Платон туралы мәлімет (өмірбаяны) | туралы қазақша

0

Платон (біздің дәуірімізге дейінгі 428/427-348/347 жылдар) — грек философы және ақыны. Ол Афинада белгілі ақсүйектің отбасында дүниеге келген. Шын аты — Аристокл. Платон «жауырыны қақпақтай» деген қосымша лақап атқа жас кезінде, күреске түсіп, балуан болып жүрген кезінде ие болған. Ол тамаша білім алып шыққан. Бәлкім, гераклиттік Кратилдің дәрістерін тыңдаған болуы керек. Ол сол кезде Анаксагордың Афинада кеңінен танымал болған шығармаларын жақсы білген, Протагордың және басқа да софистердің әңгімелерін тыңдаған. 407 жылы Сократқа шәкірт болды. Онымен алғашқы әңгімелескеннен кейін-ақ өзінің ең жақын дионисшіл достары үшін әзірлеген қасіретнамалық тетралогиясын (төрт бөлімді шығармасын) өртеп жіберді. Содан соң сегіз жыл бойы өзінің сүйікті ұстазынан қол үзген жоқ. Бұл байланыс Сократ сотқа тартылып, 399 жылы Афина түрмесінде у ішіп өлгенге дейін жалғасты.


Платон
Платон

Ұстазына шығарылған қатал үкімнің өзгермейтініне көзі жеткен және өз өмірі үшін де қауіп-қатер төнгенін сезген Платон Афинадан Мегарага, одан соң Мысырға, Киренаға қашып барды (онда Аристиппен және математик Феодормен танысты). Ол жақтан тікелей Оңтүстік Италияға — элеатизмнің (Парменид, элейлік Зенон) және пифогоризмнің (Пифагор) бесігіне барды, ол жақтан аз уақытқа болса да Афинаға қайтып оралды. Содан соң Италияға тағы кетті. Тарентте атақты пифагоршыл Архитке, ал Локрда Тимейге жолықты. 388 жылдың шамасында Платон Сицилияға, Сиракузаға кетті. Онда I Үлкен Дионисий билік ететін еді. Платонның философиясына қолдау білдіруші Дионисийдің туысы Дион болды. Бірақ Платон онда мемлекетті билеп-төстеуші тиранмен ерегісіп қалып, ол елден де қуылып кетті. Афинаға қайтып келгеннен кейін онда философия мектебі — атақты «Академияның» негізін қалады.

367 жылы Сиракузада Үлкен Дионисий қайтыс болды. Сөйтіп, Платон Дионның жеке өзінің өтініші бойынша сиракузалық тирандардың сарайына қайтып оралды. Бірақ билікке қолы жеткен Кіші Дионисий мұның ықпалына берілген жоқ. Сөйтіп, таққа отырған кемеңгер философ әрі әділ патша басқаратын мемлекет туралы аңсаған арманым жузеге асатын болар-ау деп үміт артқан Платон Сиракуза тирандарының (билеп-төстеушілерінің) қарауына тағы да қайтып барды. Бірақ ол арманы жүзеге аспады. Кіші Дионисий алғашқыда философ Платонды жылы ниетпен жақсы қарсы алғанымен және оның іліміне назар аударғанымен, ақырында оны Сицилиядан кетуге мәжбүр етті, ал Дионды қастандық жасауы мүмкін деген күдікпен жер аударыл, қуғынға ұшыратты. 361 жылы Платон Дионның және пифагорлықтардың өтініші бойынша, Сицилияға ең соңғы рет, яғни үшінші рет қайтып оралды. Бірақ тиран (елдің билеп-төстеушісі) Дионның елге қайтып баруына рұқсат етпегені былай тұрсын, тіпті оның дүние-мүлкін түгел төркіледі. Сиракузада тұтқында отырған Платон Архиттің көмегі арқасында ғана мемлекет аумағынан сыртқа кетуге мүмкіндік алды. Афинаға қайтып оралғаннан кейін ол өмірінің соңғы күндеріне дейін «Академияға» басшылық етумен болды.

Шамасы, Платонның барлық ғылыми шығармасы бізге дейін түгел жеткен болуы керек. 9 тетралогияға бөлінетін ол шығармалар бізге Платон философиясының бүкіл даму жолын айқын көрсетеді. Қазір ол шығармалар жүйелі түрде төрт толқа біріктірілген. Олар: сократтық, орта (платондың және ортаплатондық) және кейінгі топтар. 1) «Евтифрон», «Сократты қорғау», «Критон», «Феаг», «Лахет», «Лисид», «Хармид», «Протагор», «I Алквиад», «II Алквиад»; 2) «Горгий», «Менрн», «Евтидем», «Кратил», «Кіші Гиппий»,. «Үлкен Гиппий», «Ион», «Менексен»; 3) «Теәтет», «Софист», «Парменид», «Филеб», «Пир», «Федр», «Федон», «Тимей», «Критий»; 4) «Мемлекет», «Саясаткер », «Заңдар », «Заңның соңы» және « Хаттар » Платонның аздаған поэзиясы да сақталған.

Алғашқы кезеңдегі диалогтарында Сократтың атқаратын рөлі күшті. Платон өзінің сұхбаттасымен бірге этикалық ұғымдарды топтастыра жіктейді, қандай анықтамаларды ақиқат ретінде қабылдауға болмайтынын атап көрсетеді, қарсыласының пікірін быт-шыт етіп жоққа шығарады, әр түрлі әрекеттерді қайталап тексерумен болады (өйткені олардың ешқайсысына да көңілі толып қанағаттану дегенді білмейді). Сөйтіп, әдетте мәселенің басын ашық қалдырып отырады. (кейіннен скептик атаулылардың бәрі де Платонның осы қағидасына сілтеме жасауды әдетке айналдырып алды). Бұл жерде әлі идеялар туралы әңгіме жоқ.

Орта кезеңдегі диалогтер («Пир», «Федр», «Мемлекет») көркемдік сапасы жағынан неғұрлым жетілдірілген. Солардың құрылысы айқын, поэтикалық жігер беруші күші зор. Платон оларда өзінің идеализмінің принциптерін негіздейді. Ол идеализмнің айқын жақтаушысы етіп Сократты көрсетеді.

Соңғы кезеңдегі шығармалары мазмұны жағынан идеялар туралы түрі өзгертілген (модификацияланған) ілімге құрылған (мысалы, әлемдік Жан туралы — «Филеб», «Тимей»). Сократ бұл шығармаларында тыңдаушының рөлін атқарады, ал «Заңдарда» мүлдем қатыспайды..

Платонның барлық философиялың шығармалары, «Сократты қорғауды» және «Хаттарды» қоспағанда, философиялық толғаулар түрінде жазылған. Платон әдеби прозада осы жанрдың негізін қалаушы деп саналады.

Платонның «Академиядағы» қызметі саясаткерлер мен заңгерлер үшін тәрбие алатын үлкен мектепке айналды. Оның Сиракузаға барған үш сапары және екі ұлы шығармасы — «Мемлекет» пен «Заңдар» — Платонның өмірдегі ең басты міндеттерінің бірі — мемлекеттік құрылысты жетілдіріп, жақсарта түсу болғанын көрсетеді. Адамдар арман еткен мемлекет туралы теорияны ол бәрінен де бұрын «Мемлекет» және «Заңдар» деген шығармаларында дамытты. «Мемлекет», — деп атап көрсетті Платон, — бейбітшілік пен өділеттілік идеяларына қызмет етуі тиіс. Оның негізгі үш қызметіне сәйкес (басқару ісі, адамдардың мүддесі мен құқығын қорғау және материалдық игіліктерді өндіру) халық үш топқа (кастаға) бөлінеді. Олар: билік басындағы кемеңгер философтар, жауынгерлер және қолөнершілер. Әділетті мемлекеттік құрылыс солардың бірлескен жарасымды өмір сүруін қамтамасыз етуі керек».

Пайдаланылған әдебиет: Ежелгі дуниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы: 4 томдық / Құраст. А.Н. Гаркавец. — Астана: Фолиант, 2007. Т.1: Ертедегі грек авторлары Ұлы Дала туралы / Қазақ тіліне ауд. М. Ілес, Ә. Шашаев. — 2007. — 464 б.

#Платон #туралы #мәлімет #өмірбаяны