Қазақша өлең: Есенбай Дүйсенбайұлы (Опыну)
Ұқсағым кеп өзімше Абайларға,
Ұрыс ашып мансапқа малай-қарға,
Талаптының берем деп бағын ашып,
Таяқ жеппін болысып талайларға.
Жалпылдаумен жандай-ақ мәңгі жайнар,
Жақсылықты санаппын сәнді қайнар.
Көңілінен дәметкен Абайлықтың
Көп те екен Дәркембай, Дәндібайлар.
Бауындай деп бәрі де бір ішіктің,
Пенделіктен, әйтеуір, ірі шықтым.
Ол білмесе, бір Құдай біледі деп,
Шаруасына теп-тегін кірісіппін.
Жатақтардың жақыбай қасқалары
Оңай дейді-ау биліктің тас қамалы.
Ақыреттің азабын мен тартам да,
Ат-шапанын алғыстың басқа алады.
Сондықтан да көңілде қапа-қайғы
Бұзауы өлген сиырдай жапалайды…
Көк аттыны көлденең көсем көріп,
Көмектескен бейбақты атамайды.
Tap кешуде талант деп сайрап бақтым,
Тапқаным не? Демеймін қаймақ таптым.
Жазғыратын Құнанбай болмағасын,
Ит-құс ішер судай бір жайдақтаппын.