Неопозитивизм ағымы — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Неопозитивизм (nео — жаңа, positivus — латын сөзі, оң, дұрыс деген мағына береді) — Батыс философиясының шеңберінде қазіргі ғылымның дамуының барысында пайда болған философиялық-танымдық мәселелерді талдап шешуге бағытталған ағым. Оның түп-тамыры позитивизмнің негізін қалаған француз ойшысы Огюст Конттың (1789-1857жж.) шығармаларына барып тіреледі. Сондықтан, ең алдымен позитивизмнің негізгі қағидаларына тоқталу қажет.
Егер неміс классикалық философиясында пайда болған панлогистік көзқарасқа Шопенгауер Ерікті, ал Кьеркогер жеке адамның тебіреністерін қарсы қойса, Конт оған қарсы ғылыми деректерге негізделген қағидаларды қарсы қоюға тырысады. Конттың ойынша, ғылым — белгілі бір абстракциялық негізден шығарылатын білім жүйесі, ал тарих философиясы — рухтың дүниеге келіп, дамуын суреттейтін ілім ғана емес. Ғылымның негізінде Дүниеде белгілі бір тәртіп пен өрлеу барлығын көрсететін тәжірибелік байқаудың негізінде алынған ғылыми деректер және соларды теоретикалық деңгейге көтеріп талдау іс-әрекеті жатыр.
Конт адамзат ой-өрісі өзінің даму тарихында 3 сатыдан өтті деген пікірге келеді. Олар: 1. теологиялық (жалғандық) саты — көне заманнан XIV ғ. дейін; 2. метафизикалық саты — XIV-XVIII ғғ; 3. позитивтік саты — XIX ғ. бастан пайда болады.
«Теологиялық сатыда өмір әлі ғылыми деректерге негізделген жоқ, өмірдегі барлық құбылыстар Құдайдың құдіретті күштері арқылы түсіндіріледі. Метафизикалық сатыда адам зердесінің дамуының негізінде барлық бұрынғы көзқарастар сыналып, терістеле бастайды, барлығына деген күмәндану, сенбеушілік пайда болады. Өмірді түсіндіру жолында абстрактіліқ алғашқы негіздерді іздеу басталады (материя, идея форма, pyx т.с.с.) Үшінші позитивтік сатыда — өндіріске негізделген қоғам пайда болып, альтруизм (өзінен гөрі басқаның қамын ойлау) эгоизмді (өзімшілдік) жеңген уақытта нағыз ғылыми сатыға өрлеу мүмкіндігі пайда болды», — деп қорытады О.Конт.
Жоғарыдағы көрсетілген ойларға сәйкес, Конт ғылымды сала-салаларға бөлу мәселелерімен айналысып, біршама жетістіктерге жетеді. Оның ойынша, ғылым — тарихи ғасырдан-ғасырға дамып, тұрпайылықтан өтіп, күрделеніп жатқан құбылыс. Әрбір жаңа пайда болған ғылым саласы өзінің қажетті алғышарты ретінде өткен сатыға негізделеді. Бірақ өткен сатының негізінде жаңа пайда болған ғылымды толығынан түсінуге болмайды, оның өзіндік заңдылықтары пайда болады. Конт «тарихи күрделену» анықтамасына негіздей отырып, ғылым салаларын былайша орналастырады: математика — астрономия — физика — химия — биология — социология. Осы тәртіпке сәйкес социология биология ғылымына негізделгенмен, бірақ, адамдардың өзара іс-әрекет етуімен байланысты жаңа заңдылықтарға ие болады. Социология ғылымының негізгі мақсатын ол тәртіп пен өрлеуді бір-бірімен ұштастыру қажеттіктерінен шығарады. Ал ол үшін бүкіл адамзатты біріктіретін жаңа дін қажет. Ескі дүниежүзілік діндер бір-бірімен күресіп, адамзатты қайшылықтарға әкелді және олардың қағидаларының көбі — жалған. Олай болса, жаңа ағарған дін қажет — ол қазіргі өмір сүріп жатқан, бұрынғы тарихта болған және болашақта дүниеге келетін адамдардан тұратын Адамзаттың өзі. Сондықтан ол адамзатқа Құдай ретінде қарап табынуға шақырды.
Конттың бұл соңғы ойын өз уақытындағы замандастары теріс қабылдағанмен, бүгінгі таңдағы адамзатқа өте өзекті мәселеге айналуда. Өйткені бүгінгі тандағы адамзат «адамның мән-мағыналық дағдарысына» келіп тірелуде. Бүкіл адамзаттың басын біріктіретін терең рухани-адамгершілік мағынасы бар жаңа дін — аса қажетті де тағдырлы нәрсе. Бірақ, ол, біздің ойымызша, Конттың айтқан адамзаты емес, өйткені Дүниеде сол адамның өзін тудырған біздің арғы анамыз «Ұлы мәртебелі Табиғат» бар. Оған табыну -алғашқы қауымдық қоғамда пайда болған болатын. Шамасы, алғашқы адамдар ақиқаттан онша алшақ болмаса керек. Көшпенді өмір салтын ұстаған біздің ата-бабаларымыз да Табиғатқа, Тәңірге сенгенін біз жақсы білеміз. Мыңдаған жылдардағы өткен цивилизацияның жетістіктеріне, өмірден алған тәжірибеге сүйене отырып, жаңа дәрежеде Табиғатты аялауға, оған табынуға, оны дін тұтуға қайта оралып қана, адамзат өзінің өмірін сақтап қалуға мүмкіншілік алар ма екен деген сұрақ оқтын-оқтын ойымызға келеді.
XX ғ. басындағы жаратылыстанудағы ашылған жаңалықтар (радиоактивті сәулелер, электрон т.с.с.) осы уақытқа дейінгі беделді механистік классикалық физиканың негізгі қағидаларына үлкен соққы жасады. Электрон бөлшегінің тұрақты салмағының жоқтығы ғалымдарды таңғалдырды. Франция елінің сол кездегі ірі математик-ғалымы А.Пуанкаре: «Олай болса материя жойылды», -деген пікірге келді. А.Эйнштейннің салыстырмалы теориясындағы кеңістік пен уақыттың бір-біріне өтіп, біртұтастық дәрежеге келуін қалай түсінуге болады? Мұндай сұрақтарды жалғастыруға болар еді. Бұл сұрақтарға жауап беру жолында позитивизмнің екінші сатысы дүниеге келеді. Оның аты «эмпириокритицизм», яғни тәжірибені сынға алу деген мағына береді. Негізгі өкілдері — Эрнст Мах (1838-1916 жж.), Рихард Авенариус (1843-1896 жж.) т.с.с.
Жоғарыда көрсетілген жаратылыстанудағы қиындықтар бұл ағымда «тәжірибе» деген ұғымды қайта қарауға әкеледі. Олардың ойынша, бұл ұғым материя мен сананың, физикалық пен психикалықтың қарама-қарсылығын жояды. Тәжірибенің құрамдас бөліктерін алып қарасақ, оның физикалық және психикалық элементтерден тұратынын байқаймыз. Егер біріншісі — сыртқы тәжірибенің мазмұнын көрсететін болса, екіншісі — ішкіні көрсетеді. Ал элемент дегеніміздің өзі, нақтылай келгенде, адамның түйсіктері болып шықты. Олай болса, олар субъектісіз объект жоқ, объектісіз субъект жоқ деген пікірге келеді. Мұны олар танымдағы «принципиалдық сәйкестік» деп атады. Әрине, субъект, яғни танымдық қабілеті бар адам бар жерде — объект, яғни танылатын айнала қоршаған дүние бар. Нағыз ақиқаттың өзі адамның жан дүниесінен өтіп, оның неше түрлі тебіреністерін туғызып, адамның осы Дүниені телегей-теңіз ретінде қараса, соның бір тамшысы ретінде сезінгенде ғана пайда болса керек. Сонымен қатар танымның бұл жақтарын абсолюттеп шегіне жеткізсек, әрине, субъективтік идеализм жолына түсіп кетуге әбден болады. Сондықтан марксизмде мұндай көзқарас уақытында сынға алынған болатын.
Эмпириокритицизмнің негізгі қағидаларының бірі — «ойлаудың тиімділігі» мен ғылымда тек суреттеу идеалына жету. «Ойлау тиімділігін олар организмнің өз-өзін сақтау үшін биологиялық қажеттіктерді өтеу жолындағы бейімделуінен шығарады. Ғылымдағы ойлау тиімділігі «субстанция», «себептілік», «алғашқы негіз» т.с.с. мазмұнсыз категориялардан бас тартуды қажет етеді», -дейді олар. Олардың орнына ғылымдағы ашылған элементтердің өзара байланыстарын суреттесе болғаны. Сол кездегі ғылымдағы ашылған күрделі жаңалықтарға философиялық-методологиялық тұрғыдан түсінік бере алмаса да, олар XX ғ. басында басталған ғылыми төңкеріске ғылыми қауымдастықтың көңілін аударды.
Енді, міне, біз XX ғ. 20-шы жылдарында пайда болған позитивизмнің үшінші сатысы — неопозитивизмнің өзіне келіп тірелдік. Негізгі өкілдері — Мориц Шлик (1882-1936 жж.), Рудольф Карнап (1891-1970 жж.), Людвиг Витгенштейн (1889-1951 жж.), Бертран Рассел (1872-1970 жж.) т.с.с.
Неопозитивизм өкілдері белгілі бір толыққанды философиялық мектепті, ағымды құрмайды. Жалпы алғанда, ол философияның жеке ғылымдармен салыстырғандағы ерекше Дүниеге деген көзқарастық-методологиялық маңызы бар пән екендігін мойындамайтын әртүрлі кішігірім ағымдардың жиынтығы десек те болады. Олардың ойынша, бұрынғы философия метафизиканың тартпалы батпағына батып, жалған тексерілмейтін ұғымдардың ішінен шыға алмай қалды. Мысалы, Б.Рассел тек қана сезімдік деректердің шынтуайттығын мойындайды. Объективті дүниенің өмір сүруін мойындағанмен, ол оның негізін тек қана сенімге негіздейді, оны ғылыми жолмен дәлелдеу мүмкін емес. Сонымен қатар Б.Рассел эмпириокритицизмдегі сезімдік тәжірибені асыра түсінуді қолдамай, оны математикалық логика тұрғысынан толықтыру керек деген пікір айтты. Олай болса, философия дегеніміз тәжірибеден алынған негізгі қағидаларды логикалық талдаудан өткізіп қорытатын пәнге айналады. Осы логикалық позитивизмнің келесі өкілін — Р.Карнапты алатын болсақ, ол математикалық логика арқылы білімдегі негізгі ұғымдардың мазмұнын, мән-мағынасын тексеруге шақырды. Ал оның негізгі құралы — верификация (verificatio — латын сөзі, дәлелдеймін деген мағына береді) принципі. Тікелей верификацияға келер болсақ, ол ғылымдағы белгілі бір кағидалардың өмірдегі тәжірибеге сәйкестігін анықтау болып табылады. Ал дамыған теориялардағы қағидаларға келер болсақ, оларды тек жанама түрде верификациялауға болады. Ол үшін сол теорияның негізінде жатқан элементарлық, атомарлық, протоколдық сөйлемдерге шейін жетіп, оларды өмірдегі сезімдік тәжірибеден шығатын деректермен салыстырып тексеру қажет. Әрине, мұндай жұмыстар философия саласында істелуі керек. Олар бұл салада көп жұмыстарды атқарды. Бірақ қоғамдық-гуманитарлық пәндерді алар болсақ (әсіресе этика мен психологияны) верификация принципінің көп жағдайда әлсіздігін байқауға болады. Ал осының негізінде олардың бәрін ғылымның шеңберінен шығарып тастауға, әрине, болмайды. Бұл логикалық позитивизмнің негізгі кемшіліктеріне жатады.
Б.Расселдің әлеуметтік философиялық көзқарастарына келер болсақ, ол қоғам өмірінде белгілі бір даму заңдылықтары жоқ деген пікірге келеді. Адамдардың іс-әрекеттеріне шешуші ықпалды көбінесе олардың инстинктері мен құштарлықтары тигізеді. Сонымен қатар ол адамның еріктік өмірге деген ынтасын терең бағалап, тоталитаризмнің қай түрін болмасын (сталинизм, фашизм) тұлғаны мемлекеттің құрсауына алғаны үшін қатты сынады.
Неопозитивизмнің екінші түрі — лингвистикалық философияның өкілдеріне келер болсақ, олар философияның айналысатын негізгі ісін тілдегі сөздерді, ғылыми сөйлемдерді логикалық жолмен талдаудан көреді. Л.Витгенштейннің ойынша, философия тек қана «тілге сын» ретінде ғана өмір сүре алады. Өзінің «Логикалық-философиялық трактаттар» деген еңбегінде ол «Менің тілімнің шеңбері менің Дүниемнің шеңберін құрайды», — дейді. Бұл (философия саласында ашылған үлкен жаңалықтардың бірі болды, өйткені қайсыбір ұлттық тілдің құрылымы сол халықтың дүниесезімі мен дүниені қабылдауына, керек болса, дүниеге деген көзқарасына шешуші ықпалын тигізеді. Оны біз қазір «халықтың менталитеті» деген ұғыммен береміз. Л.Витгенштейннің негізгі идеясы — тілдегі сөздерді ұқыпты пайдалану, басқа жағдайда ол бізді неше түрлі абстрактіліқ ұғымдардың құрсауына қамап адастырады.
XX ғ. 50 жылдарынан бастап позитивизмнің соңғы сатысы дүниеге келді, оны постпозитивизм (соңғы позитивизм) деп атайды. Негізгі өкілдері — Карл Раймунд Поппер (1902-1994 жж.) , Томас Самюэль Кун (1922 ж.), Имре Лакатос (1922-1974 жж.), Пауль Фейерабенд (1924 ж.) т.с.с.
К.Поппер ғылымның дамуындағы верификация принципінің жеткіліксіз екенін көрсетеді. Ғылымның дамуында пайда болған ешқандай теория «соңғы ақиқат» емес, күндердің бір күнінде ол теріске шығарылуы мүмкін. Олай болса, ғылымдағы қағидалардың терең табиғаты — олардың болжамдығында, қателік кету мүмкіндігінде. Оны ол фаллибилизм (қателік) дейді. Ғылымдағы білімнің дамуы, негізінен алғанда, неғұрлым әртүрлі гипотезалардың көбірек ұсынылуымен бірге оларды фальсификациялаумен (теріске шығаруға тырысу, оған қарсы бағытталған пікірлерді ұсыну) байланысты. Сонда ғана ғылым дүниетану жолында тереңдей түседі.
Өзінің жалпы Дүниеге деген көзқарасында ол «үш әлем» теориясын ұсынады. Олар: физикалық әлем, яғни бізді айнала қоршаған дүние. Келесі — ментальдық әлем (Платонның «идеялар әлеміне ұқсас). Үшінші әлем — адамзат жеткен шынтуайтты өмір сүретін білім әлемі (Орта ғасырдағы Ибн-Роштың адамзат интеллектіне ұқсас).
К.Поппердің ойынша, философия ғылым емес, өйткені оның негізгі қағидаларын фальсификациялауға болмайды. Бірақ ол адамға өмірдің мән-мағынасын ашып, сондағы адамның алатын орны: көрсетуге тырысады. Сол үшін ол философияны биік бағалайды.
Өзінің әлеуметтік философиясында К.Поппер адамзат тарихында ешқандай заңдылықтар болған емес деген пікірге келеді. Осы тұрғыдан ол марксизмді, әсіресе «коммунизм» идеясын қатты сынға алады.
К.Поппердің идеялары И.Лакатосқа зор әсерін тигізді. Ғылымның тарихи дамуын зерттей келе, ол «ғылыми зерттеу бағдарламасы» атты танымдық методологияны ұсынады. Қайсыбір кемеліне келген ғылымда өне бойы жаңа теориялар пайда болып, бір-бірін ауыстырып жатады. Ал оның өзі сол ғылымдағы қабылданған «зерттеу ережелерімен» тығыз байланысты. Олардың біреуі (оң эвристика) болашағы бар зерттеу жолдарына сілтесе, келесілері (теріс эвристика) қай зерттеу жолдарынан аулақ болу керек екенін көрсетеді.
Қайсыбір «ғылыми-зерттеу бағдарламасының» ішкі бұзылмайтын «қатты өзегі» болады, оған іргетасы теріске шығарыл-
майтын қағидалар ғана кіреді. Ал оны қоршап тұрған «қорғайтын шеңберге» келер болсақ, ондағы гипотезалардың негізгі функциясы бағдарламаның өзегін қорғау болып табылады. Бірақ гипотезалар фальсификацияланып жартылай, я болмаса толығынан жоққа шығарылуы мүмкін. Онда оның орнына жаңа гипотеза келеді.
«Ғылыми-зерттеу бағдарламасының» әрі қарай өрлеу мүмкіндігін қалай анықтауға болады? И.Лакатостың ойынша, егер бағдарламаның теориялық өсуі оның эмпириялық өсуінен алда жүрсе, яғни теориялық түрде болашақта ашылатын кейбір деректерді болжай алсақ, онда ол — өрлеу үстінде. Ал жаңа ашылған деректерді соңынан теоретикалық түрде жалпылау, түсіну дегеніміз — ол бағдарламаның сарқылғанын, жақын арада оның басқа «ғылыми-зерттеу бағдарламасына ауыстырылатынын көрсетеді.
Ғылымның даму тарихы — неше түрлі зерттеу бағдарламаларының бір-бірімен сайысқа түсуі, олардың эвристикалық мүмкіндіктерінің ашылуы. Ғылымның ішкі және сыртқы тарихы бар. Ішкі тарихқа идеялар мен методологиялардың бір-бірін ауыстыруы жатса, сыртқы тарихына ғылымды ұйымдастыру формалары мен ұлы тұлғалардың қызметі жатады.
Постпозитивизмнің келесі ірі өкілі — Томас Кун. Ол ғылым философиясы ағымына жатады. Ғылым дегеніміз — белгілі «ғылыми қауымдастықтың» басын қосып біріктіретін әлеуметтік институт. Олар белгілі бірегей теория, методология, дүниеге деген көзқарас ұстаған, нақтылы ғылыми нормалар мен құндылықтарды мойындаған қауым. Олардың бәрін біріктіретін ғылымдағы парадигма. Өзінің «Ғылыми революциялардың құрылымы» деген еңбегінде Т.Кун: «Парадигма деп мен ғылыми қауымдастыққа белгілі бір уақыттың шеңберінде ғылыми мәселелерді шешу жолдарын көрсететін барлығының мойындаған ғылыми жетістіктерін айтамын», — дейді. Парадигма белгілі бір ғылыми қауымдастықтағы әдістер мен ізденіс жолдарын, ғылыми ахуалдың қайнар көзін құрайды. Ғылыми теорияға келер болсақ, ол парадигмаға қарағанда анағұрлым төменгі дәрежеде, өйткені қайсыбір теория белгілі бір парадигманың шеңберінде пайда болады. Оны басқа парадигманың шеңберінде түсіну қиын. Ол үшін оны қайта қарау керек.
Т.Кун парадигмаға соңынан екінші ат береді — ол дисциплинарлық (пәндік) матрица (негіз). Оның негізгі элементтері ретінде ол символдық жалпылау үлгілерін, концептуалдық (тұжырымдық) модельдерді, ғылыми қауымдастық мойындаған құндылықтарды және ғылыми тұрғыдан шешілген үлгілерді қарастырады. Ғылымдағы белгілі бір парадигманың үстемдігі оның дамуының жақсы деңгейде екенін көрсетеді: бірте-бірте тәжірибелік деректер жиналып өңделеді, зерттеудің жолдары қарастырылып жетіледі т.с.с. Бірақ ол өне бойы олай болмайды, кейбір ғылымда ашылған жаңа деректер бұрынғы парадигманың шеңберінде түсінілмейді, ғылымдардың арасында күмәндану, бұрынғы парадигманың құндылықтарына сенімсіздік пайда болады. Ғылымның дамуында дағдарыс орын алып, ол жаңа парадигмалардың пайда болуына, бір-бірімен күреске түсуіне әкеледі. Осының нәтижесінде бір жаңа парадигма жеңіске жетіп, ғылыми қауымдастық оның құндылықтарын мойындап, нәтижелі зерттеулер жүргізе бастайды. Сонымен бәрі де тағы қайталанады.
Ғылымның дамуына деген мұндай тарихи көзқарас неопозитивизмнің көп ағымдарына қарсы болды. Сонымен қатар Т.Кунның екінші жетістігі — ол тәжірибелік деректердің неопозитивизмдегі басымдылығын теріске шығарып, ғылымда парадигмаға тәуелсіз деректердің жоқ екенін дәлелдеді. Парадигманы игерген ғалым деректердің бәрін соның «сәулесі» арқылы көреді. Деректер теорияны сынамайды, керісінше, теория қандай деректерді тәжірибеге енгізу керек екенін пайымдап анықтайды.
Постпозитивизмнің келесі өкілі Пауль Фейерабендтің ойынша, ғылымда әрқашанда мойындалған теорияларға қарсы бағытталған теориялар жасалуы керек, сонда ғана олардың арасында өзара бәсекелестік пайда болып, ғылымның дамуын тездейді. Ғылыми теорияларда пайдаланылатын терминдер әрбіреуінде тек өзіне ғана тән мазмұнға ие болады. Бір теориядағы терминдер екінші теорияға енгізілсе, олардың мазмұны дереу өзгереді. Сондықтан оларды бір-бірімен салыстырып баға беру мүмкін емес. Олай болса, әрбір ғалым өзінің теориясын жасауға мүмкіндік алады. Бәсекелестіктің негізінде жеңіске жеткен теория ақиқатқа жақын, я болмаса оған сәйкес келгенінен емес, ол — соны қолдайтын қауымның насихатының жемісі. Олай болса, ғылым — қоғам өміріндегі басқа идеологиялық институттар сияқты: оның дін, миф, философия т.с.с. айырмашылығы шамалы. Сондықтан олардың бәрі де тең құкылы болуы қажет. Бұл қорытынды неопозитивизм ағымының шығармашылық потенциалының сарқыла бастағанын көрсетеді. Дегенмен неопозитивизм шеңберіндегі әр ағымның өз жағымды жақтары бар — олардың бәрі де ғылым философиясында кеңінен пайдаланылады.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!