Қазақстандағы банктік реформа. Банк жүйесінің реформасын жүргізудің қажеттілігі (1-бөлігі) — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Банк жүйесінің реформасын жүргізудің қажеттілігі
Қазақстан Республикасының экономикасы нарықтық қатынасқа өту кезеңінде кредитті басқарудың жүйесі мен шаруашылық қызметке банктік қызмет көрсетудің тетігіне көшудің, кәсіпорындар мен банктердің қызметін басқаруда экономикалық әдістерді кеңінен пайдалануға ауысудың мүлдем жаңа тәсілдері қажет болды; банктердің арасындағы және банктер мен клиенттердің арасындағы өзара қарым-қатынас жүйесін, сондай-ақ, банк жүйесінің өз аясындағы — олардың жекелеген буындарының арасындағы өзара қарым-қатынасты қайта құру керек, яғни, банк жүйесін жаңа құбылыстар мен процестерді ескере отырып реформалау қажет.
Қазақстан Республикасында банк жүйесінің реформасын жүргізудің қажеттілігін Әлемдік банктің мамандары макроэкономикадағы реформаның жүзеге асуына кедергі келтіретін қысқа мерзімді проблеманың екі категориясының болуымен түсіндіреді. Бірінші категорияға орталықтандырылған экономикадан мұраға қалған банктің іс-тәжірибесі мен мақсатты кредиттерді мемлекеттік тұрғыдан бөлудің ескі жүйесінің толық жойылмауына байланысты қаржы ресурстарын дұрыс орналастырмау проблемасы жатады. Проблеманың екінші категориясы: банктер «сапасыз» (мерзімі өтіп кеткен) ссудаларды және залалға ұшыраған мемлекеттік кәсіпорындарды мураға алады. Бұл проблемалар тіршілікке икемді (немесе кредитті өтеу қабілеті бар) мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке кәсіпорындардың қаржылық ресурстарға апаратын жолын жауып тастады, қаржы ресурстарын тіршілікке икемсіз (немесе залалды) кәсіпорындардың пайдасына бұрып жіберді.
Оның үстіне, бұрынғы ескі жүйе кәсіпорындар мен ұйымдардың арасындағы төлемдер мен есеп айырысуларды дұрыс жүргізе алмады.
1992 жылдың ішінде Қазақстан экономикасына салынатын кредит салымдары артты. Жалпы ұлттық өнім кредитінің сомасы 1992 жылдың I тоқсанында 11,3%-ды құрасы, IV тоқсанда -29,8%. Бұл негізінен өз кезегінде Ресей Орталық банкісінің контокорренттік кредитімен қаржыландырылған Ұлттық банктің кредиті арқылы қайта қаржыландырудың есебінен жүзеге асырылды. Мұны мына мәліметтер айғақтайды: 1992 жылдың I тоқсанында Ұлттық банктің коммерциялық банктерге берген кредит сомасы Жалпы ұлттық өнімде 6,7%-ды құрады, ал осы жылдың IV тоқсанында — 17,8%. Мамандандырылған банктер арқылы кредит ресурстарын осылайша орталықтандырылған әкімшілік жолмен бөлу тіршілікке икемсіз, залалды мемлекеттік кәсіпорындарға кредиттің берілуіне жол ашты, бұл өз кезегінде нашар кредиттердің қалыптасуына, яғни банктерде нашар кредит портфелінің пайда болуына әкеп соқтырды. 1993 жылы Ұлттық банк 7,5 млрд теңге сомасында кредит берді, оның 5,6 млрд теңге — үкіметтік, яғни, олардың үлесі 75%-ды құрады, ол бойынша қайтарылған жалпы сома 138,5 млн теңгеге немесе 3,9%-ға теңесті, қалған бөлігінің мерзімі ұзартылды.
Ұлттық банк кредитімен қайта қаржыландыру іс-тәжірибесіндегі кемшілік мынада, банктер қайта қаржыландыру кредитіне қол жеткізгеннен кейін депозиттік ресурстарды дербес жұмылдыруға ынталы болмайды. Оның үстіне, бұл кредитті субъективті негізде орналастырған кезде банктердің жұмыс тиімділігі ескеріле бермейді, осының салдарынан кредит ресурстары әрдайым оңтайлы бөлінбейді.
Кредитті тиімді орналастыруға кедергі келтіретін фактілердің біріне пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы жатады. Пайыздық мөлшерлемелер деңгейінің төмен болуы ссудаға қажеттілікті арттырып, кредит өтініші негізінде тікелей орталықтандырылып кредиттелетін мемлекеттік кәсіпорындардың қаржылық тәртібін әлсіретіп тастады.
Мемлекеттік кәсіпорындар бұл арзан кредитті негізінен инвестиция үшін емес, еңбекақы төлемдеріне және материалдық құндылықтарды жинауға пайдаланды. Инфляцияның деңгейі мен Ұлттық банктің атаулы пайыздық мөлшерлемесін салыстырса да жегіп жатыр: соңғысы 500%-дан да асып түсетін бөлшек сауда бағасының жылдық инфляциясында — 1992 жылдың наурыз айында — жылына 25%-ды құрады. 1992 жылдың қараша айында атаулы пайыздық мөлшерлеме 65%-ға дейін артты, ал инфляция -1000%. Сол кездің тұсында арзан кредит алған кәсіпорындар өз жағдайларын түзеуге асықпады.
Осылайша, қолдау көрсетілетін мемлекеттік кәсіпорындарды тікелей кредиттеудің саясатын темен пайыздық мөлшерлеме саясатымен біріктіру кредит ресурстарының дұрыс орналасуына әкеп соқтырды.
Өз кәсіпорындарының өтеу қабілетін салмақтап жатпастан оларға кредитті тікелей беретін мамандандырылған банктердің бұл әрекеті мерзімі өткен ссудалардың көбеюіне әкеп соқтырады, ал нарыққа бағдарланған кәсіпорындар банктерден кредит ала алмады.
Пайыздық мөлшерлеменің төмен болуы банктерге өз жинақ ақшасын толық жұмылдыруына мүмкіндік бермеді. Кәсіпорындар мен халық ез жинақ ақшасын нақты активтерге орналастыруды ұйғарды. Азаматтар көбінесе ұзақ пайдалануға жарайтын тауарларды және жылжымайтын мүлікті сатып алатындықтан кәсіпорындар өндірген тауарлар уақтылы сатылмады, яғни кәсіпорындар тауар қорын өсірумен ғана шектелді.Нақты активтер — инфляциядан, ақша қорланымының құнсыздануынан қорғанатын бірден-бір жол болды. Салым ақша үшін төлейтін банктің пайыздары инфляцияның салдарынан болған ысыраптың орнын толық толтыра алған жоқ. Кәсіпорындар мен халыққа тиесілі жинақ ақшаның жеткілікті дәрежеде жұмылдырылмауынан орын алған кредит ресурстарының жетіспеушілігі банктердің тиімді кәсіпорындарды кредиттеуіне мүмкіндік бермеді.
Кредит ресурстарының бөліну сипатына мемлекеттік кәсіпорындарға берілетін демеуқаржы мен жеңілдікті кредиттердің іс-тәжірибесі жағымсыз әсерін тигізді. Кәсіпорындардың өзіндік ерекшелігі бар шығынының, мәселен, халықты әлеуметтік қорғау шығынының, сондай-ақ, кәсіпорындардың әдетке айналған тиімсіз жұмыс істеуіне байланысты шығынның орнын толтыруға арналған кредит демеуқаржы кредиті деп аталды. Ол (демеуқаржы кредиті) Ұлттық банктің қайта қаржыландыру кредитінің мөлшерлемесіне қарағанда төмен пайыздық мөлшерлемемен берілді (1992 жылдың IV тоқсанында 65% төмен).
Демеу қаржылық кредит саясаты жай кредит мен мемлекеттік демеуқаржы арасындағы айырмашылықты жойды. Бұл ссуданы кәсіпорындар мүлдем өтемеді десе де болады. Ауыл шаруашылық кәсіпорындарына есеп айырысудағы өзара шегерімдерді жүргізуге жеңілдікті кредиттерді берудің іс-тәжірибесі кеңінен тарады. 1992 жылы Ұлттық банктің жеңілдікті кредит үлесі барлық қайта қаржыландыру кредитінің шамамен 70%-ын немесе барлық кредит салымдарының 42%-ын құрады. Жеңілдікті кредиттің көп бөлігін ауыл шаруашылығы мен дайындаушы ұйымдар алды.
Мақсатты үкіметтік бағдарламаларға орталықтандырылған кредит 1993 жылы негізінен жеңілдікті пайыз мөлшерлемесі (3%, 253 және 65%) бойынша берілді 7,5 млрд сомасында банк берген кредиттің 7,6%-ы олардың үлесіне тиді, өйткені 1992 жылы пайыз мөлшерлемесіне коммерциялық банктердің белгіленген шектеулері алынғаннан кейін Ұлттық банктің орталықтандырылған кредит ресурстарының есебінен банктердің беретін кредитіне маржа 3% мөлшерінде сақталып қалды. Нәтижесінде орталықтандырылған кредиттің орташа пайыздық мөлшерлемесі тұтас республика бойынша 1993 жылы 48,2%-ды құрады. Сол жылы тұтыну бағасының индексі 2269,8% деңгейінде анықталды.
Кәсіпорын борышының жаппай клирингісін жүргізу барысында Ұлттық банк борышқор кәсіпорындарға жеңілдікті – демеуқаржы кредитін берді. 1992 жылы осы мақсатта берілген кредиттің үлесі барлық жеңілдікті кредиттердің шамамен 30%-ын құрайды. Кредиттің көп бөлігі өтелмей қалды.
Жоғарыда аталған кредиттер кәсіпорындарға өз қаржылық жағдайларын жақсартып алуы үшін берілсе де, олар оның залалын қаржыландыру құралына айналды. Оның үстіне, демеуқаржы және жеңілдікті, кредит бойынша атаулы пайыздық мөлшерлеме мен инфляция деңгейінің арасындағы үлкен айырмашылық қаржылық алыпсатарлыққа жол берді.
Кредит салымдарының жалпы сомасында үкіметке мемлекеттік емес борыштық бюджет тапшылығын жабу үшін берілген кредиттің үлес салмағы басым: 1992 жылдың 1 қаңтарында ол 13,7 және 11%-ды құраса, 1993 жылдың 1 қаңтарында — 1,5 және 2%, ал, 1993 жылы бюджет тапшылығын жабуға 877 млн теңге мөлшерінде немесе барлық кредит сомасының 11,8%-ын құрайтын кредит сомасы берілді.
Нәтижесінде кредит салымдарының құрылымы айтарлықтай нашарлап, жарамсыз (мерзімі өткен) кредиттің үлесі артты. Пайыздық мөлшерлеменің төмен болуынан орын алған Ұлттық банктің ысырабы және капитал ысырабы орасан зор сомада болды.
1992 жылы басталған республикадағы төлемсіздік дағдарысы кәсіпорындардың және тұтас экономиканың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізіп келеді.
Көптеген кәсіпорындар өнім өндірісін күрт төмендетуге мәжбүр болса, кейбіреулері ендірісті мүлдем тоқтатып тастады. Есеп айырысуларда баспа-бас алмасу (бартер), алдын ала төлеу қолданылады.
1991 жылдың 1 қаңтарында мерзімінде төленбеген есеп айырысу құжаттары 5 млн теңгені құрады, 1992 жылдың 1 қаңтарында — 11,2 млн теңге, 1992 жылдың маусымында — 384 млн теңге немесе жалпы ұлттық өнімнің немесе алынған банктік 12,3%-ын кредиттің жалпы сомасының 84,1%-ын құрады. 1993 жылы мерзімі өткен төлем 91,5 млн теңгеден 5,5 млрд теңгеге дейін немесе 60 есеге өсті. Банк ссудасы бойынша мерзімі еткен берешек 12,6 млн теңгеден 1,7 млрд теңгеге дейін немесе 135 есеге өсті.
Мұндай құбылыс көптеген себептермен, ең алдымен төлем жүйесінің тиімсіздігімен, сондай-ақ, кредит нарығының проблемаларымен түсіндіріледі. Әсіресе, бұлар 1992 жылдың басында Ұлттық банк кәсіпорындарға кредит беруді шектей бастағанда байқалды. Соңғылары басқа кәсіпорындардан жөнелтілген жүктің төлемін ала алмайтын жағдайға ұшырады, төлемдер жарты жылға немесе одан да көп уақытқа кешіктірілді. Бүкіл кәсіпорындар, соның ішінде, төлем қабілеті бар кәсіпорындар да қиын жағдайда қалды.
Кредит нарығының проблемалары бұрынғы ақшасыз есеп айырысу жүйесі және есеп айырысу құжатымен кредиттеу жүйесі жойылғанда байқалды. Кәсіпорын өз тауарын сатып алушыға оның төлем қабілетін тексеріп жатпастан, жоспар мен келісім-шартқа сәйкес жөнелтетін. Егер сатып алушының шотында қаражат болмаса, оған банк автоматты түрде кредит аударатын, төлемсіздік қатері нөлге тең болды. Бұл жүйе жойылғаннан кейін (банктер төлем қабілеті жоқ кәсіпорындарға кредит бермейтін болды) төлемсіздік дағдарысы басталды; төлемнің кешіктірілуі немесе төлемнің мүлдем жүргізілмеуі төлемсіздіктің тізбекті реакциясын тудырды.
Оның үстіне, төлемдердің кешіктірілуі құрал-саймандардың тозуымен және банктердің артта қалған техникалық жарақтандырылуымен (ЭЕМ желілерінің және олардың программалық қамтамасыз етуінің тозуы) байланысты болды.
Кәсіпорындар арасындағы төлемсіздік дағдарысын жою үшін үкімет үш шараны жүзеге асырды. Біріншіден, тіршілікке икемді кәсіпорындардың берешек мөлшерін кеміту мақсатында тіршілікке икемді немесе тиімді кәсіпорындарды басқа кәсіпорындармен қайта қаржыландырды. Ұлттық банк бұрынғы мамандандырылған банктер арқылы қайта қаржыландыруға 245,36 млн теңге сомасында кредит берді. Екіншіден, үкімет жаңа төлем аспаптарын енгізді. Мемлекеттік кәсіпорындарға төлем тапсырмасы немесе чек бойынша алдын ала төлемді қажет ететін төлем аспаптарын пайдалануды тапсырды. Үшіншіден, бұрынғы кеңестік республикалар республикааралық есеп айырысу банкісіне құрылтайшы болуға келісімдерін берді. 1992 жылдың аяғында Қазақстан мен Ресей 1992 жылдың соңында 80 млн теңгені құраған екі ел кәсіпорындарының берешегін өзара шегеру туралы екі жақты келісімге қол қойды.
Аталмыш шаралар төлемсіздік дағдарысын жоя алмады, өйткені көптеген маңызды мәселелер сол күйі өз шешімін таппады. Төлем жүйесі мен кредит нарығының тиімсіздігі де толық жойылған жоқ, бұл кәсіпорындардың өзара берешегінің пайда болуына әкеп соқтырды, мысалы, бұл арада төлемдердің кешіктірілуін және кәсіпорындарда қаржылық тәртіптің болмауын айтуға болады. Төлемсіздік дағдарысы 1992 жылдың соңында қайталанды, үкімет жеңілдікті пайыз мөлшерлемесі (жылдық 25%) бойынша 1993 жылдың I тоқсанында 600 млн теңгені берешектерді өтеуге, 800 млн теңгені мемлекеттік кәсіпорындардың айналым капиталын толықтырып бөлуге мәжбүр болды.
1993 жылдың қараша айында ұлттық валютаның енгізілуіне байланысты Ұлттық банк ақша-кредит саласының жұмыс істеуіне, оның бюджетпен және банкпен өзара қарым-қатынасының классикалық принциптерін жүргізуге, банктердің қызметін реттейтін жүйені нығайтуға толық жауапты болды.
Ұлттық валютаның енгізілген сәтінен бастап 1995 жылға дейін орталық банктің қызметін орындауда, жүйелердің қызметін реттемелейтін нормативтік құжаттарды әзірлеу мен қабылдауда дәстүрі мен тәжірибесі жоқ Ұлттық банк ақша-кредит саясатын дербес жүргізудің тәжірибесін жинақтады. Бұл кезең, сонымен бірге, ұлттық валютаның бағаны ырықтандыруды көздейтін факторларына және ақша-кредит аспаптарының әрекетіне бейімделу кезеңі болды. Бір мезгілде Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылдың ақпанындағы Жарлығымен бекітілген 1995 жылы Қазақстанда Банк жүйесін реформалаудың алғашқы бағдарламасы әзірленді.
1995 жылға арналған Қазақстанның банк жүйесін реформалаудың бағдарламасы
1995 жылдың соңына дейін Бағдарламаны сәтті жүзеге асыру шартымен Ұлттық банк ақша-кредит саясатын тиімді жүргізуге және банктер үшін қолданыстағы заңда анықталған негізгі міндеттерді толық орындауға мүмкіндік беретін классикалық орталық банкке тән ақша-кредит және валюта тұрғысынан реттеудің бүкіл құралдар жиынын толықтай енгізіп, пайдалана бастайды деп ұйғарылған болатын;
Ұлттық банктің тарапынан бақылауды күшейтудің әрі нормативтік реттеуді жетілдірудің және экономикалық ынталандыруды дұрыс қолданудың есебінен барлық коммерциялық банктердің қызмет сапасын оларды капиталдандырудың деңгейін арттырумен және халықаралық стандарттарға сәйкес олардың топтарын (10-15 банкті) қалыптастырумен жақсартуды жүзеге асыру;
Банкаралық ақшалай, кредит және валюта нарықтарын дамыту арқылы мынадай жағдайға қол жеткізу: онда қалыптасқан пайыздық мөлшерлемелер мен айырбас бағамдары анықтаушы күшке ие болады, ал оған Ұлттық банк өзінің тікелей және жанама реттеу құралдарының көмегімен әсер ететін болады;
Ұлттық банкпен республикалық бюджеттің тапшылығын тікелей кредиттеуден бас тартып, оны ішкі және сыртқы қаржы нарықтарында қаржыландырудың инфляциялық емес тәсіліне көшу;
Елдің қауіпсіздік бөлігінде аралық деп аталатын төлемнің жұмыс істеуін жаңа сапалы деңгейге көтеру, шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасында төлемдерді уақтылы әрі тиімді жүзеге асыру, ұзақ мерзімді ұлттық төлем жүйесін құру;
Орта және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды инфляциялық емес кредиттеу жүйесінің негіздерін қалыптастыру.
Бағдарламаның есе салмақты екеніне қарамастан нақты жағдайды ескере отырып оны жүзеге асырудың сәті түсті.
Ең алдымен ақша-кредит тұрғысынан реттеудің әдістері мен құралдарының одан ары дамуына жол ашылды.
Банктің қайта қаржыландыру тетігі елеулі өзгеріске ұшырады. Директивтік кредит 1995 жылдың ақпан айына дейін берілді. Орталықтандырылған көздердің есебінен берілетін кредиттің мөлшері де, мерзімі де кеміді, экономиканы кредиттеудің қызметі негізінен Ұлттық банктен осы үшін тартылған халықтың жинақ ақшасынан, сыртқы қарыздарды өздері дербес тұратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің еркін қаражатынан экономиканы кредиттеуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктерге етті. Ұлттық банк орталық банкке тән қызметтерді орындауға икемделді, екінші деңгейдегі банктерді олардың өтімділігін сақтау мақсатында кредиттеу қызметін, Үкіметті кредиттеуді; ақша-кредит және валюта тұрғысынан реттеуді тұтастай өз қолына алды.
1995 жылдың бірінші жартысында Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктерге ұсынған кредиттің кебісі ресурстар аукционы арқылы үш ай мерзімге дейін берілді, ал осы жылдың екінші жартысында операцияның ең көп бөлігі мемлекеттік құнды қағаздардың қайталама нарығында жүзеге асырыла бастады.
Банкаралық кредит нарығы да даму жолына түсті. Қыркүйек айынан бастап ломбардтық кредиттеу жүйесі енгізілді. Базалық ақшаның өсімін шектеу мақсатында Ұлттық банк жекеленген жылдар үшін де айналымға Ұлттық банктің құнды қағаздарын (нотасын) шығару арқылы ақша массасының өсуіне тосқауыл қойды.
1995 жылы Ұлттық банк қайта қаржыландыру мөлшерінің жағымды әрі нақты мәнін қалыптастырды. Мөлшерлер инфляцияның деңгейіне қарай артып немесе кеміп отырады. Инфляцияның деңгейі 1995 жылдың қаңтары айында 8,9%-дан қыркүйек айында 2,4%-га дейін кемігені белгілі, осыған орай қайта қаржыландырудың мөлшерлемесі 210-нан 4%-ға біртіндеп азайды. Бұдан кейінгі айларда инфляция өсуі (айына 4,4%-ға дейін) Ұлттық банкті қайта қаржыландырудың мөлшерлемесін 20 қарашадан бастап 52,5%-ке дейін көгеруіне мәжбүр етті. Бұл өзгеріс екінші деңгейдегі банктердің пайыздық саясатында да көрініс танытты.
Ақша массасын оңтайлы мөлшерде ұстап тұрудың және банктердің өтімділігін реттеудің қажеттілігіне қарай міндетті резервтердің деңгейі 1995 жылдың наурыз айында теңгемен әрі шетелдік валютамен алғанда депозиттік міндеттеменің 20%-ын құрады. Ұлттық банк резервтердің баламалы тәсіліне көшкен банктердің резервісі үшін төлем принципін сақтады, төлем мөлшері қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 20%-зы деңгейінде болды.
Бұл арада бастапқы және қайталама нарықтардың жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 1995 жылдың соңында қазынашылық вексельдердің мөлшері 3 ай айналыс мерзімінде 4,1 млрд теңгені, ал 6 ай мерзімінде — 0,8 млрд теңгені құрады. Қайталама нарықта жүзеге асырылған 1 жыл ішіндегі операциялардың мөлшері 11,4 млрд теңгені құрады, оның ішінде, ашық нарықтың операция мөлшері — 22 млрд теңгеге жетіп жығылды.
Ұлттық банк жүргізген валюта бағамының саясаты нарық ахуалының аз уақыт ішіндегі өзгерісінен туындаған теңгенің айырбас бағамының динамикасын жұмсартуға бағытталды.
1995 жылы Қазақстан банкаралық валюта қор биржасындағы Ұлттық банктің АҚШ долларын сатып алу формасындағы интервенциясын сату формасындағы интервенциямен сәйкес келді.
Ұлттық банк өтімділік нарығын құрудағы жағымды тенденцияны ескере отырып, 1995 жылдың екінші жартысында экспорттан түскен түсімді кәсіпорындарға ішкі валюта нарығындағы шетелдік валюта да міндетті сатудың талабын 30%-ға дейін кемітуді әрі оны бұдан бұлай қарай доғаруды ұйғарды. Жылдың соңында биржадан тыс валюта нарығы дами бастады және ондағы операциялардың мөлшері биржалық операцияларының мөлшерінен асып түсті.
1995 жылы алтын валюта резервісін басқаруға қатысты көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. 1995 жылдың сәуір айында Ұлттық банк басқармасы Алтын валюта резервісін басқарудың тұжырымдамасын бекітті.
Алтын валюта резервісін арттыру мақсатында Ұлттық банк валюталармен құндық металдарды депозиттерді орналастыруды, валюталар мен асыл тастарды сату және сатып алу секілді операцияларын жүргізді. Әр түрлі елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары мен операциялар жүзеге асырылды.
Аттестацияны өткізумен және Лондонның алтын тастар нарығында сауда маркілері (клейманы) алумен байланысты жұмыстар жанданады. 1995 жылдың 14 наурызында қазақстандық күмістің тауарлық таңбасы тіркеледі. Мұндай жұмыс алтын бойынша да жүргізіледі.
Мұндай ақша-кредит саясатын жүзеге асырудың нәтижесінде 1995 жылдың монетарлық бағдарламасына кіргізілген параметрлердің көбісі орындалды. Бұл инфляцияның орташа айлық қарқынын 1994 жылы 24,1%-тен 1995 жылы 4,8%-ға дейін кемітуге және теңгенің шетелдік валюталарға қатысты бағамын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Ұлттық банк жүргізген ақша-кредит саясаты барлық экономиканың тұрақтануына қолайлы жағдай тудырды. Жалпы ішкі өнімнің құлдырау қарқыны 9%-ға (1994 жылы — 23,7%) дейін кеміді. 1994 жылмен салыстырғанда бірқатар экономика саласында өндіріс дамыды. Сауда балансының сальдосын жақсартатын тенденция анықталды.
1995 жылы, сондай-ақ, Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің ел экономикасын сауықтыру мақсатында ақша-кредит және салық-бюджет саясаттарын үйлестірудегі әрі микроэкономиканы тұрақтандырудағы өзара әрекеті дамып, өз жалғасын тапты. Осының нәтижесінде Қаржы министрлігімен өзара қарым-қатынастың іс-тәжірибесі жақсарып, қаржылық қатынас тәртіпке келді, Қаржы министрлігінің мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің аукционын өткізу бойынша агенттіктің қызметі сәтті орындалып, бюджеттің кассалық қызметін Ұлттық банктен қаржы министрлігінің қазынашысына табыс ету бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді.
Нақты қызметке экономиканың талаптарына жауап беретін баршаға ортақ халықаралық принциптер мен стандарттарды енгізуге мүмкіндік беретін, кешенді шараларды білдіретін банк жүйесінің бухгалтерлік есеп жүйесін реформалау бойынша маңызды жұмыстар одан ары ұзартылды.
Ұлттық банк іс-тәжірибеге шоттардың жаңа жоспарын, бас және қосалқы бухгалтериялар бойынша шоғырландырылған балансты және нормативтік құжаттарды, сонымен бірге, Орталық банктің жүйесіне қажетті бухгалтерлік және статистикалық есепшіліктерді енгізді. Аталмыш жұмыс түрлерін автоматты түрде өндеудің программалық қамтамасыз етуі аяқталды.
1995 жылы банктік қадағалаудың әдістемелік негізін дамытуды қамтамасыз ететін құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілді: атап айтқанда, күмәнді борыштарды өтеуге арналған арнайы резервтерді қалыптастыру, банктерді консервациялау, банктерді ашудың жаңа тәртібі, банк операцияларын лицензиялау, банктерді таратудың қолданыстағы тәртібін өзгерту, ашық валюталық позицияны банктерге енгізу және т.б. жұмыстар.
1995 жылы екінші деңгейдегі банктер жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Банктердің таратылу процесі және олардың қосылу процесі тоқтаған жоқ. Бұған Ұлттық банктің тарапынан екінші деңгейдегі банктерді капиталдандыруға және таратуға байланысты қоятын талаптың күшейтілуі өз ықпалын тигізді. Нәтижесінде банктердің саны бір жылдың ішінде 191-ден 130-ға дейін қысқарады. Олардың құрылымы да көп өзгеріске ұшырады. Мемлекетаралық банктер құрылып, шетелдік (4-тен 6-ға дейін) және біріккен (6-дан 7-ге дейін) банктердің қатары көбейеді.
Банктердің жарғылық қорына қатысты көптеген өзгерістер болды. Жыл басында 535% 5 млн теңге жарғылық қордың 60%-ы банктерге тиесілі болған болса, 1996 жылдың басында оның 35% ғана қалды. 80 млн теңге және одан да көп жарғылық қорға ие банктердің үлес салмағы 11%-дан 30%-ға дейін өсті.
Ұлттық банк Үкіметпен бірігіп, бұрынғы салалық мамандандырылған банктерді қайта құрып, оларды одан ары дамыту бойынша үлкен жұмыстар жүргізді. Агроөнеркәсіптің санациясы аяқталды.
1995 жылы функциялық тұрғыдан мамандандырылған мемлекеттік банктерді қалыптастыру ісі өз жалғасын тапты. Реабилитациялық банк құрылып, жұмысын бастады.
1995 жылғы елдің кредит нарығының даму ерекшелігіне кредит аукциондарының одан ары жетілдірілуі жатады. Осының нәтижесінде кредит аукциондарының ролі көп төмендеп кетті. Банкаралық ақша нарығының ролі артты.
1995 жылы құнды металдар нарығын дамыту қолға алынды. 1995 жылдың 20 шілдесінде қабылданған «Құнды металдарға және асыл тастарға қатысты мемлекеттік тұрғыдан реттеу туралы» заңдық күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің №9372 Жарғысымен елде ендірілген барлық құнды металдардың міндетті сату жүйесінен оларды еркін сату жүйесіне көшуге рұқсат берілді. Қазақстан бұрынғы КСРО ішінде бірінші боп құнды металдардың нарығын ырықтандыруды, яғни, алғашқы қадамды Қазақстан жасады. Жеті банк құнды металдармен операцияларды еткізуге уақытша лицензия алды. 1995 жылдың желтоқсан айында тұңғыш рет сауда-саттығы етті.
Баламалы заңға және осы заманғы техникалық базаға негізделген әрі халықаралық стандарттарға жауап беретін тиімді төлем жүйесін құру барысында бірыңғай саясатты жүргізу үшін 1995 жылы «Қазақстан Республикасында Ұлттық төлем жүйесін жасау және Ұлттық Төлем Кеңесін (ҰТК) құру салаларындағы ынтымақтастық туралы» келісім бекітілді. ҰТК қызметінің негізгі бағытына ҰТК қатысушыларының көп қырлы мүдделері — жауап беретін Ұлттық төлем жүйесінің жобасын әзірлеу, екінші деңгейдегі банктердің жұмысын тұрақтандыруға әрі клиенттерге көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған әдістемелік ұсыныстарды дайындау, халықаралық банк жүйесіне шығу арқылы бірыңғай мемлекетаралық стандарттарға кешу және Ұлттық төлем жүйесіне қатысушы банк мамандарын оқытуға, қауіпсіздік жүйесіне, техникалық және бағдарламалық тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысты әр түрлі мәселелерді шешу.
Екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тиімді пайдалану әрі олардың өтімділігін атыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкісінің қасынан Алматы клиринг палатасы, сондай-ақ, Ұлттық банктің Павлодар, Көкшетау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы басқармасының қасынан клиринг палаталары құрылды.
Қазақстан Республикасында төлем құралдарының тиімділігін арттыру үшін 1995 жылы Ұлттық банк басқармасы мынадай нормативтік құжаттарды әзірлеп бекітті: «Қазақстан Республикасындағы есеп уақытша ереже», «Банктік сервис бюросы туралы уақытша ереже», «Қазақстан Республикасы аумағында дебет және кредит карточкаларын пайдаланумен шетелдік валютада есеп айырысудың уақытша тәртібі». Бұрын бекітілген нормативтік актілерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді: «Қазақстан Республикасында чекпен есеп айырысу туралы ереже», «Чек клирингісін жүргізуге арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық банкісінің клиринг палатасы туралы ереже», «Қазақстан Республикасындағы банкаралық клиринг туралы ереже», «Онкольдық ссуданы ұйымдастырылған нарықта беру/қайтару бойынша операцияларды өткізу жөніндегі ереже».
Бағдарламада қарастырылған банк жүйесін жұмыс істету және реформаны құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша шаралар толық орындалды десе де болады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісі туралы және «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» заңдық күші бар Жарлығы осылайша шықты.
1997 жылдың 6 наурызында ҚР-дың «ҚР Президентінің заңдық күші бар Жарлығына толықтырулар енгізу туралы», «ҚР-дағы банктер мен банк қызметі туралы», 1997 жылдың 28 сәуіріндегі «ҚР-да вексельдік айналыс туралы», 1997 жылдың 11 шілдесіндегі «Банк қызметіне қатысты мәселелер бойынша ҚР-дың біршама заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары қабылданды.