Қазақша өлең: Абай Құнанбаев (Асқа, тойға баратұғын)
Асқа, тойға баратұғын,
Жаны асығып, жас жігіт.
Қолға кетті жауға бір күн,
Тірі адамның ісі — үміт.
Қозғады жау батыр ерді,
Жауға сойқан салғалы.
Қалыңдығы қала берді,
Жатыр еді алғалы.
Асықсаң да, шырағым,
Саған деген құданың
Жазылған қандай жарлығы,
Есіткен жоқ қүлағың.
Қалыңдық құшып, сүюге,
Күйеуіне ынтызар.
Келісімен тиюге,
Дайындалған ойы бар.
Көйлегін ақтан тіккіштеп,
Күні-түні дем алмай,
Бітіруге жүр күштеп,
Асыққансып, тоқталмай.
Сен асыққан екен деп,
Алла әмірін өзгертпес.
Айтқаның болар ма екен деп,
Мен қорқамын, көз жетпес.
Жара басты кеудені,
Жаудан өлді ар үшін.
Ескермей өзге дүниені,
«Аһ!» деп өтті жар үшін.
Жамандық тұрмас күттіріп,
Ел есітті, қыз білді.
Ақ көйлекті бітіріп,
Кебінім деп киді, өлді…
Қол жетпеген некені
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,
Қосылмақ онда бар ма екен?
Шыны ғашық жар болса,
Неге өлдім деп налымас.
Онда екеуі кез келсе,
Бірін бірі танымас.