Объективтік идеализм — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Маркстың айтуы бойынша классикалық неміс философиясы буржуазиялық революцияның ой жүзіндегі көрінісі іспеттес. Бұл пікірі Кант философиясына да, Гегель философиясына да ортақ. Бұл орайда айта кететін жәйт, Гегель Канттың тікелей ізбасары болған жоқ. Арада Фихте, Шеллинг сияқты көрнекті ойшылдар неміс философиясының даму барысында өз үлестерін қосқан-ды.
Гегельдің алғаш рет жарыққа шыққан еңбегі «Фихте мен Шеллингтің философиялық жүйелерінің арасындағы айырмашылық» деп аталады. Оны жазуға себеп болған нәрсе біріншіден, Шеллинг Фихтені қүр қайталайды деген жаңсақ пікір болса, екіншіден, жалпы неміс философиясындағы төңкерістік сарын жоғалуға айналды деген тұжырым. Гегельдің пікірінше неміс философиясында төңкерісшіл сарын тереңдей түсуде, ал Францияда көптен бері айтылып жүрген неміс философиясының тоқырауы туралы кереғар пікірді ескермесе де болады. Өйткені, Кант бастаған іс дәйектілікпен жалғасуда, неміс философиясының болашағы жарқын дейді, Гегель. Өткен тармақта айтылғанындай Кант алғаш рет таным теориясында сана белсеңділігіне тұжырымдап, таным енжар сипатта болады деген түсініктің тамырына балта шапқан еді. Алайда, Канттың пікірінше адамзат заттармен тікелей қатынасқа түспейді, тек құбылыстар әлемімен байланыса алады, ал құбылыстар әлемі дегеніміз «өзіндік заттың» сезім мүшелеріне тигізетін әсерінің салдарынан туындайтын түйсіктер жиынтығы. Демек, құбылыстар әлемі — адамзаттың танымдық қабілеті арқылы қалыптасатын түйсіктер жиынтығы. Генрих Гейне бұл орайда Кантты Коперникпен салыстырған. Бұрын, дейді ол, парасат күн секілді құбылыстар әлемін айнала ұшып жүріп, оларға өз нұрын сеуіп жарық беруге тырысатын еді, ал Кант парасатты тоқтатып қойды да құбылыстарды оны айналып ұшуға қосты, енді құбылыстар — күннің парасаттың шеңберіне ендеу дәрежесіне қарай сәулелене алатын болды.
Кант пен Фихте диалектикалық ойлауды субъективтік идеализмнің негізінде жүзеге асырмақ болған-ды. Фихте Канттың табиғатты зейіннен тыс қалдырғаны үшін қарсы шықты. Спинозаның субстанциясын да жақтырған жоқ. Шеллинг шексіз ой туралы жаңа тұжырым жасады. Шексіз ой — субъективтік пен объективтіктің бірлігі мен күресі. Фихтемен салыстырғанда Шеллинг табиғаттық дамуды да мойындайды. Шексіз ой субъективтік пен объективтіктің барабарлығы ретінде — тезис болып табылады. Одан антитезис — табиғат қалыптасады. Ал табиғаттан шексіз ой, субъективтік пен объективтіктің жаңа, жоғары дәрежедегі барабарлығы ретінде, пайда болады. Жалпақ тілмен айтқанда мұны былайша түсіну керек: дүниенің түпнегізі — объективтік рух (тезис). Табиғат оның сөніп қалған түрі (антитезис). Табиғаттағы даму — рухтың ояна бастап, санасыздықтан саналылыққа қарай жетілу барысы іспеттес. Бұл дамудың, немесе жетілудің шыңы ~ адамның санасы (синтез).
Рух өзінің рух екенін адам санасында ғана біле алады. Гегельге Фихтеден гөрі Шеллинг философиясы ұнайды. Ол субъективтік идеализмді де, қасаң материализмді де қатты сынаған. Олардың екеуі де сыңар жақтықтан арылмаған күйкі философиялық ағымдар. Субъективтік идеализм объектінің өзіндік болмысын жоққа шығарады, қасаң материализм сананың белсенділігін мойындамайды.
Гегель (1770-1831) Штутгарт қаласында туылып, Тюбинген университетіне жоғары білім алады. Жас Гегель француз революциясын шын ниетімен қарсы алғанымен, якобиншілерді жактырмады. Иена университетінде профессорлық қызмет атқарып жүрген кезінде Шеллингпен кездесіп, пікір алысып жүрді де кейіннен өзінің философиялық жүйесін қалыптастыруға ден қойды. 1809-1816 жылдары Нюрнбергте гимназия директоры болын жұмыс істеді. Өзінің ең негізгі еңбегі «Логика ғылымын» осы кезеңде жазған-ды. Аз уақыт Гейдельберг университетінде лекция оқып, 1818 жылдан өмірінің аяғына дейін Берлин
Шеллинг университетінің философия кафедрасының меңгерушісі болды. Гегель философиясы неміс идеализмінің шарықтау шыңы және соңғы сатысы іспетті. Энгельс бұл туралы Гегельдің өлшеусіз кең саланы қамтығанын, күні бүгінге дейін таңқаларлық ой байлығын дамытқандығын айтады : «Рух феноменологиясын (мұны рух эмбриологиясы мен палеонтологиясының параллелі деп, адам санасының тарихи өткен сатыларын қысқаша қайталау ретінде қаралатын жеке адам санасының тарихи өткен сатыларын қысқаша қайталау ретінде қаралатын жеке адам санасының әр алуан сатыдағы дамуының бейнеленуі деп атауға болар еді), логиканы, табиғат философиясын, өзінің жеке-жеке тарихи бөлімшелері: тарих, право, дін философиясы, философия тарихы, эстетика жөне т.б. бойынша жасалған рух философиясын алсақ, — міне осы әр алуан тарихи салалардың әрқайсысында Гегель дамудың осы сала арқылы өтетін арқауын тауып көрсетуге тырысады. Ал Гегельдің шығармашылық данышпандығы ғана болып қоймай, оның үстіне энциклопедиялық оқымыстылығы да болғандықтан, оның айтқаны барлық жерде бірдей заман табысы болды.
«Системаның» қажеттері оны зорлық конструкциялар жасауға екінің бірінде дерлік мәжбүр етіп отырғандығы өзінен-өзі түсінікті, бұл жөнінде оның түкке тұрғысыз дұшпандары осы кезге дейін сұмдық айқай-шу көтеріп жүр. Бірақ бұл конструкциялар оның тұрғызған ғимаратының жақтаулары мен құрылысқа пайдаланған сатылары ғана ғой. Кімде-кім ойларына оншалықты тоқталып жатпай, зәулім ғимараттың ішіне тереңдей енетін болса, ол адам оның ішінен осы күнге дейін өзінің толық құндылығын сақтап отырған қисапсыз қазынаға кездеседі»
Философияның негізгі мәселесін Гегель объективтік идеализм тұрғысынан шешеді. Дүниенің түпнегізі — объективтік рух. Ол мәңгі, адамның санасынан тыс және оған тәуелсіз өмір сүреді. Ал табиғат болса осы рухтың туындысы. Объективтік рух кейде абсолюттік идея, кейде абсолюттік рух, ал кейде құдіретті сана деп те аталады. Гегель классикалық неміс философиясының дәстүрлі бағыттарын ілгері дамыта отырып, ұғымдар диалектикасына көбірек көңіл бөледі. Оған дейін диалектика бір жүйеге түспеген еді. Өзіне дейінгі неміс философиясының және оз заманындағы жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін таразыдай отырып, Гегель өзінің диалектикалық тәсілін жан-жақты негіздеді. Осы негіздеу барысында философия тарихындағы субъективтік идеализм мен метафизикалық материализмді өткір сынға алды. Әсіресе, ол Кант философиясының өзіне керекті жақтарын ілгері дамыта отырып, оның»өзіндік зат» сияқты материалистік сарынын түбірімен алып тастап, танымдық теориясын, атап айтқанда, агностицизмін өлтіре сынады. Әсіресе, оның шүйліккені — Канттың «өзіндік заттарды о дүниелік деп, сондықтан біздің санамызға танымал болуы мүмкін емес» деген тұжырымы. Объективтік идеалист ретінде Гегель құбылыстар мен «өзіндік заттардың» арасындағы Кант соққан кедергіні жұлып тастап, оларды танып-білуге әбден болатындығын мәлімдейді.
Юм мен Кант құбылыстарды олардың мәнінен ажыратып алып, өздерінің агностицизмін негіздеген еді. Гегель, керісінше, олардың диалектикалық бірлікте болатындығын, құбылыстар арқылы мәнді танып-білуге болатындығын тұжырымдады. Әрі диалектиканы таным теориясына қолдана отырып, Гегель категориялардың тек қана ойлау формалары ғана емес, сонымен қатар олардың мазмұны болатындығын, соның арқасында ойлау ақиқатты танып-білетінін атап көрсеткен.
Гегель Фихтені де қатты сынаған. Әсіресе, оның қатты шүйліккен тұсы — Фихтенің бүкіл табиғатты «Мәннен» туындатуға тырысатындығы. Гегель мұндай әрекетті «бишаралық тыраштану» деп атаған. Фихтемен салыстырмалы қарағанда «Гегельдің абсолюттік идеализмі табиғатты абсолюттік идеяның тек «басқаша болмысы» деп есептеп, адам жоқ кездегі жердің, табиғаттың, физикалық дүниенің бар болғанын мойындайды.
Екінші жағынан Гегель Шеллингтің табиғат туралы түсінігін жоққа шығарады. Егер Шеллинг табиғатты белгісіз тылсым рухани күштің көрінісі ретінде қарастырса, Гегель, керісінше, табиғатты ақыл иесі әлемдік рухтың басқаша болмысы ретінде қарастырады. Ойлау дегеніміз табиғаттың бейнесі емес, керісінше, табиғат ойлаудың қатқыш түрі ғана, демек ойлау Гегел философиясында дербес, жасампаз рухани күшке айналады. Ойлау мен табиғаттың арасында асу бермейтін өткел жоқ, екеуі де әлемдік рухтың әртүрлі көріністері. Сондықтан да ойлау философияның шынайы зерттеу пәні болып есептеледі.
Марксизм классиктері Гегель философиясының бір-біріне кереғар екі жағын атап көрсеткен. Олар оның диалектикалық тәсілі мен догмалық философиялық жүйесі. Диалектикалық тәсіл бір — бірін даму үстінде қарастыруды талап ететін болса, философиялық жүйесі дамуды тұздап, сақтап қоюға бағытталған. Атап айтқанда, философия өз дамуын Гегель жүйесінде тоқтатуы тиіс, себебі ол абсолюттік ақиқат, одан әрі ештеңені де танып-білудің қажеті жоқ, себебі әлемдік рух өзін Гегель философиясында толық танып-білген болып шығады. Бұл туралы Ф.Энгельс былай дейді: «Гегель система құруға мәжбүр болды, ал философиялық система әріден келе жатқан әдет бойынша, белгілі бір түрдегі абсолюттік ақиқатпен аяқталуға тиіс болды. Әсіресе өзінің «Логикасында» осы мәңгілік ақиқат дегеніміз логикалық (тиісінше тарихи) процестің өзінен басқа еш нәрсе емес деп атап көрсетіп отырған Гегель, — міне осы Гегельдің өзі бұл процесті аяқтауға мәжбүр болдым деп біледі, өйткені өз системасын оның әйтеуір бір нәрсемен аяқтауы керек еді ғой. «Логикада» ол осы аяқталуды қайтадан бастау ете алады, өйткені онда соңғы тиянақ, абсолюттік идея — абсолюттік идея болып отырғаны оның ол жайында мүлдем ештеңе айта алмайтын болғандығынан ғана, — өзін табиғатқа «өзгертеді» (яғни айналдырады), ал одан кейін рухта, — яғни ойлауда және тарихта, тағы да өзіне-өзі қайта оралады. Бірақ бүкіл философияның аяғында бастапқы күйіне бұлай қайта оралу үшін бір ғана жол қалатын еді. Атап айтқанда, тарихтың соңын өзінше былай ұғыну керек болатын: адамзат нақ осы абсолюттік идеяны тануға жетеді, сөйтіп абсолюттік бұл тануға Гегель философиясы жетті деп жариялайды. Бірақ мұның өзі Гегель системасының бүкіл догмалық мазмұнын абсолюттік ақиқат деп жариялау, сөйтіп оны догмалық нәрселердің бәрін қирататын диалектикалық методына қайшы келу болып шығатын еді. Мұның өзі философиялық таным саласында ғана емес, сонымен қатар тарихи практикада да өлшеусіз өсіп кеткен консервативтік жағынан салмағымен революциялық жағын тұншықтырып тастау болып шықты».
Гегель философиялық жүйесінің ұлан-ғайырлығын әрі оның жасанды жолмен қалай жасалғандығын бұдан жақсы ешкім де айта алмас еді. Гегель жүйесінің схемалық көрінісі:
I Логика (тезис)
1. Болмыс туралы ілім (сезімдік айқындық)
2. Мән туралы ілім (өзіндік таным)
3. Ұғым туралы ілім (барабарлық)
II Табиғат философиясы (антитезис)
1. Механизм
2. Химиям
3.Организм
III Рух философиясы (синтезис)
1. Субъективтік рух (жеке сана)
2.Объективтік рух (азаматтық коғам, тарих)
3. Абсолюттік рух (мемлекет, дін, философия)
Бұл кестеден көріп отырғанымыздай Гегель өз философиялық жүйесін «үштік» (триада) қағидасының негізінде құрған. Ол «терістеуді терістеу» аталатын диалектикалық заңның қағидасы. Гегельдің философиялық жүйесі үш бөлімнен тұрады:
1) Логика;
2) Табиғат философиясы;
3) Рух философиясы. Гегель өзінің «Логика ғылымы» атты еңбегінде абсолюттік идеяны, әлемдік рухты табиғаттың да қоғамның да түпнегізі ретінде қарастыратын негізгі қағидасының ауқымында философиялық жүйесінің бірінші бөлімін және өзінің зерттеу тәсілі — ұғымдар диалектикасын тұжырымдады. Абсолюттік идея дегеніміз табиғаттың пайда болғандығына дейінгі әлемдік рух. Ал табиғат әлемдік рухтың басқаша болмысы, тек осы сатыдан өткеннен кейін ғана «әлемдік рух абсолюттік рухқа айналады».
Гегельдің табиғат философиясы табиғат құбылыстарын идеалистік тұрғыдан пайымдайтын ілім. Ал жүйенің үшінші бөлімі — «Рух философиясы» негізінен қоғамдық өмірдің мәселелерін қамтиды. Мысалы, бұл бөлімге психология, антропология, феноменология т.б. кіреді. Осы бөлімде Гегельдікі философияның зерттеу тиесілі мен жүйесінің арасындағы қайшылық шырқау шыңына жетеді.
Өзінің «Логика ғылымында» Гегель зерттеу тәсілін тұжырымдағанын жоғарыда атап өткен едік. Оның пікірінше, логиканың пәні абсолюттік идеяның өзіндік дамуы болғанға керек, олай болса, тәсіл (метод) дегеніміз әлемдік рухтың әртүрлі формаларының ауысып отыруы немесе ұғымдардың ауысып отыруы. Логика дегеніміз білімнің кең ауқымда дамуы. Гегельдің бұл тұжырымы өте маңызды ойлаудың метафизикалық тәсілін аластататын тұжырым болды. Гегельдің пікірінше. ұғымдардың дәйектілікпен қозғалуы олардың өзара байланысы мен ішкі айырмашылықтардың пайда болып отыруына қатысты. Ұғымдардың диалектикалық дамуының себебі — олардың өз ішінде өздерін теріске шығару мүмкіндігінің бар екендігінде.
В.И.Ленин Гегельдің ұғымдар диалектикасы арқылы табиғат пен қоғамның даму диалектикасын болжай алғандығын атап көрсеткен еді, ал ұғымдар байланысы арқылы әлемдік процестердің өзара байланысын пайымдай алған-ды. Ал, оның логикасының құрылымында (болмыс, мән, ұғым) адамдар танымының диалектикасына меңзеу көрініс береді.
Гегель философиялық жүйесінің бірінші бөлімі — болмыс туралы ілім үш тармақтан тұрады: сапа, сан және өлшем. Гегельдің пікірінше, әлемдік рухтың болмыс саласындағы дамуы — сапа, сан, өлшем ұғымдарының дәйектілікпен ауысып отыруы деген сөз. Олар — адам санасынан тыс, әрі оған тәуелсіз. Сөйтіп, Гегельдің болмыс туралы ілімі идеалистік жүйенің негізі болып табылады. Алайда, бұл жерде үш диалектикалық ойды атап өтуге болады:
1) ұғымдардың өзара байланысы;
2) ұғымдардың қалыптасуы;
3) ұғымдардың бір-біріне ауысып отыруы (сапаның — санға, санның сапаға).
Гегель болмыс ұғымын даму, қозғалыс үстіндегі абсолюттік идеяның алғашқы анықтамасы ретінде қалыптастырған. Логика «таза болмыстан» басталады. «Таза болмыс» «бей болмысқа» (ештеңе де емес) барабар. Әйтсе де, олардың айырмашылықтары бар, соның арқасында «таза болмыстың»»бей болмысқа» жөне керісінше, «бей болмыстың» «таза болмысқа» ауысып отыратын жағдай туады. Міне, осы жерден-ақ Гегельдің идеалистік жүйесінің қандай жасанды, келеңсіз жолмен жасалынғандығын байқауға болады. Гегель болмысты материалдық дүние ретінде қарастырмайды, керісінше дерексізденген ұғым ретінде пайымдайды. Ал ұғымдарға келетін болсақ, онда олар объективтік шындықты санадағы бейнеленуінің нәтижелері емес, керісінше, дербес тіршілік иелері. Алайда, жасандылығына, идеалистік сипатына қарамастан Гегельдің болмыс туралы ілімінде терең диалектикалық тұжырым бар. Ол — жалпыға бірдей даму идеясы, қалыптасу, бір-біріне ауысып отыру идеясы.
Қалыптасу идеясымен Гегель сапа мен сан ұғымдарының бір-біріне үздіксіз ауысып отыратындығымен тығыз байланыстырады. Әрине, әңгіме заттар мен құбылыстардың шынайы сапалары мен қасиеттері туралы болып отырған жоқ. Сапа мен санды Гегель болмыстың «анықтамалары» ретінде қарастырады. Сапа болмыстың ішкі анықтылығы, әр нәрсенің ерекшелігі сапаға байланысты. Ал болмыстың келесі сатысы — сан, болмыстың сыртқы анықтылығы. Гегель мынадай мысал келтіреді. Кей үлкен болсын, кіші болсын үй болып қала береді. Сапа ұғымы сан ұғымына ауысады және керісінше, сан ұғымы сапа ұғымына ауысады. Осы қозғалыстың нәтижесінде «өлшем» ұғымы пайда болады. Ол — сапа мен санның бірлігі. Әр заттың өзіне тән қасиеттері болады. Заттың сапасын бір қасиеті емес, қасиеттер жиынтығы анықтайды. Гегель гүлді мысалға келтіреді. Егер гүл исінен айырылса, онда да гүл болып қала береді, демек гүлдік сапасын жоғалтпайды. Әр зат, әр құбылыс өз өлшемінде көркейеді, ал өлшем дегеніміз әр заттың сапасы мен санының нақтылы бірлігі. Гегель осы тұжырымын дәлелдеу үшін өмірден, химия саласынан көптеген мысалдар келтіреді. Солардың бірі — судың өз агрегаттық күйін (сапасын) сақтауы жөніндегі мысал. Айталық, су қайнау температурасына жеткенде буға айналып, қату температурасына жеткенде мұзға айналады. Демек, заттар мен құбылыстар сандық өзгерістерге өз өлшемі аралығында ұшыраса, онда оның сапасы өзгермейді, ал егер ондай саңдық өзгерістер өлшемнен асып кетсе, онда ол заттың сапасы өзгереді. Сандық және сапалық өзгерістердің өзара ауысып отыруы кейде сезілмей де қалуы мүмкін. Мұндай «құйтұрқылықты» Гегель ертедегі гректердің де білгенін еске салады. Олар осыған орай қызық ойлар да айтқан. Әсіресе, сапа мен санның ара қайшылығына назар аударған. Мысалы олар мынадай сұрақ қойған: Егер адамның бір тал шашын жұлып алса, онда сол адамды таз деп айтуға бола ма? — деп. Үстірт қарасақ, «жоқ» деп жауап беру керек сияқты. Ал шын мәнісінде бір тал шашты жұлғаннан соң таз болып қалу жағдайына жету де мүмкін сияқты, әрине, оның алдында біршама шаш жұлынған болса.
Сайып келгенде, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне жөне керісінше, сапа өзгерістерінің сан өзгерістеріне үздіксіз ауысып отыру заңдылығы өзгеру дамудың қалай жүзеге асатынын көрсетеді. Сан өзгерістерінен кейінгі сапаның өзгеруі дегеніміз ескі сапаның жойылып кетуі емес, жаңа сапаның пайда болуы және жаңа өлшемнің қалыптасуы. Мұндай даму секірусіз болмақ емес. Дамудың өзі дәйектіліктің, бірте-біртеліктің үзіліп, секірме арқылы жаңа сатыға көтерілуі және бұл процесс тоқтамайды, әрі қарай шексіз кете береді.
Сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне айналып отыру заңын тұжырымдаған Гегель, Энгельстің пікірінше тарихи ерлік жасады. Бірақ та ол бұл заңның шынайы мазмұнын ашып бере алмады. Оның ауқымы тек ойлау шеңберімен ғана шектеді.
«Логика ғылымының» екінші бөлімінде Гегель мән туралы ілімін өрнектеген. Идеалистік диалектиканың талабына сәйкес болмыс ұғымы «өлшем» категориясында өзінің кемеліне келген соң, кезекті мәнге береді. Әлемдік рух сөйтіп, жаңа әрі терең, әрі нақтылы «анықтамаға» ие болады. Гегельдің бұл ұғымдар диалектикасында танымның құбылыстан мәнге қарай тереңдейтінін болжағандығы байқалады. Мән туралы ілімде Гегельдің жеткен жетістігі — қайшылықтың даму көзі екендігін, қайшылықтың даму қағидасы екендігін жан-жақты негіздегені. Қайшылықты жоққа шығаруға тырысу — метафизикалық ойлау тәсілінің бейшаралық үрдісі. Ал Гегель болса, ұғымдар қозғалысының барысында олардың кездейсоқ нәрсе емес, керісінше, заңдылық екендігін жариялады. Ұғымдар диалектикасынан Гегель әмбебап жалпыға бірдей қозғалыс идеясын кере білді.
Бірақ та ол диалектикалық заңдарды табиғат пен тарихтан шығармайды, керісінше, оларды табиғат пен тарихқа сырттан зорлап таңады. Сондықтан да қарама-қарсылықтардың күресі өз шешімін революциялық жолмен таппайды, керісінше, қарама-қарсылықтар абсолюттік рухта бір-бірімен бейбіт жолмен ымыраласады. Гегель диалектикасының ең негізгі кемшіліктерінің бірі — оның тек өткен күнге бағытталғандығы. Алайда, өзінің идеалистік сипатына қарамай, қайшылықтар туралы гегельдікі тұжырым материалдық әлемнің даму заңдылықтарын елестетеді.
Гегельде арнайы жазылған таным теориясы жоқ, себебі бұл мәселе Гегель үшін өзінен-өзі шешілген. Өйткені гегельді философияда бейнелеу қағидасына орын жоқ, және оны қажет етпейді де. Себебі, объективтік шындық дегеніміз ой шындығы. Болмыс пен ой — барабар ұғымдар. Демек танып-білу мәселесі өзінен-өзі сұранып түр. Сондықтан да Гегель әлемнің танымдылығына ешқандай шүбә келтірмейді, қайта сыңаржақты субъективтік идеализмді де, қасаң, догмалық материализмді де бұл мәселеде қатты сынайды.
Логика ғылымдарының үшінші бөлімінде Гегель ұғымдар туралы өзінің идеалистік теориясын тұжырымдайды. Өз кезегінде ұғымдар туралы ілім үшке бөлінеді: субъективтілік, объективтілік және идея. Мұны былай түсіну керек: ұғым өзінің логикалық жолмен даму барысында үш сатыдан өтеді: 1) субъективтік ұғым; 2) объективтік ұғым; 3) абсолюттік ұғым. Ал субъективтіліктің үш жағы бар: ұғым, пікір және тұжырым. Объективтілік те үш жақты көрінеді: механизм, химизм, телеология (мақсаттылық туралы ілім). Сайып келгенде, телеология абсолюттік ұғымға айналады. Абсолюттік идеяға байланысты Гегель көптеген диалектикалық ойлар айтқан. Материалистік тұрғыдан алып қарағанда олар практикалық және теориялық танымның біртұтастығы, ақиқат және диалектикалық зерттеу тәсілі туралы терең тұжырымдар еді. Бұл орайда Гегел материализмге тым жақын келген-ді.
Қорыта айтқанда, Гегель «Логика ғылымында» диалектиканың үш заңын — сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне айналу заңын (бірінші бөлімінде), қарама-қарсылықтардың күресі және бірлігі заңын (екінші бөлімінде), терістеуді терістеу заңын (үшінші бөлімінде) тұжырымдайды. Соңғысы гегельді философияның бүкіл жүйесін құруда негіздік рол атқарады. Гегель таза ойдың диалектикасын дамытты. Оның қозғалысы «үштік» қағидаға бағынады. Алғашында ой (тезис) табиғат арқылы өзін терістейді (антитезис), соңынан екеуінің бірлігі (синтезис) абсолюттік рухқа айналады, және осылай шексіз кете береді. Бұл орайда Гегель тарихилық және логикалық зерттеу тәсілдерін тұжырымдады. Ол «логика мен таным теориясы тарихи процесті жалпылама қорытудың нәтижесінде пайда болады» деген бағалы пікір айтты. Идеалистік диалектиканың, логиканың, таным теориясының астасуы туралы тұжырым жасады, бірақ та мұны абсолюттік идеяның өзін-өзі танып-білу процесі ретінде қарастырды.
Гегельді жүйенің екінші бөлімі — табиғат философиясы — абсолюттік идеяның табиғатқа қалай айналатындығы туралы қиял — ғажайып түрде пайымдаудың үлгісі. Табиғи күйге түскен идея дами алмай қысылып-қымтырылады, материалдық денелер мен құбылыстарға айналған ол уақыт аралығында дами алмай қор болып, азап шегеді. Ертелі-кеш ол күйді тастап кетуге мәжбүр болғандығы сондықтан, дейді Гегель. «Гегельде табиғат, идеяның жай ғана «өзгеруі» ретінде, уақыт бойынша дами алмайды, ол өзінін алуан түрін кеңістікте ғана өрістете алады, сонымен, белгілі бір процестерді ғана мәңгі қайталай беруге душар болған табиғат өзінің бойында бар даму сатыларының бәрін бір мезгілде бір-бірімен қатар көрсетіп отырады». — дейді Ф.Энгельс.
Табиғат философиясының бірінші бөлімі — механикада, Гегель кеңістік пен уақыт, материя мен қозғалыс ұғымдарын қарастырады. Оның бұл көзқарастары XVIII ғасырдағы француз материалисттерінің түсініктеріне қарсы бағытталған. Егер олар, кеңістік пен уақыттың материяның өмір сүру тәсілдері екендігіне еш шүбә келтірмеген болса, Гегель үшін кеңістік пен уақыт — абсолюттік идеяның табиғатқа — «бей болмысқа» өту, айналу жолындағы ете қажетті «анықтамалар». Егер кеңістік пен уақыт және қозғалыстың ішкі бірліктерін болжай білгендігін ескермесек, Гегельдің бұл орайдағы түсінігі француз материалисттерінен гөрі көп төмен еді.
«Табиғат философиясының» екінші бөлімі денелердің физикалық және химиялық қасиеттерін қамтиды. Гегель атомистика іліміне қарсы шыққанымен, Лейбництің бағытын теріс көрмеді, әрі диалектика ретінде физика мен химия арасындағы тығыз байланысты, элементтердің өзгеру мүмкіндігін, химиялық түзілістердей сапа өзгерістерінің сан өзгерістеріне тәуелділігін байқамай қала алмады. Ол химиялық түзілістердің тіршіліктің алғышарттары екендігін де пайымдай алды.
«Табиғат диалектикасының» екінші бөлімі тіршілікті қамтиды. Өмірді Гегель идеяның тікелей тіршілік етуі деп түсінеді. Сөйтіп, оның физиологиялық негізін мойындамайды, зат алмасу процесінің өзін идеяның үстемдігі арқылы жүзеге асырылып отыратын құбылыс ретінде қарастырады. Демек, организм — өзін қоршаған табиғи жағдайлардан, ортадан тәуелсіз идеяның заттық, денелік көрінісі ретінде өмір сүретін тіршілік иесі. Гегельдің бұл пікірі сол кездегі жаратылыстану ғылымдарының даму дәрежесіне кереғар сипатта болса да, диалектикалық сарыннан құр алақан емес еді. Атап айтқанда, организмнің өзіндік дамуын мойындау қалыптасқан дәстүрлі метафизикалық түсінікке берілген соққы іспеттес болды. Алайда философияның жаратылыстану ғылымдарымен тізе қоспауы жағдайында, жалпылама тұжырымдардың көбінесе мазмұнсыздыққа, мағынасыздыққа ұрынатыны Гегельдің жоғарыда келтірілген организм туралы ұғымынан көрініс береді. Осының арқасында Гегель табиғаттағы өсімдіктер дүниесінен жануарлар дүниесіне, одан адамзатқа өтетін даму сатыларын көрмей қалды, яғни табиғат эволюциясын зейіннен тыс қалдырды. Бұған кінәлі — Гегельдің философиялық жүйесі. Оның ең соңғы бөлімі рух философиясы деп аталады. Мұнда адам өмірінің жеке және қоғамдық салалары идеалистік тұрғыдан қарастырылады. Оның рух философиясына қарайлас «Хұқ философиясы», «Тарих философиясы», «Эстетика», «Философия тарихы» деген еңбектерінде біршама диалектикалық ойлар түйінделген. Қоғамдық өмірге деген тарихи көзқарастың алғашқы нышандары (идеалистік тұрған болса да) тек Гегельде ғана көрінді. Оның пікірінше, азаматтық қоғам, мемлекет, хұқық, эстетикалық, діни, философиялық ойлар тарихи дамудың ұзақ жолында қалыптасып дамиды. Энгельс бұл туралы: «Гегельдің сіңірген ұлы еңбегі мынау болды: ол түңғыш рет бүкіл табиғи, тарихи және рухани дүниені процесс түріңде деп, яғни үздіксіз қозғалуда, өзгеруде, қайта құрылуда және дамуда деп таныды, сөйтін осы қозғалумен дамудың ішкі байланысын ашуға тырысты. Осы тұрғыдан алып қарағанда, адам баласының тарихы мағынасыз зорлықтардың қисынсыз бей — берекеттігі болып көрінуден, дәл сол сияқты қазіргі уақытқа кемеліне келген философиялық парасаттық соты алдыңда — айыпталып, тез ұмытуға ғана лайық нәрсе болып көрінуден қалды, қайта, ол тарих адам баласының өзінің даму процесі деп танылды, сондықтан енді ойлаудың міндеті бұл процестің барлық адасулары арасынан оның дәйекті сатыларын ашуға және барлық бейне кездейсоқтықтардың ішіндегі оның ішкі заңдылығын дәлелдеуге келіп сайды.
Бұл жерде Гегель жүйесінің өзінің алдына қойған осы міндетін шешпегендігінің біз үшін мәні жоқ; оның сіңірген тарихи еңбегі — оның осы міндетті алға қойғандығы» — деген еді. «Рух философиясында» әлемдік рух өзінің кезекті үш сатысынан өтеді (субъективтік, объективтік, абсолюттік рух). Ал субъективтік рух, біріншіден, жан иесі адам түрінде көрінеді (антропология); екіншіден, сана ретінде (феноменология); үшіншіден, сыртқы дүниені теория және практика жүзінде бағындыратын рух ретінде (психология) көрінеді. Антропология Гегельдің пікірінше адам жанын зерттейді. Бұл — Гегельдің өте нашар жазылған, келеңсіздікке, жасандылыққа риясыз жол берген ілімдерінің бірі. Өз антропологиясында ол тіпті нәсілдік идеяларды уағыздауға дейін барған. Немістерді Гегель «ұлы нәсіл» деп дәріптеген. Гегельдің өзінің диалектикалық зерттеу тәсіліне үлкен опасыздық жасаған жері де осы антропология ілімі болды.
Гегельдің ең маңызды шығармаларының бірі «Рух феноменологиясын». Рух феноменологиясын сананың құбылыстары (феномендері) мен рухтық дамудың түрлері туралы ілім. Маркс «Рух феноменологиясын» Гегельдің философиялық құпиясының кілті ретінде бағалаған. Мұнда жалқы сананың тарихи даму сатылары (жеке адамның) адамзат санасының жүріп өткен даму сатыларын ғұмырлық уақыт аралығында қайталайды, — дейді Гегель. Бірақ та ол сананы оның материалдық, физиологиялық негізінен бөліп алып, дербес мән ретінде қарастырады.
«Рух феноменологиясын ың» екінші бөлімінде хұқ, құлық және ар ілімінің мәселелері қаралады. Олар объективтік рухтың «көріністері» ретінде бағаланады. Хұқтың теориясы меншік иесін жақтауға бағытталған. Объективтік рух «еріктілік әлемі» ретінде жарияланады. Еріктіліктің өзіндік дамуы хұқ болып саналады, сондықтан да объективтік рух туралы ілім — хұқ философиясы іспеттес. Хұқ философиясы меншіктік, семьялық, мемлекеттік, халықаралық т.б. хұқтарды зерттейді. «Хұқ философиясының» алғы сөзінде Гегель кейіннен қанатты сөзге айналып кеткен өзінің әйгілі тұжырымын келтіреді: «Ақылға сиымды нәрсенің барлығы шындық; шындықтың бәрі ақылға сиымды». Кезінде монархтардың өзіне ұнаған бұл нақыл сөздің астарын тану қиын болғандықтан, оның шын мазмұнын бір ғана адам біле алды, дейді Энгельс, ол адам — Г.Гейне еді. Монархтар, үстем таптар Гегельдің әлгі нақыл сөзін дәурен сүріп тұрған құрылысты ақтау мағынасында қабылдады да, оның диалектикалық тереңіне бойлай алмады. Ал шын мәнісінде өзінің өрістей келген кезінде шындық қажеттілік болып ашылады. Демек, Пруссия мемлекетіне қолданғанда Гегельдің қағидасы бұл мемлекет қаншалықты қажетті болса, ол соншалықты ақылға сиымды, соншалықты ақылға сай дегендік болып қана шығады. Сонымен Гегельдің бұл қағидасы сол гегельді диалектиканың арқасында өзінің қарама — қарсылығына айналады: адамзат тарихы саласындағы шығындардың бәрі келе –келе ақылға сиымсыз болып шығады, ол демек, өзінің табиғатынан — ақ ақылға сиымсыз нәрсе, ақылға сиымсыздық оның әуел бастан бойында бар; ал енді адамдардың басында бар ақылға сиымды дегеннің бәрі, қазіргі шындық сияқтанып отырған нәрсеге қаншама қайшы келегін болса да, шындық болып шығуға тиіс. Гегельдің ойлау тәсілінің барлық ережелері бойынша шындықтың бәрінің ақылға сиымдылығы туралы тезис екінші бір өмір сүріп отырған нәрсенің бәрі өшпекші деген тезиске айналып отырады» — дейді Ф.Энгельс.
Осыған орай Гегельдің меншік туралы айтқан ойы мынаған келіп саяды: меншіктің ақылға сыйымдығы — оның жекелік сипатында. Мораль — абсолюттік рухтың дамуындағы екінші кезең. Еріктілік өзінің дамуында және бір саты көтеріледі. Егер де хұқ тек тиым салумен айналысса, мораль адамдардың іс-әрекетін ішкі ар-ожданнан туындайтын талаптар тұрғысынан реттілікке салып отыруды көздейді. Жекеменшік иесі тек қана хұқтық кісі емес, сонымен қатар ар-ождан иесі ретінде ғана отау иесі, азаматтық қоғамның мүшесі, мемлекеттің тірегі бола алады.
Құрықтық (нравственность) — объективтік рухтың үшінші және ақырғы Даму сатысы. Бұл дәрежеде кісі парыз, міндет, намыс сияқты рухтың «анықтамаларын» еркін меңгеріп, өзін судағы балықтай сезінеді. Құрықтық саласында рух өзінің дәстүрлі үш сатысынан өтеді: 1) семья; 2) азаматтық қоғам; 3) мемлекет. Гегельдің философиялық жүйесінің талабына сәйкес семья және азаматтық қоғам объективтік рухтың шектеулі түрлері ғана, ал олардың ақиқаттық негізі — рухтың шексіз түрі — мемлекет. Сөйтіп буржуазиялық, өнерлік семьяны, азаматтық қоғам мен Пруссия мемлекетін Гегель артық — кемі жоқ әлемдік рухтың кемелденген сәттері ретінде қарастырады.
«Үлгілі семьяның» негізгі белгілері — еркектің хұқтық –ождандық үстемдігі, әйелдердің бала туып, тәрбиелеуі, ошақ басына иелік етуі, меншікті сақтауға бас-көз болуы.
Ал азаматтық қоғамның құрамдас бөлімдеріне Гегель «қажеттіліктер жүйесін» сот пен полицияны жатқызады. Олардың бәрі меншікті қорғау ісіне жұмылдырылады.
Отбасы және азаматтық қоғам сияқты сатылардан өткен соң, объективтік рух мемлекетке айналып тыныш табады. Мемлекет, атап айтқанда, Пруссия монархиясы Гегель үшін құдіретті күш. Пруссия монархиясын Гегель мемлекеттіліктің тарихи даму барысыңды ең биік шыңы ретінде қарастырады. Пруссия монархиясының ішкі және сыртқы саясатын үлгі тұтқан Гегель басқыншылық соғыстарды да ақтауға дейін барды. Оның әлеуметтік-саяси ілімінде шовинистік, нәсілдік идеялар да аракідік кездесіп қалады. Мысалы, ол славяндарды тарихи халықтардың санатына қоспайды, өз дәуірінің «тарихи» халқы ретінде Гегель тек неміс халқын атайды. Оның пікірінде, дүниежүзілік тарихи даму Шығыстан Батысқа ауысқан. Азия оның бастауы болса, Европа оны аяқтау үстінде. Дүниежүзілік тарих, Гегельдің пікірінше, рухтың уақытта көрінуі, дәл осылай табиғат идеясы кеңістікте көрінеді.
Гегельді жүйенің соңғы бөлімі «Рух философиясының» үшінші тармағы «абсолюттік рух» теориясымен ұлан-ғайыр идеалистік көзқарастың жан-жақты негізделген объективтік түрінің ерекше бір төлтумалық туындысы тамамдалады. Абсолюттік рух әдеттегідей өзінің даму барысында үш сатыдан өтеді: көркемөнер, дін және философия. Көркемөнерде рух көркем образдау арқылы көрінсе, дінде уағыздар арқылы, философияда ұғымдар арқылы көрініс береді. Сөйтіп, көркемөнер дінге ауысады, дін философияға ұштасады. «Көркемөнер философиясы» немесе эстетика оз кезегінде үш бөлімнен тұрады: і) жалпы көркемдік идея туралы ілім, 2) көркемөнердің ерекше түрлері туралы үшем; 3) көркемөнердің салалары туралы ілім. Әсемдікті Гегель абсолюттік идеяның ерекше көрініс сәті ретінде анықтайды. Әсемдік идеясы табиғатқа дейін бар нәрсе, ол әсемдік туралы жалпы ұғым ретінде өзіндік дамуы барысында табиғатқа төн өсімдікке айналады. Алайда табиғат құшағыңда өсімдік түн шыққандай болады, кеңістікте шектеулі болғандықтан еркіндікке ұмтылған ол материалдық қабықтарынан құтылғанша асығады. Шынайы өсімдік материалдықтан, заттық табиғаттан арылған кезде ғана ашыла түсуі мүмкін. Гегель эстетикасындағы озық ой көркемөнердегі мазмұн мен түрдің диалектикалық арақатынасын ашумен байланысты.
Көркемөнердің жеке түрлері ілімінде Гегель көркемөнер тарихын дүниежүзілік тарихпен байланыстыруды көздеді. Ол дәстүрлі көркемөнердің үш үлгісін атап өтеді: 1) Шығыс көркемөнері; 2) Классикалық көркемөнер; 3) Романтикалық (христиан) көркемөнер. Гегель үшін Шығыс көркемөнерінің күні өткен, ол Батыс көркемөнері үшін тек алғашқы баспалдақтың рөлін атқарады, енді ешқандай болашағы жоқ, өйткені онда мазмұн мен форманың бірлігі болған емес. Антик алық көркемөнер мазмұн мен форманың гармониялық бірлігін жүзеге асыра алды, дейді Гегель. Ал Романтикалық көркемөнерде әсемдік өзінің ең ұшар бүгіне жетеді-міс. Гегель көркемөнердің негізгі бес түрін атап көрсетеді: 1) сәулет өнері; 2) мүсіндеу өнері; 3) сурет салу; 4) ән-күй; 5) толғау (поэзия). Осылардың ішінен сәулет, мүсіндеу өнерін жөне сурет салу өнерін Гегель ауқымы тар, бейнелеу шамасы шектеулі деп есептейді. Ал музыкада адамның жеке басының қайғысы мен мұң-шері қозғалатын болғандықтан оның да ауқымы кең емес. Гегельдің пікірінше, рухани ұлан — қайырлықты шынайы суреттей алатын өнер — тіл өнері, поэзия.
Дін философиясы объективтік идеализмнің ажырамас құрамдас бөлімі ретінде дінді негіздеу мәселесімен айналысқан-ды. Идеалист Гегель теологияны жақтап, материализмге қарсы шыққан.
Абсолюттік рухтың соңғы формасы — философия. Философияны рухтың өзін-өзі тану процесі ретінде қарастырған Гегель асқан көрегендікпен философиялық ілімдердің үздіксіз даму үстінде болғандығын, ешқандай да философиялық жүйенің із-түзсіз жоғалып кептегендігін, ақиқаттың тарихи даму барысында қалыптасатынын пайымдай алды. Алайда, философия тарихын Гегель объективтік идеализмнің мүддесіне орай жөне оның негізгі қағидаларының тұрғысынан сарапқа салды. Ол субъективтік идеализмді, метафизикалық материализмді, Юм жөне Канттың агностицизмін қатал сынады. Ал шығыс халықтарының философиясын тіпті көзге ілгісі келмеді, оны философиялық дамудың алғышарты ретінде сүйкей салды атап өткенімен, шынтуайтқа келгенде, менсінбеді. Ал антик алық философияны сарапқа салу барысында көбінесе диалектикалық түйіндерді зерделеді, ал кейбір материалистік ілімдердің өңін теріс айналдыруға дейін барды. Мысалы, Гераклитті идеалист ретінде қарастырды, атомистер ілімін идеалистік тұрғыдан бұрмалауға тырысты.
Ал, Аристотельді Платонның ізбасары ретінде көрсетіп, оның Платонды сынаған жерлерінің бәрін зейіннен тыс қалдырып отырған. Оз философиясын Гегель барлық өткен философиялық ілімдердің даму шыңы, абсолюттік рухтың өзін-өзі толық танып-білген сәті, дүниежүзілік тарихтың ең жоғарғы жөне ақырғы рухани нәтижесі деп бағалайды. Қалай дегенмен де Гегельдің ұлы философ екендігі ақиқат. Оның философиясында озық ой да, кертартпа қыңыр ой да баршылық. Жоғарыда ол жөнінде нақты өрі қысқаша айтылды. Классикалық неміс философиясы, әсіресе Гегель философиясы марксизмнің қайнар көздерінің бірі болды. Л.Фейербахтан кейінгі алғаш рет Гегель философиясына сын көзбен қарап, оның диалектикалық ойларын мистикалық қабықтарынан арын алып өз көдесіне жаратқан К.Маркс пен Ф.Энгельс еді. Олар басымен «жер сүзіп» тұрған Гегель диалектикасын аяғына мінгізді, материализмнің жаңа түрін Диалектикалық материализмді дүниеге келтірді.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!