Өлең: Қадыр Мырза Али (Жаңғалақтар) » ZHARAR
Ойнай-ойнай зеріккен
Ерік, Берік, Серікпен
Ертең ерте оянып,
Қармақ алып, тор алып,
Балық аулап қайтпақшы
Болған еді, айтпақшы…
Ертең ерте ертемен
Ерік барып Берікке,
Берік барып Серікке,
Серік барып Ерікке,
Кездеспек боп қалайда
Келіскен-ді алайда…
Алакеуім таң атты,
Ауылды әтеш оятты.
Ерік барды Берікке,
Берік барды Серікке,
Серік барды Ерікке,
Мұндай қызық көріп пе?!
Ерік барса Берік жоқ,
Берік барса Серік жоқ,
Серік барса Ерік жоқ,—
Бірі барса бірі жоқ.
Үшеуі де сандалды,
Бұл қалай деп таң қалды.
Не болғанын сезбеді,
Бірін бірі іздеді.
Ақырында із кесіп,
Талма түсте кездесіп,
Тәлтиісіп тұрысты,
Таласпауға тырысты.
— Ауламай-ақ балықты,
Шаңқай түс боп қалыпты,—
Деді бірі байыпты,—
Осыған кім айыпты?!
— Жарар енді, кетейік,
Шалқар көлге жетейік!
Ақыры олар жол жүріп,
Аз ғана емес, мол жүріп,
Шыдап ыстық, шөліңе,
Жетсе шалқар көліңе.
Ұмытыпты қармақты,
Тістеді олар бармақты.
— Теңдес болар күшіміз,
Қайыссымыз кішіміз,
Сол әкелсін қармақты!—
Деп ұзыны зар қақты.
Жатып тұрып таласты,
Жастарын кеп санасты.
Ерік айтты:— Мен үлкен!
Берік айтты:— Мен үлкен!
Серік айтты:— Мен үлкен!—
Болды сөйтіп бәрі үлкен.
— Сонда, достар, қармаққа
Көлеңкеміз бармақ па?!
— Балық үшін келгенбіз,
Қайыссымыз үлкенбіз,
Сол әкелсін қармақты!—
Деп кішісі зар қақты.
Жатып тұрып таласты,
Жастарын кеп санасты.
Серік айтты:— Мен кіші!
Берік айтты:— Мен кіші!
Ерік айтты:— Мен кіші!—
Білмей қойдым кім кіші.
— Сонда, достар, қармаққа
Көлеңкеміз бармақ па?!—
Бір-бірімен келіспей,
Бір-біріне көніспей,
Қармақ үшін керекті
Үшеуі ақыр бір кетті.
Сағат деген үш болды,
Жолда жүру күш болды.
Әжептәуір жол жүріп,
Аз ғана емес, мол жүріп,
Алып қармақ-құралды,
Тағы үшеуі оралды.
Бұл жолы олар «ұқыпты»
Жем дегенді ұмытты.
Қолдарына қалбыр ап,
Иықтары салбырап,
Кетті үшеуі жем іздеп,
Құйды жаңбыр бір кезде.
Суға малып алғандай
Болды достар малмамдай.
Сөйтіп жүріп кеш болды,
Еңбектері еш болды.
Жейделері жабысып,
Амалдарын тауысып,
Үшеуі аштан бұралды,
Құралақан оралды!
Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!
Дереккөз: zharar.com