Саумал – Дүкенбай Досжан – Әңгімелер / Мақалалар – Bilim

0
123

Қазақ мінезі күшін бойына жинаған бесті қымыздан гөрі қыш көзеде таңасқан балшырын саумалға келеді.

«Кісінің қасиетін дәріптейік! Құжынап жердің асты мен үстіне сыймай жатқан қытайды аспан асты елі деп көтере ұстаймыз; ал ендеше былайғы Ұлы Дала өркениетін туғызған далалықтар аспанның үстінде жүре ме екен; темірқазық тұсындағы, ту сыртынан екі ғасыр бойына салған қорғанды Ұлы қытай қорғаны дейміз; ал сол қорғанды құруға мәжбүр еткен ержүрек түрк бабаларды ауызға алғымыз келмейді. Шағын аралды мекендеген жапондарды таң шапағы елі деп аузымыздан суымыз құрып тамсана дәріптейміз; ал күннің өзі жарты тәулік бойына домалап шеті мен шегіне жетіп болмайтын Ұлы Даланың саумал самалын ауызға ала бермейміз. Өзге халық абыройын жапырақпен жауып, үңгірде жан сақтап жүргенде — басына киіз үй тігіп, бесті қымыз сапырып, тозбас дәстүр туғызып, сарқылмас дәулет, өлмейтін рух қалдырған қара орман қазекемді менсінбей «е, соны қойшы!» деп өте шығамыз». Қазіргі қара орман қазекемді Ұлы Дала перзенттері деп атаса жарасар еді, деп ойлайды кейіпкеріміз Жеңіс.

«Биікте көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда… дүниенің төрт бұрышы Білгіш — Білге қағанға, Ісі темір — Істемі қағанға қараған… мәңгі ел қалдырған бабалардың бойына қуат, ойына желік, жүзіне көркем нұр қосқан қасиетті саумал болар, сірә!»

«Көк түріктің, көп түріктің қарашаңырағы қазақта қалған: «Көк түрік енші алып тарасқанда Қарашаңырақ қазақта қалған жоқ па!» деп Мағжан ақын бекерге тебіренбеген. Көк түрік қағандарын боз биенің саумалына шомылдырып, «ақтай адал, саумалдай сырбаз, көбігіндей көтеріңкі бол» деп ақ киізге отырғызып хан көтерген. Жоқшылықтан құтылып — тоқшылыққа жеткені кәміл».

Жасыратын дәнемесі жоқ. Әкеміз ұзын сөзін иіп келтіріп өз заманы туралы әр сөзінің дәмін алғандай тамсана түсіп, әңгіме қозғап отыратын дейді Жеңіс. Өзім соғыс жылдарының ызғарлы суығының соңын ала дүниеге келіппін. Жын тигендей жер дүниені делқұлы ете жаздаған, екі иығын жұлып жеген пәшістің үні өшті, соларды түре қуып тастаған қызыл жауынгерлердің иығы биіктеп, бәсі өрлесін деді ме, әлде шыр етіп дүниеге келген шарананың өмір жасы ылғи жеңіске толы болсын деді ме, атымды Жеңіс қойып, марқұм әкем осы бір есімге тістей қатып жабысып алыпты. Өзім дүниеге келген со жылдары көктем шыға кішкене ауылдың түңлігін желпілдетіп, төңкеріп кете жаздаған кішігірім оқиға өтіпті.

Марқұм әкем ұжымның жылқысын бағып тақымы тозыпты.

Дүңкілдеген дүбір, алақұйын шапқын шағын ауылдың шаңын қағып үдеп бара жатыр дейді. «Несін айтасың, облыстан үлкен бастық шығыпты, шабарман, аларман, атарманның айтуына қарағанда көп ұзамай нөсер бұлтындай түйіліп кеп бұл ауылға ат басын бұрмақшы». Төрағаның көзі төртеу болып кеткен. Бас Бухтың ішер асы жұтқыншағынан әрі жүрмей түйілген кісі секілденіп, тіл ауыздан қалып, қолын текке сермелейді. «Қой қорасын жөндейміз деп етке өткізген өгізді неғыламыз», — дейді әлден уақытта сұқ саусағымен сүмек терін сығып. «Етке сойылған өгізді актілеп… папкілеп… үстінен өтек жүргізіп жым-жылас етіп жібер — демедім бе», — деп Төраға төбесінен төнеді. «Жым-жылас етуіне еттім ғой, әйтсе-дағы қора жөнделген жоқ қой», — дейді Бас Бух кеудесіне ауа жетпегендей қолын сермелеп. «Қора жөнделеді деп үстінен өтек жүргіз», — дейді Төраға түйіле соғып. Осы тұста ызы-шу, дау-дамайға ұжым жылқышысы-марқұм әкем кірісіпті.

— Уай, жарандар, шуламаңдар! Өмірі жөнделіп бітпейтін қора бұл ауылға Сталин келсе де жөнделмейді. Үлкен бастықтың жүрегін жібітетін өзге амал ойлаңдар. Өйтпейді екенсіңдер, көре қалыңдар, арғы жағы үңірейген абақтының ауызы.

— Неғыламыз? — деді Бас Бух түзде отырған баладай жанары аспандап.

— Әй, озат жылқышы! Қора жөнделмесе жөнделе жатар. Жөнделді деп қолхат жазып бересің-дағы. Төтенше өкілдің аяғы салбырап түсе қалатынын қайдан білейік, бір амалын ойластырып тап осы арада ағайыншылық… қазақшылық… шылық-былыққа қол ұшын созбадың бар ғой, екі дүниеде риза емеспіз, озат жылқышы!

Марқұм әкем сақалын сауып отырып біраз ой теріпті. Сосын тілге келіпті.

— Әлгі үлкен бастықтың біз секілді өңеші бар ма екен?

— Бар-бар!

— Біз секілді ас ішіп, аяқ босата ала ма екен?

— Неғып мыжып айдалаға лағып басты ауыртасың-ай. Ас ішіп, аяқ босатпайтын болат тегіршікті темір адам деп пе едің!

— Өңеші бар болса, гәп демеңдер! Іс бітті дей беріңдер, — депті марқұм әкем.

Былайғы жұрт аң-таң болыпты. Іштерінен мырс-мырс күліп «іс біттіге» санапты.

Сөйтіп облыстан әдейілеп ат басын бұрып, ел-елді кернеп бара жатқан көзбояушылық, жемқорлық секілді теріс мінез-құлықпен жау тигендей белдесуге, беттесуге келген өкілдің бірер күнде… бірер күнде емес-ау, күн еңкейіп, ел орынға отыра — шағын қараша үйіне шақырып, алдына астау етіп үйткен қойдың жамбасын тартып, күшәла сіңірген қымыз қойып… ә, дегенше, пысын басып, жынын алып, мүлгітіп-қалғытып, тымпи ойнағандай үстінен өтек жүргізіп жіберіпті дейді. Өкіл жынын алған бақсыға ұқсап өкше ізін басып кері қайтып кетіпті. Ештеме болмағандай тіршілік жалғаса беріпті.

Сондай да заман болған.

Марқұм әкемнің аруағын қозғап неғыламын, кейінгі кеңес өкіметінің көлеңкесінде жүрген кездегі, Хрущев, Брежнев есімді жайсаңдардың заманында жетісіп жырғауға жағдайымыз болмапты. Құйтақандай бала кезіміз, түкпірдегі ауылда ұжымның былыққан шаруасына ересек кісі жетпегендей — мектепте қалғып-мүлгіп отырған кілең қарадомалақтарды тыныш оқытып қоймайды. Мектеп директоры — шолақ белсенді. Қит етсе ұжым төрағасымен ауыз жаласып әмпай болып алғанға ұқсайды, сынып есігін сарт ашып жетіп келеді. «Қалғып-мүлгіп отырсыңдар ма, қарақтарым, — дейді кәдуілгі көктен аяғы салбырап түскендей қалып танытып, — шөп күйіп барады, ұжымның еңбектеп салған картобын арамшөп басып түйнек салдырмай тұрған көрінеді, неғыламыз?!».

Араға әдебиет пәнінің мұғалимасы шырылдап килігеді.

— Директор жолдас, бұл байғұстар кеше ғана қой қырқым, қозы бөлу науқанынан келді. Тегі енді Сәбит Мұқановты оқуға кіріскенде, ұжымға жәрдем жасаңдар деп іліп алып кетесіздер. Ұйқысы қанбай, кірпігі кірпігіне ілініп отырған кілең мәнжубас шөже торғайлар. Тоқсанның аяғына тыныш қойсаңдар болмады ма!

Мына сөзді естіген директордың көзі аларады.

— Сіңіріне ілініп жүрген ата-аналарға кім қол ұшын береді. Олар кілең қаусаған арық-тұрақ, ілдебайлап жүргендер. Табель толтырып ақша сұрағаннан өңге дүниені ұмытып қалған. Ал бұлар кілең қызыл пионерлер, бір ұйықтап тұрса — шаршағаны басылады. Әлгі Сәбит Мұқановты үйге тапсырма ғып беріңіз.

— Шамалары жетпесе картопты сонша көп егіп несі бар, шәкірттерді миғұла ғып бітірді.

— Олай деме! Бұлар өрт жалын боп тұрған қызыл пионерлер! Өлеңдетіп жұмысқа барып, кешкісін өлеңдетіп қайтады. Ал балалар неғыламыз? Арамшөп жұлуға барамыз ба, әлде өстіп қалғып-мүлгіп отыра береміз бе?

— Барамыз, — дейді кішкентай Жеңіс желп етіп.

Әкесіне ұқсап сойқан белсенді, ортақтың шаруасына, бейне, бәйге атындай ұшып тұрады. Өзіне тісін басып жүрген ел шетінде мың салса — бір баспайтын кер жалқау ағайыны: «Түнемесі ұйқы көрмей, қос дөңгелекті арбасы шиқылдап… шалғысы сырылдап… шөп ұрлап шығады», — деп үстінен домалақ арыз жазып жіберіпті. Ауданнан келген өкіл ауылда апта жатып кілә-кілә қағазды қопарып тексерді, түк таппады. Ақырында ауданға қатынайтын жаман полуторкаға жармасып, шаңы сұйылып, ұшты-күйлі қарасы батты. Мектеп іргесінен күншығыс жақтағы жон арқаға дейін жап-жасыл картоп, одан әрі ақ егіс созылып жатады.

О заманда қазіргідей мәшине, тірәктір көп емес, саусақпен санарлықтай. Бала жастан үлкендер істейтін шаруаға жегіп, белі бүгіліп, қабырғасы көгіліп көнтақы қылып жіберді.

Картоп танабында екі бүктеліп жүріп жүйектің арамшөбін жұлады; су қойғаннан кейін басы артық сабағын сындырып жегілейді. Жеңіс бала кезінен маңайына ой көзімен қарап үйренген.

Шыжыған күннің астында бір жаз ауылдың жекеменшік қойын бағып, ерте қоздаған саулықтың сауырына жармасып сауып әлек. Бозға жайылған саулықтың сүті қою, түске қарай торсық уыз сүтке толады. Даладағы баялыш, тобылғы бұтасын жиып жіберіп домаланған қойтас үстіне өртеп жағады. Тас қызған кезде ағарып шығады. Сол әппақ тасты қос таяқшамен қысып әкеп торсық ішіне шаж еткізіп тастап жібереді. Тас қызуынан торсықтағы уыз сүт әп-сәтте ірімшік болып ұйып шыға келеді. Оны көшпелі қазақ ежегей ірімшік дейді, шөлдегенде — шөл басар, ашыққанда — тойғызар уыз дәмді тағамның төресін жастайынан талғап ішіп рахатқа батқаны есінде.

Ой көзімен қараса — әкесінің желкесіне көзге көрінбей сорбейнет мініп алыпты. Сорбейнет емей немене: сыртқа шықса шұрқыраған жылқы, үйіне енсе — пәлен жоқ… түген жоқ… жетпейдіден жүйке жұқарып, құлағы сарсылады. Осы жетпейді сөзінен құтылатын күн бар ма, жоқ па деп өз-өзінен іштей қамығады; сірә, жетпейді — сорбейнеттің сіңлісі, көлеңкесі, двойнигі секілді.

Мұғалімге қараса — аузын ашса-ақ етістік, есімдік, жіктеу, септеу деп сыныпқа енген бойында селкілдеп, қолын сермелеп жүргені. Жейдесіне бор жұққанына қарамайды.

Ұжым төрағасы — ауыл арасын мініс көлігімен шаң қылып, ақ егіске шегіртке қаймақша жұқты, көк егісті арамшөп басты деп айқайлаумен даусы қарлығып, жұртты шаруаға жұмылдырып жігі-жаппар жалпақтаумен жүргені. Айдың аяғында асқазанының жарақаты ашылып, қан құсып, ауруханаға жатып қалды. Өзіне бұйырған сорбейнеті төрағаны алып жықты. Об-бо-оу, дүние деген!

Желкесіне сорбейнет мініп алған әкесінің, одан арғы ұжым төрағасының өмірін Жеңіс қайталағысы келмеді. Өзімше тіршілік етсем, тағдырыма бөтенше соқпақ, сүрлеу салсам деп армандады. Қайтіп… қалай?.. Ол жағын бала кезінде, әуелгіде болжап біле алмады. Кешегі бауыры суық соғыс кезінде, оқ тиіп, отқа оранған ұшағын тастай қашпай, серіппелі орындығын басып қалып сарт ұрып ұшақты тастай қашуға болатын еді… өйтпеді… ашу-ыза кернеп көзіне қан толып кетті… лапылдаған ұшақты көз ұшындағы жанармай артып тізбектеліп бара жатқан жау поезына туралады. Құйындай ұйтқып составқа құлайды. Жанармайлы цистерна сіріңке қойғандай лап етіпті. Сол көзжұмбай ерлік жасап ажалға тіктеп барған батыр есімін иеленген мектепті мына Жеңіс үздік бітірді. Қарағанды асып университетке түсті. Әйтсе-дағы білім теңізінде тереңдеп жүзе алмады. Қартайған, желкесіне сорбейнет мініп алған ата-анасы, одан асып ұжым төрағасы… одан қалды — ауыл-аймағы: «Елге қайт!.. жыртығымызды бүтінде!.. қолымызды ұзарт!.. білім қуған баланы неғыламыз!..» деп қай-қайдағыны айтып, сай-сүйегін сырқыратып, құлағын сарсылтып, ойын онға бөліп, қиялын қиырға жіберіп шаршатты.

Тәп-тәуір оқудың тәп-тәуір озаты атанып, қысқы демалысын алып Нұркен аулына келіп жеткені сол еді. Денесі жолсоқты болып қирап қалыпты. Іңір түсе басы кеудесіне домалап болмаған соң төсегіне құлаған. Түннің бір уағында тас боп ұйықтап жатып түс көріпті. Түс деуге де келмейді… Әлдеқашан бақи жалғанға озып ұмтыла бастаған атасы екен дейді, ақ сақалы кіндігіне түсіп, нөсер бұлты секілді күркілдей жөтеліп, ұйықтап жатқан мұның басына келіп тізе бүгіпті. Күректей алақанын аударып-төңкеріпті, шырт ұйқыдан ояна бастаған Жеңістің басынан сыйпапты. Төбе құйқасынан кесіртке жорғалап өткендей сезіліпті.

«Ал, балақай, — депті қоңыр үні жер астынан жеткендей еміс-еміс естіліп, — саған боз биенің үрпісін жарып шыққан әппақ саумал сүттей тіршілік бұйырады, алған жарың-дағы — саумал, былайғы өмірің-дағы — саумал, өзіңнен тараған ұрпағың-дағы тәттілігі, тіршілігі, сезгірлігі саумалдай болады. Аумие-е-ен!» деп батасын беріпті жарықтық. Буынын басып, сытырлай тұрып кетуге айналыпты.

«Беу, ата, қаныңды қыздырып, делебеңді қоздырар сабада бесті қымыз тұрғанда — көп ішсең ішіңді қуатын саумалға не жосық, саумал секілді сылдыраған өмірді неғылам!» — деп аунақшыпты бозбала Жеңіс ұйқылы-ояу жатып. Атасының шалғайына жармасып кідіртіпті.

«Бәлі, баламысың деген! Тіршіліктің қытымыр қымызын қимай, тәтті балшекерін бұйыртқалы бұрылсам — бұл неғылғаның, бәтшағар», — деп күректей алақанымен бетін сыйпап, әппақ сақалын салалап, ашық тұрған есіктің арғы жағындағы әппақ буға жұтылып жүре беріпті… ұшты-күйлі жоғалыпты… Жеңіс жастықтан басын көтеріп маңайына алақтап назар жығады. Әлгідегі көргені — түс дейтін түс те емес, өңі деуге де келмейді; әлдеқайдан аяғы салбырап түсіп, бірер ауыз тілдесіп, батасын берген ақсақалды кісіні —

пендеге аян беруші,

ілуде біреуге ғайыптан қонатын кие,

дүниенің тереңін болжайтын тылсымға жүгіну —

ме деп; әрі-сәрі, әбі-тәбі алакүлік ой кешіп отырған еді. Марқұм әкесі жылқысын қырға айдап, шаруасын тамамдап үйге еніпті. Текемет жиегіне дүрс отыра қалып аяғындағы керзі етікті торс-торс шешіпті. Табалдырық түбіне ытырыпты. Сүлгіні алып моншақтаған терін сүртіп: «Уһ, жан-ай!» — депті. «Желкеме мініп алған сорбейнеттен құтылар күн бар ма, сірә», — депті. Төсек жиегінде бұқпа торғайға ұқсап мөлиіп отырған Жеңіске тігіледі.

— Құтыласың, көке, осы қыс бір курсты бітірсем, жазға салым сырттай оқуға ауысам, шаруаңызға қарасам, қолыңызды ұзартам.

Көкесі таңғалғанын жасыра алмайды.

— Жөн сөзге енді келдің, қарағым, қит етсең — оқимын, тоқимын қаржы тауып бер деп шекемізге жаңғақ шағушы едің. Береке-ырзық кітап ақтарып, білімнің ішіне түскен кісіге бұйырады ма, әлде ата-анасының қолын жылы суға малып, бір жағына шыға білген адамға бұрыла ма, бәрі пешенеге жазылған жазудан. Жазудан асып ешкім аттап баса алмаған, қарағым.

Бозбала Жеңіс жазға салым жоғары оқудың сессиясын тәмәмдап, сырттай оқуға ауысып, ауылға келіп шаруаға жегіліп, ата-анасының маңынан айналып шықпаймын деп уәдесін берді. Жалғыз-ақ сырттай оқуға ауысатын құжатқа қол қойғызуға кірген кезде университет ректоры — жүрген жері ойылып түсердей ірі денелі, кесіп сөйлейтін кісі — үлкен басын шайқады.

— Бұл қазаққа ақыл үйретіп шаршадым, — деп қарадай таусылып сөйледі. — Оқы… жетіл… ғылымға бұрыл… деп қырға қарай сүйресең, жылқының бабы, қымыз ашыту, қора тазалау, көң ою деп ойға қарап мөңірейді. Бұл қазаққа сөз бен ақыл — текке өлген шығын. Елестетіп отырмын: ауылға барасың, үйленесің, бөпелі боласың — арғы жағы мал жайғау, үйлену, сәбидің боқ-сідігіне бату, жатқан кітапты айналып өту ғана!..

— Ағасы, елге барған кезімде баяғыда бақи жалғанға озған атам басыма келіп аян берген еді.

— Ол кісі неғыл деді?

— Иен байлықтың ішінен саумал секілді таңдайыңнан дәмі кетпейтін балшекер бақыт таңдаймын!.. тауға шығам деп сіңірің созылмасын… аттыға ілесем деп таңың айрылмасын… құбатөбел тіршілік кешесің деп батасын берген.

— Кілең көріпкел, балшы, балгерден қалдым бәлеге! Қазақты жөндейтін жалғыз мен бе екем. Басы қисайған жағына құламай тынбайтын қияли шығарсың! — деп жөпелдеме қағазына, бұйрыққа қолын қойып, тезірек құтылғысы келіп саусағын сермелеп, астын үстіне келтіріп сөйлеп шығарып салғаны есінде қалыпты.

Бұл көкең сырттай оқуға ауысып, студент құрбыларына жолашарға деп бір бөшке тобылғы торы сыраны ортасына қойып, шала мас қылып, ақырында жылап қоштасқан.

Шынына үңілсе ғой, баяғы атасы аян бергендей — байыбына барса ғой… Жеңістің былайғы өмірі бие үрпісін созып жаңа сауған жылы саумалға ұқсап бара жатты.

Көрші ауылдың бұратылған бойжеткен әдемісі, қараторының көріктісі, қазақы тәрбиемен өскен Динаға көз салды. Ол қыз-дағы мектеп бітірген соң қартейген ата-анасының маңынан ұзап шыға алмай… орта білімді мамандық беретін кішігірім оқуды місе тұтып… кітапханашы дей ме, клуб дей ме, дүкенші дей ме — әрнәрсенің басын бір шалып жүргенде — бойын сылап, бойжетіп, үріп ауызға салған бауырсақтай ару қыз болып жетіліп үлгеріпті. Жүрген жері ойылып түсетіндей кілең ірі, кілең марқасқа кісілер көрші ауылға ат ойнатып барып, үйіліп түсіп, төрге өтіп, құдалық жайын сөйлесе бастағанда-ақ бойжеткеннің іші қылп етіп сезді. Қыз әкесі сөзге сараң еді.

— Динажаным, ауылдан ұзап шығып оқысам деп жүр еді десе — әлгі ірі кісілер: «Оқытамыз», — дейді еш тоқтамға келмей.

— Динажаным, әлі бойжетіп оң мен солын танып үлгермеген еді десе — әлгі қапсағай жауырынды қазақтар: «Оң-солын танытамыз!.. үйретеміз!..» деп шіренеді ғой шіркіндер.

— Динажаным, әлгі бозбас балаларыңды көріп пе өзі десе — әлгі құдаласуға келген қулар: «Көрсетеміз!.. таныстырамыз!..» деп, араларынан шіби қораздың балапанындай шілбиген арық бозбаланы шығарып — кеу-кеулесіп, ірі турап, семіз сөйлеп өзді-өзін көтермелеп тегі тоқтамайды дейді.

Қуған — жетпейді, бұйырған — кетпейді. Әлгі кеу-кеулескен топ қыз әкесінің келісімін алғасын барып ентігін басыпты. Дина бойжеткен Нұркен аулындағы Көпжасар кәрияның қарашаңырағына келін болып түскенде — қоңыр күздің май тоңғысыз шуақты кеші еді деседі. Мал өрістен құлаған. Кешегі дүркіреп өткен нөсерден көк шөп қайыра дүр ете түскен. Қос айыл мәшине жолдың жиегіне көгеріп шөп шығыпты. Тоқал тамның төбесіндегі шоқ-шоқ алабота, изен желмен ызың-ызың етеді. Шауып алуға болады. Көшенің арғы қапталында кетіп бара жатқан кісі тұра қалып бергі қапталдағы кісімен дауыстап сәлемдесіп, сөйлескен кезде ауылды басына көтереді. Құлынын ілестірген құла бие жем іздеп қораға сабылады. Құдыққа қауға салған көрші келіншектің белі шыбықша майысып солқылдайды. Таңғы ауаның тұнықтығы сонша:

— Па, шіркін! Сарыарқаның таңғы ауасы саумал ішкендей! — деп Көпжасар кәрия рахаттанады, — келінжан, оянсаң — құла байталды сауып ал, сүттен үрпісі жарылғалы қалыпты.

Дина келін жедел тұрып, жылдам киініп, білегіне ақ қалайы шелекті қыстырып ауызғы бөлмеден ытырылып шыққаны сол. Үй алдында төредей болып сидиып тұрған үлкен кісі жөн сілтейді.

— Келінжан, қалайы шелектегі саумал жылдам айниды, жоңыршқаға ай жарығымен жайылған құла байталдың сүті дәрі, адам ағзасындағы ыстықты басады, залалды нәрсені сүргідей сылып түседі, жарықтық.

Дина келін атасының алдын кесіп өтпей кідіріп қалды. Қасының арасы қосылып көз жанары жәудір қағады, бейне, аспан тереңінен мөлт таматын таңғы шық секілді.

— Келінжан, неге кідірдің?

— Қалайы шелек саумалды айнытады дедіңіз.

— Иә, солай, ерінбесең бие сауымына қауақты ал, я болмаса қыш көзе дұрыс болады.

Осы үйде, атасының айтуынша, баяғы қышкер ұсталар саз балшықтан күйдіріп жасаған қыш көзе болатын. Біраздан бері ұстамаған көненің көзі сыртын шаң басып, елеусіз жерде тұрып ішіне әлдене түсіп көнеріп қалыпты. Жылы сумен жуып, түкті орамалмен ысып, күн көзіне шығарған мезетте әлгі ыдыс бүйіріне шуақ ойнап, жайнап шыға келді. Қыш көзе, бейне, иесінің көңіл күйі секілді, жылы алақан тисе — жадырап шыға келеді, кәкір-шүкір салған салақ қолға өтсе — өңін өзгертіп, солғындап ескіре береді.

Дина келіннің құйма құлақ мінезіне, елп етпе ықыласына көңілі толған төр иесі ішінен тәубасын айтып, «шүкір-шүкір» деп, осы өмірге іштей ризашылығын білдірді. Әшейінде өзі түгілі құлынын маңайлаған кісіні тапап кете жаздайтын кіді мінезді құла байтал, неге екенін кім білген, басына салы орамал салып, алдына пүліш алжапқыш байлап, бұрала басып жақындай түскен келіншекке оқырана көз тігіп… тұрды — тұрды-дағы… оқыс иіп қоя бергені. Жатсынбады, үрікпеді, бойын тартпады. Бір аттап, екі аттап сауырын төсеп көлденеңдеді. Желіде тыпыршып бір орнында тұрмаған құлынына оқырана үн қатып — сабыр тіледі, жас келінге үйірсектеді. О, құданың құдіреті!

Осы көрініске сырттай көз салып тұрған Жеңіс айтуы жоқ мейірленді, тұла бойын мият көңіл дендеді.

Жеңістің былайғы өмірі шындығында саумалға келеді.

Жас келіннің үйге кірген-шыққаны білінбейді. Көңілі, бейне, жаймашуақ сәуірдің бозала таңындай тегі. Аласы кем, ақкөңіл. Қабағына көлеңке кірбің түспейді, дидары жарқырап, жылы жүзбен сәлемдеседі, әппақ тісі қаланып риясыз сыңғырлай күледі. Қабақ шытуды білмейді. Қиындыққа сәмбі талдай майысып кетпейді, қуанышқа көктемгі өзендей арнасынан асып төгілмейді. Атасының үйретуімен ерте тұрып, құла биенің иінін сыйпап, күре тамырын иітіп, сауынға әзірлейді. Қыш көзенің сүтін сарқып, жылы сумен жуып күнге кептіреді. Мезгілі жеткен кезде ішінде ылғалы жоқ көзені алдына ұстап сүтті байталдың сауырына еңкейе тақап бір тізерлейді. Саусақ арасынан әппақ сүт дыз етеді. Ұлпа саусақ тиер-тиместе құла байтал иіп қоя береді. Қыш көзе лезде шүпілдеп шыға келеді.

Шаруасына асыққан Жеңіске шара шүпілдеген ақты ұсынады.

— Саумал ішіңіз, ішіңіздің ыстығы қайтады, — дейді Дина әзіл-шыны аралас үнмен.

— Ішім түгілі сыртымдағы ыстығымды түгестім, — дейді Жеңіс келіншегінің әзіліне әзілмен тіл қатып. — Кейінгі кезде кеңседе ұзақ тізе бүгіп отыра алмайтын болдым. Аяғыма жел бітіп жүгірем де жүремін.

Динаның бетіндегі сүт шұқыры ойылып сықылықтап кеп күледі.

— Есепші қызға көп сұқтанбасын деп әдейі саумал ішкізіп жібергем.

— Бесті қымызды түсімізде көретін шығармыз. Саумалың сүргі секілді.

— Бесті қымыз төр иесіне лайық, әзірге бестіге еңбегің сіңген жоқ, — дейді келіншегі. Сүт шұқыры ойыла түседі. Ұмтылып барып сүйіп алғысы келеді, өңмеңдей түсуге сырттағы үлкен кісілерден именеді. Ұяты тұсайды.

Иілген жақ секілді күншығыста көлденең түсіп жатқан Боқтықара тауының таңғы самалы үрпіден жаңа сауылған саумал секілді. Уыздай тәтті, ірімшіктей нәрлі. Жұтқан сайын құнығып жұта бергің келеді. Кенеуің ашылып, тереңге үңілген үкіше жанарың шырадай жанады, жаның жәй табады. Ақын айтқан: «Есіңде бар ма жас күнің, Көкірегің толық, басың бос, Қайғысыз, ойсыз мас күнің — Кімді көрсең, бәрі дос» деген саумалдай тәтті күндер зырлап өтіп жатты. Жылқышының үйі, одан қалды — шүйкедей ауыл әкімі Жеңістің отауы келімді-кетімді қонақтан босамайды. «Динаның күліп отырып ұсынған шайын ішсем жаным жадырайды», — деп дос-жаран бұрылады. «Келіннің қылау түспеген дастарқанынан дәм тату бір ғанибет», — деп сирағы сықырлап көршілер бас сұғады. «Динаның бал қымызы мен шекер салғандай саумалы қырық жылғы кеселімді қозғады, саусағының өрісі, қолының киесі бар қарағымның», — деп, көрші ауылдың әңгімешіл кәриясы апта сайын көлігін желгізіп, төбе көрсетіп жетіп кеп тұрады.

Осыны ойлаған Жеңіс жеңсік асындай көрінген саумалға ынтыға түседі; жастықтың өзі — сұлулық; көрікті, көркем, нұр дидарлы зайыбының қолынан шара шүпілдеген саумалды алған сайын: ой-хо-ой, дүние, мына дәулетті көтеріп жүре алар ма екем!.. деп ішінен тәубаға келуші еді.

Келе-келе құла биенің балдай тәтті саумалы жаңадан шаңырақ көтерген отбасының ұйтқысына айналды, іңгәлаған ащы үнімен өзіне тиесілі ырзық-несібесін сұрап жарық дүниеге сәби келді. Көпжасар кәрия: «Енді өле кетсем арманым жоқ, төр иесі келді», — деп біраз жылдар бойын босатпай жер тартқызып жүрген кәрі кеселдің бұғалығын үзгендей шіреніп тұрып, шырт түкіріп, есік алдына шыққан кезі еді дейді.

— Қайдасың келін, саумалыңнан жұтқызшы, — деп дауыстағаны құлағында қалыпты. Кәрия көп кідірмей отауына еніпті.

Біраздан бері төсек тартып, тамағынан ас өтпей, сарыжамбас болып жатқан атасының айқайын есітіп Дина егіліп жылап жібереді. Етегіне сүрініп жүгіріп жүріп, қыш көзені өңгеріп:

— Атама жаңа сауған саумал жұтқызам, — деп жас биенің сауырына бүгіліпті.

Ықыласын салып үрпіні созыпты. Сыздықтаған сүтті тәбәрік астай ұзақ сүзіп, көп шайқап, көлеңкеге ұстап бабына келтіріпті. Үлкен үйге қайыра еніп, төсегіне құлай кеткен, кесел меңдеген кәрияның басын қолымен көтеріп, еңсесін биіктетіп, бал саумалдан бірер жұтқызыпты дейді. Үлкен кісінің шекесінен шып-шып тер моншақтап, бойы былбырап, кел-қайт, кел-қайт кепке түсіп ұзақ сонар ұйқыға шомады. Дерт азабы алақанмен сыпырғандай жеңілдейді. Әлгіде ғана алақанның аумағындай кепке түсіп қушиған дүние саумал әсерінен кеңейіп жүре бергені. Үлкен кісі кәделі сусынға мейірі қанып, елжіреп, жанарын жұмған күйі бой жасап жатып бақи жалғанға озады. Марқұм әкенің мамыражай жүзінен сол мезетте кеңдікті, кемелдіктің жазуын оқыдым дейді Жеңіс кейінше.

Төр иесінің қырқын берген күні… кешқұрым… Қарқаралы қыратының кемеш аңғарына орын тепкен аудан орталығында дүрбелең басталды. Әуелі аудан әкімінің орынбасары телефон шалды. Несін айтасың, Астанадан үлкен кісінің шежіреші, көсемсөзші, құйма құлақ, дуалы ауыз кеңесшісі осылай қарай ат басын бұрыпты. Облыс әкіміне қайрылмапты. Іңір үйіріліп, қас қарая мәшинесін теңселтіп аудан әкімінің өзі жетті. «Несін айтасың, үлкен кісінің кеңесшісі аудан орталығына, әкімдіктің өзен жағасына тіккізген сегіз қанат ақ отауына тоқтамайды екен… бетін осы ауылға туралапты» — дейді әкім. «Жын қуғандай бұл не шапқын?» — деп Жеңіс мән-жайын сұраған еді. Аудан әкімі безектеп бармағын тістеді. «Саяси сауатыңды көтер деп қанша қақсаймын! Үлкен кісінің кеңесшісіне жын қуғандай деген сөзің құлағына тиді бар ғой, көжемізді тауып іше алмай қаңғып кетеміз! Тырс етпе, үндеме. Екпіні дүлей кеңесшінің құдай қосқан қосағы көптен сырқат көрінеді, соған саумалдың бабын білетін кісіні іздеп байтақ жұртқа сұрау салыпты… арқадағы аудан әкімдерін сүзіп шығып… біреуінің саумалы тықыр, келесінің жеген шөбі майлы… ақырында Дина жеңгеміздің саумалы қиын кеселді қиып түседі деп осылай бұрылыпты. Демің ішіңде болсын, құдай қаласа ырзық-несібе осы ауылға бұйырғалы тұр», — деп аудан әкімі мән-жайды түсіндіріп төгілдірді.

— Жөн-жөн, Дина саумал суытып, қымыз ашытуды біледі. Кейінгі кезде мектепте бала оқытуды қойып, саумал баптауға шеберленді. Бесті қымыздың жеті түрін, түнемелінің үш түрін, кеселді қиятын саумалдың екі жобасын жасағалы бұл ауылға сусын ішеміз деп бұрылатын өкілдің қарасы көбейді. Есігімнің алды жол боп бітті! — деп Жеңіс кеңк-кеңк күледі.

Сол екі арада облыс әкімі ұялы телефонға шығып аудан әкімімен екі мәрте тілдесті.

«Қандай үйге түсіресің!.. Ит-құс жоламайтын болсын, үйді ауыл сыртындағы көгалға тіккіз, жеңгеміздің бапты саумалын бөтен жан баласына ішкізбей күндіз-түні қарауылдайтын бол! Сағат сайын мән-жайды мағлұм қылып өзіме телефон шаласың».

«Құп болады!»

Құп боладымен күнді еңкейтіп, облысқа есеп беріп, даусы қарлығып айналып қараймын дегенше болған жоқ… апақ-сапақта, бұрын-соңды бұлар көрмеген су жаңа шетелдік қос жүйрік үй іргесіне келіп шиық тоқтайды. Ойпырмайдың ызғары-ай! Әуелгі жүйрікте күзетші, тілмәш, жолбасшы — сымға тартқан сыптығыр жігіттер сау етіп түсіп — апаш-құпаш келесі мәшинені қоршап алды. Аудан әкімі алдынан шығып құлдыраңдап сәлемдесті, әдейілеп тіккен сегіз қанат ақбоз үйге алып жүрді.

Кісіні тауға шыққандай дардай ететін де, көрер көзге пұшайман ғып — кішірейтетін де орта білем. Маңайына осынша нөкер ертіп, жұртты дүрліктіріп, шүйкедей ауылды үрпитіп, түңлігін желп-желп еткізген — жоғарыда, мәртебелі билік басқышында отырған үлкен кісінің кеңесшісі емес екен… кейінше барып білді… жүгерінің сүт толы әппақ собығындай сұлу келіншекті ақбоз үйге енгізіп, тізе бүгіп, мән-жай сұрасқанда барып — өрекпіген көңілі сабасына түсті. Кәдуілгі кісіше тілдесті.

— Ағасы, — деді жүгерінің сүт толған әппақ собығындай сымбатты келіншек күлімсірей тіл қатып, — үркетін, дүрлігетін — жер төңкеріліп бара жатқан жоқ, қолы алтын, мінезі мәйін, саумалдың жеті атасын баптай білетін жеңгеймен таныстырыңыз, ол кісі туралы жақсы сөзді көп естідім, ағасы!

Қазақша майын тамызып сөйлеген астаналық арудың сыбызғы шалғандай сазды лепесі жан әлеміне жұпар желін үрлегендей айтып болмас әсерге бөледі. Жеңістің жанарына мөлт тамшы тірелді. Дереу үйден шығып, аяғы аяғына жұқпай дедек қағып, желі маңында жүрген Динаға келді… «құдай беріп қалды!.. Өңі жылы қазақ қызы екен… Бапты саумалыңды құйып әкеліп қонақкәде салтын жаса!.. Бол енді!..» деп дегбірі қалмай екі үйдің арасында қалбалақтап құстай ұшады. Қуанғаны қайсы, қорыққаны қайсы — әйелі біле алмай дал болады.

Біраздасын ақбоз үйге сексеуіл шоғын салған сары самаурын енгізіп, көлдей дастарқан жайылды. Күбіде пісіп алған сары май, сары бауырсақ, шикіл бал көз жауын алады. Ас та төк дастарқан мәзірі, хош иісті ірімшік, сірне, шарада шүпілдеген бал қымыз жанап кеткен кісіні есеңгіретеді. Әсіресе Динаның кірсіз таза ыдысы, қауырсындай жеңіл қимыл-қозғалысы, көбігі шытырлап күшін жасырған қымызы — өзге бір әлемнің есігін ашып жібергендей келген мейманды ерекше әсерге бөледі, есінен танғандай етті. Кешкі шай ішіліп болған соң астаналық ару келіншек маңайында ызғысып жүрген атарман, аларман, шабарман, күзетші жігіттерге: «Есігіне құлып салмайтын қазақтың ортасына келдік қой, өзімді жау алмас, Жеңіс аға мен Дина жеңгейге табыстап қайта беріңдер», — деп пәрмен жасады.

Қас-қабағын аңдып, құрдай жорғалап, аяққа оратылып, мазасын алған жігіттерді облысқа, одан әрі орталыққа «боссыңдар» деп қайырып жіберді. Шүйкедей ауыл кешкі дүрмектен сап-сап тиылып тынши қалды. Құйрығын бұтына қысып қыр асып кеткен иттер қайтып оралды, желке жүнін күжірейтті. Арқабасы кеңіп қалған үй иесі — Жеңіс мәртебелі мейманына кесе жағалатып жатып жүзіне тіктеп назар салды. Жүгері собығындай келіншек үй иесінің сауалын көзінен оқыды.

— Қаның қоюлаған дейді. Бармаған жерім, қаралмаған дәрігерім қалмады. Карловы бар, Гималай монағы, Түрк шипажайын түгел араладым. Жүрек басым қағып, шекем сығып жатып қалам. Саудың тамағын ішіп, аурудың жағдайын жасады дейді ме мұндайда, мәнісім жоқ, бойым дел-сал болып жер тартады да тұрады.

Келіншектің жүзіне лып етіп майда толқын жүгірді, жұмсақ үнінен ұлы уәйім сезілді. Күңгірт кеште, көлдей дастарқан жиегінде шүйіркелесіп қоңыр кеңес құрған бұлар — сырттай қараған көзге, бейне, пәтуаға жиылып мақұлдасқан машайық кісілерді елестетті. Қыр астынан жылқы кісінеді. Осы күннен бастап қымызшы Дина алыстан бір көруге зар болып ем-дом алуға келіп жеткен жас келіншекті оңашалап емдеуге кірісті.

Бозға жайылып, бұлақтан су ішкен бие сүті таңға жуық қоюлайды деп, бозторғай шырылдаған мезетте ерте тұрып сауып алады. Қыш көзеге сауады. Үрпінің көпіршігі жоғалғанша шымдақ жерге қойып, бетін орамалмен жауып, бір ауқым тыныстатып, балшекер сүтті таңастырады. Таңасып, тыныс алып болды-ау деген мезетте таза жуылған ыдысқа қотарады. Ыдысы я өрік талынан қиған кеспек, я ақ қайыңнан ойып жасаған күбі болғаны мақұл.

Сауын биесінің мінезін саусағымен танитын Дина мизам түсе мазасызданып, көңіл күйі құбылып, бүгін ашық аспандай шырайланып тұрса, ертесіне — қабағы салыңқы алабұлттанған күз күніндей — алаңдап шыға келеді. Мазасызданатын жөні бар. Бапты қымыз ең әуелі кісіден орнықты мінез тілейді. Жақсы қымыз жасаудың он үш түрлі әдісі болса, сол балшырын күшті қымызды ұзақ мезгіл сақтаудың жолы екі-ақ түрлі. Бірі: қырдың толысып піскен бидайығына жайылған биені ай жарығымен сауып, сүтті аузы тығыз жабылатын құрғақ ыдысқа құйып, әлгіні қоңырсалқын сөреге жатқызып, үстін жауып тастау. Екінші: қыш көзеге құйып, суытып, ашытқы салған соң ауа кірместей етіп аузын балауыздап, қоңырсалқын қоймаға жіппен іліп қою. Балшырын жуас қымыз суыққа — үсіп тоңады; жылыға — жінігіп айниды. Динаның дәп әлгідей әдіспен сақтаған қыркүйек қымызы келесі наурызға дәмін бермей жетеді. Алты ай құмырада сақталған асыл сусынды — сері қымыз, я сұлу сүйісі деп атайды.

Мұндағы ең қиыны — ыдыс қамдау. Көбіне ауыз жағы жіңішке, балауыздауға жеңіл, бүйірлі, қалың қыш көзе таңдайтын. Баяғыда әжелері балшырын қымызды — құнан байталдың сауыр терісін илеп, ақ қағаздай етіп шелін алып, әрлеп тіккен торсықта сақтаған. Бұл күнде торсық тігетін әже жоқ. Дина аузы тар, сыйымдылығы мол қыш көзені арнайы тапсырыспен Отырардың құмырашы ұстасына жасатады. Саусақ табы түскен, бүйіріне қазтабан, қошқармүйіз ою салған, Сырдың сазын сексеуіл шоғына күйдіріп пісірген қыш көзе әрі жеңіл, әрі көркем, шертіп қана — ішіндегі сусынның сыңғыр дыбысынан мінез қалпын айырады. Қымыздың қаншалықты ашып жетілгенін құмыраны шертіп байқайды.

Кез келген саумал ұзақ сақталмайды. Қырдың піскен бидайығына жайылған биенің сүті ғана балшырын, бапты, сері қымызға лайық. Көбіне толып туған ай жарығымен сауылғаны жөн. Сауын биесі шаңқан түсте иісініп терлейді, шыбындайды, мазасыз болады; содан бапкер қымызшы сері қымыз әзірлейтін саумалға тер иісі өтеді деп күндіз сауғызбайды. Аңылжыған алаңсыз, сүт сәулелі толып туар ай жарығын күтеді.

Апта өте Астанадан арнайы келіп ақбоз үйде саумал ішіп, емделіп жатқан келіншектің жүзіне қан жүгірді. Динаның алдынан көңілденіп шықты.

«Іш сарайым шыныдай сыңғырлап тазарды», — деді жымия күліп. Расында-ау, алғаш көргенде көп жуылған шүберектей реңсіз еді, енді екі бетіне уыз қаймақтай әдемі толқын жүгіріпті. Келесі аптаның аяғында саумал алып кірген Динаның алдынан шығып «апатай» деп құшақтай алды. Күлкісі сыңғыр, сылдыр етеді.

«Жақсы түс көрдім, жеңеше! Саумалыңыз жақты білем, бойым жеңіл, ойым орнында, әсіресе ұшатын құсқа ұқсап қолымды қанатша серпіп тұр екем түсімде».

«Жазыласың, жарығым! Өзгенің саумалы ішінен тұнып тұнжырап тұрады, ал, байқаған боларсың өзімнің саумалым көпіршіп, беті күліп тұрады, жарығым».

«Саумалдың беті көпіршіп күліп тұрады дегеніңізді түсінбедім».

«Саумалдың сиқыры — сауынында, сауынды я кеш қалмай, я ерте бастамай, үрпіге тақаған тұста сауып ала қоямын. Ыдысым құрғақ келеді. Ылғал тигізбеймін. Қыш ыдысқа, я ысталған қауаққа сауамын. Ең ғанибеті — саумалды бір ыдыстан келесі ыдысқа қотарып мазалай бермеген жөн. Ақ жарықтық сылап-сыйпаған сыпайы саусақ пен іңкәр ықыласты сезінеді».

«Неткен сиқыр саусақ бапкерлік», — деп астаналық келіншек таңғалғанын жасыра алмайды.

Әйгілі емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабында саумалды ақтың төресі — деп төрге шығарады, шипалық қасиеті қырыққа жуық кеселді қияды; әсіресе асқазан, қырыққатпаршақ, өт, бауыр, тоқ ішек қабынуын көзін тауып емдесе — сүргі салғандай, алақанмен сыпырғандай қылады; қан кеселіне тосқауыл, «Қанның сүзгісі» деп жазады.

Саумал сүзгісінің әсері астаналық әйелдің көк бауырынан анық байқалды: екі аптаның ішінде қаны сұйылып, гемоглобині артып, Роэ-сі түсіп, билерубині қалпына келді. Солғын тартқан көз жанарының оты жанып, жүзіне қан жүгірді. Ертеден қара кешке шүйкедей ауылдың шаш етек шаруасына жегіліп, алашапқыннан аты-жөнін ұмытуға айналған Жеңісті жұма күні шақырып алған аудан әкімі ақылдың аулына ат шалдырып сөз бастады:

— Біз білмейді екенбіз, алақанға салып аялайтын адам Дина жеңгей екен, «жұмыс көп… жұмыс көп…» деп шапқылаумен жөн сөзді ұмытып қалыппыз… Саумалы дәру, саусағы алтын емшіге қараламыз деп атағын естіген біраз лауазымды кісілер күні ертең осы ауылға ағылатын түрі бар.

— Қашамыз ба, қайтеміз! Қосақ арасында әйелімнен айрылып жер сыйпалап қалмайын…

— Осы сенің есің дұрыс емес шығар.

— Е, неге, өзің емес пе лауазымды кісілер ағылады деген.

— Дина жеңгейді іздейтін кісі табылса — қайта қуан! Сауын биелерін көбейтеміз. Ат қора, шөп қорасын көтереміз. Саумал санаторийін саламыз ана қасқа бұлақтың жағасына қасқайтып! Үкімет қолдап қаржы босатса бар ғой — бірер айда Нұркен ауылы жұмаққа айналады!

— Қайдам…

— Қайдамды қой да ұйқыны азайт. Сауын биелерінің басына бас қос! Саумал шипажайының қаржылық қағазын толтыр Бас Бухпен тізелесіп отырып. Мұндайда аяқты емес, басты іске қосыңдар!

«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет» деген осы. Шүйкедей ауылда тұсаулы аттай митыңдап пәлен жыл күнкөріс қамымен өткізіп едік, арғымақ аттай аршындайтын уақыт жетті», — дейді мына бастық. Бақ — бейнетқордың басына қонады. Ырзық-несібе — әйелдің дастарқанына толады. Қорасына бес-алты ірі қара бітіп, есігінің алдына кеудесі сырылдаған «Москвич» кідіріп, күпініп жүргендер — ертең опынып; мына торғай шырылымен оянып, бие сауып, саумал суытқан бал саусақ Динаның; қабырғасы сөгіліп бейнет кешіп жүрген Жеңістің қолын алуға бірі қалмай жапатармағай ұмтылады. Әлі-ақ иығы биіктеген Жеңіс, Дина сабаздарың — Нұркендей, Тоқтардай батыр өсірген, алды кең, ілгергі тілеулі, кеңқолтық, қайырымды, басқан ізіне шөп шығатын шапағатты жандар болып елестейді!.. Әлі-ақ бұл ауылға Қызыр Ілияс қайырылады!

Сәулелі ой кейіпкеріміздің дидарын сәуірдің ақ таңындай нұрландырып, көз оты жанып, аспан астындағы бақытты адам етіп елестетті.

Па шіркін! Саумал жуасытып, сыр ақтарысып, тас боп қалған жүректі жібітіп, шүйіркелесіп өткенге не жетсін. Айтты-айтпады, сондай да сондай заман болған, оқырманым!



Дереккөз: Bilim All