«Маңдай термен тапқан ақшаны шашып жіберген кездер болды»: Айдар Тұрғамбек бойындағы жаман әдеттер туралы айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Отандық сахнада жүргеніне 15 жыл толған «Жігіттер» тобының солистері әрқайсысы — бір төбе, жеке әнші ретінде қазақтың ән өнерінде қалыптасқан өнерпаздар. Соның ішінде Айдар Тұрғамбектің орны бөлек. Өтіп бара жатқан жыл әнші үшін ерекше болыпты, бұған дейін хабарлағанымыздай, ол репертуарына біраз ән қосып, қыздарымызды тойда ұзатып, тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің тұсауын кесіп жүр. Stan.kz тілшісі әншімен сұхбаттасып, отбасындағы береке, енесіне не себепті ән арнағаны және бойындағы жаман әдеттері туралы әңгімелесті. 

айдар тургамбек

— Жылдың аяғы жақындап қалды, биылғы істелген шаруаларды қорытындыласақ… 

Осы жылы біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Жеке шығармашылығымда үлкен өзгерістер болды. Көпшілік куә, көптеген әндер жазылып, бейнебаяндар түсірілді. Тағы айта кетерлігі, осы жылы көптен бері ойымда жүрген бір әнді жазып, қазір ағылшынша нұқасын дайындап жатырмыз.

Бұл ән әйелімнің анасына арнайы шығарылған туынды. Анамыздың екі қолы мен аяғы істемей ауырып қалды. Жалғыз ұлы Қуаныш қайынағамның қарайлап, бар жағдайын жасап отырғанына 4 жыл болды. Ұлының атынан анасына деген екі тілде ән жазып жатырмын. Анаға арналған ән. Биыл шығып қалуы мүмкін. 

— Топтағы шығармашылықты қалай қорытындылайсыз?

— 15 жылдық концертімізді бергенімізге әлі бір жыл бола қоймады. Одан бөлек күні кеше 3-4 ән жаздыртып келдік. Соңғы шыққаны «Балалық шақ» деген ән. Солардың біріне клип түсіру үшін ән таңдап жатырмыз. «Жігіттер» де, жеке шығармашылық та жақсы жүріп жатыр. 

— Сұхбаттарыңыздан байқасам, әйеліңізді мүлде көрсетпейсіз. Бұдан бөлек ол сіздің атыңызды атамайды екен? Әйелі күйеуінің атын атаса, несі жаман?

— Күйеуінің атын атап шақырса да, «ей» деп қаратса да болады. Тек сыйластық керек. Біздің апаларымыздың көбісі аталарымыздың атын атап шақырмайды. «Қожайын, отағасы, әкесі» деп шақырған. Өзім оңтүстік өңірден болған соң, ағаларымды жеңгелерім қалай сыйлайтынын көріп өстім. Солардың арасында ұрыс-керіс болғанын байқамаппын. Әйелі атын атап шақырғаннан көрі «отағасы, әкесі, қожайыным» деп тұрса, күйеуінің еркектік гормонын көтереді және өзіне сенімді болып, еңсесі көтеріледі. 

— Әйелдерді еркектерден төмен санайсыз ба? 

— Мен ешқашан әйелді төмен санаған емеспін. Мен үшін әйел адамның орын әрқашан биік. Білімі жетіп, үлкен мәселелерді басқара алатын болса, қызметте отырғанға қарсы емеспін. Ең бастысы, отбасына үлгеріп, күйеуін күтіп, балаларын тәрбиелеп жатса жақсы. 

Үйленгенімізге он жылдай болды. Алғашқы бес жылда әйелім бала көтере алмады, сол кезде әйелімді тағы да оқуға түсірдім. «Нұр-Мүбәрәк» университетінде «Исламтану» мамандығында  білім алып жүріп, бала көтеріп, академиялық демалыс алды. Қазір бала тәрбиесімен үйде. Тек үйде отырасың деген шарт қойған емеспін. Оқуын бітіріп алса, керемет кітап жазатын адам. Білімге құмар. Алғашқы мамандығы математик. Қазір жаспыз, көпбалалы болсақ деген ойдамыз.

— Қазір қоғамда ер адамдардың әлімжеттігінен орын алып жатқан қайғылы оқиғалар көбейіп кетті. Пойыздағы зорлық-зомдыбылық, өз әйелін өртеп жіберу деген сынды… Ерлеріміз қоғам, отбасы алдындағы міндеттерін адалынан атқарып жүр ме?

— Мұның барлығы қылмыс, оны кім жасаса, өзінің жазасын алу керек. 

Қазақ мақалдарында отбасындағы көп жағдайға әйел жауапты. «Әйелің жақсы болса…» деп басталатын көптеген мақал-мәтелдің барлығы әйелдерге арналған. Бұдан не байқауға болады?! Үйдің берекесін кіргізіп, тыныштық орнататын әйел. Әйелдің ақылдылығы мен төзімділігі, ұрыс шығармау отбасындағы бақытқа жауап береді. Әрине, ер азамат та жауапкершіліктің бер шетін ұстайды. Бірақ ер — түздің адамы. Отбасымның 70% тыныштығы — әйелімнің арқасы. Менің де мінезім керемет емес.

айдар тургамбек— Саханада жүргеніңізге 15 жылдан асып қалды. Бір сұхбатыңызда «сахна — менің кәсібім» деген екенсіз. Сахна сіздің жағдайыңызды қаншалықты жасады.  

— Сахнада ес білгелі жүрміз. Аллаға шүкір, жаман болдым деп айтпаймын. Бірақ қаншама қателік жіберген кездер болды. Көптеген алаяқтарға алдандым. Өзім де дұрыс емес істерге ұрындым. Маңдай термен тапқан ақшаны шашып жіберген кездер болды.

Аллаға шүкір, ел қайда барсақ та танып, ықыласына бөлеп жатады. Алланың сыйы деп білемін. 

— Әріптестеріңіз әкімнің, министрдің кеңесшісі деген лауазымды орындарға жайғасып жатыр. Жоғары қызметтен көріну ойыңызда бар ма? 

—  Шақырып жатса, ойлағанымдай жақсы жер болса, неге бармасқа?! Бірақ менің ойымда жоғары қызметте отыру деген жоқ. Болашақта жақсы кәсіптің басын ұстап, өзімді кәсіпкер ретінде танытсам деймін.  

— Бағлан досыңыз осы жылдың басында құмар ойынға салынғандығы туралы айтып сұхбат берді. Сіздің бойыңыздағы жаман әдеттер туралы айтсаңыз?

— Кемшіліксіз адам болмайды. Бойымда өзіме ұнамайтын әдеттер көп. Соның бірі еріншектік және ерте тұруға дағдылана алмай жатқаным. Той, қыз ұзату ерте бітпейтін болған соң, кеш жатуға тура келеді. 

Қыз ұзату деп қалдыңыз, қаншалақты жиі шақырады?

Аллаға шүкір жиі шақырады. Барлығын әлеуметтік желілерге салып отырамын. Бұрыннан ағасы мен әкесі қыздарын шығарып салған, сондықтан  мұны дәстүр бұзушылық деп ойламаймын.

— Осы тұста сұрайыншы, сіз де қыз тәрбиелеп отырған әкесіз. Ертең қыздарыңыз бойжетіп, өмірлік жарын кездестіргенде кім ұзатады?

— Сол күнге жете берейік. Осылай ағасы ұзататын шығар (күліп). Қыздарым әлі кішкентай. Нақты кім ұзататын айта алмаймын. Ол туралы ойланбаппын. 

 

stan.kz