«Сәлем — сөздің анасы» шығарма туралы қазақша

0

Сәлеміне қарай — адамы, әдеп-мәдениеті. Қазақ халқының «Сәлем — сөздің анасы» демекші Алланың 99 аты болса, соның бірі — Әс-салам /тыныштық, бейбітшілік/ деген мағынаны білдіреді. Расында да, әлдекім, не болмаса сіз өзіңіз біреудің сәлеміне мән бермей, байқамай қапы жіберіп алсаңыз қандай күйде боласыз? Бұндай жәйт көбіне-көп нәзік жанды адамдарға, ақындардың жүйкесіне үлкен жүк.

Сәлемнің түрлі дыбыстық айтылуы бар. «Қал қалай?», «Қалыңыз калай?», «Деніңіз сау ма?», «Ішек-қарның сау ма?» /Мысқыл дауыс/. Әдеп өлшеміне жақындатсақ, бұлардың қай-қайсысының да құйылатын өзені — сәлем. Сәлемдеменің кекесін мағынасы: «кедей мен кедейдің арасында дорба жүреді, бай мен байдың арасында доллар жүреді…» Қашан, қай заманда сәлем, сәлем-сауқат, сәлемдеме сайқымазаққа айналған?!

Сәлем-сауқат қолданысында кішігірім ағаттық біздің теле-радио журналистерінде кездесіп қалады. Кейде, хабар аяқталғаннан кейін олар тыңдарман-көрермендерге қаратып: «сау-саламатта болыңыздар» деп жатады. Қазақша ұғымға жақынырағы, біздіңше: «аман-сау болыңыздар» немесе «келесі кездескенше», «келесі көріскенше», «көріскенше күн жақсы болсын», «бақуатты» /бай, қуатты/ болайық қой.

Таныстық неден басталады? Жылы жымиыстан, сәлемнен. Сәлемнің де сәлемі бар: ұлттық-халықтық салт-дәстүрден туындайтын сәлем. Яғни, қол беріп сәлемдесу. Тізе бүгіп, иіліп сәлемдесу; орыннан түрегеліп, аттан, көліктен түсіп сәлемдесу; жеке, арнайы сәлем; жалпыға ортақ сәлем; ресми сәлем /әнұран айтылғанда, құрметті қонақтарды қарсы алғанда/; мектепте, аудиторияда…

Жапондар таныстарын көргенде қолын алдымен беліне, содан кейін иіліп тізесіне шейін апарып сәлемдесетін көрінеді. Еңкейгенде екі көзін алдындағы адамнан айырмайды. Тибеттіктер бір-бірімен амандасқанда оң қолымен бас киімін алып, сол қолын құлағының сыртына шығарады. Американдықтар бір-бірінің иығынан қағып амандасады. Ертедегі мысырлықтар «қалайсыз, терлейсіз бе?» деп сұраған.

Біздің казақ келіндері бұрынғы заманда ата-енелеріне ертеңгісін де иіліп сәлем беріп, дәрет суын жылытып, аяқ киімдерді киюге ыңғайлап, асатаяқты босағаға сүйеп қойған.  Сәлемнің бір қайырлысы — хат-хабар, амандық хабар. Алыстағы ағайын-туыс, құда-жегжаттың, оқып жатқан балаларының амандық-саулығын шыбын жаны шырқырап, біреулер телефонмен айқайлап сұрап жатады. Қолы бірдемеге жеткен енді біреулер ағайын-туыстарына, қартайған әке-шешелеріне хат та жазбайды. Сәлем-сауқаттың келесі бір қайырлысы — өкпе, наз. Қайсыбір ағайындар болмашы нәрсеге бола торсаңдап, бір-бірін өмір бойы көрмей кетеді де, өлім-жітімде ғана «жақсымыз еді», «жайсаңымыз еді», «асылымыз, алтынымыз еді», «арысымыз еді» деп жылап жатады. Бұны қалай түсінеміз?

Сәлем-сауқат сұрасудың тарихынан не білеміз?

Қол беріп сәлемдесу XVI ғасырда ағылшындардан басталған деген жорамал бар. Енді бір әдебиеттерде сәлем-сауқат сұрасу жайын адам баласының ес біліп, етек жиған замандарға апарып тірейді. Яғни, жол үстінде, орман-тоғай ішінде қарсы кездесіп қалған екі адамның біреуі қолын көтеріп, анаған алақанын көрсе-теді. Бұл «міне, қолымда қару-жарақ жоқ, қорықпа» де-ген белгі көрінеді. Сәлем-сауқатқа қарап та әр халықтың әдеп-мәдениетін, дүниеге көзқарасын тану қиын емес.

Сәлемдесе білесіз бе?

Мұсылман елдерінде ер адам әйел адаммен қол алысып сәлемдеспейді. Бізде ше? Әйелдер мен ерлердің қол алысып амандасуы Солтүстік Америка мен Шығыс Азияның кейбір аймақтарында да көп кездеспейді. Бірсыпыра батыс елдерінде адамдар алғаш кездескенде бір-біріне оң қолдарын ұсынады.

Арктика тұрғындары — эскимостар бір-бірімен кездескенде мұрындарын үйкелейтін көрінеді. Намасте — үнді елінде амандық-саулық сұрасудың көп тараған түрі. Онда кездесіп қалған адамдар алақандарын алақандарына тигізіп, одан кейін қолдарын кеуде тұсына апарады. Бұл ішкі емеурінді білдіретін дәстүрлі сәлем. Кейбір ел, кейбір халық әрқалай түсінетін қол алысудың «кілт» деп аталатын да түрі бар. Батыстықтар үшін бұл — шынайылықтың белгісі. Ал, Азияның кейбір елдері үшін ол — агрессия…

Қоштасудың басқаша айтылуы, екібастан — «ал, жақсы». Сол «ал, жақсыны» соңғы кезде сүйісу алмастырып жүр. Көбіне-көп қыздар «ал, жақсы» ауыздарынан шығар-шықпастан былш-былш сүйісе бастайды. Ер адамдар әйелдердің қолының сыртынан, бетінен сүйеді. Адамдар қарым-қатынасының жақыңдығын, сыйластығын білдіретін мұндай әдет, әлбетте, бұрыннан бар. Соңғы кезде «ауада сүйісу» деген сәлемнің тағы бір түрі пайда болды. Бұл, негізінен, әзіл-қалжыңдары жарасқан құрбы-достар арасындағы «свежий» сәлем.

#Сәлем #сөздің #анасы #шығарма

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз