Тәуелсіздік туралы шағын шығарма | туралы қазақша

0
46

Арман — алыста жүрген, биікте самғаған ақ құс. Арман — алыстан көрініп шапағат шашар таң арайы. Армансыз адам да, қоғам да болмайды. Әркім — ақ әр нәрсені арман қылады, соған жетсем дейді. Біздің арғы жердегі ата — бабаларымыз, бергі жердегі алдыңғы толқын ағаларымыз өз еріктілігін, ел тәуелсіздігін арман етті. Одан артық алыстан арбайтын арман, биік мансап, биік мұрат болмақ емес деп білді.

Бірақ тәуелсіздік оңайлықпен қолға қона қалатын ақ құс емес, аптасына күн қоймайтын нұрлы таң емес. Көріп отырсыздар, Шешен халқы сол тәуелсіздікті қала, даласын қиратып, ел-жұртын қанға бөктіріп, бала- шағасын қырып ала алмай жатыр. Қазақ халқы да сол арман — ақ құсын қолға қондыру үшін, сол арайлы ақ таңын атыру үшін ғасырлап күресті, әрқилы кесір-кесапатпен, жаулық-жауыздықпен тіресті. Ақыры 1986 жылы тағы да қан төгіп тәуелсіздік тізгінін қолға алуға негіз салды. 1991 жылы өзін егеменді ел деп жариялады. Ендігі ұлы міндет — осы тәуелсіздіктен қайта айырылып қалмау қоғам мүшелерінің тәуелсіз өмір сүруін қамтамасыз ету, демократиялық мемлекет құрып,өркениетті елдер қатарына қосылу.

Қазақ «үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Сол сияқты егеменді елміз, басқамен тереземіз тең тәуелсіз мемлекетпіз деп жариялау оңай, егемендік пен тәуелсіздікті сақтап қалу қиын. Бұл әркімге де «тар жол, тайғақ кешулі» күресті, қоғамның әр мүшесі қосар зор үлесі, ұланғайыр жасампаз еңбекті, қиындыққа қыңқ етпес төзімді, жалыны басылмас патриоттық сезімді қажет етеді.

Әсіресе, табаны берік, тұғыры биік мемлекет деңгейіне көтеру өркениетті елдермен иық тірестіру дәрежесіне жету мүлде қиын. Бұл үшін зор рухани байлық, асқақ рух керек. Бұл шалқар материалдық байлықты, әрі асқақ руханилықты ерекше қажет етеді. Шынын ашық айту керек, әлгідей өркениеттілік ең алдымен рухани байлыққа негізделеді. Сезімі биік, рухы берік ел ғана әлгідей ұлы мұратқа жете алады.

Қазақстан Республикасы әлем аренасына шықты. Анау-мынауды көрмес күштілердің көзіне түсті. Ғасырлап еркін дамып кеткен елдерді де өзімен есептесетін етті. Бұған тәуелсіздік алып, егеменді ел болғандығының арқасында жетті. Бұл — Республика халқына зор мақтаныш, теңдесі жоқ қуаныш. Елдің ендегі есіл-дерті, асыл міндеті — сол тәуелсіздікке ие бола білу, одан айырылып қалмау. Құдайға шүкір, алғашқы он жылда небір кедергі, кесапаттар кездессе де, сыр бермей сыннан өттік. Қырық қабат қиындықтарға қайыспай, едәуір табыстарға жеттік. Енді осыны баянды етіп, тәуелсіздік туын тік ұстап, мемлекетімізді күнненкүнге нығайта түсудің шарттары қайсы? Мұның басты шарттарының бірі — қоғам мүшелері үлкен-кіші, жас-кәрісі — баршаның рухын биіктете беру Халық рухының асқақтығы — алдырмас қамал, тәуелсіздіктің тапжылмас тас тұғыры. Асқақ рухты жүрт қана арлы келеді, намысқа шабады, тәуелсіздігіне ие бола алады, елін, жерін, мәдени, рухани байлықтарын қорғай алады.

#Тәуелсіздік #туралы #шағын #шығарма

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз