Т.Гоббстың философиялық көзқарастары — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Томас Гоббс (1588-1679 жж.) — ағылшын философы, Оксфорд университетінде оқып, білім алған. Негізгі еңбектері: «Азамат жөнінде», «Левиафан, я Материя, шіркеу мен азаматтық мемлекеттің билігі мен бітімі» т. с.с.

Жаңа дәуірдегі  алғашқы  философтармен  салыстырғанда, Т.Гоббс философия пәнін ақыл-ой арқылы дүниетанумен теңеп, оның шеңберінен үзілді-кесілді теологияны шығарып тастады. Сонымен қатар ол дінді, Құдайға сенуді қарапайым халыққа керек нәрсе деп есептеді, әсіресе ол оның моральдық жетілуінің тірегін  құрайды.

Т.Гоббстың онтологиялық көзқарастарына келер болсақ ол Дүниені бүкіл өмірде болып жатқан барлық денелердің жиынтығы ретінде қарайды. Олардан басқа еш нәрсе жоқ. Гоббстың ойынша, нақтылы өмір сүріп жатқан дененің өзі — сол субстанция. Ал дененің созылуы мен бітімі оның негізгі қасиеттеріне (акциденцияларына) жатады. Қозғалыс пен тұрақтылықты алар болсақ, олар әрине, көп денелердің қасиеттері, бірақ қозғалмайтын денелер де болуы мүмкін. Ал заттардың иісі, түсі, дыбысын алар болсақ, бұл қасиеттер пайда болып, келесі сәтте-ақ жоғалып жатады. Ол көбіне заттардан гөрі соларды қабылдайтын адамдардың түйсігіне байланысты.

Т.Гоббстың ойынша, қайсыбір субстанция нақтылы болғаннан кейін, абстрактілік субстанцияны мойындауға болмайды, ол нәтижесіз. Материя деген ұғым — ол тек қана бүкіл дүниедегі заттарға қойылған ат қана.

Т.Гоббс дене жоқ жерде кеңістік те жоқ деген пікірге келе Кеңістік — әрқашанда нақтылы заттың, дененің көлемі.

Уақыт та — қозғалып жатқан нақтылы заттардың өлшемі ғана Ал Дүниеде болып жатқан таза ұзақтылықты ойшыл үзілді-кесілді теріске шығарады.

Дүниедегі себептілікке тоқталатын болсақ, Т.Гоббс «соңғы себеп», «формальды себеп» деген сияқты ұғымдарды теріске шығарып, тек қана материалдық және қозғаушы себептерді мойындайды. Бірақ осы жолда ол үлкен қиындықтарға кез болады. Дүниедегі саны шексіз заттардың қозғалысының қайнар көзі қайдан шығады Тек XVIII ғ. материалистері оны материяның ішкі қасиеті деп мойындады. Ал Т.Гоббсқа келер болсақ, ол Декарт сияқты, Құдайды мойындауға мәжбүр болды, өйткені Ол — алғашқы Дүние қозғаушы күш, ал содан кейін Дүние өз заңдылықтарының негізінде өмір сүре бастайды.

Т.Гоббстың гносеологиясы (таным ілімі) тәжірибелік тұжырымынан шығады. «Алғашында түйсікте толығынан, я болмаса жартылай болмаған, ұғымда да жоқ» деген сенсуализм қағидасын Т.Гоббс толығынан мойындайды. Бірақ ғылыми ұғымдарды жасау үшін сезімдік саты, деректерді білу жеткіліксіз, өйткені ғылыми ұғымдар ең жалпылық, қажеттілік деңгейіне көтерілуі керек. Т.Гоббстың ойынша, ондай дәрежеге математика ғылымы ғана көтеріле алады. Р.Декарттың «туа біткен идеяларына» қарсы шығып, ол оның қайнар көзін тілдің сөздерінен іздейді. Оның ойынша, ойлау тілмен тең. Сөздер арқылы біз ішкі ойымызды сыртқа шығарып, басқа адамдарға жеткізе аламыз. Сонымен Т.Гоббс тілді белгі тұжырымдамасының шеңберінде түсінеді. Қайсыбір сөз — ол затқа қойылған ат (nomina) қана. Ол әр түрлі мағынаны көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда адамдар бір-бірімен түсінсе алмайды. Ал адамдар белгілі бір келісімге келіп, сол қойылған атқа, таңбаға нақтылы мазмұн беретін болса, сонда ғана ол белгіге айналып, соның негізінде адамдар бір-бірімен түсінісе алады. «Адамның ақыл-ойының сәулесі — ол көп мағыналықтан тазартылған, нақтылы анықтамасы бар сөздер», — дейді ұлы ойшыл.

Т.Гоббс «Ойлаймын, олай болса өмір сүремін», — деген Р.Декарттың принципін өзінің танымдық ілімінің тұрғысынан қатты сынға алады. «Мен ойлаймын, олай болса өмір сүремін» деген бізді ойлана алатын дене бар екенін мойындауға әкеледі. Ал Р.Декарттың ойлайтын адам ойлауға тең деген пікірін «серуендеп жүрген адам серуен деген тұжырымға тең», — деп, материалистік тұрғыдан қатты соққыға жығады.

Т.Гоббс таным әдістемелері жөнінде де ерекше пікір айтады. Индуктивті және дедуктивті әдістерді бір-біріне қарсы қоймай, олардың екеуін де ғылыми зерттеулерде кең түрде қолдану қажет. Бірақ индуктивті әдіс табиғатты зерттегенде басымырақ қолданса, математика саласында және этика мен саясатты зерттегенде дедуктивті әдіс басым болуы қажет деген пікір айтады.

 

Адам мәселесі

Р.Декарттың «Адам — машина» деген көзқарасын әрі қарай жалғастырып, Т.Гоббс адам да дене ретінде күрделі механизм деді. «Өмір – бөлшектердің әр түрлі қозғалыстары «жүрек — серіппе, жіптер, адамның аяқ-қолдары — машинаның дөңгелектері сияқты бүкіл денеге қозғалыс береді» т.с.с. Егер Р.Декарт адамның денелік емес жан дүниесін мойындаса, Т.Гоббс психиканың өзін механистік тұрғыдан түсіндіргісі келді.

Адамның моральдық қасиеттерін ойшыл оның табиғаты арқылы түсіндіреді. Бұл жағынан келгенде, оның көзқарасы Н.Макиавеллиге өте жақын. Адам табиғаты өзімшілдікке негізделген. «Адамдар өз табиғаты бойынша қомағай, тойымсыз, қорқақ, долы т.с.с.хайуандыққа толы», ал қоғамдық пенде ретінде олар «пайда мен мансап» іздейді, тек өздерін ғана сүйеді, — дейді ұлы ойшыл.

Т.Гоббс адамдардың өзімшілдігінен шығатын мүдделері мен мақсаттарына көп көңіл бөледі. Қоғам өмірінде әртүрлі мүдделер бір-бірімен соқтығысып, құқ ғылымының әділдікке негізделуіне жол бермейді, заңдар бұрмаланады т.с.с. «Егер геометрия қағидаларының адамдардың мүдделеріне қатысы болса, онда ол кітаптарды адамдар жағып жіберер еді», — деген нақыл сөз осы кісінікі. Сондықтан моральдық құндылықтардың негізінде мүддеден шығатын пайдалық жатыр. Жақсылық пен жамандық, игілік пен залымдық дегендеріміз не? деген сұраққа «жақсылық, игілік» деген сөздермен бізге ұнайтын, пайдасы бар нәрселерді айтамыз, ал залымдық деп оған қарама-қарсы жатқан нәрселерді көрсетеміз»,- деп жауап береді. Мұндай мораль саласындағы көзқарасты біз утилитаризм дейміз (utilitas — латын сөзі, пайда).

Әрине, адам мәселесін талдағанда, еріктік мәселесін аттап өте алмаймыз. Т.Гоббс ерік тек қана адамның ахуалынан ғана шығып қоятын құбылыс емес деген тұжырымға келеді. Еріктік дегеніміз — барлық дүниедегі нәрселерге тән. Мысалы, ыдыс сынса, ішіндегі су еріктік алады.

Дегенмен адамның еріктігі өте қиын шаруа, өйткені ол жалғыз емес, өмір жолында мыңдаған басқа адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Сондықтан, бір жағынан, ерікті болса, екінші жағынан, қоғамдық қажеттіктен аттап өте алмайды. Олай болса, олар бір-бірін толықтырады. «өзендегі судың ағысы ерікті де қажетті, өйткені ол арнасынан шығып кете алмайды». Адам да сол сияқты деп қорытады ұлы ойшыл.

 

Мемлекет пен қоғам мәселелері

Сонау көне заманнан бері қоғам мен мемлекет мәселелеріне келген кезде, ойшылдар оны негізінен екі қарама-қарсы тұрғыдан қарады. Біреулер қоғамдық пен мемлекеттіліктің басымдылығын (мысалы Аристотель, кеңес заманындағы идеология), екіншілер жеке адамның мемлекет пен қоғам алдындағы біріншілігін (атомистер, қазіргі өтпелі дәуірдегі кейбір реформаторлар) көрсетті. Т.Гоббсты бұл аталған екі бағыттың қайсысына жатқызамыз? Әрине, екінші бағытқа, өйткені ол өзінің ілімінде мемлекеттілікті адамның өзімшіл табиғатынан шығарады. Әрбір адам ең алдымен өз мүддесін алға қояды, олай болса жалқылық, жекелік — бірінші, ал қоғамдық, мемлекеттілік — екінші орында.

Т.Гоббстың ойынша, әр халық өзінің тарихында екі сатыдан өтеді.Олар — мемлекеттікке дейінгі табиғи (status naturalis) және мемлекеттік (status civilis) саты.

Алғашқы табиғи сатыда мемлекет те, жекеменшік те, мораль да әлі жоқ, тек қана адамдардың табиғи құқы бар. Ол адамның керек қылатын нәрселерінің бәріне деген құқы. Өзінің өмірін сақтап қалу жолында адам қандай іс-әрекет жасаса да, шектелген жоқ. Сондықтан мұндай жағдайда әр адам өмірге керек құндылықтарды өзіне тартқаннан кейін, «бәрінің бәріне қарсы соғысы» (bella omnia contra omnies) басталады. Адамдар бір-біріне қасқыр сияқты (homo homini lupus est) болады. Мұндай жағдайда адамдардың өз-өздерін құрту қаупі туып, табиғи жағдайдан азаматтық мемлекеттік деңгейге көшу қажеттігі пайда болады.

Сондықтан адамдар өздерінің кейбір құқтарынан ерікті түрде бас тартып, оларды күшті орталандырылған билікке береді. Сонымен қоғамдық осындай шарттың негізінде мемлекет дүниеге келеді. Т. Гоббстың ойынша, қоғамдық шартқа өту тілсіз іске аспас еді. «Тілсіз адамдарда мемлекет, қоғам, шарт, бейбітшілік те болмас еді».

Адамдардың мемлекеттікке өтуінде олардың табиғатында бар заң (lex naturalis) үлкен рөл атқарады. Ол заң — «өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама». Оны біз моральдың «алтын ережесі» дейміз.

Екіншіден, әрбір адам өлімнен қорқады, сондықтан ол бейбіт өмірдің қажеттігін сезінеді, ал мұның бәрі оны мемлекеттілікке қарай  итермелейді.

Мемлекетке шарттық негізде өз еркімен берілген адамдардың құқтары енді қайтып алынбайды. Адамдар мемлекет заңдарын бұлжытпай орындаулары қажет. Сонымен қатар Т.Гоббс — құқ пен заңның арасындағы айырмашылықты анық байқаған адам. Бір жағынан алған да, мемлекетте заңдылық, тәртіп болуы керек. Екінші жағынан, заңдар мөлшерден шығып, барлық қоғамдағы қарым-қатынастарды ретке келтіруге тырысса, онда адамдардың белсенділігіне нұқсан келеді. Бұл жерде Т.Гоббс тоталитаризмнің болуын болжаған секілді. Сондықтан заңдар ақыл-ой елегінен өткен қажетті қатынастарды ғана ретке келтіруге тиіс.

Әрине мемлекеттің дүниеге келу мәселесі — өте күрделі құбылыс. Ол жөнінде әртүрлі болжамдар бар. Т.Гоббстың жасаған «конвеционалдық» (шарттық) тұжырымы, әрине, бұл мәселенің мәнді бір жағын ғана көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, қайсыбір мемлекеттi шарттық негізде өмір сүреді деп әбден айтуға болады. Біздің жас мемлекет те өзінің екінші «Ата заңын» (Конституциясын) 1995 ж. Бүкілхалықтық референдумда қабылдаған болатын. Ал мұның өзін белгілі шарт деп айтуға, әрине, болады.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!