Р.Декарттың рационалдық философиясы — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Француз философы Рене де Карт (1596-1650 жж.) — Жаңа дәуір философиясына өз үлесін қосып, негізін қалаған ірі тұлға. Уақытында өз заманының жақсы оқу орындарында оқып білім алған. Егер біз оны Ф.Бэконмен салыстырсақ, ол — бүкіл өмірін ғылым жолына арнаған тұлға.
Ұлы математик, механик, физиологияның негізін жасаушы, психолог Декарт Аристотельден кейінгі жан-жақты дамыған, философияны жеке ғылымдардың нәтижелерімен ұштастыра білген бірден-бір ойшыл болды.
Негізгі еңбектері: «Диоптрика» күн сәулесін зерттеуге арналған, «Метеорлар» метеорологиялық мәселелерге арналған, «Геометрия», «Философияның бастаулары», «Әдістемелер жөніндегі ойлар» т. с.с.
Онтологиялық (болмыс) мәселелер
Болмыс жөніндегі көзқарасында Р.Декарт дуалистік (екілік) көзқараста болды. Оның ойынша, жалпы дүние жөнінде екі субстанцияны мойындауға тура келеді. Олардың біреуі — материалдық, заттық, денелік субстанция. Оның негізгі атрибуты (қасиеті) — созылу, кеңістікте белгілі бір орын алу. Екінші субстанция — pyx. Оның негізгі атрибуты — ойлау. Жан-дүние бір сәт те тоқтамай, тұрақты ойлайды.
Бұл екі бір-бірінен тәуелсіз жатқан субстанция адам мәселесіне келген кезде үлкен қиындықтарды тудырады. Қалайша адамның денесі оның рухына, жан дүниесіне, ал соңғы оның денесіне сондай үйлесімді өз әсерін тигізе алады? Оны өз кезіндегі жаратылыстану тұрғысынан түсіндіре алмай, Р.Декарт Құдай идеясына келуге мәжбүр болады. Оның ойынша, тек Құдай ғана дене мен ойдың үйлесімді қарым-қатынасын тудыра алады.
Бірақ Р.Декарт өзінің космогониялық (ғарыштың дүниеге келуі жөніндегі ) болжамында Құдайдың рөлін тек қана материяны жаратып, оны алғаш рет қозғап жіберуімен шектейді. Әрі қарай Дүние өзінің табиғи заңдылықтарының негізінде қалыптаса бастайды. Құйын сияқты қозғалған материалдық бөлшектер қыза келе жұлдыздарға, күнге айналады. Екінші ұсақ дөңгелек қозғалғыш элементтерден аспан пайда болса, ең соңында үлкен аз қозғалатын бөлшектер бір-бірімен қосылып, жер және басқа планеталардың денесін құрайды.
Ал жер бетіндегі өмір сүріп жатқан тіршілікке келгенде, Р.Декарт бұрынғы философиядағы гилозоистік көзқарастардан бас тартады. Өз заманында Аристотельдің болжаған өсімдік пен сезімдік жандарын Р.Декарт жоққа шығарады. Оған себеп болған 1628 ж. Гарвейдің ашқан қан айналысы болса керек. Соған сәйкес, Р.Декарт жануардың өмірлік мүшесі — ол оның жүрегі деген пікірге келеді. Ол ғылымда алғашқы болып, жануарлардың сыртқы әсерге жасайтын ішкі реакциясының механизмін ашты. Оның ойынша, сыртқы әсерді миға жеткізетін — артериялар ішінде қозғалатын ең ұсақ қан бөлшектері. Әрине, бүгінгі физиология ғылымының тұрғысынан мұндай пікірді тұрпайы деп бағалауға болар еді. Бірақ шартсыз рефлекстің алғашқы болжамын жасаған Р.Декарт екені сөзсіз. Сонымен егер жануарлардың жан дүниесі болмаса, онда олар өте күрделі машиналар.
Адам дене ретінде жануар әлеміне жақын, сонда ол да машина ма? деген сұрақ заңды түрде ойға келеді. Оған Р.Декарт үзілді-кесілді теріс жауап береді. Біріншіден, адам мақсатқа лайықты іс-әрекет жасай алады. Ол қандай да болсын сырттағы қалыптасқан ахуалға үйлесімді жауап бере алады, өйткені ол ақыл-ой елегінен барлығын өткізіп, шешімін табады. «Адамның ақыл-ойы, зердесі — жан-жақты кұрал», — дейді Р.Декарт. Адамның екінші ерекшелігі — ол сөйлей алатын пенде. Олай болса, адамның басқа тіршіліктен негізгі айырмашылығы — оның рухында.
Дүниегану мәселслері. Күмәндану принципі
Өзінің философиясының мықты негіздерін жасау үшін Р.Декарт «бәріне де күмәндану керек» деген шешімге келеді. Осы тұрғыдан сезімдік танымға келсек, ол көбіне бізге дүние жөнінде жалған пікір тудырады. Төртбұрышты нәрсегс алыстан қарасак, дөңгелек сияқты болып көрінеді. Суға салынған таяқ сынған сияқты, күн кішкентай және жылы зат сияқты көрінеді. Кейбір кезде көзбен көргенді ұйқыдағы түспен шатастырып алуымызға болады. Ғылымдағы деректерге де күмәндануға болады. Сонымен, ең ақырында, біздің жан-дүниеміз толығынан күмәнға толады, онда бір күмәнданбайтын ақиқат қалмайды…
Олай болса, мұндай тұңғиықтан шығатын жол бар ма? Өзінің шашынан ұстап, өзін судан шығарған Мюнхаузен сияқты, Р.Декарт бұл тұңғиықтан шығаратын сол баяғы күмәндану дейді өйткені барлығына күмәнданғанмен, сол сәтте күмәнданып отырғаныңа күмәндана алмайсың. Онда мынандай тұжырымға келуге болады: «Ойлаймын, олай болса, өмір сүремін» (cogito ergo sum). Р.Декарттың ойынша, бұл тұжырым жөнінде ешкім күмәндана алмайды.
Бұл тұжырымнан шығатын бірінші қағида: адам, негізінен алғанда ойлай алатын пенде. Біздің ойымыз өзімізге тікелей берілген Ал сезім арқылы берілетін адамның денесі және айнала қоршаған заттардың қасиеттері ой елегінен өткенде, тек қана бұл дүниеде болуы мүмкін сияқты беріледі. Мысалы, егер мен ойлау қабілетінен айырылсам, онда менің өмір сүріп жатқанымның дәлел дереу жойылар еді. «Ойлаймын, олай болса өмір сүремін» қағидасының тағы бір ғажаптығы — ол түсінікті, ашық және мөлдір.
Р.Декарт ойлауды өте көлемді де кең түрде түсінеді. Ойлана алатын зат күмәнданады, түсінеді, қабылдайды, тұжырымдайды, теріске шығарады, қиялданады, сезінеді, керек қылады т.с.с. ақыр аяғы, ұйқы кезіндегі түс көрудің өзі ойлаудан шығады.
Адамның танымдық іс-әрекеті Р.Декарттың ойынша үш идеялар тобынан тұрады. Біріншісі — сырттан қабылданатын сезімдік мүшелерге өзінің әсерін тигізетін идеялар. Мысалы, күн идеясы, ол әрбір адамның санасында бар.
Екінші — адамның ақыл-ойындағы идеялар. Олар сырттан қабылданған әсерді өзгерту арқылы пайда болуы мүмкін.
Соңғы үшінші идеялар — олар бізбен туа біткен, ең маңызды таным процесінде шешуші рөл атқарады. Оған адам интеллектуалдық интуиция арқылы жетеді. Ал оған жеткізетін адамның жан дүниесіндегі табиғи ақыл сәулесі (lumen naturale). Туа біткен идеялардың ерекшеліктері — олар сыртқы заттардан толығынан дербес, анық, тұрпайы, адамның еркінен тәуелсіз. Бұған мысал ретінде Р.Декарт «екі шама үшіншіге тең болса, онда бір-бірімен тең», «ештеңеден ештеңе пайда болмайды», «бір нәрсенің белгілі бір уақытта болуы мен болмауы мүмкін емес» т с.с. жатқызады. Туа біткен идеяға Р.Декарт «Ойлаймын, олай болса өмір сүремін принципін де жатқызады.
Рационалдық әдіс
Егер Ф.Бэкон сезімдік, тәжірибелік білімді арқа тұтып, ғылымдағы негізгі әдістемені индукциядан көрсе, Р.Декарт керісінше, сезімдік білімнің құндылығын теріске шығарып дедуктивті әдісті негізгі тану жолына айналдырды. Дедуктивті әдістің негізгі талаптары — ол, біріншіден, туа біткен интуиция арқылы ақиқатқа тек өте анық шынайы ой елегінен көрініп тұрғанды ғана алу; зерттелетін мәселені ой өрісі арқылы барынша ұсақ, тұрпайы бөлшектерге бөлу, содан кейін ғана жоғарыға қарай күрделілікке өрлеу;
Негізінен алғанда, Р.Декарттың әдістемесі — ол интеллектуалдық интуиция арқылы алынған негізгі ұғымдарға сүйене отырып, басқа ұғымдарды, тұжырымдарды тудыру Егер интуицияда ақиқат тікелей ашық берілсе, онда дедукцияның дәнекерлігі арқылы ақиқатқа күрделі жол арқылы жетуге болады. Осы күрделі жолда бір ұғым байқалмай түсіп қалса, онда нәтижеге жету мүмкін болмай қалады. Сондықтан бүкіл дедукция жолын ұқыпты есептеп бақылап отыру қажет. Дедуктивті әдістеме арқылы әртүрлі нәтижелерге жетуге болады. Сондықтан Р.Декарт оны жасанды тәжірибе қойып, (эксперимент) тексеріп отыру қажет деген пікір айтады.
Р.Декарттың этикалық көзқарастары
Р.Декарттың этикалық көзқарастары адамның құмарту сезімдерімен байланысты түрде қаралады. Олардың бәрін негізгі алты сезімге әкеліп теңеуге болады. Олар: таңғалу, сүю, жек көру, тілеу, қуану мен қайғыру. Олардың көбі адамның сезімдік заттарға деген іңкәрінен туады да, адамның жан дүниесін зардапқа толтырады. Ақыл-ой арқылы оларды жою мүмкін емес. Олай болса, олардың бәрін адамның жан дүниесіне сәйкес келетін бір құмартумен алмастыру керек. Ол қандай құмарту сезімі болуы керек деген сұраққа ойшыл өзінше жауап береді. Оның ойынша, ол — дүниетануға деген жанның құмартуы, адамның дүниедегі құбылыстарға қызығушылықпен қарауы.
Қорыта келе, Р.Декарттың философиясының болашақ дүниеге деген көзқарастардың дамуына зор әсерін тигізгенін атап өтеміз. Сонымен қатар философияда әртүрлі қайшылықтар етек алып, әртүрлі бағыттардың арасындағы күрестер күшейе түседі. Солардың ішінде Ф.Бэконның философиясын әрі қарай дамытып, сонымен қатар Р.Декарттың философиясын сынға алған ойшылдардың ішінде әсіресе Т.Гоббсты атап өтуге болады.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!