Өлең: Күләш Ахметова (Жас күніммен сырласу)

0

Өлең: Күләш Ахметова (Жас күніммен сырласу) казакша Өлең: Күләш Ахметова (Жас күніммен сырласу) на казахском языке

Бәрі жақсы болса деппін мен баста,
Жанымды ашып жалбақтаппын жолдасқа.
Бәрі жақсы болса деумен шаршаппын,
Бәлкім, енді бәрі жақсы болмас та.
Жұртқа ұнадым,
Өз көңілім пәс бүгін.
Тасқа барып соғылғандай тасқыным.
Бауырларды,
Жақынды ойлап,
Жасыппын,
Жарқ-жұрқ етіп жайнамапты жастығым.
Тебіренсем, тежеппін де сезімді,
Айтпаппын-ау айтқым келген сөзімді.
Отқа, суға түсіппін де жағдаймен,
Ойламаппын денсаулықты, өзімді.
Жан сыздаса, жұрттан болған жоқ көмек,
Көлеңкесін жайды жалғыз көк терек.
Дос өкпелеп қалмасын деп тілеппін,
Бір көрмеппін өзім жанға өкпелеп.
Балаға да сөйлеппін-ау абайлап,
Кешіккенге қалыппын-ау қарайлап.
Демалыссыз жүгіріппін туысқа,
Ешкім бірақ жүгірмепті мені ойлап.
Елдің жақсы деген сөзі неге сеп,
Көкірек тым тартыппын-ау ересек.
Кеткен күндер жалынымды кемітті,
Кім біледі не берерін келешек.
Көрмей жиі бауыр, сезім, досты-ай,
Мен бозарсам, бозарыпты қосыла Ай.
Барлығын да үйлестірем деппін мен,
Біздің жағдай осылай да осылай…
Барлығын да үйлестірем дегенің
Қате болған, дейді, үйлеспей өлеңім.
Өмір деген кеме болса, тағдыры
Дауылдарға тәуелді екен кеменің.
Тірлік қамы.
Таудан тағы асты күн.
Неге жиі жүрегімді басты мұң?!
Сені ойламай, қамқор боппын басқаға,
Кешір мені, жабырқаған жастығым!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!