі», «шығармашылық ізденіс», «білімге деген құштарлық», «туа біткен табиғи дарын» т.с.с. Әрине, аталған факторлардың танымдағы орнын терістеуге болмайды. Бірақ олардың негізінде толыққанды таным теориясын жасау мүмкін емес. Ол үшін біз адамның басқа тіршіліктерден бөлек, тек өзіне ғана тән өмір сүру тәсілін анықтауымыз керек. Ал, оның өзі бізді адамның «таза табиғатқа» қанағаттанбай, оны қайта құру, өзгерту іс-әрекетіне әкеліп тірейді. Оны философия тілінде «практика» дейді.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!