Шаршап жүрген мұғалім өте көп

0
9973

БҒМ-нің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов «Мұғалім мәртебесі туралы» заң бұзылса, онда қатаң шара қабылданатынын айтты. Бұл туралы Baq.kz ақпараттық сайты хабарлаған.

Министрдің не айтпақ болғанын мұғалім ғана емес, былайғы жұрт та анық түсінді. Сонымен қатар министр бұл сөзді бекер сөйлемеді. Неге? Себебі Қазақстанның мұғалімдері оқушысына білім беруден гөрі қағазбастылықтан қолдары босамайтынын бесіктегі бала да біледі. Министрдің айтқан сөзі мұғалім ғана емес, оқушының да, оқушының ата-анасы да көптен күткен сөз болатын. Алайда… Иә, алайда  министр Асхат Аймағамбетовтің сөзі іс бойынша жүзеге аса ма?

Міне, негізгі мәселе де – бұл. Біз сұрау салып хабарласқан ондаған мұғалім «айтуын айтты ғой, әйтсе де төмендегі директор, завучтер министрдің айтқанын бұлжытпай орындауы екіталай. Бізде үнемі сол ғой. Биліктегілер айтуын, айтады. Ал төмендегілері бәрібір өз дегенін жасайды» деген сенімсіз жауаптарымен бөлісті. Десек те, министрдің бұл сөзіне қатысты бір мектеп директорының, завучтың, оқушының және қарапайым азаматтың пікірін білу үшін қоңырау шалып көрдік.

Айдана САПАРҚЫЗЫ,  (аты-жөні өзгертілді) мектеп директоры: «Бұл сұраққа шынайы жауап беру үшін, көріп отырсыз, аты-жөнімді өзгертуіме тура келді. Неге? Себебі, ертең осы айтқандарым үшін қудалауға түсуім әбден мүмкін. Иә, министр көптің көкейіндегі сөзді айтты. Қос қолмен қолдаймын. Бірақ бітпейтін қағаздарды бізден мысалы, аудандық білім бөлімі талап етеді. Лажсыз орындаймыз. Ал аудандықтан облыстық, облыстықтан да республикалық басшылары талап етеді. Сондықтан «басынан шіріген балықты» тазаламақ керек. Мен де мұғалімдерімнің тек оқушы білімін жетілдіруге күш салғанын, қағазбастылықтан бос шаршамағанын қалаймын. Өкінішке қарай, бұрқыраған құжаттарды жоғарыға жөнелтуге мәжбүрміз».

Жазира АЙДЫН, (аты-жөні өзгертілді), завуч: «Менен директорым талап етпесе, директордан білім бөліміндегілер талап етпесе, қанеки!? Қуана-қуана білімге байланысты шаруамызды атқарар едік. Сайлау науқанында үй аралау, санақ жүргізуден бастап оқушыларымыз туралы мәлімет жинап тонналап құжат өткізу жұмыстарын сүйсініп атқарамыз деп бірде-бір мұғалім айтпас. Тек қана сабағын беріп, үйінде клеесі тақырып бойынша мұқият дайындалса, бос уақытын ізденіске жұмсаса, әрине мұғалімнің де білімі арта түсер еді. Бірақ бізде олай емес қой?!Жүз пайыздық уақытымыздың 80 пайызы қағазбастылықпен өтеді десем, өтірік болмас. Қалған 20 пайызының 10 пайызын отбасымызға арнаймыз ба, жоқ па, күмәнді. Ал 10 пайызын сабағымызға әрең қалдырамыз. Осыдан кейін қандай да бір білім деңгейі туралы сөйлеудің қажеті бар ма?»

Димаш ӘЛІБЕКОВ, сауда менеджері, ата-ана: «Екі балам мектепте оқиды. Бір балам студент. Мектепте жеткілікті білімін алып жатқанына күмәнім бар. Себебі студент баламды оқуға түсіру үшін қатарынан 3 жыл арнайы курстарға апардым. Мектепте алған білімі жетіп тұрса, еріккенен апарды дейсіз бе? Мұғалімі сабақ өтуге уақыты жоқ. Сабақ өту үшін сыныпқа келгенімен әлдебір құжаттар толтырумен жанталасып отыратынын өзім де талай рет көрдім. Ал қазіргі екі оқушы балам әр күн сайын мектепте не істегендерін айтқанда, жылағым келеді. «Апай келмей қалды», «апай үйде аяқтаңдар дед», «апай сабақта өз жұмыстарымен отырды» дейді. Бүкіл мұғалім сөйтеді деуден аулақпын. Алайда елімізде 10 мұғалім болса, соның 8-і сабағын өзі қалағанындай деңгейде бере алмай жүр. Неге? Сол баяғы қағазбастылықтан дер едім».

Хан-Әли НҰРЫМ, 8 сынып оқушысы: «Бізде тек қана химия пәні ғана мықты өтіледі. Басқа сабақтар әйтеуір уақыт өткізу сияқты. Мысалы, тарих пәнінен мұғалім болмай, ол сабақтың 45 минутын әр мұғалім келіп өтіп жүр. Математика апайымыз әр күн сайын кем дегенде 15-20 миниутын әлдебір қағаздарды жазумен өткізеді. Өзін-өзі тану деген пәннің аты бар, сабағы өтілмейді. Ағылшын тілінен мұғалім өте жиі ауысады. Айта берсе, өте көп қой. Сабағын нақты секундына дейін өтетін мұғалім өте аз. Үнемі шаршап жүреді апайларымыз».

Асыл БАЛАБИ, Kaznews.kz.