Сыпыра жырау туралы мәлімет | туралы қазақша

0
205

Қазақ халқының ежелгі жыраулық дәстүрінің басында тұрған шығармашылық ұлы тұлға — Сыпыра жырау Сұрғалтайұлы. Академик В.М. Жирмунский оны шығармашылық тұлға ретінде «Қырымның қырық батыры» атанатын ноғайлы дәуірінің ұланғайыр көл-көсір жәдігерлігінің басында тұратын ұлы жырау деп біледі. Кейінгі Абыл, Нұрым, Мұрат, Қашағандар арқылы жалғасып келіп, Мұрын Сеңгірбеков айтуымен елге жеткен аталмыш туындының жай-күйі туралы ілгері-кейінді пікір айтқандар да, сондай-ақ, Сыпыра жырау аты мен шығармашылығына қатысты лебіз білдіргендердің (С.Мұқанов, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев, X. Сүйіншәлиев, С. Садырбаев, Қ. Сыдиықов, М. Мағауин, О. Нұрмағамбетова, Ж.Тілепов, т.б.) қай-қайсысы да жалпы оны өмірде болған адам деп біледі.

Ол туралы қазақ ғалымдары ішінде 1905 жылғы Ш. Уәлихановтың, 1927 жылы Қ. Сәтбаевтың жинақтарына сүйене отырып алғашқы рет мейлінше орнықты пікір айтқан адам -қазақ әдебиетінің классигі, өткен ғасырдың жиырмасыншыотызыншы жылдарындағы көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин.

XIV ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарындағы Алтынорданың атақты билеушісі Тоқтамыс хан заманындағы жырау лебізіне елінің ділгер болғандығына — оның Тоқтамыс пен Едігенің араздасқан кезінде айтқан сөздері дәлел.

Ел билеушісі, яғни Тоқтамыс хан Алтынорданың іргесін шайқалтқалы тұрған аласапыранның алдында талай ақылгөйлерінің пікірлерін тыңдайды. Бірақ ешқайсысының сөзі көкейіне қонбайды. Тоқтамыс хан болғаныменен, оған өзі билеп отырған қалың ноғайлының осы сәттегі өз көкейіндегі ойды тауып айтатын өз перзенті, яки ноғайлы әулетінен шыққан дуалы ауызды жанның лебізі керек еді. Сол сөзді, Тоқтамыстың көкейіндегі ойды Сыпыра жырау тап басып айтады. Оның бұл лебізі, алайда, Тоқтамыстың жылы көзқарасында болуды мақсат еткен арзан ақыл иесінің толғанысы емес екені кімге болса да түсінікті. Ш. Уәлиханов хатқа түсіріп, 1905 жылы жарық көрген, сондай-ақ, кейіннен «Ер Едіге» деген атпен Москвадан Қ. Сәтбаев бастыртып шығарған жинақтардағы Едіге батыр Тоқтамыс қарамағынан қашып шыққаннан кейін Ноғайлының ауыр жұрты абдырайды. Сонда Тоқтамыс тоғыз ерін алдырып ақыл сұрайды. Бәрінің де сөзін жақтыртпайды, ең соңында Сыпыра жырауды алып келуге пәрмен етеді.

Жыраудың өз сөзіне күдіктенбей сенер болсақ, ол 180 жасқа келген кісі. Өзі жэне ел ішіндегі осы бір аласапыран оқиғаны көтере алмағандай, Тоқтамыс ханға берер соңғы кеңесін айтады да көз жұмады. Оның 1227 жылы өмірден өткен атақты Шыңғыс ханға дейінгі, одан кейінгі біраз хандарды алдынан өткергендігіне толық сену, сенбеу ол оқырманның өзінің ісі. Қалай болғанда да, осы жырау — Тоқтамыс пен Едіге заманында қанша жасқа келсе де, сол уалаят өкілдерінің ішіндегі бірден-бір аузы уәлі абыз ақсақалы. Жасы жағынан да көпті көрген көнесі. Сондықтан да оның сарай ішіндегілердің алауыздығынан кейін атақты Темір билеушіге кеткен Едігені өзінің осы уақытқа дейінгі көргендерінің ішіндегі теңдесі жоқ айбынды ері етіп бейнелеуі көп нәрсені аңғартады. Сол арқылы ол Едігенің дүниеге сирек келетін жандардың тегінен екендігіне де, бұл араздасудан кейін ұлысты ұлы дүрбелең күтіп тұрғандығына да кепілдік береді. Ал, айтқан сөздерінің бәрі көріпкелдің лебізіндей.

Сыпыра жырау айтқан болжамдардың бәрі тарихта айна-қатесіз келеді. Едіге барғаннан кейін Темір әмірші Алтын Орда билеушісі Тоқтамысқа қарсы қалың қол шығарады. Тоқтамыс әскері жеңіледі. Елдің билігі Едігеге көшеді. Тоқтамыстың қызын Едіге тоқалдыққа алады. Бірақ, Тоқтамыс қызының аты Қашкей де, Тінікей де емес Жанике болатын.

Алтын Орда билеушісі мен Едіге бидің араздасқан уақыты — Тоқтамыстың 1393 жылы Ягайлаға Дон бойынан хатқа түсіртіп жіберген пәрмен-жарлығында 1391 жыл деп көрсетілген. Демек, Сыпыра жырау куә болып отырған оқиғаның тарихта болғаны рас. Атақты «Ер Едіге» атты тарихи жырда ұзақ сонар толғау айтатын абыз жырау осы туындының дүниеге келуіне қандай үлес қосты, ол өз алдына мәселе. Әйтеуір, қалай болғанда да ол сол кездегі тақ иесі Тоқтамысты да, оның ұлысын да, қасында жүрген достары мен дұшпандарын да қапысыз танитын адам. Ал, оның қасында жүргендер кімдер еді? Олар — Қарақыпшақ Қобыланды, арғын Қарақожа батырлар5. Қобыландының кім екендігін тарихшылар да, әдебиетшілер де аз жазған жоқ. Ал, Қарақожа атты батыр біздің эпос зерттеушілеріміздің де, тарихшыларымыздың да назары түспеген тарихи қаһармандардың қатарына жатады.

Осыған қарап, әйтсе де оны эпос авторының қиялының арқасында дүниеге келген кейіпкер деуге болмайды. Өйткені, атақты тарихшымыз Қадырғали Қосымұлы Жалаиридың: «Едіге… Темір бектің әскерін бастап келіп, Тоқтамыс ханды қашырды. Темір бек күшінен (сипатынан) Тоқтамыш хан Солтүстік тарапқа қашты… Қарауылға Ятым батырды, одан кейін Тобал батырды, одан кейін арғын Қарақожаны қойды. Өздері бірнеше нөкерлерімен (дем алуға) жатып еді. Едіге -Кучук ұлы Нураддин әскер қолбасшысы еді. Ол қарауылды, әуелі Ятым батырды, содан соң бәрін қапысын тауып өлтірді. Хан нөкерлерімен бейқам еді, олар дағы опат болды», — дейтін, Тоқтамыс ханның тағынан айрылғаннан кейінгі тағдырынан хабардар ететін тұсында аты мен тегі айқын айтылатын адам осы кісі. Демек, бұл мәліметке қарағанда ол — Тоқтамыстың жанында ақырғы демі таусылғанша, яки 1406 жылға дейін, бірге болған сенімді серігі. Оның билеушісіне беріле қызмет еткен көптің бірі емес екендігіне Қадырғали Қосымұлы Жалаиридан екі ғасыр бұрын өткен Шереф-ад-дин Иезди де Қарақожаның 1405 жылдың қаңтар айында Темір эміршіге Тоқтамыс атынан елші болып келгендігі арқылы куәлік береді. Осыған қарағанда ол өз қандастарының топ бастаған көсемі, сөз бастаған шешені екені күмәнсіз.

«Ер Едіге» жырында сипатталатын Қобыланды мен Қарақожа шыққан Қыпшақ пен Арғын руларының бүгінгі қазақ ұлтының негізін құраған қабырғалы қауым екені белгілі. Бұл ретте Сыпыра жырауды қазақ жырауы, жыр кейіпкерлерін қазақ азаматтарының арғы аталары деуге болады. Бірақ, қазіргі қазақ ұлтын құрайтын кейбір рулардың жекелеген аталары өзбек, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар сияқты өзімізбен туыстас өзге халықтардың да құрамында кездесетіндігі рас.

Сондықтан тек осы жырда ғана емес, жалпы сол дәуірлердің әдеби мұраларында ұлыстың аты атала ма, тегінде соған да назар аудару керек сияқты. Өйткені, 1022 жылы орыс князі Мстислав Владимировичпен соғысқан, 1223 жылы монғолдар шапқыншылығы кезінде де «косог» атанып жүрген жеке жұрттың келесі ғасырда, яки, Тоқтамыс хан заманында мүлдем жер бетінен тегіс жойылып кетуі мүмкін емес. Ондай жағдайда оның араға жарты ғасыр өткенде Жәнібек пен Керейді өзіне хан көтеріп, табан астынан іргелі елдікке ие бола қалуының өзі күмәнді болған болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер: Тілепов Жұмат — Ел мүддесі — ерлер еншісі. Ғылыми зерттеулер. Үш томдық шығармалар жинағы: 2 — том. — Алматы: «Дәуір-Кітап» баспасы, 2017. — 384 бет.

#Сыпыра #жырау #туралы #мәлімет