Қазақстандағы банк жүйесінің даму тарихы — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанның өз банк жүйесі болмады, өйткені республика аумағында КСРО-ның орталықтандырылған кредит жүйесінің филиалдары мен бөлімшелері жұмыс істеді. Сол себепті де банк жүйесінің тарихы КСРО тарихымен және революцияға дейінгі Ресейдің тарихымен ажырағысыз байланыста болды. Патшалық Ресейдің банк жүйесіне мыналар кірді: Мемлекеттік банк, акционерлік банктер, өзара кредит қоғамы, қалалық банктер, ипотекалық кредит банкісі және басқа кредит мекемелері.
Ресейдің Мемлекеттік банкісі (оз қызметін 1860 жылы бастады) бүкіл кредит жүйесінің Орталық банкісі болып табылды. Қағаз ақшаларды айналысқа шығарудың монополиялық құқығы тек осы банкке ғана тиесілі болды. Ресейдің Мемлекеттік банкісі 1914 жылы салым ақшалар мен ағымдағы шоттардың жартысынан көбін, барлық акционерлік — коммерциялық банктердің шамамен 1/3 есептік — ссудалық операцияларын өз жағына тарта білді. Басқа елдердің орталық эмиссиялық банктерден Ресейдің Мемлекеттік банкісінің айырмашылығы: ол тек банктерді ғана емес, сонымен бірге, өнеркәсіпті, сауда-саттықты және т.б. кредиттеледі. 1914 жылы оның 10 кеңсесі, 124 бөлімшесі және 791 басыбайлы мемлекеттік қазынашылық кассасы болды.
Акционерлік — коммерциялық банктердің (743 филиалы бар 47 банк) жағдайы ссудалық капитал нарығында үстем болды және 1914 жылы шоғырланудың жоғары деңгейіне жетті.
Орта және ұсақ буржуйларға қызмет көрсету үшін ұсақ кредит мекемелері жұмыс істеді: өзара кредит қоғамы (11081), қалалық — қоғамдық банк (343).
Ипотекалық кредит жүйесі мемлекеттік — дворяндық жер банкісін және мемлекеттік жер банкісін, 10 акционерлік жер банкісін, 36 қалалық кредит банкісін, басқа да ипотекалық кредит банктерін қамтиды.
Басқадай кредит мекемелерінің арасында деревняның ауқатты тұрғындарына қызмет көрсететін кредит кооперациялары кеңінен тарады. Ол кредит — жинақ кассаларын және кредит серіктестіктерін қамтыды.
Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы банктерді мемлекеттік тұрғыдан монополиялады. Елде мемлекеттік банк құрылды, содан соң, басқа банктер — мемлекетке тиесілі салалық және аумақтық банктер пайда болды. Банк жүйесінің бір буыны — мемлекеттік еңбек — жинақ кассасы. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мемлекеттік банктермен қатар бір мезгілде мемлекеттік емес кредит мекемелері; кооперативтік және жеке меншік, мемлекеттік — капиталистік, оның ішінде, шетелдік капитал қатыстырылған мекемелер құрылды. 1922 жылы кредит және ссуда — жинақ серіктестіктері мен олардың одақтары ұйымдастырылды. Олардың міндетіне деревняларды және майдангерлік өнеркәсіпті өркендету кірді. 1924 жылы ауыл шаруашылық кооперацияларына салым ақшаларды қабылдау, ссуда беру және есеп айырысуда делдал болу секілді формалардағы кредит операцияларын жүргізуге рүқсат берілді. 1926 жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша КСРО-да 16185 серіктестік жұмыс істеген. Оның 2426-сы кредит және сауда — жинақ мекемесі, 12424 — ауыл шаруашылығына арналған кредит мекемесі.
1922 жылы жеке сауда — саттықты, өнеркәсіпті кредиттейтін өзара кредит қоғамы, мемлекеттік — капиталистік әрі акционерлік Оңтүстік-шығыс банкісі және шетелдік капиталдың қатысумен Ресей коммерциялық банкісі құрылды.
Социалистік экономика секторының дамуына қарай кооперативтік және жеке кредит мекемелерінің маңызы кеміп, жұмыс істеуін біржола тоқтатады. Ауыл шаруашылығы ұжымдастырылғанда кредит кооперативтерінің қажеті болмай қалды. Ол 1931 жылы таратылды. Экономиканың жеке секторынан сауда мен өнеркәсіп салаларының ығысуына байланысты өзара кредит қоғамы да өз қызметін тоқтатады. Басқа да кредит органдарының міндеті мемлекеттік салалық банктерге ауысады. Олар 1922-1925 жылдар аралығында құрылған өнеркәсіп банкісі, Цекомбанк, Всекобанк, Орталық ауыл шаруашылық банкісі және басқалары.
КСРО-да жүргізілген кредит реформасының нәтижесінде 1930-1932 жылдары салалық банктер жаңа принциппен ұйымдастырылады. Капитал салымдарын қаржыландыру және кредиттеу бойынша 4 арнайы банк құрылады.
- Өнеркәсіптерді және электр шаруашылығын ұзақ мерзімге кредиттейтін банктен қайта құрылған өнеркәсіптердің және электр шаруашылығының капиталдық құрылысын қаржыландыратын банк (өнеркәсіп). Ол 1959 жылы КСРО Құрылыс банкісі боп қайта ұйымдастырылады.
- Социалистік егіншілікті қаржыландыратын банк (КСРО Ауыл шаруашылық банкісі). Ол көптеген кредит серіктестіктерінің және республикалық ауыл шаруашылық банктерінің орнына құрылды (1959 жылы жабылып, оның қызмет ету аясы КСРО Құрылыс банкісі мен Мемлекеттік банкісіне ауыстырылды).
- Кооперациялардың капиталдық құрылысын қаржыландыратын банк (Всекобанк). Ол Бүкіл ресейлік кооперативтік банкісінің негізінде құрылды (Всекобанк 1936 жылы таратылып, оның активтері мен пассивтері 1959 жылы жабылып қалған КСРО Сауда банкісіне берілді).
- Коммуналдық және тұрғын үй құрылысын қаржыландыратын банк (Цекомбанк); 1959 жылы жабылып, оның қызметі КСРО Мемлекеттік банкісі мен Құрылыс банкісіне берілді.
Осы салалық банктердің барлығы салаларды ұзақ мерзімге кредиттеумен және қаржыландырумен айналысты. Ал, КСРО-ның Мемлекеттік банкісіне халық шаруашылығының барлық саласына арналған қысқа мерзімді кредиттер шоғырландырылды. Барлық кредит жүйесінің орталық әрі жетекші буыны ретінде КСРО Мемлекеттік банксінің ролі өсе түсті. Барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың есеп айырысуға арналған және ағымдағы шоттары КСРО Мемлекеттік банкісіне шоғырландырылды.
Барлық одақтас республикаларда, оның ішінде Қазақстанда барлық банктердің республикалық мекемелері ұйымдастырылды. Бұл арада банк ісін орталықтандырудың принципі қатаң сақталды, банк мекемелері жоғары банк органдарына бағынды, қандай да бір жергілікті мәні бар ереженің енгізілуіне үзілді-кесілді тыйым салынды.
Сондай-ақ, іс-тәжірибеде ақша айналымын тек бір ғана банкте шоғырландыру принципі жүзеге асырылды, яғни, әрбір кәсіпорын, ұйым немесе мекеме есеп айырысу және ағымдағы шотын тек бір ғана банкте аша алатын. Олар өз қаражатын осы банкте сақтады, кредит мен қолма-қол ақшаны осы банктен алды және осы банк арқылы ақшасыз есеп айырысты.
КСРО-да банк реформасы 1987-1988 жылдары жүргізілді. Осы реформаның нәтижесінде КСРО Мемлекеттік банкісінің және КСРО Құрылыс банкісінің негізінде Өнеркәсіп құрылыс банкісі (Промстройбанк), Аграрлық өнеркәсіп банкісі (Агропромбанк) және Әлеуметтік тұрғын үй банкісі (Жилсоцбанк) құрылды. КСРО Мемлекеттік банкісінің құрамына кіретін жинақ касса жүйесінің негізінде Жинақ ақша банкісі құрылды, ал Сыртқы сауда банкісінің негізінде Сыртқы экономика банкісі құрылды, осы тұста КСРО Мемлекеттік банкісі кәсіпорындар мен ұйымдарға кассалық тұрғыдан және кредит — есеп айырысу секілді қызмет көрсетуін тоқтатты. Ол елдің Орталық банкісі боп жарияланды.
КСРО Өнеркәсіп — құрылыс банкісіне (Промстройбанк) кредит саясатын жүргізу, кредит жүйесінің тиімділігін арттыру жүктеліп, капитал салымдарын, сонымен бірге, өнеркәсіптегі, құрылыстағы, көліктегі және байланыстағы, КСРО Мемлекеттік жабдықтаудағы есеп айырысуларды қаржыландыру мен кредиттеу де оның міндетіне кірді. Банк кәсіпорындардың және шаруашылықтың бірлескен салаларының есеп айырысу, ссудалық және басқа да шоттарын жүргізді. Мұндай кешенді кредит — есеп айырысу қызметін аграрлық — өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары үшін — КСРО Аграрлық өнеркәсіп банкісі, сауда мен әлеуметтік салалардағы кәсіпорындар мен ұйымдар үшін — КСРО Әлеуметтік тұрғын үй банкісі жүзеге асырса, ал халыққа КСРО Жинақ банкісі қызмет көрсетті. КСРО Сыртқы экономика банкісі экспорттық және импорттық операциялар бойынша есеп айырысуды ұйымдастырды әрі жүргізді.
Мамандандырылған банктердің құрылымы аймақтық — әкімшілік принципі бойынша құрылды. Одақтас республикаларда республикалық банктер, ал облыстар мен өлкелерде банк басқармалары ұйымдастырылды. Аудан орталықтарында және қалаларда банктердің өз мекемелері болды. Олар бастапқыда мынадай принцип бойынша құрылған болатын: мамандандырылған қай банкінің клиенттері басым аудандарда тек олардың (мамандандырылған банктердің) мекемелері (әр ауданда бір мекемеден) болды. Тек КСРО Жинақ банкісінің ғана мекемелері әрбір ауданда, ұжымшар мен кеңшарда ашылды. Мамандандырылған банктердің (Жинақ банкісінен басқасы) төменгі буындары мамандандырғанына қарамастан өздерінің клиенттері бар аудандарда қызмет көрсетті. Банктердің мамандану мәні тек басқару деңгейінде ғана көрінгені болмаса, олардың төменгі мекемелерінің әмбебап кредит мекемесінен ешқандай айырмашылығы болған жоқ. Олар ауданның барлық клиенттеріне, яғни, кәсіпорындарға, барлық салаларға қызмет көрсетуіне тура келді.
Банктердің санына қарай олардың 4 жоспары болды. Аталмыш банктердің салалық өзгешеліктері өз клиенттерінің әмбебаптығына қайшы келгендіктен, ең алдымен кредит ресурстарына байланысты көптеген проблемалар туындады. Бұл проблемалар бір банктен екіншісіне өзара аймақаралық есеп айырысу жүйесі арқылы құйылатын қаражатқа бақылау болмағандықтан одан ары тереңдеді. Әрбір банк өз ресурстарының шегінде жұмыс істеуі үшін КСРО Мемлекеттік банкісінде ашылған корреспонденттік шот бойынша аймақаралық есеп айырысуға кешуі қажет болды. Мемлекеттен банктен бөлінген коммерциялық банктер әдетте мамандандырылған банк ретінде жұмыс істеді, нақты салаларда (өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы, сыртқы сауда) әрбір банктің оз монополиясы болды. Олар өз кәсіпорындарын көбінесе олардың (кәсіпорындардың) қабілетін, мүмкіндігін және т.б. ескермей өте төменгі пайызбен қаржыландыруды және кредиттеді. Бұл банктердің активтері залалға ұшыраған мемлекеттік кәсіпорындардың мерзімі өтіп кеткен сапасыз ссудаларына ие болды.
Тұтастай алғанда банктерді мамандандыру туралы идея банк жүйесінің жұмысын тығырыққа тіреді, ол монополиялаудан арылмады, кредит тетігіне түбегейлі өзгеріс енгізе алмады, керісінше, үлкен кедергі келтіріп, елеулі шығынды қажет ететін көп буынды болуымен сипатталды. КСРО Мемлекеттік банкісінің ролі де көп төмендеп кетті — ол мамандандырылған банктердің жұмысына елеулі ықпалын тигізе алмады.
Бұл жағдайдан шығудың бірден бір дұрыс жолы — банк реформасын жүргізу, банк жүйесін батыс үлгісіндегі екі деңгейлі ұйымға кешіру.
Банк құрылымын қайта құру үшін Мемлекеттік банктің банк ісі монополиясын жою қажет болды. 1988 жылға дейін орталық, коммерциялық және инвестициялық банктердің қызметтерін орындайтын КСРО Мемлекеттік банкісінің әмбебап кредит мекемесінен еш айырмашылығы болмады десек артық айтпаймыз.
Қазақстандағы КСРО Құрылыс банкісінің республикалық кеңсесі қаладағы — өнеркәсіптегі, көліктегі және шаруашылықтың басқа салаларындағы инвестицияларға қызмет көрсетті. Акционерлік негізде жұмыс істейтін КСРО Сыртқы сауда банкісі валютадағы және валютамен операцияларды жүзеге асырды.
КСРО-ның банк жүйесінде, оның ішінде, Қазақстанда 70 жыл бойы қатаң орталықтандыру мен шоғырландыру саясаты үстемдік етті, кредит — банктік ықпал ету әдістерінде әкімшілік және ұсақ реттемелеу, сондай-ақ шаруашылық органдарының қызметінде де осындай жағымсыз жағдайлар басым болды.
Ақша-кредит қатынасының қалыптасқан іс-тәжірибесі нарық қатынасы тудырған шарттармен сәйкес келмейді.
Социалистік жүйе ғасырлар бойы қалыптасқан қаржы нарығының институттары мен аспаптарын жойды. Утопиялық әрі идеологиялық тұжырымдаманың негізінде КСРО Мемлекеттік банк түрінде орасан үлкен дара банк (монобанк) пирамидасы тұрғызылды. Ол барлық кредит жүйесін өз уысынан шығармады, шынайы бәсекелестікті, тәуекелдіктің бүкіл элементтерін жойды.
1990 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы егемендікке қол жеткізгеннен кейін бірден нарықтық экономиканың талаптарына жауап бере алатын өзінің банк жүйесін құруға кірісті. 1991 жылдың қаңтар айында «Қазақ ССР-інің банктері мен банк қызметі туралы» заң қабылданды. Мәні бойынша бұл заң елдегі банк реформасының бастамасы болды.
Республикалық Мемлекеттік банк Қазақстан Республикасы Ұлттық банкісі боп қайта құрылды. Облыстарда ҚР Ұлттық банктің бөлімшелері ашылды. Республикалық Өнеркәсіп құрылыс банкісі – акционерлік — коммерциялық банк болып табылатын Тұран банкке, Аграрлық өнеркәсіп банкісі – акционерлік — коммерциялық банк болып табылатын Қазақстан Республикасы Аграрлық өнеркәсіп банкісіне, Сыртқы сауда банкісі – акционерлік — коммерциялық банк болып табылатын Әлембанкке, Республика Жинақ банкісі – акционерлік — коммерциялық банк болып табылатын Қазақстан Республикасы Жинақ банкісіне айналды. 1993 жылы бұл банктер акционерлік банктер боп қайта құрылды. ал Жинақ банкісі Қазақстан Республикасының Халық банкісі атауына ие болды.
1989 жылдан бастап алғаш рет коммерциялық, аралас, кооперативтік, жеке меншік банктері пайда болды. Осы жылдары коммерциялық банктер — Интеринвестбанк, КРАМДС банк және т.б. ашылды.