Қазақстандағы банктік реформа. Банк жүйесінің реформасын жүргізудің қажеттілігі (2-бөлігі) — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0
62

Банк жүйесін одан ары реформалау

1995 жылға арналған Қазақстан банк жүйесін реформалау бағдарламасының жүзеге асуы орта мерзімді бағдарламаны әзірлеудің мүмкіндігімен қамтамасыз етті.

Тұтастай алғанда оның мақсаттары мен міндеттері 1995 жылға арналған бағдарламадағы мақсаттар мен міндеттерге ұқсас болды, алайда, елдің орталық банкісі ретінде Ұлттық банктің жинақталған жұмыс тәжірибесі нарықтық экономикаға тән ақша-кредит саясатының құралдарын пайдаланудан экономикасы дамыған елдердің қолданысындағы құралдарды пайдалануға көшуді алдына міндет етіп қойды.

Екінші деңгейдегі банктердің одан ары дамуы, Қазақстанның Ұлттық банк жүйесі және оның қызметтері мыналарды қарастырады:

1. Ақша-кредит тұрғысынан реттеуді тереңдету. Бұл үшін классикалық ақша-кредит құралдарын тиімді пайдалану көзделді: банктердің қайта қаржыландырулар үшін ұсынатын кредиттің мөлшерін реттеу, қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемелерін анықтау, міндетті резервтердің нормаларын белгілеу, валюта нарығында басымдықтарға ие болу, мемлекеттік бағалы қағаздармен және Ұлттық банктің бағалы қағаздарымен операцияларды жүргізу.

24%-дан сәл ғана артық қайтарылатын директивтік кредитті берудің республикадағы жағымсыз тәжірибесі кейін кредиттің берілуін тоқтатады деп болжауға негіз болғандай еді. Бұл байланыста орталықтандырылған кредит банктерге олардың қысқа мерзімді өтімділіктерін қанағаттандыру үшін кредит ресурстарының аукционы, банкаралық нарық, ломбардтық кредиттеу, «Репо» операциялары, вексельдерді кайта есептеу арқылы беріледі.

Аукциондық кредиттің ролі тұтас ақша нарығының дамуына қарай мүлдем төмендеп кетті әрі бұл арна біртіндеп банкаралық нарықтан ысырыла бастады.

Әдетте, ломбардтық кредиттеудің мөлшері өзінің экономикалық мәніне қарай үлкен болмайды, яғни, бұл арада сөз айыппұлдық деп аталатын кредит турасында болып отыр: банктер тек аса қажет болған жағдайда ғана оған жүгінеді.

Ұлттық банк бюджеттің таза кредиттеуінің біртіндеп кемітуде ұйғарылатын Қаржы министрлігімен жаңа өзара қарым-қатынасты орнатуға айрықша назар аударылатын болды. Қаржы министрлігінде бюджет тапшылығын қаржыландыратын ішкі монетарлық көздердің ролі арта бастайды.

Өтелу мерзімі ең ұзақ мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің сатылуын ұйғаратын операциялардың өсе түскенін ескерген Қаржы министрлігі 1998 жылы кредиттеуді тоқтатты.

Ұлттық банк қайта қаржыландырудың мөлшерлемесін жағымды жағынан нақты деңгейден (яғни, инфляцияның деңгейінен жоғары) түсіндірмеуді көздеді әрі ол Бағдарлама әрекетінің соңында ақша сұранысын реттейтін негізгі параметрге (өлшемге) айналады. Ұлттық банк аукциондарының кемуіне қарай әрі банкаралық кредит нарығының дамуына қарай ондағы мөлшерлеме негізгі сілтемеге айналады.

Ақша массасының мөлшерін шектеу, банктердің өтімділігін қолайлы деңгейде қамтамасыз ету мақсаттарында Ұлттық банктегі депозит бөлігіне банктерді міндетті түрде резервтеудің іс-тәжірибесі өз жалғасын табатын болады. Ақша-кредит саясатының бұл құралы банктердің өтімділігін ақшаның мультипликациясын қажетті деңгейде ұстап түру үшін ғана емес, сонымен бірге, шетелдік валютадағы депозиттердің өсім қарқынын әрі мөлшерін реттеу үшін де пайдаланылады. Ұлттық банк және шетелдік валютадағы депозиттерді резервтеудің нормаларын саралау арқылы ахуалдың өзгеруіне өз ықпалын тигізетін болады.

Ұлттық банктің ішкі валюта нарығындағы интервенциясы ішкі валюта нарығындағы қысқа мерзімді өзгерістерден туындайтын барынша азайту мақсатында ғана жүзеге асырылады. Ұлттық банктің сыртқы активтерін жекелеген кезеңдерде ақша-кредит саясатының өзге құралдары айықтыратын (стерилизация) болады. Ұлттық мұнай қоры (2001 жылдың мамыр айында) құрылғалы бері 2005 жылдан бастап салықтар, ренталар, роялтилер және мұнай салаларынан басқа да валюталық төлемдер тікелей түсетін болды.

Негізінен ұлттық банк нотасының эмиссиясы арқылы айықтыру ашық нарықтағы операциялардың орнына қолданылатын болады.

Ұлттық банк мемлекеттік бағалы қағаздардың бүкіл әлемдік даму жолына түскісі келеді. Бастапқы нарықтың дамуына қарай Ұлттық банк ашық нарықтағы операциялардың мөлшерін ұлғайтады және өзі жүргізетін ақша-кредит саясатының көп бөлігін ашық нарықтағы операцияларда қолданатын болады.

Банк жүйесін реформалаудың аясында эмиссиялық-кассалық және инкассаторлық жұмыстар қайтадан құрылатын болады.

Эмиссиялық жұмыс та ақша-кредит айналымын ырықтандыруды ескеру арқылы қайта құрылатын болады.

Екінші деңгейдегі банктерді қолма-қол ақшамен қамтамасыз етуді облыстық (аймақтық) филиалдар пайда болған қажеттіліктердің шегінде жүзеге асырады. Эмиссиялық рұқсат бұдан былай қолданылмайды.

Қолма-қол ақша айналымын ұтымды басқарудың тұжырымдамасын пайдаланып, Ұлттық банктің сақтау орнында тиісті атаулы құндардың банкноттары мен монеталарын оңтайлы мөлшерде құру қарастырылды.

Қолма-қол ақша инкассациясының қызметтері екінші деңгейдегі банктерге біртіндеп табыс етіледі.

2. Алтын-валюта резервтерін валюталық тұрғыдан реттеуді әрі басқаруды жетілдіру. Ұлттық банк шетелдік тәжірибеге, ең бастысы, ұлттық валюта жағдайында жұмыс істейтін елдердің тәжірибесіне сүйеніп, валюта нарығындағы ұсыныс пен сұраныстың арақатынасын бейнелейтін теңгенің бірегейлендірілген валюталық айырбас бағамының саясатын жүргізуді, сондай-ақ, ел экономикасының бәсекеге жарамдылығына және басқа факторларға қатысты баға деңгейін өзгертуді одан ары жалғастыра беруге ниет білдіріп отыр.

Ұлттық банк өтімді валюта нарығын құрудың жинақталған жағымды тәжірибесіне сүйене отырып, экспорттан түскен шетелдік валютадағы түсімдерді кәсіпорындарға сату саласында икемді саясатын жүргізе беретін болады.

Банкаралық валюта нарығында ішкі нарыққа мерзімді операцияларды (своп, форвард, фьючерс, опцион секілді) енгізу үшін жағдай тудыру, ішкі нарықтағы дилингтік операцияларды реттеу бойынша нормативтік базаны әзірлеу, РЕНО, құнды материалдардың айырбасы, ломбардтық валюта кредиті секілді операцияларды енгізуге жағдай жасау ұйғарылды.

Орта мерзімді келешекте алтын-валюта резервтерін басқарудың әзірленген тұжырымдамасының негізінде әр тараптан басқарылатын болады, яғни, екі портфель құрылатын болады: стратегиялық инвестиция портфелі және өтімділіктің тактикалық портфелі.

Бұл арада өтімділіктің тактикалық портфелі валюта бағамының саясатын жүргізу үшін және қысқа мерзімді міндеттемелерді өтеу үшін қажет. Бұл портфельдің табыстылық нормасы тиісті орналастыру мерзімі бойынша ЛИБИД мөлшерлемесімен анықталуы мүмкін. Ақша нарығының құралдары өтімділік портфелінің негізгі құралдары болуы керек.

Стратегиялық портфельдің құрамы Ұлттық банктің орта мерзімді (3 жылдан 5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (3 жылдан 10 жылға дейін) міндеттерімен анықталады. Бұл портфельдің негізгі құралдарына мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының құралдары, орта мерзімді және ұзақ мерзімді депозиттер, сондай-ақ, капитал нарығының өзге де құралдары жатуы мүмкін. Құнды металл активтерінің негізгі үлесі осы портфелден табылуы керек.

3. Банк қызметін реттейтін принциптерді және банктік қадағалаудың жүйесін түбегейлі жақсарту. Бұл мақсатта ҚР Президентінің Жарлығымен Ұлттық банктен ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалай жөніндегі агенттігі бөлініп шықты, ал, Ұлттық банк банктердің қызметін реттеуге әрі қадағалауға қатысады.

Ұлттық банк пен Агенттіктің қазақстандық банктерге қоятын талабы Қадағалау бойынша Базель банк комитетінің халықаралық стандарттарына сәйкес келтіру керек. Әлемнің барлық елі мойындаған стандарттарды қолдану арқылы ғана банктердің қатерге ұшырау қаупіне және банктердің капиталдануына нақты баға бере аламыз әрі бұл екінші деңгейдегі банктерге қатысты Ұлттық банктің және Агенттіктің басшылығында, сондай-ақ, банктің акционерлеріне басшылық еткенде ең орнықты шешімдердің қабылдануына өз ықпалын тигізеді.

Банктерді құру және лицензиялау бойынша Ұлттық банк пен Агенттік талаптарының күшейуі тек қаржы жағдайы тұрақты әрі бәсекеге жарамды қаржы-кредит институттарының ғана нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Өзіндік капитал тапшылығына ұшыраған банктер Ұлттық банк иен агенттікке өздерін қайта капиталдандыру бойынша бағдарламалары мен шараларын ұсынып, олардың қалай орындалып жатқаны жөнінде ұдайы есеп беріп отырады. Капиталдың баламалы деңгейіне қол жеткізе алмаған банктер таратылады немесе банкке қатысы жоқ қаржы мекемесіне айналады.

Сонымен қатар, капитал тапшылығына ұшыраған қандай да бір банкке қатысты Ұлттық банк пен Агенттіктің ұсынатын нақты тәсілдемесі олардың маңызына қарай, олардың нарықтағы депозиттері мен кредиттерінің үлесіне қарай анықталады.

Егер таратылатын болса бүкіл ел экономикасына өзінің зардабын тигізетін аса ірі банктерге ғана Ұлттық банк пен Агенттік қолдау көрсетеді, дәлірегі, ондай ірі банктердің қаржылық тұрғыдан сауығуы үшін кредит берушілердің ең соңғы инстанциясына дейін шығып, барлық қолдан келетін шараларын орындайды.

Сондай-ақ, Ұлттық банк пен Агенттік мұндай банктерді сапалы менеджерлермен қамтамасыз етіп, олардың (банктердің) ағымдағы қаржылық жағдайын қадағалап отырады.

4. Халықаралық стандарттарға көшіруді және бухгалтерлік есепті реформалауды аяқтау. Орта мерзімді кезеңде 1995 жылы басталған банктердегі және Қазақстан Республикасының езге де кредит мекемелеріндегі бухгалтерлік есеп пен есепшілік салаларын бірыңғай әдістемелік саясатпен қамтамасыз ететін банк жүйесінің бухгалтерлік есебін реформалау аяқталды.

Бағдарламаның әрекет ететін мерзімі ішінде Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банктер шотының жаңа жоспарын енгізу толықтай аяқталады әрі оларды ақша-кредит саясатын жүзеге асыру үшін, нормативтік ережелерді орындау үшін, сондай-ақ, қаржылық құралдарды нақты пайдалану бойынша шешімдерді қабылдау үшін талдауға, жоспарлауға және бақылауға пайдаланылатын қаржы нарығының статистикасында, төлем балансының статистикасында, салық-бюджет статистикасында, ұлттық шотта маңызы жоғары жаңа ақпараттарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін халықаралық стандарттарға көшіру жүзеге асырылды. Бұл аталмыш жұмыстар тиісті нормативтік базаларды құрумен, персоналдарды дайындаумен және қайта дайындаумен қатар жүрді.

Осылармен бірге бухгалтерлік есептің жаңа жүйесіне және халықаралық стандарттарға негізделген банк қызметінің ішкі және сыртқы аудитін өткізудің тәртібі туралы нормативтік база әзірленді.

Орта мерзімді бағдарламаларда, сонымен қатар, статистикалық көрсеткіштерді салыстыруға қолайлы әрі халықаралық іс-тәжірибеде кеңінен қолданылатын, ақша, банк статистикаларының көрсеткіштерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін халықаралық стандарттар шотының жаңа жоспарына сәйкес екінші деңгейдегі банктердің статистикалық есеп берулерінің жаңа формаларын әзірлеу және енгізу қарастырылған.

5. Облыстық Ұлттық банк филиалдарының міндеттері. Орта мерзімді кезеңде облыстық банк филиалдарына айрықша назар аударылатын болады. Барлық қайта құрулар Ұлттық банктің облыстық және қалалық филиалдары арқылы жүзеге асырылады.

Облыстық филиалдар Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын облыс аумақтарында бекітілген, жоспарланған шаралардың негізінде жүзеге асырады. Бұл шараларға мыналар да кіреді: орталықтандырылған кредит ресурстарын қарыз алушы банктерге жеткізеді әрі олардың өз мақсаттарына сай пайдаланылуына бақылау жүргізеді.

Ел аймақтарын да қоса ескеріп, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын одан ары жетілдіру көзделіп отыр; Ұлттық банктің облыстық филиалдарына облыс аумақтарында осы нарықтың нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша жауапты міндеттер жүктеледі.

Ұлттық банктің облыстық филиалдары төлем жүйесін жетілдіру бойынша маңызды міндеттерді де орындайды. Олар аралық және ұзақ мерзімді төлем жүйелерін құруға әрі олардың жұмыс істеуіне тікелей қатысады.

Орта мерзімді кезеңде Ұлттық банктің басқару жұмысы біршама кеңейтілетін болады, валюта нарығын дамыту, облыс аумақтарында шетелдік валютаның айырбас пункттерін көбейту көзделіп отыр.

Ұлттық банктің облыстық басқармалары өз ішіндегі және өздері орналасқан аумақта екінші деңгейдегі банктердің бухгалтерлік есеп пен есепшіліктерінің реформасын тікелей жүргізуді қамтамасыз етеді.

Қолма-қол ақша айналымы кеңінен ырықтандырылған жағдайда Ұлттық банктің облыстық филиалдары облыс шаруашылығының қолма-қол ақшаға мұқтаждығын үздіксіз қамтамасыз етудің шараларын жүзеге асырады. Бұл бағытта банкноттар мен монеталардың резервін тасымалдауды, сақтауды және құруды қамтамасыз ететін шаралар қабылданды.

6. Екінші деңгейдегі банктердің жүйесін құру және оларды одан ары дамыту. Қазақстан банк жүйесі екінші деңгейдегі банктерден құралатын болады әрі ломбардты, кредит серіктестігін, трастық, лизингтік, факторингтік фирмаларды, клирингтік палатаны, инвестиция және зейнетақы қорларын және т.б. білдіретін банктік емес қаржы мекемелерінің жүйесімен толықтырылады.

Екінші деңгейдегі банктер капиталдандырудың қажетті деңгейіне қол жеткізу керек әрі корпорациялық бағалы қағаздардағы инвестицияны және ол бойынша дилерлік операцияны ескермегенде барлық банк қызметін жүзеге асырады.

Коммерциялық банктер жүйесімен қатар өзіндік ерекшелігі бар қызметтерімен анықталатын мемлекеттік мамандандырылған банктер де болады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік мамандандырылған банктерге Қазақстан Даму банкі және Тұрғын үй құрылысының жинақ банкісі жатады.

Банк жүйесінің аумақтық тұрғыдан әр түрлі дамуына қарай мынаны айта кету керек: Қазақстанның аса үлкен аумағында банк инфрақұрылымын дамытуға ықпалын тигізетін мүмкін тәсілдердің бәріне пошталық бөлімшелердің желісін пайдалану жатады. Ол арқылы банк қызметінің жекелеген түрлерін ұсынуға болады. Оны (банктің жекелеген қызмет түрлерін) мемлекет, Қазпошта, Ұлттық банк, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды қадағалау және реттеу жөніндегі агенттігі бақылайды.

1998 жылы ҚР Ұлттық банкі «Екінші деңгейдегі банктердің халықаралық стандарттарға көшу мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған орай екінші деңгейдегі 30 банк бірінші топқа жатқызылады — олар 1998 жылдың аяғына дейінгі мерзімде халықаралық стандарттарға толық өтуі тиіс, ал, 30 банк екінші топқа жатқызылады — олар 2000 жылдың соңына дейінгі мерзім ішінде халықаралық стандарттарға көшіп бітуі керек. Қалған 17 банк кредит серіктестігі боп қайтадан құрылады немесе аса ірі банктерге қосылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметі туралы» заңдық күші бар Жарлығына сәйкес Ұлттық банкке банктердің аудитін лицензиялау қызметі жүктеледі. Ұлттық банк банктік аудитті лицензиялау бойынша нормативтік құжаттарды әзірледі. Онда банк аудиторларының жауапкершілігі мен оларға қойылатын талаптар белгіленді. ҚР Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттігі құрылғалы бері бұл қызметі оған жүктеледі.

Банк жүйесін тұрақтандырудың маңызды элементтерінің біріне ұжымдық депозитті сақтандыру жүйесі жатады. Бұл үшін Ұлттық банк банктер ассоциациясы және Қаржы жүйесін қалпына келтіретін принциптер мен тәртіпті анықтаушы нормативтік базаны әзірлеу бойынша бірлесіп жұмыс жүргізді. Ұжымдық депозитті сақтандыру қоры осы жүйеге қатысушы — мемлекеттік бюджеттің қаражатынсыз, ерікті түрде біріккен екінші деңгейдегі банктердің қаражат есебінен құрылды.

7. Елдің қаржы нарығын дамытуға Ұлттық банктің қатысуы.

Кредит нарығы. Ұлттық банк нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен жүзеге асырылатын операциялардың тұрақты түрде өсу тенденциясын және бюджет тапшылығын тікелей кредиттейтін салалардың кемігенін ескеріп, кредитке мұқтаж екінші деңгейдегі банктердің қысқа мерзімді қажеттіліктерін қанағаттандыруға айрықша назар аударады.

Банкаралық ақша нарығы. Банктердің капиталдану деңгейінің артуы, Ұлттық банктің кредит берудегі мүмкіндіктерінің кемуі, банктердің онколдық ссуда нарығындағы қызметін реттейтін ереженің бекітілуі банкаралық ақша нарығындағы операциялардың жандануына және ұлғаюына әкеп соқтырды. Бұл тенденция орта мерзімді кезеңде де сақталды. Бұл жағдайда Ұлттық банктің орта мерзімді бағдарламаны жүзеге асырудағы басты міндеттерінің біріне осы нарықты ең жоғары сапалы деңгейде дамыту жатады. Банкаралық ақша нарығының дамуы банктерге өздерінің өтімділіктеріндегі қысқа мерзімді қажеттіліктерін ұйымдасқан түрде қанаттандыруына немесе уақытша бос ресурстарды сатуға мүмкіндік береді.

Валюта нарығы алдағы кезеңде одан ары дамитын болады. Биржадан тыс валюта нарығының белсенді дамуын ескерсек, айырбас бағамының атаушы құны біршама деңгейде нарық жағдайымен анықталады. Ұлттық банктің интервенциясы әдетте сұраныс пен ұсыныстың қысқа мерзімді және маусымдық ауытқуларын жұмсартумен шектеліп, ақша базасы бойынша параметрлі сақтау қажеттілігінен туындайтын белгілі бір шекке өтеді. Сонымен бірге, айырбас бағамына қатысты саясат ел экономикасының экспорттық және импортты алмастыратын салаларын барынша дамытуға ықпалын тигізетін бәсекеге жарамдылыққа жағдай жасайтын бағытта құрылады.

Валюта форвардтық валюта мәселесін ұлғайту және валюталық тәуекелдіктерді хеджерлейтін құралдарды дамыту бөліктеріндегі банкаралық нарықты тереңдету бағытында дамитын болады.

Құнды металдар нарығы. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің құнды металдар саласындағы қатынасты реттейтін заңдық күші бар Жарлығымен республикада осы қатынастың мемлекеттік монополиясынан мемлекеттік тұрғыдан реттеуге көшіру жүзеге асырылды.

1995 жылдың 20 шілдесінде қабылданған «Құнды металдарға және асыл тастарға қатысты қатынастарды мемлекеттік тұрғыдан реттеу туралы» Президенттің №2372 Жарлығына сәйкес Ұлттық банк құнды металдардың бастапқы саудасының процедураларын әзірледі. Бастапқы сауда-саттық ұйымдастырып, өткізудің нақты тәжірибесін жинақтау, сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара қарым-қатынасты қалыптастыру (яғни, Ұлттық банк осы екі қызметті бастапқы нарықта өзі орындайды), құнды металдар үшін есеп айырысудың іс-тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ, бастапқы сауда-саттық өткізу ережесіндегі жекелеген ережелерді нақтылау бойынша ұсыныстарды әзірлеу басты міндетке айналды. Мұндай жұмыстар одан ары өз жалғасын табатын болады. Мұнда өкілетті банктердің қатары артады, сондай-ақ, сауда-саттыққа тікелей қатысатын басқа заңды тұлғалардың саны да өсуі мүмкін.

Ұлттық банк әр түрлі меншік иелеріне тазартылған құнды металдар мен құнды металдардан жасалған өндірістік-техникалық тағайындаудағы өнімдерді (сым, сұйық алтын, азотта қышқыл күміс) еркін нарықтың бағасымен сату операциясын бастайды деп ұйғарылған болатын. Ал, қайталама нарыққа өз меншігінде құнды металдар мен одан жасалған бұйымдары бар заңды тұлғалар сатушы ретінде қатысуы мүмкін,

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы. Мемлекеттің қазынашылық міндеттеме нарығының динамикалық қалыптасуы мен жұмыс істеу тәжірибесі мынаны көрсетіп берді: оның әлеуетті өсімі бар әрі мөлшері бойынша валюталық нарықпен тең түсетін дербес қаржы нарығына айналды және операцияларының мөлшері кредит ресурстарының нарығындағы операциялардың мөлшерінен асып түседі. Мұны былайша түсіндіруге болады: мемлекеттің қазынашылық міндеттемесі (МҚМ) табысты тартуда сенімді аспап болып табылады және бір операциялық күннің шегінде ол бойынша қайталама нарықта есеп айырысуға болады, Ұлттық банктің, қаржы министрлігінің баламалы әрекеттерімен қалыптасқан салыстырмалы түрде болжауға келетіндігі мен тұрақтылығына байланысты көптеген дилерлер мен инвесторлар нарықта оның қатысушылары орындайтын жұмыстың қарқынына ілесе алмай қалады.

Оның кейінгі өсіміне жағдай жасау үшін қаржы министрлігі айналыс мерзімі ұзақ уақытқа созылатын бағалы қағаздарды шығаруы қажет. Ішінара алғанда, мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы орналасу мөлшері 3 айдан бастап 1 жылдан да көп мерзімге ауыстырылады. Әрбірден соң 12 айлық МҚМ 1996 жылдың өзінде мемлекеттің қысқа мерзімді міндеттемелер нарығының ажырағысыз бөлігіне айналды. Ұлттық банк нотаны шығаруды тоқтатты, оларды тек ерекше жағдайларда ғана шығарады.

МҚМ-мен қатар нарыққа айналыс мерзімі бір жылдан да көп уақытты қамтитын мемлекеттің басқа да пайыздық бағалы қағаздар түрлері (облигациялар) шығарылады.

Осы заманғы, сенімді әрі қорғалған төлем жүйесін түбегейлі жақсартуды да қамтитын мемлекеттік бағалы қағаздардың технологиялық базасын жетілдіру жалғастырылатын болады. Ол өз кезегінде нарықтың географиясын ұлғайтуға, кәсіби қатысушылардың, әлеуетті инвесторлардың қатарын көбейтуге мүмкіндік береді әрі бағалы қағаздардың ай сайынғы бастапқы орналасу мөлшерін күрт арттырады.

Бастапқы нарықтың дамуына қарай мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығы да дамитын болады. Бұл Ұлттық банкке нарықтың өтімділігіне қолдау көрсетумен қатар ақша-кредит саясатына ез әсерін тигізетін ашық нарықтағы операцияларын белсенді жүргізуіне мүмкіндік береді. Бұл жағдайда Ұлттық банк 1996 жылдың өзінде іс-тәжірибеге РЕПО операциясын мемлекеттік бағалы қағаздарды сату және сатып алу үшін енгізілді.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігін арттыру бастапқы дилерлердің өз офисінде нақты уақыт тәртібімен жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін программалық қамтамасыз ету мен есеп айырысудың электрондық жүйесін әзірлеуді аяқтауға септігін тигізеді.

8. Төлем жүйесін жетілдіру. Қазақстан Республикасының төлем жүйесін дамыту әрі жетілдіру Ұлттық банктің Халықаралық валюта қорымен және Бүкіл әлемдік банкпен бірігіп анықталған стратегиясына сәйкес жүзеге асырылады. 1995 жылы басталған төлем жүйесін дамытудың сабақтастығы мәні бойынша аяқталды. Қабылданған стратегияға сәйкес төлем жүйесін құру мен модернизациялау екі кезеңде етеді: бірінші кезеңде республикадағы төлемдердің және есеп айырысулардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін аралық төлем жүйесі (АТЖ) құрылатын болады; екінші кезеңде ұзақ мерзімді төлем жүйесін (ҰТЖ) енгізу аяқталды.

АТЖ үш негізгі жүйеден тұрады:

  • жасырын нақты уақытта аудару жүйесі. Бұл Ұлттық банкке бүкіл Қазақстан аумағында ақша-кредит саясатын тиімді жүргізуіне мүмкіндік береді, ал, екінші деңгейдегі банктер олардың орналасқан орындарына қарамастан қаржы нарығында жұмыс істейтін болады. Бұл жүйе елдің төлем жүйесіне аса ірі соманы аударатын жүйенің ролінде болмақ;
  • үшінші жақтың аудару жүйесі. Ол төлем құралдарының қолданыста бар жиыны бойынша тұтас ел көлемінде және облыс деңгейінде ыңғайласпа төлемнің өзара есеп айырысуын жүргізумен 3 күннің ішінде есеп айырысуды қамтамасыз етеді. Бұл жүйе негізінен азғантай соманы аударуға арналған;
  • мемлекеттік бағалы қағаздардың өтімді, қайталама нарығын шапшаң әрі тиімді дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша есеп айырысу жүйесі (бағалы қағаздарды жеткізу жүйесі).

АТЖ ұзақ мерзімді төлем жүйесін енгізгенге дейін жұмыс істейтін болады. АТЖ-ға жоспарланған ҰТЖ-дың талаптарына жауап бере алатын қажетті инфрақұрылым негіз етіп қаланған. Бұл жағынан АТЖ қолда бар техникалық және программалық құралдарға негізделуі қажет, сонымен бірге ақпараттарды қажетті деңгейде қорғауды қамтамасыз ету үшін оның енгізілуі мен пайдаланылуына көп шығын кетпеуі керек. АТЖ екінші деңгейдегі банктерге олардың жаңа жұмыс жағдайына бейімделуіне көмектесуі тиіс әрі бірыңғай корреспонденттік шотқа және шоттардың жаңа бухгалтерлік жоспарына олардың көшуін жүзеге асыруы қажет.

АТЖ-ды жасау барысында бүгінгі тандағы Қазақстан Республикасының өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, оңтайлы шешімдер әзірленуі керек.

АТЖ-ті құрудың бағдарламасын жүзеге асыру үшін облыстарда филиалдары бар Банкаралық есеп айырысудың қазақстандық орталығы (БЕҚО) бастапқы кезінде — Ұлттық банкте, одан ары қарай — жабық тұрпатындағы Акционерлік қоғамда құрылды.

Оның акционерлері — Ұлттық банк және екінші деңгейдегі аса ірі банктер (тікелей қатысушылар). БЕҚО Қазақстандағы барлық төлемдер мен есеп айырысуларға жауапты. Оған, сондай-ақ аса ірі төлемдерді аударудың жүйесі және ұсақ төлемдер жүйесі де кіреді. Ол республикада пайдаланылатын төлем құралдарының барлық спектрін әзірлеуі тиіс әрі жаңаларын енгізуге жағдай жасауы керек.

Ұзақ мерзімді төлем жүйесін (ҰТЖ) құрудағы негізгі міндет — банк және қаржы секторларын адамдарды есеп айырысқысы келетін күні түпкілікті есегі айырысуға мүмкіндік беретін тиімді әрі қауіпсіз төлем жүйесімен қамтамасыз ету. ҰТЖ бүкіл Қазақстан аумағында Қаржы нарығының, мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздар нарығының толық жұмыс істеуін қамтамсыз етуі керек.

ҰТЖ-дің негізінде Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банктер шотының жаңа бухгалтерлік жоспары, жаңа төлем құралдары, тиісті нормативтік база жатады. Электрондық формада ұсынылатын төлем құжаттары жалпы қабылданған әлемдік стандарттарға сәйкесуі керек әрі ол өнімділігі жоғары техникалық құралдармен және осы заманға бағдарламалық қамтамасыз етулермен құрылған машинада өңделетіндей болуы тиіс.

Әлемдік банк бөлген қаражатқа ҰТЖ-дың қажетті инфрақұрылымы есептеуіш техниканың керекті құралдарын сатып алу, программалық өнімдерді әзірлеу әрі сатып алу, персоналдарды оқыту арқылы құрылады. ҰТЖ қатысушыларына ақпараттарды табыстауға арналатын телекоммуникациялық орта ретінде мәліметтерді хаттама бойынша пакеттер коммуникациясымен табыс ететін желілер пайдаланылады (Х.52) (ВАКККЕТ). Бұл телекоммуникациялық жүйенің қатысушыларына Қазақстан Республикасының банк және қаржы мекемелері жатады әрі ол сенімділік, өнімділік, ақпарат қауіпсіздігі бойынша барлық осы заманғы талаптарға жауап береді.

ҰТЖ операторына Банкаралық есеп айырысудың қазақстандық орталығы жатады. ҰТЖ қатысушылары — Ұлттық банк, екінші деңгейдегі банктер және банктік емес қаржы мекемелері. Олар тікелей және қауымдастырған қатысушылар боп бөлінеді. Тікелей қатысушылардың анықтамасы төлемдердің мөлшеріне (Қазақстан бойынша жалпы төлем мөлшерінің пайызында), жарғылық қордың мөлшеріне, банктердің тұрақтылығына, техникалық талаптарға төтеп бере алатын мүмкіндіктеріне және т.б. негізделеді. Қауымдастырған қатысушылар әз қызметін тікелей қатысушылар арқылы жүзеге асырады.

Аса ірі төлем жүйесі жасырын нақты уақытта мемлекеттік есеп айырысу принципімен жұмыс істейді. Жүзеге асырылған операциялардың бухгалтерлік есебі есеп айырысу шотында көрініс табатын тікелей қатысушылардың жұмыс нәтижесі бойынша Ұлттық банкте жұмыс күні аяқталатын сәтте жүргізіледі.

Ұзақ төлемдер жүйесі төлем құралына тәуелді болатын клирингтік циклдің ішінде азғантай сомадағы төлемдердің үлкен мөлшерін өндеуі керек. Бұл жүйе ірі төлемдер жүйесі арқылы келесі күнге есеп айырысуды жүргізумен нетто-есеп айырысу принципін ұсынады. Басқа аймаққа арналған және ұсақ төлемдер жүйесіне бір аймақ үшін енгізілген төлемдер тек алушы аймақтың шотында ғана көрініс табады. Есеп айырысу күні ағымдағы күнге сәйкесетін әрбір тікелей қатысушыға осы аймақтың таза позициясы барлық төлемдер бойынша есептеледі.

Таза позиция келесі күннің ішінде таза дебеттік позициясы бар қатысушының аймақтық есеп айырысу шотына есеп айырысу шотынан қаражатты аудару арқылы жабылуы керек. Таза кредит позициясына ие банк қаражаты аймақтық есеп айырысу шотынан есеп айырысу шотына аударуы ықтимал.