Остеоартроз туралы мәлімет | туралы қазақша
Остеоартроз — бұл буын шеміршегінде дегенеративті сипаттағы өзгерістер пайда болатын, және шеміршектерін жоғалтқан сүйектер мен буындар бірін-бірі қажайтын ауру. Күні бүгін остеоартроздан толық жазылу мүмкін емес, алайда симптоматикалық емдеу тиімді болуы мүмкін.
«Остеоартроз» термині шеміршек тіндерінің жоғалуымен, әрі қарай оған жанаса біткен сүйек бөліктерінің өзгеруімен сипатталатын буын ауруларын айту үшін пайдаланылады. Алайда остеоартроздың дәл анықтамасы жоқ, өйткені ол әртүрлі түрде білінеді: ауруының барлық белгілері рентгенмен анықталған кейбір адамдар ештеңені сезбейді, басқалары рентгенде шеміршек тінінде ешқандай өзгерістер байқалмаса да, ауырсынуды және дімкәстікті бастан өткереді.
Остеоартроз егде жастағы көп адамдардың ұдайы серігіне айналады. Егер олардың жамбас-сан буындары зақымданса, онда дүкенге барып келудің өзі қиынға түсетін болады.
Остеоартроз денедегі буындарды барлығын дерлік зақымдауы мүмкін, бұл ең көп таралған буын ауруларының бірі — статистика бойынша 55 жастан асқан жеті адамның біреуі остеоартрозбен зақымданған және жас ұлғайған сайын ауыру ықтималдылығы да жоғарылайды.
Буын шеміршегінің дегенерациясы
Тек жарақаттанғандар мен хирургтің араласуын қажет еткен жағдайларды қоспағанда, қалыпты жағдайда буындар тозбайды. Остеоартроз үнемі денеге салмақ түсетіндерде, мысалы, кәсіби спортшыларда жиі кездеседі. Сүйектер арасындағы буындардың өзіндік буфері болып табылатын шеміршекте дегенеративті өзгерістер жүреді. Уақыт өте келе шеміршек жұқарады және қатая бастайды. Шеміршек тіні біртіндеп тозады, және төсеніштерінен айырылған сүйектер де бір-бірін қажап, деформацияланады. Зақымданған сүйектер мен зақымданған буындардың айналасындағы ісінген жұмсақ тіндер ауыртады және дімкәс етеді.
Остеоартроз ауруының себептері
Ғалымдарға остеоартрозбен ауырудың нақты себебін анықтаудың сәті түспеді, алайда осы ауру жағдайының даму қаупін арттыратын бірнеше факторларды атап көрсетуге болады:
- Жасы — 40 жастан кіші адамдарда осы аурудың симптомдары сирек кездеседі. Бұл көзқараспен келіспейтіндер болса да, кейбір зерттеушілер «остеоартроз — организмнің жалпы тозуының табиғи нәтижесі» деп шамалайды.
- Жынысы — остеоартрит ер адамдарға қарағанда әйелдерді көбірек зақымдайды, әсіресе олардың тізе буындарының аймағы осалдау келеді.
- Семіздік — салмағы үлкен адамдар қауіп аймағында болады, себебі оларда буындарға түсетін салмақ ұлғаяды.
- Ескі жарақат — остеоартроздың дамуына көбіне түрткі болатын буынның ескі жарақаты (мысалы, спортпен шұғылданғанда алған). Қауіп тобында буындарына хирургиялық операция жасатқандар да болады (айталық, шеміршекті алып тастағанда).
- Бұрыннан тірек-қимыл аппаратында проблемалардың — ревматоидты артрит, Паже ауруы (сүйектердің формасын өзгертуі) немесе подагра сияқты аурулардың болуы остеоартрозға бейімділікті айғақтайды.
- Кәсіби қауіп — кәсіби қызметі біркелкі қозғалыстың қайталануымен және буындарға түсетін салмақ жоғары болатын адамдардың, айталық фермерлердің, остеоартрозбен ауыру мүмкіндігі артады.
- Генетикалық бейімділік — нодальды (түйіндік) артроз деген атпен белгілі ауру, әдетте отбасының барлық мүшелерін зақымдайды.
Остеоартроздың түрлері
Остеоартроз іс жүзінде денедегі кез қелген буынды зақымдауы мүмкін, алайда сандағы, тізедегі, қолдағы және аяқтың бас бармағындағы буындар осал болады. Дәрігерлер буындардың зақымдану басымдығына қарай, остеоартроздың бірнеше түрлерін бөледі.
Ірі буындардың остеоартрозы
«Ірі буындардың артрозы» термині жамбас-сан және тізе буынының остеоартрозын белгілеу үшін пайдаланылады. Аурудың осы түрі бар адамдарда қозғалу қабілеті көбіне шектеулі болады. Жамбас-сан буыны остеоартрозына тән ерекшелік оның бір жағын ғана зақымдау болып табылады, әрі қарай аурудың кейінгі сатыларында ол екінші буынына ұласатыны шындық. Тізе буынының остеоартрозы көбіне әйелдерде жиі кездеседі және әдетте екі буынды бірден зақымдайды, емделушіде аяқтардың қисаюы жиі дамиды және соның салдары ретінде қозғалу мүмкіндігінен толықтай дерлік айырылады.
Түйінді остеоартроз
Түйінді остеоартроз (саусақ буындарының остеоартрозы) көбіне әйелдерде дамиды. Буындарда қабыну үдерістері әдетте менопауза кезінде басталады. Ауру саусақ буындарын бірінен соң бірін зақымдайды және ұзақ уақыт бойы жалғасады. Бірнеше жылдан кейін қабыну құбылыстары тоқтап, сүйек тіндері қалыңдайды, бұл Геберден түйіндері деп аталады. Алайда буындардың мұндай өзгерісі кедергі келтірмейді, ауыртпайды және қол саусақтарының қимылдауын шектемейді, бірақ түйінді остеоартроздың болуы — бүл ересектеу жаста тізе буыны остеоартрозының дамуы мүмкін екендігін айғақтайтын қауіп факторы.
Кристалды остеоартроз
Зақымданған шеміршектің кальцийдің кристалды тұздарының жиналуынан кристалды остеоартроз (хондрокальциноз) деп аталады. Ол әдеттегідей тізені және білезікті зақымдайды.
Спондилез
Остеоартроз омыртқааралық дискінің фиброзды сақинасының сыртқы бөлімдерінің дистрофиялық өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл ауру спондилез ретінде белгілі. Ол мойыннан бастап омыртқаның кез келген бөлімін зақымдауға қабілетті. Кейде дененің алдыңғы жағындағы омыртқа аймағында сүйек өсінділері — остеофиттер пайда болады, олар жүйкені қысуы мүмкін. Аурудың бұл типі симптомсыз өтеді және дамудың кеш сатысында ғана білінетін болады. Шындығында, рентгенологиялық зерттеулер егде және қарттық жасындағы адамдардың барлығында дерлік спондилез белгілерін тапты.
Остеоартроздың симптомдары және белгілері
Остеоартроз симптомдары аурудың дамуына орай біртіндеп білінеді. Анальгетиктер, стероидты инъекциялар, физиотерапия және кейбір қосымша емдік препараттар науқастың жағдайын жеңілдете алады.
Остеоартрозда симптомдардың нақты анықталған жинағы жоқ, әрбір жеке адамда бұл ауру жекелей білінеді. Кейбір адамдар ауруды немесе аурудың қандай да бір белгілерін басынан өткермейді, басқа біреулері, керісінше, аурудан және қозғала алмаудан зардап шегеді.
Әдетте остеоартроз баяу дамиды, алдымен адамның ауруын айғақтайтын жеке симптомдар пайда болмас бұрын жылдар өтеді.
Остеоартроздың белгілері және симптомдары:
- буындардың ауруы және сіресуі, олар қозғалғанда және күн аяғында күшейеді;
- зақымданған аяқ-қолдардың қимылдауы шектеледі;
- қозғалғанда «сықыр» және «шықыр»;
- ауру буынды қоршап жатқан бұлшықеттердің әлсіздігі;
- буын буынішілік сұйықтық мөлшерінің ұлғаюынан немесе остеофиттердің (сүйек өскіндерінің) түзілуінен ісінуі мүмкін.
- Арқаның ауруы — омыртқалар мен омыртқаның төменгі жағы өте жиі зақымданады. Егер қатты өсіп кеткен сүйек жүйкені қысса, әлсіздік дамуы мүмкін.
Остеоартроз біртіндеп күшеюі мүмкін, ауру симптомдары да аздап ұлғаяды. Ең қарапайым әрекеттер — таңертең төсектен тұрып, басқыштармен төмен қарай түскеннен бастап науқас ауырсына бастайды. Осы сатыда тек операция араласымының жәрдемімен ғана тиімді емделе алады.
Остеоартрозды емдеу
Қазіргі таңда остеоартрозда дегенеративті өзгерістерді толық тоқтата алатын дәрілердің жоқтығын түсіну маңызды. Алайда кешенді ем оның көріністерін, негізінен ауруын қайтарады және ауру барысын баяулатады. Емдеу мыналарды қамтуы мүмкін:
- Ауруды басатын дәрілер -анальгетиктер, яғни парацетамол, жағдайды жеңілдетіп және оның нәтижесінде буындардың қозғалғыштығын жақсарта алады. Буын қабынғанда қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер, айталық, ибупрофен жәрдемдесе алады. Олар таблетка түрінде қолданылады немесе ауру буынға гель түрінде жағылады.
- Стероидты инъекциялар — күшті ауруларда дәрігер буындардың ішіне тікелей стероидты препараттардың инъекциясын тағайындауы мүмкін. Әдеттегідей, ауру бірнеше апта уақытқа басылады.
- Жеңіл физиотерапия — ол буынның қимылсыздығын азайтуға жәрдемдесуі мүмкін. Зақымданған буынды қоршап жатқан бұлшықеттерді нығайтатын дене жаттығулары да пайдалы.
- Операциялық емес қосымша ем — остеопатия, хиропрактика және акупунктура да науқастың жай-күйін жеңілдетуі мүмкін.
Остеоартрозды операциялық емдеу
Егер ем жеңілдік әкелмесе, онда жалғыз ғана жол — операциялық ем. Буындарды, әсіресе тізе және жамбас-сан буындарын алмастыру өте тиімді, осындай операциялар әдістемесі ұдайы жетілдіріледі. Алайда хирургиялық араласымда кейбір асқынулардың қаупі мыналар — жұқпаның еніп кетуі және жасанды буынның кейін әлсізденуі. Қауіп ең төмен болса да, барлық басқа дәрілер науқасқа жеңілдік әкелмесе ғана операциялық араласым жасауға тура келеді.
Остеоартрозды алдын алу
Остеоартроз табылған көптеген адамдар келешек туралы уайымға берілген. Олар уақыт өте келе осы ауру мүгедектікке әкеп соғуы мүмкін деп қорқады. Шынында да, остеоартроз барлық буындарды сирек зақымдайды, ал дұрыс таңдап алынған дәрілер ауру симптомдарын жоя алады. Уақыт өте келе көптеген емделушілердің жағдайы едәуір жақсарады. Алайда қарапайым алдын алу шаралары остеоартроздың даму ықтималдылығын азайтатынын, ал ол болған жағдайда ауру барысын жеңілдететіндігін білу маңызды.
Қазіргі таңда көптеген зерттеулер жүргізілуде, олардың жәрдемімен ғалымдар салауатты өмір салтымен, тамақтанумен және остеоартрозбен аурудың арасындағы өзара байланысты анықтауға тырысуда. Ғалымдар бүгінде әлі де қандай да бір емдәмнің емдеу барысында жағымды әсер етуіне қатысты нақты кеңестер бере алмайды, алайда жекелеген емделушілер жеңілдегенін сезеді, өзінің тамақтану дағдысын өзгертеді немесе белгілі бір тағамдардан бас тартады. Барлық науқастар үшін артық салмақтан құтылу өмірлік маңызды, өйткені артық салмақ буындарға түсетін жүктемені арттырады, ал бүл олардың жағдайының асқынуына әкеледі.
Дене жаттығулары
Остеоартрозоен ауыратындар буындарына зиян келтіріп алудан немесе аурудан қашып, дене жаттығуларымен айналысуды жиі тоқтатады. Әрбір жекелеген жағдайда толық тыныштық пен шамадан тыс дене жаттығулары арасындағы қажетті теңгерімді табу маңызды. Мамандар мұндай жағдайда буындарды жаттығулар сериясы жәрдемімен жақсарту үшін «аздап және жиі» принципін үстануға, бірақ ауру ұстамасын туындатпау үшін мүны өте ұзақ жасамауға кеңес береді.
Науқастар үшін өте тиімді жаттығу — жүзу, өйткені буындар жұмыс жасап тұрғанда су денені сүйемелдеп тұрады. Гидротерапиялық хауыздарды, әсіресе остеоартроздың ауыр түрлеріне шалдыққан емделушілердің пайдалануына кеңес беріледі. Буындарды қоршап жатқан бұлшықеттерді нығайту да қажет. Дәрігер-физиотерапевт жаттығулардың тиісті курсын таңдай алады. Мысалы, тізе буындары зақымданған емделушілерге сан аймағындағы негізгі төрт бұлшықетті нығайтуға кеңес береді.
Ауруды басатын дәрілер
Әдетте ауруды басатын дәрілермен қатар науқастар буындарын электрожылытқыштардың немесе ішінде ыстық суы бар бөтелкелердің көмегімен жылытады. Кейбір жақпамайлар аурудан айықтырып, теріде жағымды сезім тудырады. Буын қабынғанда ауырған жерге матаға оралған мұз басу арқылы да жағдайды жеңілдетуте болады.
Үйдегі ең қарапайым жұмыстың өзі науқас үшін қиындық келтіруі мүмкін, сондықтан оларға әртүрлі тұрмыстық аспаптар, мысалы, ваннаға арналған арнайы отырғыштар жәрдемдеседі.
#Остеоартроз #туралы #мәлімет