Қазақстанның дипломатиялық және экономикалық қатынастарының алғашқы қадамдары — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека
1-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс.
Алғашқы кезеңдері, дербес, ұлттық мүдде, жалпы адамзаттық мүдделер, қарар, үкіметаралық, тәжірибе, көрмелер, тұрақтылық.
2-тапсырма. Ой шақыру.
– Қазақстан қандай елдермен экономикалық, дипломатиялық байланыстар орнатқан?
– Кейінгі кезеңдегі экономикалық, дипломатиялық байланыстар туралы не айта аласыз?
3-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.
Қазақстан қатынастарының алғашқы кезеңдері
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздік туралы декларация жариялады, сөйтіп дүниежүзілік қоғамдастыққа және экономикаға дербес енуге мүмкіндік алды. 1992 жылы қаңтарда тоғыз шет мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Республикамыздың сыртқы саясат ведомствосы ұлттық мүдде мен жалпы адамзаттық мүдделерді үйлестіріп жүргізетін дипломатиялық саясатқа кірісті. 1992 жылы қаңтардың 23-інде Біріккен Ұлттар Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесі өзінің мәжілісінде Бас Ассамблеяға Қазақстан Республикасын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдауға ұсынатын қарарды мақұлдады.
Өзінің геосаяси орны жағынан екі алып держава – Ресей мен Қытайдың арасына орналасқандықтан Қазақстан осы елдермен қатынастың жаңа бағыттарын айқындау, шекаралардың бұзылмайтындығын мойындап, оны құжаттар арқылы бекітуді басты назарда ұстады.
1994 жылдың желтоқсан айында АҚШ, Ұлыбритания және Ресей Қазақстанның шекарасының мызғымайтындығы және оған қарсы – ядролық қаруды қолданбайтындығы туралы келісімге қол қойды.
1991 жылғы желтоқсанда Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметі екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту мақсатымен достық, ынтымақтастық, теңдік және өзара тиімділік негізінде сауда-экономикалық келісімін жасады, ол бес жыл мерзімге күшінде болды. Ал, 1992 жылғы ақпанда Қазақстан Қытай үкіметаралық мазмұндамасына қол қойылды.
1992 жылдың тамыз айында Қазақстан мен Қытай өзара өкілдіктер ашу туралы келісімге қол қойды.
Монғолия мемлекетінің батыс бөлігін мекендеген, қазақтар тұратын Баян Өлгей аймағымен Қазақстанның әуе жолымен тікелей байланыс орнатылды: аптасына екі рет Баян Өлгей – Өскемен – Алматы рейсі ұшады. Теледидар, телефон арқылы байланыс нығайды. 1994 жылы бұл өлкенің үш мыңдай жастары Қазақстанның түрлі оқу орындарында оқып, мамандық алуда.
Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың 1990 жылғы қарашадағы Корея республикасының астанасы Сеулге сапарынан кейін екі ел арасында 1992 жылғы қаңтарда толық дипломатиялық қатынас орнатылды. Кореяның «Самсунг» фирмасы Қарағандыда тоңазытқыштар шығаруға кірісті.
Өндіріс жағынан барлық дамыған елдердің экономикасы шетел инвестициялары негізінде қалыптасты. Қазақстанның экономикасы тұрақтылықпен дамуы үшін шетел капиталын инвестициялар түрінде ғана емес, сонымен қатар инвестицияларды осы замандық технологиялар, өнім өндіру мен қызмет қөрсетуді дүниежүзілік стандарттар дәрежесінде жолға қою мақсатында басқару мен маркетинг жөніндегі тәжірибе түрінде де тарту қажет болып отыр.
Үндістан мен Қазақстанның дипломатиялық және экономикалық қатынастарын дамытуда республикамыздың Президенті Н.Назарбаевтың 1992 жылғы ақпан айындағы ресми сапары сәтті болды. Екі ел басшылары Азияда қауіпсіздікті нығайту үшін күресу қажеттігін көрсетті. Сол сапарда Пәкістанмен бес құжатқа қол қойылып, ол ел Қазақстанға еркін несие – 45 миллион доллар көмегін беруге келісті. Бұл сатып алу үшін жұмсалады.
Қазақстан – Пәкістан арасындағы ынтымақтастық принциптері туралы декларацияның негізіне Біріккен Ұлттар Ұйымының ережелері мен мақсаттары, аймақтағы және планетадағы бейбітшілікті сақтап, құқылы қарым-қатынас құруға деген ұмтылыс алынды.
4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.
1. Қазақстан қай жылы тәуелсіздік туралы декларация жариялады?
2. Қандай елдермен қарым-қатынастар орната бастады?
3. Мәтіндегі тірек сөйлемдерді табыңыз.
5-тапсырма. Мына сөздерге лексикалық түсініктеме жазыңыз.
Тәуелсіздік, ұлттық мүдде, ядролық қару, ынтымақтастық принциптері.
6-тапсырма. Мәтіннің жалғасын оқыңыздар.
Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттары, Канада және Батыс Еуропадағы дамыған капиталистік елдермен дипломатиялық және экономикалық қатынасын дамытудың маңызы зор. 1992 жылғы мамырда Президент Н. Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында Президент Дж. Буш екеуі үш келісімге қол қойды, бұл келісімдер сауда, экономика және инвестициялар саласындағы байланыстарды кеңейту үшін құқылық негіз қалады.
Қазақстанның мұраты – бейбітшілік. Этникалық жанжалдар мен территориялық дау-жанжалдар туыла қалғанда оны қайткен күнде де саяси құралдармен реттеуге Қазақстан тарапынан күш салынып отыр. 1992 жылы Бірікккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Президент Н. Назарбаев Азияда өзара ынтымақ пен сенім шараларын орнықтыру туралы мәселе көтерді.
Қазақстан Республикасы Таяу және Орта Шығыс елдерімен дипломатиялық және экономикалық байланысты дамытуға ерекше маңыз беріп отыр. Қазақстан үшін түбі бірге туысқан түрік әлемімен қатынастың да маңызы айырықша.
Қазақстан Түркиямен дипломатиялық және экономикалық қатынасты дамытуға маңыз бере отырып, 1991 жылдың қыркүйек айында қазақ-түрік іскерлік кеңесін құрды.
Қазақстан Иранмен 1992 жылғы қаңтардың аяғында дипломатиялық қатынас орнату туралы келісімге қол қойды. Олар бірін-бірі өзара құрметтеу, территориялық тұтастығы мен ішкі ісіне араласпау принциптері негізінде құрылды. Иранның Қазақстандағы елшісінің көрсетуінше, олардың мақсаты – екі елдің достық қарым-қатынасының дәнекері болу. Оған жетудің жолы Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени жағдайын Иран халқына таныстыру. Бұл үшін екі жақта түрлі көрмелер ұйымдастырылуда.
Қазақстанның Каспий теңізіндегі порттарын кеңейте отырып, біздің республика сол арқылы Иранға Теңіз мұнайын жеткізу мүмкіндігін ойластыруда.
Қазақстан Ислам дүниесіндегі елдермен дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. 1994 жылғы күзде Президент Н. Назарбаев Сауд Арабиясына жасаған сапары кезінде бірсыпыра келісімдерге қол қойды.
Египеттен дипломатиялық қатынас орнағаннан кейін Египетте Египет–Қазақ Ассоциациясы, Қазақстан – Египет Ассоциациясы құрылды. Египет Алматыда ислам мәдени орталығы құрылысын салу үшін тегін 15 миллион доллар қаржы беруге және республикамызда фармацевтикалық фабрика құрылысын бастауға келісім берді.
Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы елдері мен Қазақстан арасында шекаралардың ашықтығы, азаматтардың жүріп-тұру бостандығы сақталып отыр. Бұл жағдай елдер арасындағы бір-біріне деген сенімділікті күшейтуге, саяси және экономикалық мәселерді үйлестіріп шешіп отыруға жағдай жасайды. Президент Н. Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынасқа басымдылық сипат берілетінін ылғи да баса көрсетіп келеді. Ресеймен достық-ынтымақ туралы шартқа қол қойылды.
1994 жылғы қазан айындағы мәлімет бойынша тәуелсіз Қазақстан мемлекетін дүние жүзінің 140-қа тарта елдері ресми таныды. Он сегіз елде біздің елшіліктеріміз бен өкілдіктеріміз ашылды. Ал Қазақстанда қырыққа тарта шетелдік елшіліктер мен өкілдіктер жұмыс істеп тұр.
Қазақстан дипломатиясының алғашқы қадамдары айтарлықтай нәтижеге ие болуда. Осының бәрі республикамыздың болашағы зор екендігін дәлелдейді…
7-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз.
1. Әр абзацқа сұрақ қойыңыздар.
2. Абзац бойынша түсінгендеріңізді айтып шығыңыздар.
8-тапсырма. Мына сөздердің дұрыс жазылу, айтылуына назар аударыңыз. Жатқа жазыңыз.
Елшілік, достастық, мызғымастық, дәнекер.
9-тапсырма. Осы сөздерге лексикалық түсініктеме жазыңыздар.
10-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Мезгіл үстеу.
Мезгіл үстеу – қимыл атаулының шындық өмірде жасалуы белгілі бір мезгілге қатысты болады. Үстеудің қимылдың мезгілін білдіретін бір топ сөздер бар: кеше, бүгін, ертең, жуырда, биыл, өткен жылы. Қимылдың, амалдың жалпы мезгілін, дәл мезгілін білдіретін үстеудің түрі мезгіл үстеуі деп аталады. Сұрақтары: Қашан? Қашаннан?
11-тапсырма. Мәтіндерден мезгіл үстеулерін табыңыздар.
12-тапсырма. Сөзіңіз құнарлы болсын!
Халықпен – қастаспағайсың, жаманмен – достаспағайсың. (Шортанбай Қанайұлы).
13-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемдерді толықтырыңыз.
1. ………….. АҚШ, Ұлыбритания және Ресей Қазақстанның шекарасының мызғымайтындығы және оған қарсы – ядролық қаруды қолданбайтындығы туралы келісімге қол қойды.
2. ………….. Қазақстан мен Қытай өзара өкілдіктер ашу туралы келісімге қол қойды.
3. …………… Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметі екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту мақсатымен достық, ынтымақтастық, теңдік және өзара тиімділік негізінде сауда-экономикалық келісімін жасады, ол бес жыл мерзімге күшінде болды.
4. ……… Қазақстан Қытай үкіметаралық мазмұндамасына қол қойылды.
5. ………. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Президент Н. Назарбаев Азияда өзара ынтымақ пен сенім шараларын орнықтыру туралы мәселе көтерді.
14-тапсырма. Адасқан әріптерді дұрыс орналастырып, сөздерді оқыңыздар.
леіскім, лодипматлыияқ асқатын, өлкідік, лікелші, мақынтытастық.
Тест тапсырмалары
1. Қазақстан тәуелсіздік туралы декларация жариялады?
А. 1998 ж.
Б. 1991 ж.
С. 1994 ж.
Д. 1992 ж.
2. Мезгіл үстеулі сөйлем қайсы?
А. Бұл жағдай елдер арасындағы мәселелерді шешіп отыруға жағдай жасайды
Б. 1991 жылғы 16 желтоқсанда ҚР тәуелсіздік туралы декларация жариялады
С. Қазақстанның мұраты – бейбітшілік
Д. Ресеймен достық-ынтымақ туралы шартқа қол қойылды
3. 1994 жылғы қазан айындағы мәлімет бойынша тәуелсіз Қазақстан мемлекетін дүние жүзінің …….. елдері ресми таныды.
А. 45-ке жуық
Б. 47-дей
С. 140-қа тарта
Д. 23-ке тарта
4. Қазақстан Иранмен 1992 жылғы …….. дипломатиялық қатынас орнату туралы келісімге қол қойды.
А. Ақпанның аяғында
Б. Шілденің басында
С. Тамыздың ортасында
Д. Қаңтардың аяғында
5. Кореяның «Самсунг» фирмасы Қарағандыда …… шығаруға кірісті.
А. Машиналар
Б. Компьютерлер
С. Тоңазтқыштар
Д. Мұздатқыштар
Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:
1. Үстеу дегеніміз не?
2. Мезгіл үстеу нені білдіреді? Мысал келтіріңіз.
3. Қазақстан қатынастарының алғашқы кезеңдері қалай дамыды?
4. Қазақстанды бүгіндері қанша ел ресми таниды?
5. Қазақстанның мұраты не?
СӨЖ тапсырмасы: «Қазақстан-Қытай қатынастары» туралы баяндау.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!