Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (От) мағжан жұмабаев от өлеңі

0

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам.
Өзім — күнмін, өзім — от,
Сөзім, қысық көзімде — от,
Өзіме-өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі — от.
Оттан басқа тәңірі жоқ.

Жалынмен жұмсақ сүйеді,
Сүйген нәрсе күйеді.
Жымиып өзі жорғалар.
Ұшырағанды шоқ қылар,
Шоқ қылар да, жоқ қылар.
Мұның аты От болар.
Мен де отпын — мен жанам.
От — сен, тәңірім, табынам.

Әдемі отпен аспаның,
Бәрі жасық басқаның.
Жалын жұтам — тез тоям.
Әулием, ием, құтыма,
Теңсіз тәңірім отыма
Әлсін-әлсін май құям.
Май құямын — өрлейді.
Құлашын көкке сермейді.

Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын.
Сескенбес, сірә, кім сенен;
Шынында, менің өзім де — от,
Қысылған қара көзім де — от.
Мен — оттанмын, от — менен,
Жалынмын мен, жанамын.
Оттан туған баламын.

Қараңғылық бұққанда,
Қызарып күн шыққанда,
Күн отынан туғанмын;
Жүрегімді, жанымды,
Иманымды, арымды
Жалынменен жуғанмын.
Жүрегім де, жаным да — от,
Иманым да, арым да — от.

Жарқырап от боп туғаннан,
Белімді бекем буғаннан,
Қараңғылық — дұшпаным.
Сол жауызды жоюға,
Соқыр көзін оюға
Талай заулап ұшқанмын,
Әлпіге барғам Алтайдан.
Балқанға барғам Қытайдан…

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам.
Өзім — күнмін, өзім — от,
Сөзім, қысық көзім де — от.
Өзіме-өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі — от,
Оттан басқа тәңірі жоқ.