Реферат: Әдебиет | Абайдың М.Ю.Лермонтов өлеңдерін аудару шеберлігі
шеберлігі
Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы – орыстың ақыны М. Ю. Лермонтовтың “ Бородино “ атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы – Лермонтовтың “Вадим “ атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, қысқартып жазған поэма.
Абай 70- 80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, ол кездегі орыстың алдыңғы қатардағы идеясымен жақсы танысып, Сарыарқадан оларға үн қосушы біріншіақын да – Абай. Орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әр түрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келеді. Бұл – бір. Екінші, Пушкин, Лермонтовтың шын мәніндегі өнер иелері екендігін Абай жақсы ұғынды. Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, ол жоғарғы ақындардың кез келген өлеңдерін аудара бермеген. Таңдап, талғап аударған. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой – философия, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Абайдың Пушкин, Лермонтов, Крылов тәрізді орыстың ұлы классиктерін аударуы кездейсоқ емес, заңды, жоғарғы айтылған екі түрлі күрделі себептерге негізделген деуге болады.
Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен, қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты.2.97б. Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, сұқтанар сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын алып берді. Оларды қазаққа өз ақындарындай сүйгізді. Абайдан бергі, әдебиетті сүйетін қазақтардан, хат білсін, білмесін “ Татьянаның хаты “, “ Қанжар “, “Жалғыз жалау жалтылдап…” өлеңдерін білмейтін қазақ аз шығар. Сөйтіп, Абайдың аудармалары алдағы халықтың мәдениеті, үлкен идея ұлы ақындар мен қазақ халқының жұртшылығы аралығындағы дәнекер болды. Абай оларды тек қана досы көріп қойған жоқ, әрі өзінің ұстазы тұтты…
Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі – дәл аударма, екіншісі – ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлең буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі – тониктік не силлабо-тониктік өлең құрылысына жатады да, қазақтікі – силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазазқша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұқсастарын, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады:
Қазақшасы:
“ Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап,
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы…
Сабыр қылсаң азырақ…”
Орысшасы:
“ Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы;
Подожди немного –
Отдохнешь и ты…”3.11стр.
Осы өлеңнің, әсіресе, соңғы төрт жолын алсақ, орысшасына дәлме-дәл. Әрине, алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Бір тілден екінші тілге аударғанда сөз орнын ауыстыру, бір сөздің орнына басқа синонимдер алу – аударманың жалпы заңы. Оның бұдан басқа да бірнеше аудармалары: “ Жалғыз жалау жалтылдап…”, “ Қонады бір күн жас бұлт…” т.б. жоғарғы келтірген мысалдар тәрізді дәлме-дәл аудармалар. Абайдың дәл аудармаларының және бір түрі деп: “ Оннегиннің сипаты “, “Қанжар”, “ Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз… “, “Теректің сыйы “, “ Дұға “, “ Өзіңе сенбе, жас ойшыл…”, “ Еврей күйі “ атты өлеңдерін айтуға болады. Мұнда өлеңнің буын ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің буын ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің буындарының аз көбіне қарамай, бәрін де қазақтың 11 буынды, қара өлең ұйқастарымен аударады. Лермонтовтан аударғандарының түпнұсқалары шалыс ұйқас, Абай көпшілігінде қара өлең ұйқастарымен аударады. “ Қанжар”, “ Дұға”, “ Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз…”, “ Теректің сыйы “, “ Өзіңе сенбе, жас ойшыл…”, “ Еврей күйі” – бәрі де буын сандарын сақтамағанымен, мазмұнын, образдарын бұлжытпай дәл беру әдісімен аударылған. Кейбіреулерінде шумақ, не бірнеше жолдарын Абай аудармай кететіні рас. Бірақ ол — өз алдына мәселе. Менің бұл жердегі айтпағым – ақынның неге аудармағаны емес, аударған жерлерін, өлеңдерін қалай аударғаны.
Екінші түрі – ерікті аударма. Бұған жататындар: “ Онегиннің Татьянаға жазған хаттары “, қара сөзбен өлең еткен “ Вадим “ поэмасы. Бұлардың негізі ғана орысша. Абай олардың жалпы мазмұнын өз сөзі, өз ұғынуынша әдемілеп айтып береді. Солардың үлгісін ғана алып, өзінше жазады.
Бірақ, жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді.
Абай аудармаларын өзара екіге бөліп қарастырғанда бірінші түрі қазақ әдебиет тарихында ең үлгілі, ең сапалы аудармалар болып саналады. Өйткені, Абай – бір тілден екінші тілге аударылғанда сақталынуға керекті шарттардың негізін дұрыс ұсынған ақын. Сондықтан да ол өлеңінің мазмұны, түріне қарап әр түрлі әдіс қолданады. Орыс тілдегі өлеңдердің дәлме-дәл аударуға келетіндері болса, қазақ өлең құрылысынан оған дәл не жақын келетін түрлерді іздеп, “бұлжытпай” дәл беруге тырысады. Олай болмаса, мазмұнымен қолданған образдарын дәл етіп береді. Бұл – аудару жұмысының жалпы заңы. Бір тілден екінші тілге аударғанда қолданылатын ежелгі әдістің бірі. Сонымен қатар, Абай аудармаларының бір үздік ерекшелігі – қандай аудармашы болмасын, өз тіліндегі көркемдік, құндылығын, құлаққа қонымды, көңілге жағымдылығын, қазақшаға аударғанда сол өзінің түпнұсқасындағы дәрежеде сақтай алуы, әрі оны қазақша етіп шығара білуі. Бұл аудармашыларда өте сирек кездесетін қасиет…
Абай аудармаларының бұл тәрізді үздік болуының, меніңше, үш түрлі себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек жай мәнін ғана емес, әдемілік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақтың өз тіліне ақынның мейлінше байлығы.
Лермонтов – ұлы талант. Ол тәрізді ақынның өлеңдерін аударушы да талантты ақын болуы керек. Кез келген ақынның оны ойдағыдай етіп аудару қолдарынан келе бермейді. Абайдан кейінгі қазақ ақындарының не оның алдындағы Алтынсариндердің аударғандары Абай аудармасынан әлдеқайда олқы жатуы – орыс тілін Абайдан аз білетіндігінде емес, ақындық дарындардың жетпейтіндігінде. Әрине, орыс тілін жақсы блмесе, жеке талант та өз бетімен аударма жөнінде ештеңеге арзымайды. Және тілді білу бар да, оның әдемілік қасиетін ұғыну бар. Екеуі бір-бірімен байланысты. Бірақ, бір емес. Тіл білген адамның бәрі бірдей әрбір сөз, әрбір образдың әдемілік қасиетін түсіне бермейді.Тілдегі сөз образдарының ой тербетіп, жан сүйсіндіретін әсерін сезіну тіл білген адамның бәрінің қолынан келе бермейді. Ол үшін аударушы ақынның өзінде сол тілді жай жақсы білу, түсінумен қатар, әдемілік қасиет, күшін ұғып, түсіне білерлік ақындық жан, үлкен талант болуы керек.
“ Лилейная рука тебя мне поднесла,
В знак памяти, в минуту расставанья,
И в первый раз не кровь вдоль по тебе текла,
Но светлая слеза – жемчужина страданья.
И черные глаза, остановясь на мне,
Исполнены таинственной печали,
Как сталь твоя при трепетном огне,
То вдруг тускнели, то сверкали…”
“ Еркелі нәзік қолымен маған тиді,
Ұмытпа деп айрылған жерде берді,
Қан сорғалар жүзіне, жас сорғалар,
Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.
Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған,
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған…”
Осы екі үзіндіні салыстырсақ та, Абайдың орыс тіліндегі образды сөздердің әдемілік, көркемдік қасиет, күшті сезімге өз тілінде қандай әсер етеді, оған теңдес қазақша сөз қолданса, қазақтың өз ұғымынша қандай сөздер әсерлі болатындығын терең ұғынғандығын, орыс тіліндегі қолданылған сөз образдары мен қазақ тіліндегі қолданылған сөз образдарының жай ғана мәнін емес, әдемілік күшін, әсерін ұға, түсіне білушілерге дәлелдеп жатудың қажеті аз. Міне, осы жерден келіп, орыс өлеңдерін аударуға қазақ тілі байлығының
үлкен орын алуы, яғни жоғарғы айтылған үшінші себебі келіп шығады. Егер түпнұсқаны үздік образдарды түсіне тұрса да, оған лайықты және қазақ оқығанда да ой тербетіп, жан үзгендей сөз таба алмай қожыратса, бұлай болып шықпас еді. “ Лилейная рука “ дегенді “апақай”, “аппақ”, “талдырмаш”, “жіңішке” деп аударса да мағынасын берер еді. Бірақ, ол толып жатқан синонимдерден “нәзік қол” дегенді таңдайды және өте дұрыс орынды таңдаған.
Лермонтов:
“ Как сталь твоя при трепетном огне,
То вдруг тускнели, то сверкали…” –
Десе, Абай да сол орыс тіліндегі күрделі теңеуді бұлжытпай күш, қасиетін өз қалпында сақтап:
“ Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған…” –
деп аударады. Бұл күрделі теңеу орыс тілінде қандай үздік, әдемі, қандай жан тербететін күшті, әсерлі десек, қазақшасы туралы да соны айта аламыз. Сөйтіп, Абайдың шебер аудармашылығының негізінде ұлы талант орыс тілінің әдемілік күш, қасиетін терең ұғу, қазақтың өз тіліне байлық, оны таңдап, талғап ала білуде жатқандығын көреміз. Абайдың жалпы аудармаларымен байланысты тоқталуды керек ететін және бір мәселе: орыс әдебиетін терең білу және қазақшаға аудару Абайдың өзіне не береді, қазақ әдебиетін дамытуда аудармалардың қандай мәні болады? Деген сұрақтарға жауап бере кетуді керек етеді… Өлеңде бір сөз, екі сөзден құрылған және сөйлеушілердің мінез-құлқына тән, олардың бейнесін айқындауда үлкен мәні бар, әрі қысқа, әрі шебер құрылған диалогтардың көрнекті үлгілері қазақ әдебиетінде Абайдан басталады және бұл үлгіні де Абай орыс әдебиетінен алған. Өйткені, олардың көпшілігі аудармаларында кездеседі…
Диалогке өте шебер Лермонтовтың өлеңдерін аудару сол үлгіні қазақ әдебиетіне енгізуге негізгі себеп болды.Өлеңде өз сөзінің арасына, қатысушылардың мінез-құлықтарын айқындайтын, соларға тән өзінің бірде-екілі қысқа-қысқа сөзін кіргізіп отыру әдісі де, не қаһармандардың өз аузынан шыққан сөз арқылы олардың образын жасау әдісі де сол орыс әдебиетіндегі диалог, төл сөздерді қысқа, шебер түрде қолдана білумен байланысты тәрізді. Бірінші, бұл үлгі абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінде болған емес, екінші, Абайдың бұндай өлеңдері оның аудармалық еңбектерінен кейін жазылған.
“Бай алады кезінде көп берем“ деп,
“Жетпей тұрған жерінде тек берем“ деп,
Би мен болыс алады күшін сатып:
“Мен қазақтан кегінді әперем“ деп.
Дос алады, “Бермесең, бұлт берем” деп.
“Жауыңа қосылуға, сырт берем” деп.
Бұзылған соң, мен оңай табылмаспын,
“Не қылып оңайлықпен ырық берем” деп…
Мұнда автор өз сөзінің араларына оқиғаны қатыстырып суреттеп отырған адамдардың төл сөздерден кіргізге отырса, екіншісінде ұзақ монолог ретінде болыстың өз сөзі арқылы оның мінез-құлқын көзге елестетеді.
Абайдың орыс классиктерін алған өте бір құнды әдісі – сөз арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі сыр-сипатын ашу. Бұл – психологиялық суреттеуде ерекше әдіс. Психологиялық суреттеуде ішкі әр түрлі сезім өзіне тән, басқалардан ерекшеліктерін сутеттейді. Біреу күйгелек, біреу жеңілтек, біреу салмақты, біреу ақкөңіл, біреу сұңғыла — әр адамның өзіне тән табиғи мінездері болады. Әрине, бір адамда бір мінез ғана болуы шарт емес. Бірнеше мінездердің басы қосылып, өте қиыннан қиысқан мінездердің болуы мүмкін.
Бірақ, мінездеу жөніндегі Абайдың өлеңдері тек орыс әдебиетіндегі жақсы үлгілерді аударуында ғана емес, өз бойына сіңіріп, өз шығармаларында да үздік өнеге қалдыруында.
б) Лермонтов өлеңдерінен Абай тәржімалаған
аудармалары
“Альбомға” – М. Ю. Лермонтовтың “В альбом” өлеңінің 1896 жылы Абай тәржімалаған аудармасы. Бұл өлеңінде Абай поэзиялық шығарма кімнің қажетіне жарайды деген мәселені қозғайды. Өлең түпнұсқада да, аудармада да 16 жол. Абай 1890 жылы Бірінші сөзінде: “Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ” , — деп жазған еді.2.558б. Осы пікірін Абай өлең жайында да айтқан. Әрі бұл ойы Лермонтовтың өзіне үндес шығармасын аудару арқылы жалғасын тапты. Абай Лермонтов өлеңінің мағынасын өзгертпей өте дәл аударған. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері” атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында аздаған тексталогиялық өзгерістер кездеседі. 1945, 1954, 1957 жылғы басылымдарда 1-ші шумақтың 3-ші жолы “Көкірегім, бар сырым өз әлінше” деп берілсе, 1977 жылғы басылымда 1909 жылғы жинақ бойынша бұл жол “Көкірегім, бар сырын өз әлінше” болып алынған. 1909, 1645 жылғы жинақтарда 2-ші шумақтың 3-ші жолы “Өзі қисық, өзі асау, тентек өмір” деп басылған. Лермонтов түпнұсқасының бұл жері “От жизни краткой, но мятежной…” делінген. Шығарманы түгел дәлме-дәл аударған Абай бұл жолды: “Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір” , — деп аударғаны күмәнсіз. Бұл жерде араб әрпімен жазылғанда бір-біріне өте жақын болғандықтан, “қысқа” деген сөз “қисық” делініп қате оқылған. Сондықтан 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол “Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір” ретінде қабылданған.
“Бородино“, “ Айтшы аға, нағып жеңілдік…” – М.Ю.Лермонтовтың “Бородино” атты шығармасының 1882 жылғы Абай жасаған аудармасы. Көлемі 20 жол. Абай нұсқасы – орыс ақыны шығармасының әр жерінен аударылған, ұзын-қысқалы төрт бөлек үзінді. Осыған қарағанда аударма толық түгел сақталмаған сияқты. Лермонтов “Бородиноны” 1837 жылы 1812 жылғы Отан соғысының шешуші кезеңі саналатын Бородино шайқасының 25 жылдығына орйлас жазылған. Бұл өлең – орыстың реалистік поэзиясының үздік үлгілерінің бірі. Шығарманың үлкен бір өзгешелігі – онда уақиға бастан-аяқ сол соғысқа қатынасқан жауынгердің, яғни, нағыз халықтың өкілі, қарапайым адамның айтуымен баяндалады, соның мінезі, ойлау, сөйлеу ерекшелігі асқан суреткерлік шеберлікпен көрсетіледі. Отан соғысында халықтың жанқиярлық ерлігін мадақтаумен бірге, өлеңде Лермонтов өз заманындағы қауымның кейінгі буынның енжарлығын, батылсыздығын сынау да бар. Л. Н. Толстой “Бородино” өлеңін өзінің “Соғыс және бейбітшілік” роман-эпопеясының ұрығы іспетті деп ас жоғары бағалаған.7.18стр. Абай “Бородиноны” 1882 жылы аударған болса, бұл Бородино тібіндегі жеңістің 70 жылдығына сәйкес келеді. Қалайда осы өлеңді аударуынан Абайдың орыс халқының тарихына, 1812 жылы Отан соғысы секілді ірі уақиғаға айрықша назар салып, зор мән бергені айқын аңғарылады. Абай өлеңінің сақталған аз ғана жолдарынан-ақ шығарманың мазмұнын мейлінше толық және дәл жеткізуге ұмтылғаны көрінеді. Лермонтов өлеңі:
“Скажи-ка, дядя, ведь не даром
Москва, спаленная пожаром,
Французу отдана?
Ведь были схватки боевые?
Да, говорят, еще какие!
Недаром помнит вся Россия
Про день Бородина!” –
деп басталса, қазақша тексте осыған жақын келеді:
“Айтшы, аға, нағып жеңілдік,
Мәскеуде емес тегіндік,
Болған білем соқтығыс,
Емес білем аз жұмыс.
Ұмытпайды еш орыс,
Бородинде көргенді…”
Сәл кейінірек келетін мына жолдарды алсақ:
“Ворчали старики:
“Что ж мы? На зимние кватриры?
Не смеют, что ли, командиры
Чужие изорвать мундиры
О русские штыки?” –
бұлардың да мағынасы қазақша нұсқада әбден сәйкес берілген дей аламыз:
“Ашулы солдат қыстықты:
“Қойса екен бізді тыюын,
Айтса екен бізге қиынын,
Жыртпасақ жаудың киімін,
Біз не етміз, штыкті…”….