Мысал жанрының қалыптасуы | Скачать Курстық жұмыс

0
392

Мазмұны

КІРІСПЕ

1 МЫСАЛ ЖАНРЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
1.1Мысал жанрының қалыптасуы
1.2 А. Құнанбаев пен А.Байтұрсыновтың мысалдары

2 А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ МЫСАЛ ЖАНРЫН ОҚЫТУ
2.1 Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарды жазуда шығарма-шылық стилі
2.2 А. Байтұрсынов тіліндегі ұлттық бейнелік ерекшеліктер
2.3 Ахмет Байтұрсынов мысалдарының Абай аудармалары-мен үндестігі

ҚОРЫТЫНДЫ
Қосымша 1
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

3

6
6
12

22

22
24

30

33
35
41

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы өз қалпына енді келтіріліп, Тәуелсіздік кезең тұрғысынан зерттелуде.
Туған халқымыздың әдеби, мәдени, тарихи, рухани, ұлттық құндылықтарын бар болмыс-бітімімен қабылдау үшін оның шығу тегі мен тарихи даму сатыларын мұқият қарастыру қажеттілігін айта келе Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру – үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді [1, 29-б.], – дейді.
Тәуелсіздік кезеңінде қазақтың ұлттық тілі мен әдебиеттану ғылымының іргетасын қалаған ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, қазақ әліпбиінің реформаторы, түрколог Ахмет Байтұрсынұлының (1872-1938) шығармашылық зертханасы, әдебиеттанулық мұрасы сан алуан бағыттағы зерттеулердің нысанына айналатыны күмән туғызбайды, себебі А. Байтұрсынұлының Қырық мысал еңбегін бүгінгі күн талаптарына лайық әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында жаңаша көзқарас пен жаңаша ойлау тұрғысынан жан-жақты қарастырудың қажеттілігі мен маңыздылығы өте зор.
Эпостың шағын өткір жанры мысалдың қазақ әдебиетінде жедел дамып, әдеби процессте ықпалды маңызға ие болған кезеңі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басына дәл келеді.
Ол кезеңде Дулат Бабатайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Машһүр-Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді алыптар буыны дүниеге әкелген мысылдар, Мұсабек Байзақов, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Сәбит Дөнентаев, Бекет Өтетілеуов, Спандияр Көбеев т. б. мысалдарында жалғасын тауып, жанрдың тұтас тұлғасы көрінеді.
Дәл осы кезеңде мысал жанрының жедел дамуы кездейсоқтық емес. Бұл кезең қазақ халқының өмірінде ірі-ірі тарихи оқиғалар, қоғамдық қарым-қатынаста әлеуметтік өзгерістер әкелген ерекше уақыт екенібелгілі.
Қазақ даласындағы сол бір қоғамдық тарихи мезгіл қазақ халқының рухани өміріне де әсерін тигізбей қойған жоқ. Міне, осы әлеуметтік өзгерістер мен рухани серпіліс мысал жанрының дамуына ықпал еткен негізгі факторлар еді.
Жалпы, өміріндегі өзекті мәселелерді көтерер көсем сөз сияқты өтімді, өктем жылдам жанарлардың әдеби аренаға толық шықпай, шыққанның өзінде бүкіл халыққа мол дәрежесінде жетпей жатқан кезде халықты елдікке, бірлікке, оқу-білімге шақыруды ғибраттық сарында, табиғатында поэзиямен егіз мысал жанрының халық үшін маңызы ерекше болды.
Мысал жанрының дамуы бүкіл қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтерген қазақ әдебиетінің классигі Абай дәуірімен тұспа-тұс келді. Рухани серпіліс кезінде, Абай дәстүрін жалғастыра мысалды әдебиетімізде жаңа биікке көтерген-Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаң мысалдары сол кездің өзінде қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс ретінде танылды.
Репрессия құрбандарының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлының артына қалдырған мол мұрасы халыққа қайта оралды. Қазіргі кезде, осыған орай Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығының арналы саласы-мысалдарын зерттеу, сол арқылы қазақ мысал жанрының күрт өрлеу кезеңінің табиғатың тану әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті:
Ахмет Байтұрсынұлы аудармаларының тілін, жасалу жолдарының ұғымдық идеясын, қызықты формасын және мысал стильдері мен көркемдік ерекшеліктерін ашу оның Абай аудармаларымен үндестігін көрсету.
Осы мақсатты көздей отырып, мынадай міндеттер қойылды:
-Мысал жанрының дүниеге келуі жайындағы ғылыми деректер;
-Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық даралығын айқындау;
-Ахан мысалдарының көркемдік ерекшелектерін көрсету;
-Абай мен Ахмет аудармаларының үндестігін пайымдау.
Зерттеудің ғылыми-теориялық және әдістемелік негіздері ретінде қазақ әдебиетінің теориясы мен тарихы саласындағы әл-Фараби, Ә. Бөкейхан, М. Әуезов, С. Сейфуллин, Х. Досмұхамедұлы, М. Жұмабай, С. Мұқанов, Қ. Жұбанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Қ. Мұхамедханұлы, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Х. Сүйіншәлиев, З. Қабдолов, М. Дүйсенов, М. Базарбаев, З. Ахметов, Ш. Сәтбаева, Р. Сыздықова, Т. Кәкішұлы, С. Қирабаев, М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, Р. Бердібаев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, М. Қойгелдиев, С. Өзбеков, С. Садырбаев, Ж. Ысмағұлов, М. Жармұхамедұлы, М. Мырзахметұлы, Ә. Дербісәлі, С. Қасқабасов, Ө. Айтбаев, Е. Тұрсынов, С. Дәуітұлы, Д. Ысқақұлы, Ж. Дәдебай, Қ. Әбдезұлы, Ж. Тілепов, Б. Абылқасымов, С. Негимов, Б. Майтанов, Б. Мамраев, Б. Шалабаев, Ө. Әбдиманұлы, А. Ісімақова, Б. Әзібаева, Г. Пірәлиева, Ш. Керім, Г. Елеукенова, Ш. Құрманбайұлы, Ә. Хамраев, Ж. Смағұлов, Р. Имахамбетова, Ұ. Еркінбаев т. б. ғалымдардың еңбектері алынды. Әдебиет теориясы, жанр және поэтика, лингвистикалық поэтика, өлең құрылысын зерттеген шет елдік әдебиеттанушылар Ханна әл-Фахури, Аристотель, Н. Буало, Гегель, Лессинг, Б. Кроче, В. К. Тредьяковский, Н. Г. Чернышевский, М. В. Ломоносов, Р. Якобсон, Д. Н. Овсянико-Куликовский, А. А. Потебня, Б. М. Томашевский, В. М. Жирмунский, Б. М. Эйхенбаум, А. Н. Веселовский, Ю. Н. Тынянов, М. М. Бахтин, Л. И. Тимофеев, Л. Я. Гинзбург, В. В. Виноградов, В. Б. Шкловский, Г. О. Винокур, Н. Г. Поспелов т. б. зерттеулері әдістемелік бағытқа негіз болды.
Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Жұмыс нәтижелерін қазіргі қазақ әдебиетінің тарихын, теориясын жазуда, түрлі бағдарламалар құрастыруға, Жоғары оқу орындарының студенттеріне қазақ әдебиеттану пәнінен жүргізілетін дәрістерде, дәстүрлі Ахмет Байтұрсынұлы оқуларына және оның шығармашылығына қатысты арнайы курстар, семинарлар мен факультативтер жүргізгенде қолдануға болады.
Зерттеу әдістері. Жұмыста ретіне қарай ғалым өмір сүрген дәуірдегі шет ел, Ресей теоретик-ғалымдарының еңбектерімен салыстыру, ғылыми жүйелеу және аналитикалық, сипаттамалық, салыстырмалы талдаудың кешенді әдіс-тәсілдері қолданылды.
Стильді эстетикалық категория деп тануымыз, көркем шығарма мен шығармашылықты, жанрды зерттеуде жүйелі-комплексті зерттеу методологиясын басшылыққа ала отырып зерттеудегі басты мақсат Ахмет Байтұрсынұлы мысалдарының ұлттық стилін даралау және әлем халықтары мысалдарымен типологиялық туыстығын пайымдау деп білеміз.
Курстық жұмыстың құрылымы:
Кіріспеден, негізгі бөлім екі тараудан, екінші тарау үш тараушадан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 МЫСАЛ ЖАНРЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

1.1Мысал жанрының қалыптасуы

Мысал қоғамдағы немесе жеке адамның бойындағы кейбір жағымсыз жәйіт, кемшілік, дерт, ұнамсыз мінез-қылықты ашық, тура санамай, аллегориялап сынап-мінейді. Аллегория – грекше астарлап айту, басқаша айту деген сөз. Яғни мысал-аллегория әлгідей кемшілік дертті көбінесе адамның емес, басқа бір хайуанаттың, құстың немесе бір заттың басында болған оқиға етіп суреттейді. Өзінің айтар идея, ой-пікірін жасырып, жұмбақтап айтады. Әңгіме бір жәндік, бір зат туралы болғанмен, оның ар жағында адам бейнесі, адам ісі, адам характері тұрады.
Көркем творчествоның көне жанры шағын болса да, өткір тілі мысалдың әлемдік әдебиет пен фольклорында алатын орны ерекше. Әдебиеттану ғылымының басқа жанрларына қарағанда мысалдың тек өзіне ғана тән айқындалған формасы бар.Ол – әлем әдебиетінде жалғасын тапқан ортақ сюжеттілік, персонаждардың көбінесе аң- құстан болуы, осы арқылы астарлап берілетін ойдың, идеяның ар жағында қоғамдық-әлеуметтік мәселенің, адам мінез-құлқының жатуы. Мысал жанрының белгілі бір тұтастығы, әлем халықтарының мысалдарындағы ұлы үндестігі, типологиялық ұқсастығы осыдан көрінеді.
Мысал жазба әдебиет үлгісі болып табылады. Өзінің даму барысында ол екі түрлі жолмен қалыптасты. Бұл әдебиетте XIX ғасырға дейін-ақ анықталған прозалық және поэзиялық мысал үлгілері.
Бір жанрдың екі ішкі жанрлық түрінің басты өзгешеліктерін, ұқсастықтарын сипаттау ғылымда әртүрлі теориялық бағыттарды қалыптастырды. Сондай ғылыми пікір-тұжырымның бір-екеуіне тоқталып өтейік: Мысал жөнінде ғылымдағы екі бағытты айтуға болады, ол Лесссингтің рационалистік концепциясы мен Гриммнің романтикалық теориясы. [3,231-232].
Сонымен бірге, кейінгі зерттеушілерден қолдау таппаған поэзиялық мысалды зерттеу барысында пайда болған дарынды психолог Л. Высотскийдің психологиялық бағытын да атап өту керек.
Мысалдың шығу тегі, типологиялық дамуы және оның бойында лирикалық, эпостық, драмалық, тіпті трагикалық элементтердің кездесесетіндігі ғалымдардың әртүрлі байлам жасауына әкелген. Мысалды халық ауыз әдебиетіндегі жануарлар эпосымен тығыз байланысты қарастырған Костюхин Е.А. былай дейді:
Теорияда мысал тек қана әдебиет жанрының бірі ретінде қарастырылмайды, сонымен қатар бір ойды берудің өзіндік формасы және тіпті жалпы сөз өнерінің іргелі формасы ретінде қаралады.[4,164].
Мысалдың философиялық-дидактикалық мазмұнына көңіл қойған Лессинг концепциясын ұстанушылар өмірдегі әртүрлі жағдайлардың себебінен туған ғибраттық мазмұндағы мақал-мәтелдердің негізінде мысал пайда болды дейді. Бұл көзқарасқа философтар да назар аударып, кейіннен В.Перри, А.Потебня, Гаспаров еңбектерінде көрініс тапты. Олардың айтуынша, жанрдың дамып қалыптасуының негізі ғибрат, яғни мысалда айтылар ғибрат адамдардың қарым-қатынасына қызмет етеді. Соңғы түйіннің мақал-мәтелдермен мазмұндас келуінің тәрбиелік сипатына ерекше мән беріп, мысалды өзіне дейін болған басқа формалардан бөлек алып қарастырады.
Сөйтіп, бұлар поэзиялық мысалдың озық үлгісін әкелген француз ақыны Лафонтенді сынға ұшыратты. өйткені, антик дәуірінде Федр мен Бабрийдің кейбір мысалдары өлең тілімен жазылса да, XVIII ғасырға дейін прозалық мысал дамыды. Ал, Лафонтен мысалдары тек философиялық мазмұнға ғана құрылмаған, оның бейнелеу-көркемдеу құралдары да өзгеше болды. Лафонтеннің мысалдарын сынай отырып, Лессинг поэзиялық мысал үлгісінің қалыптасқанын атап көрсетті. Әйтсе де, оның негізгі атқаратын қызметі ғибрат айту деген позициясында қалады.
Осы орайда В.Жуковский де : Мысал дегеніміз әрекет үстінде көрінетін мораль,мұнан адамгершіліктің жалпы ұғымы байқалады, – дейді. [5,402].
Мұнан біз мысалда жеке оқиға арқылы жалпы ақиқатты көреміз.ол үшін алдымен ғибраттық мазмұндағы шындық ойластырылып,соған бейім әңгіме құрылады деген рационалистік бағыттағы ғалымдармен пікірлестікті аңғартады.
Лессинг мысалды әдемі поэтикалық ойыншыққа теңеді. Ол мысалдың ғибрат айтар маңызының төмендеуі поэзиялық мысалдағы персонаждардың тартысы бейнелі сөздер арқылы берілуінде деп таныды. Бұл көзқарас мысалдың ішкі жанрлық түрінің басты сапалық ерекшелігін ажырата алмаушылықтан туындаған болса керек.
Басқа сөз өнері жанрларына қарағанда, мысал жанрының көне дәуірден біздің заманымызға дейін әлем ғалымдарының ерекше назарында болғанын тарихи ұзақ уақытта дүниеге келген іргелі теориялық еңбектер мен қалыптасқан ғылыми бағыттар дәлелдейді. Бұның өзі: мысал жанры – сөз өнерінің ең көне, ең бай және ең дәстүрлі де өміршең. шағын да күрделі формасының бірі екенін байқатса керек. Алайда, оны қоңыртөбел, қарапайым кейде тіпті қосалқы аударма жанр ретінде таныған кезеңдер де болды. Сондықтан да, біздің ойымызша әдебиеттану және фольклортану ғылымы саласындағы теориялық еңбектерге сүйене отырып, мысал жанрының табиғатын тану – басты мәселенің бірі.
Мысал жанры туралы ғылымның жүйелі теориялық үш бағытын айтуға болады.Бірі, Аристотель еңбектерінен бастау алған негізінен философтар да аса назар аударған кейіннен Г. Э. Лессинг, В. Перри, А. Потебня, М. Н.Гаспаров т.б. ғалымдар еңбектерінде айқын көрініс тапқан, мысал жанрының басты өзге жанрдан өзгешелендіріп тұратын негізі ғибрат мораль
деген оның философиялық-дидактикалық мазмұнына ден қойған рациональды бағыт. Бұл бағыттағы ғалымдар мысал жанры адамзат қоғамының дамыған кезінде, тіршіліктен түрлі жағдай, өзгеше оқиғалар салдарынан туындаған ғибраттық мазмұнды теңеу, мақал мен мәтелдер негізінде қалыптасты деген тұжырым, пайымдауларға барып ғибрат жанрдың негізгі қасиеті деген ой түйеді.
Екінші, мысал жанрының негізі әңгімелеу повесттвование ал ғибрат, кейіннен алған қасиеті деген, А. Гриммнің миф – жануарлар туралы ертегі – мысал типологиялық тұрғыда эволюциялық даму концепциясын ұстанған, кейіннен А. Хауарат, И. Левин, Е.А.Костюхин т.б. негізінен фольклортанушы ғалымдар еңбектерінде қолдау тапқан романтикалық бағыт.
Үшінші, мысал жанрының жаңа серпіліс кезеңінің ерекшелігіне поэзиялық мысал жанры проблемасы , оның психологиялық, эстетикалық әсер ету қасиетіне ерекше көзқараспен келген А. Выготскийдің ықпалы өзгеше болған психологиялық-эстетикалық бағыт. Мысал жанрын бұл бағытта зерттеу жалғасын таппағанымен, поэзиялық мысал жанрының табиғатын тануда елеулі ықпалы болды.
Жалпы ғылыми бағыттарды топтастыруымыз белгілі мөлшерде шарттылық характер таныту мүмкін, бірақ қалай болғанда біздің пайымдауымызша теориялық ой-пікір негізінде бас айналып, барар бағытын ауытқымас үшін бағдарлық рөлі болары сөзсіз. Мысал жанрының теориясына арналған еңбектердің бірнеше бағыттарда дамуы , мысал әдебиет жанры бола тұрып фольклормен дәстүрлі байланысының сақталуы және лирикалық, эпостық, драмалық элементтердің жанр тұлғасынан көрініс табуы ішкі жанрлық түрлерінің сырттай ұқсастығы болғанымен, әрбір даму кезеңінде, ұлттық әдебиеттері де жаңаша бір көркемдік шешім тауып, серпінді қозғалыс динамика өзгеше түр-сипат байқатуынан туындап отырды. Бұл жөнінде, Е. А. Костюхиннің: Теорияда мысал тек қана әдебиет жанрының бірі ретінде қаралмайды, сонымен бір ойды берудің өзіндік бір ерекше формасы және тіпті жалпы сөз өнерінің іргелі формасы ретінде қаралады,- деген пікірі көп нәрсені аңғартады.[4,165] Мысал жанры табиғатының көп қырлы сипаты, оның әдебиеттану ғылымының ғана емес, фольклортану, философия секілді ғылымдардың да назарын өзіне аударады. Белгілі ғылыми бағыттардың қарама- қайшылықты ой-пікір, тұжырымдардың және болжау- пайымдардың жан-жақты, сан-салалы болуының себеп-салдарының жұмбағы осында болса керек. Бұл бағыттар жөнінде бұрын да айтылған. Біздің, жүйелеу бағдарымызда ғылыми әдебиеттегі кейінгі ғылымның даму процесінде де сай біраз өзгеріс бар.Cол ғылыми бағыттар жөнінде айтылған пікір-тұжырымның бір-екеуіне тоқталып өтейік: мысал туралы ғылымдағы Лессингтің рационалистік концепциясы және Я.Гриммнің романтикалық теориясы.[3,230] Дарынды психолог, теоретик Л. Выготский аталған пікірге жақын мынадай тұжырым жасаған: Негізінде, бізді мысалдың психологиялық жүйесінің қалыптасқан тек қана екеуі бар: Лессинг және Потебня теориялары.[ 6,81]
Мысал жөніндегі тегеурінді айтыс, пікір-таласты ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі прозалық жанрының стильдік ерекшелігіне өзгеше бір жаңашыл өзгеріс желе әдеби майданға шыққан поэзиялық мысал жанрының поэтикалық қуатының көркемдік толқыны әкелді. Поэзиялық мысал жанрының тамаша үлгілерін әкелген француз ақыны Лафонтен кезінде сынға да ұшырады. Өйткені антикалық заманның өзінде Федр мен Бабрий қайсы бір мысалдарын өлең тілімен жазғанымен, XVIII ғасырға шейін прозалық мысал түрі ықпалды бағытта дамыды. Прозалық мысалдың дидактиткалық, тәрбиелік сипаты айқын канондық қалыпта мысал жанрының моральдық-философиялық мазмұнын байытып қана қойған жоқ поэзиялық тілмен жазып бейнелік-көркемдік тұрғыда формалық өзгешелік те әкелді. Алайда, кезінде француз классицизмінің теоретигі Н.Буало да Лафонтен жаңашылдығын жүрек жарды қуанышпен қабылдады.
Тек қана, бір ғасырдан кейін неміс ғалымы Г .Лессинг Лафонтен мысалдарын сынай отырып, мысалдың поэзиялық жанрлық түрінің қалыптасқанын алғаш рет саралап көрсетті. Соның өзінде, мысал ғибраттық мәнді ақиқатты дәлелдейтін жанр. Мысалда жеке оқиғалар арқылы жалпы ақиқат көрсетіледі. Алғашында ғибратты ақиқат ойластырылып, соған бейімделіп әңгіме құрылады. Яғни, ғибрат мысал философиясы оның негізгі функциясы деген позицияда болды. Н. Буало сияқты Г. Лессинг те халық фольклорымен, халық ауыз әдебиетімен мысал сюжетінің байланысына және сондай-ақ әрбір творчествалық таралық тұлғаның сол сюжетті дара стильмен ұлттық қолданыста түрлендіріп жіберер ерекшелігіне мән бермеді.
Рациональді бағыттағы ғалымдар көзқарасы өздеріне дейінгі уақытта жиналған тәжірибеге сүйенді. Мысалы Аристотель өзінің Поэтикасында қарастырған жоқ Риторикасында қарастырды. Тағы басқа да көне замандағы еңбектерде мысал философия объектісі тұрғысында қаралды.
Г.Лессинг мысал жанрының поэзиялық түрінің пайда болғанын атап көрсеткенімен жанрдың ол түріне деген өз көзқарасын айтпай қалмады: Лафонтену удалось сделать басни приятной поэтической игрушкой -деп яғни, поэзиялық мысал жанрын әдемі поэтикалық ойыншыққа теңеп, Лафонтеннің мысал персонаждарын образды түрде, поэзия тілімен бейнелі сөздер арқылы беруін, жалпы ондағы драмалық сцена, мысал дәстүрін бұзу, ең бастысы ғибрат айтар тәрбиелік маңызын төмендету деген көзқараста болды. Прозалық мысал жанрын Лессинг қызғыштай отырып, оның кейбіреуі өзінің негізгі ғибрат айту секілді қызметіне толық жауап бермейтініне өзі де кезінде зейін аударған. Г. Лессинг бұл бағдардағы көз қарасы романтикалық бағыттағы ғалымдар тұжырым – пікірімен үндеседі. Лессинг пікіріне, аталған проблемаға қатысты деген біздің пайымдауымызша маңызды деген Эзоптың екі мысалын келтірейік: Адам өзінің суық қолын демімен үрлеп жылытады және сондай-ақ ыдыстағы ыстық тамақты суыту үшін де демімен үрлейді. Сонда қалай – дейді сатир – сен аузыңнан суық та ыстық та демді қатар шығарасың? Кет мен сенімен дос болғым келмейді.Бұл мысал, екіжүзді адаммен достықтан аулақ жүруге үйретеді.[7,105]
Бұл мысалдағы келтірілген персонаж – Адамды екі жүзді деудің өзі қисынсыз немесе А.Потебняның өз еңбегінде келтірілген Эзоптың мына бір мысалын алайық: маймылдар балалағанда әдетте дүниеге екеуін әкелетін көрінеді. Оның біреуін өте жақсы көріп, күтетін көрінеді де, ал екіншісін өте жек көріп, оған көңіл бөлмейді екен. Бірақ, құдайдың жазғанына шара бар ма күтіп әлпештеген баласы өліп, қарамаған, күтпеген баласы тірі қалады екен.[8, 62] Мысал жазмыштан озмыш болмас дегенді ескертеді. Ал осы мысал жөнінде Потебня: Маймылдардан басқа біреулерге бағыттайтын, ешқандай ой серпіні, импульс жоқ. Ал, бізге мысалдан дәл осы айтылғанның өзі ғана керек, – деп тұжырымдайды.
Ал дәл осы мысал жайында Л. Выготский: …жеке бір оқиға айтылған сияқты; бұл – мысал, біздің ойымызды өз балаларын жақсы көріп, мөлшердеен тыс еркелететін ата-ананы есіміізге түсіреді.- деп, принципінде өзі басқа көзқараста болып, ғибраттың астары бар деп түйіндейді.[6,59] Алайда, аталған мысалдарды әр қырынан саралауға болады, ондағы ғибрат екіұдай ойға жетелей, ішкі психологиялық қарама-қайшылығымен оқиғадағы әрекет әртүрлі бағытта қорытынды шығаруға бейімдейді. Жалпы мысалдарды салыстыру барысында біз мынадай көрініске тап болдық. Г.Э.Лессинг прозалық мысалдар жазғаны белгілі кез-келген мысалдың таза ғибраттық, тәрбиелік мәні бола бермейтін, қалайда ирония, әжуа астасып қатар келетінін байқаған. Сондықтан кейбір мысалдарда персонаждардың образын айқындай түсу үшін атап айтсақ, Қарға мен түлкі сюжетіне ерекше өзгеріс енгізді. Мысалдағы бәрімізге белгілі сюжетке өзгеріс енгізе, жанр тарихында кеткен қателікті түземек ниетте болады. Енді сол мысалды келтірейік: Көршісінің мысығына ыза болып, Бақ күтушінің әдейі қойған уланған етті Қарға тырнағымен іліп әкетті. Тапқан пайдасын шоқыйын деп, кәрі еменнің бұтағына қонғаны сол-ақ еді, аяқ астынан түлкі тап болып, бұған дауыстап:
О, Юпитердің құсы, рақымды бол! – дейді.
Сен мені кім деп тұрсың – деп сұрайды Қарға.
Мен сені кім деп тұр дейсің ба?- деп таңданды Түлкі.
– Сен әлгі, Зевстің өзі жіберген құдіретті Бүркіт емессің бе? Күн сайын осы еменге қонып, мен сияқты сорлыны тамақтандырып кететін. Білесің, әдейі істеп тұрсың ғой ә? Мені көрмей тұр деп ойлайсың ба, сенің ерлікке толы тырнақтарыңда менің құлшылық еткенімді ескеріп сенің құдайың жіберген сый бар ғой.
Қарға өзін бүркіт деп қабылдағанына таң болды және іштей қаунып та қалды. Жарайды – деп ойлады ол
Түлкінің адасқанын ашпай-ақ қояйын. Сөйтті де, ақымақ бір кеңпейілділікпен тырнағындағы пайдасын тастап жіберіп, кеудесін кере ауаға көтерліп , ұша жөнелді. Түлкі сайқымазақ күлкімен етті қағып алып, сол арада – ақ қылғытып қалды. Бірақ, оның қуанышы тез арада қайғыға айналды. У әсер етіп, ол өліп тынды.[7,215]
Жануарлар эпосы жырларында мысал жанр персонаждары белгілі – бір характермен көрініс тауып , сол мінезді қимыл-әрекет етуі типологиялық қалыптасқан дәстүр. Мысал жанры даму процесімен ондағы персонаждар мінез- қылықтарына да сапалық өзгерістер енді. Сондықтан да, аталған сюжетте түлкі негізінен қу мінезді персонаж ретінде алынып , характеріне баға берілгенімен диалог барысында басқа да қырлары ашыла түседі. Мысал жанрындағы психологиялық екіұдайылық, паралелизм сол арқылы мысалдағы драмалық тартыс, персонаж бейнесін күрделендіре түсіп, көркем әдебиеттің басқа жанрларына тән брлық ерекшеліктері көрінеді. Мысалды сөз өнерінің емес, философия мен шешендік өнерінің жемісі ретінде таныған, басты қызметі ғибрат айту, ақыл айту деген көңілмен Лессинг сюжетке түзетулер енгізіп, тәрбиелік мәнін аттыруды мақсат тұтқан. Келтірілген үзінді де, түлкіге уланған деп ат беру арқылы қу персонажды жазалау, оның басқа қасиеттерін жасыру, ал қарға аңқау бейне, тіпті, топастықтан, ақкөңілдігі басымдау ма деген логика елес береді, осы арқылы мысалдың ғибраттық мазмұнын арттыра түскен болған.
Мысал теориясына ерекше көңіл бөлген Потебня А. Кейіннен Лессингтің пікірін осы бағытта өз еңбектерінде қолдады. Мысал жанрының ең басты функциясы ғибрат айту, ал бұл жанрды поэзиялық бейнелік- көрккемдік құралдарымен көркемдеудің өзі артық деп таныды. Бұл бағыттағы ойын мына пікір толық ашып көрсетеді: …адамдардың мысалды пайдалана алмауынан, пайдаланғысы келмегендіктен болды. Шындығында, кезінде қуатты саяси памфлет болған, өзінің қызметіне қарамай, тіпті өзінің қызметінің арасында- ақ толық поэтикалық шығарма ретінде танылған,ой-толғамда көрнекті маңызы болған мысал, қазірде түкке тұрғысыз,жарамсыз ойыншыққа айналған.[8,213]
Мысал жанрының ғибраттық мәнін табандылықпен қорғаған Лессинг және Потебня, оның поэзия тілінде жазылып, сөз кестесінде әшекейдің қолданылуы мысал табиғатын танымау, өмірдегі саяси және әлеуметтік мәселелерді ашып көрсетер маңызын және ғасырлар бойы қалыптасқан жанрдың құрылымы мен мазмұнын, жазылу стилін әлсірету деп қабылдады. Сонымен қатар рациональды бағыттағы ғалымдардың прозалық мысалдар жөніндегі тұжырымдары бүгінгі күнге дейін құндылығымен өзіне назар аудартып отырғанын атап айтқан жөн. Алайда поэзиялық мысалдың өзіне дейін ғасырлар бойы қалыптасқан прозалық мысалмен тамырлас, өзектес болғанымен сөз өнеріне тән қасиеттерді бойына сіңіріп жаңа бағытта дамуы осындай қарсылықты, қызу айтыс-пікір туғызды.
Поэзиялық мысалда ғибрат негізінен сатирамен астасып жатты. Бұл жанрды күрделендіре түсіп, драмалық тартысқа құрыла, психологиялық жағынан ондағы әрбір сөз диалог үйлесім тауып, ғибраттық ой, образды оймен үндесіп, эстетикалық талғам, бейнелі тілдік оралым көркемдік бағытқа бейімдеді. Поэзиялық мысалға, нақтылай айтқанда Крылов мысалдарына, оның ортақ сюжеттерге құрылғанымен творчестволық даралығына талдау жасай келе, Выготский оны сөз өнерінің толыққанды жанры ретінде таныды. Оны ғалымның мына бір тұжырымды пікірі дәлелдей түседі: … мысал бүтіндей поэзияға жатады және оған өнердің ең жоғарғы формасынан көрінетін өнер мен психологиялық заңдылықтардың барлық күрделі түрлерінің таралатынын көреміз.[6,87] Шындығында, поэзиялық мысалдың сөз өнерінің басқа да роман, поэма, комедия сияқты жанрларына тән форма тауып, арнаға бет бұрғанын көреміз.
Мысалдың екі жанрлық түрінің негізгі басты өзгешелігі неден көрінеді деген мәселеге сапалық тұрғыдан келсек, прозалық мысалда қалыптасқан дәстүр басты негіз болса, ол поэзиялық мысалда авторлық тұлға басым бағытта болып; әр ақынның стильдік өрнегі айқындаушы роль атқарады. Бұл бағдарда сөз жоқ, Лафонтен, Крылов, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов мысалдары дәлел бола алады. Ұлы ақындар қаламынан туған поэзиялық тамаша мысалдың үлгілері әлемдік әдебиеттің төркінінен өзінің ұлттық халықтық белгілерімен және қайталанбас стильдік тілдік жетістігімен көрінді.
Әрине, мысалдың жанрлық екі түріне шекара қою, қайсысында қай фактор басым соны ажырату да мақсат емес, әңгіме, таныс мотив, ұқсас сюжетіне құрылғанымен поэзияның қиыннан қиыстырар құдіретінің әр ақын стилінің өзіндік өрнегі жайында болса керек. Бұл жерде, басып айтатын мәселе творчестволық даралығымен көрінген. Гетенің тілімен айтқанда қарапайым еліктеу, мәнерден өтіп, өзінің стилін тапқан сөз өнері шеберінің өзгешелігі турасындағы әңгіме болып отыр. Біріншіден, мысалдар екі жанрлық түрінің жоғарыда аталған өзіндік ерекшеліктері және поэзиялық мысал жанрындағы творчестволық даралықтың қолданыс ерекшелігі де айқын көрінеді. Ол үшін Эзоп пен А. Байтұрсыновтың әлемдік сюжетке құрылған мысалдарының Персонаж – түлкінің, персонаж – қарғаның мақтайтын тұсынан бір ғана салыстырумен шектелсек те айқын көрінеді.

1.2 А. Құнанбаев пен А.Байтұрсыновтың мысалдары

А. Құнанбаев, А.Байтұрсынов сияқты ақындардың мысалдары ортақ сюжетке құрылғанымен стильдік, тілдік өрнектерінің ұлттық болуының, халықтың рухының арқасында аударма емес, төл шығармаға айналғаны әлемдік әдеби процесте ғылыми көзқарастардың үндесуі де дәлелдей түседі.
Негізінен, прозалық және поэзиялық мысалдардың принципті өзгешелігін көре отырып, оның типологиялық ұқсастығын және мысал жанрына тән элементтердің бірінде аз , бірінде көп болса да астасып біріне-бірінің сәулесін түсіре дамып отырғанын теріске шығара алмасақ керек. Алайда, бұл бағытта мысал жанрының прозалық және поэзиялық түрінің өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударылып екі арасына белгілі мөлшерде шекара қойылу табы да сезіледі. Бұндай көзқарас салдарынан мысал жанрының ішкі екі түрінің біріне ерекше мән берілсе, екіншісіне салқын көзқарас басым байқалады. Прозалық мысалға баса назар аударған оны ғибрат айтылар риторикалық жанр тұрғысында танып, поэзиялық тіл т.б. ерекшелігіне артық әшекей деп қабылдаған. Потебня А.Л. және Лессинг Г.Е. т.б. рационалистер көзқарасына біз арнайы тоқтайық.
Сонымен бірге, бұл тұжырым бағыттан алшақ поэзияның жанрға кесіп айтар артықшылық берген көзқарас та жоқ емес. Белинский В.Г. байламына көңіл тоқтатайық: Мысал сатира ретінде поэзияның нағыз ақиқат тегі – деген еді.[9,47] Поэзиялық мысал жанры сөз болып отырғанымен, оның ғибраттық ерекшелігіне толық қарсылық, яғни прозалық мысалдың негізгі өзегіне айтылған қарсылық байқалады. Поэзиялық мысалда ғибрат айтылмайды деп кесіп айта алмасақ керек, алайда сатирамен ирониямен астасып ақынның шебер тілімен мүлдем жандана, өткір де батыл айтылатын мысал дәстүрлік табиғатын да жоғалта қойған жоқ. Сонымен қатар орыс поэзиясында мысал жанры өткір сатиралық факторларымен де айқындалғаны анық. Бірақ та, шығыс апологымен ғасырлық байланысы бар қазақ мысалы жанрдың жаңашылдығын қабылдағанымен дәстүрлік ерекшелігін де жоғалтқан жоқ.
Екінші жағдайда, мысал жанрын Выготский басқаша саралайды: … біз мысалды екі паралельді ағымды білеміз прозалық мысал мен поэзиялық мысалдар әрқашанда әдебиеттің екі бөлек жанры ретінде өмір сүріп келеді.[6,65] Жалпы, Выготскийдің өз еңбегінде мысал жанрының екі түрінің қатар өмір сүріп отырғаны, прозалық мысал негізінен ғибраттық бағытта дамып, өзіндік ерекшеліктері айқындала түскені жөніндегі пікірлері әрине құнды. Прозалық мысал бүгінгі таңға дейін жалғасын тауып келеді. Бұған дәлел, Эзоп, Лессинг, Толстой мен Әлихан Бөкейханов мысалдары. Сондай-ақ, поэзиялық мысалдың да ұзақ тарихи даму жолы бар. Поэзиялық мысал, Бабрий, Лафонтен,Крылов және Абай, А.Байтұрсынов тағы басқа ақындар мысалдары.
Мысал жанрының ең басты ерекшеліктерінің бірі оның эпостық шағын жанры екендігі. Ол ерекшелігі эпиканың үлкен роман, повесть, поэма сияқты жанрлардан ажыратып тұрады. Ал, оның шағын жанр болғанымен, жалпы эпикалық жанрға тән оқиға, сюжеттің болуы, әңгімелеу, оқиға біртіндеп дамып, персонаждардың тартысына құрылып, шарықтап шешімін табуы, керісінше шағын лирика секілді жанрдан ерекшеленіп тұрады. Ал, новелла, әңгіме тағы басқа шағын жанрлардан персонаждардың көбіне аң мен құстардан болуы баяндалған оқиға астарлап айтылып және көбіне міндетті түрде оқиғадан түйін жасауы, ол түйін негізінен мақал – мәтелдермен астасып келуі өзгешелендіріп тұрады. Әдебиеттің басқа жанрларынан ерекше бір қасиеті мысал жанрының ортақ сюжетке құрылуы, оның өзі ғасырлар бойы байланысын үзбеген фольклорлық дәстүрдің беріктігінің бір көрінісі. Көптеген сюжеттер фольклордан әдебиетке келіп, керісінше әдебиеттен фольклорға сіңіп кеткен. Бұл – заңды құбылыс. Ұлы Абайдың мысалдары елге ауызша таралып, ертегіге айналып кеткен төл әдебиетіміз бен фольклорымызда белгілі.
Жалпы мысал табиғатын тануда даму заңдылығын естен шығаруға болмайды. Яғни, мысалдың негізгі функциясы қоғамдық даму барысында алмасып отырған. Сонда прозалық мысалда сонау Эзоп заманынан қалыптасқан дәстүр мысалға басты негіз болса, поэзиялық мысалда авторлық тұлға басым болады. Бұл мысалдағы сюжеттің халық ауыз әдебиетімен байланысты және әдеби байланыс сақтала отырып, әр халықтың ұлттық әдебиетінде өз шарттылықтарымен түрленуінің мүмкіндігін көрсетеді. Әдебиетте осы арқылы творчестволық тұлғаның даралық стилі қалыптасады.
Осы тұрғыда Емен мен Шілік мысалын келтіре кетелік: Бұл мысал Бабрийде Дуб и тростник деп аталады: Таудың төбесінде өсіп тұрған еменді қатты дауыл тұрып, түбімен қопарады. Адамзаттың бәрінен де жасы үлкен жойдасыз еменді сарқырап аққан өзен қалқытып ала жөнеледі. Осы долданып ағып жатқан өзеннің екі жақ жиегінде маужырап, жайбарақат өсіп тұрған қалың шілік бар екен. Осындай әлсіз және бойы да кішкентай мына жойдасыз жуан емендерді алып ұрған сұрапыл дауылға қарсы тұрып, қасқайып майданға шықтың да, күресіп жығылдың ғой, ал біздер болсақ, жеңіл-желпі жел тұрса да, майысып құлай кетеміз. Біздің еншімізге тиген нәрсе – көне беру,- депті Шілік.[10,98] Мысалдағы негізгі ой күштінің айтқанына қарсы шықсаң осындай күйге тап боласың, онан да олардың айтқанына көне беру керек дейді. Ал осы мысал Абайда:

Шілік пен емен бір күн сөйлесіпті:
Аллаға недеп сорлы жаздың?- депті.
Торғайға да майысып, солқылдайсың,
Жел бүлк етсе, тебесін әлпеншекті.

Құдай басқа салмасын сен секілді
Желмен бірге жығылып жер сүзбекті.
Обалың бір құдайға, байғұс сенің,
Қақтырып қойған мұнша бас селтекті.

Қарашы маған ,сендей сорлы емеспін,
Тау, жартасқа ұзарып бой теңестім.
Сенің қорыққан дауылың – маған өлкек,
Маңыма сәуле өткізбей күнге егестім

Тырп етпес менің күшім жауын-желге,
Жапырағым көлеңке талай жерге.
Ығыма сені де алып қорғар едім,
Иең сені бітірген иен дөңге.

Есіркегіш екенсің , – деді шілік,
Онша сорлы емеспін, тартпа күйік!
Сынбаймын майыссам да, солқылдаймын,
Желден маған келмейді еш кемшілік.

Бүгінгі аман бола ма үнемі аман?
Керкеңдікпен деп тұрсың небар маған?
Шалқақтық иілмейтін кімге жаққан,
Екпінге ерегіссең, қатер саған.

Кавказға бір қап-қара бұлт мінді,
Естіп тұрған кісідей тау күңіренді.
Жер-дүниені шаң тұман қабат басып,
Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді.

Арты – бұршақ, алды – шаң жел құтырды,
Шілік жерге бас ұрды, емен тұрды.
Басы көкке, сирағы жерге енсе де,
Ақырып долданғанда алып ұрды.

Майысқаннан шіліктің несі кетті,
Батыр, мақтан көйлеме сен де оғұрлы.[11,45]

Осыдан байқайтынымыздай, Бабрий мысалындағы ғибраттық ой Абайдың мысалында да бар. Бірақ Абайдың мысалын оқып отырып, ондағы көркемдік ізденіс пен дәстүрлік белгі бір өрілетініне көз жеткізесің.
Теорияда мысал жанрының өзгешелігі туралы мынадай пікір бар: В истории басни можно заметить три главных эпохи: первая, когда она была не иное что, как риторический способ, пример, сравнение: вторая, когда получила бытие отдельное, и сделалось одним из действительниших способов предложения моральной истины для оратора или философа нравственного,- токавы басни, известные нам под именем Эзоповых, Федровы и в наше время Лессинговы: третья, когда из области красноречия перешла она в область поэзии, то есть получила ту форму, которой обязана в наше время Лафонтену и его подражателям, а в древности Горация .[3,87]
Мысалдың басты өзгешеліктерін анықтауда жоғарыдағыдай артық баға поэзиялық мысалға да берілген. Белинский: Мысал сатира ретінде поэзияның нағыз ақиқат тегі,- деген еді. [9,48 ] Бұл жерде поэзиялық мысал сипатталып отырғанымен, онда айтылатын ғибраттық ерекшелікке қарсылық бар. Бірақ поэзиялық мысалда ғибрат мүлдем айтылмайды деуге болмайды, ақындық шеберлікпен берілген ащы мысқыл, кекесіннің астарында мысалдың дәстүрлі табиғаты жатады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Абайдың Крыловтан аударған Шегіртке мен құмырсқа мысалын келтіре кетелік:

Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықтап жүріп жазды алған.

Жаздыкүні жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті ,
Күз болған соң, кетті күй.

Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тонған, қарны ашқа
Ойын қайда, ән қайда?

Оныменен тұрмады,
Қар көрінді қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.

Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып, дән жиған.
Құмырсқаны іздеп табады.

Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!

Мұның жаным сөз емес,
Жаз өтерін білмеппе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?

Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып,ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме ?

Қайтсін қолы тимепті.
Өлеңші, әнші асыл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер![11,143]

Соңғы шешім ала жаздай селкілдеген шегірткенің халін мысқылдаумен аяқталса да, сол мысқылдың өзі-ақ адамды жалқаулық, бой күйездік сияқты қылықтардан сақтандырады.
Белгілі бір қалыпқа түскен әдеби арна өкілінің көркемдік бейнелеу тәсілдерін қолдану арқылы тудырған мысалдың психологиялық және эстетикалық әсер ету қасиетін өзіндік түсінік- пайыммен таныған Л. Выготскийдің мысалдың поэзиялық түрінің ерекшелігін сипаттауда ықпалы зор болды. Ғалым психологиялық екіұдайылылық арқылы мысалдағы драмалық тартыс, персонаж бейнесі күрделеніп, көркем әдебиеттің басқа жанрларына тән ерекшеліктер көрінетінін дәлелдеп берді. Л.Выготский Крылов мысалдарына талдау жасай келе мысал бүтіндей поэзияға жатады және одан өнердің ең жоғарғы формасынан көрінетін өнер мен психологияның заңдарының барлық күрделі түрлерінің таралатынын көреміз – дейді.[6,88] Әрине, поэзиялық мысал сөз өнерінің басқа ірі жанрлары сияқты өзіне тән формасы бар, арналы сала. Алайда, мұнда поэзиялық мысалдың өзіне дейін ғасырлар бойы қалыптасқан прозалық мысалдармен тамырлас бола отырып, сөз өнеріне тән қасиеттерді бойына сіңіре жаңа бағытта дамуы , яғни жанрдың генетикалық және контактілі байланысы ескерілмеген.
Психологиялық екіұдайылық арқылы мысал персонаждарының арасындағы драмалық тартыс шиеленісіп, ондағы әрбір сөз, диалог ғибраттық оймен үндеседі деген пікірімізді тарата айтсақ , Ахмет Байтұрсыновтың Қасқыр мен тырна деген мысалындағы мына бір сәттерге назар аударалық: Елден жырақта сапар шегіп келе жатқан қасқырдың қарны ашып жолында кездескен жемтіктің шетінен ауыз салады. Асығып аптығып, кемірмей жұта салған сүйегі тамағында тұрып қалған кездегі қасқырдың кейпі мынадай екен:
Қақалды, сүйек жүрмей тамағына,
Болмады әртүрлі еткен амалына,
Жанынан күдер үзіп тұрған шақта
Көзіне түспесін бе Тырна.

Тырнаны шақырады ишаратпен ,
Мәнісін баяндауға жайы кеткен.
Ойлайды: бұл тұрғанда тіл алмас деп,
Көңілін жұмсартпасам алдап еппен.

Бұрынғы мықтылықты былай қойып,
Тырнаға сөз сөйлейді кішілікпен:
Шырағым, дүниеде ұмытпайын,
Құтқарсаң мені қазір осы дерттен…[12,55]
Осылайша, тырнаны өтірік мақтап, шыққан тегін, әкесін айтып жағымпаздануыменен көкейдегісін орындатып алғаннан кейін қасқырдың сөзіне көңіл аударалық:
Құтқарған зор пәледен Тырнасына,
Ол бірақ көрсетпеді ықыласты.
Еңбегін бер деп сұрап еді,
Қасекең сау күндегі әнге басты.

Не дейсің, ойын ба осың, шын ба Тырна?
Қажауға мәжнүн жоқ саған мұнда.
Ақы алып өзгелерден дәндеп қапсың,
Қой,Тырна, ойнап мені әуре қылма!

Мен саған олжа болар серің бе едім,
Құтқардым сөзім сыйлап, ерінбедің.
Сыйға- сый дегендейін, таз басыңды
Аузыма салып тұрған кемірмедім.

Көрінбей, жоғал шапшаң, көзіме енді,
Түсініп айтқан достық сөзіме енді.
Аш бөрі неше күндей дәм татпаған,
Ұялмас тап беруге өзіне енді.[12,56]

Басына іс түскенде Шырағым, қарағымдап тұрған қасқыр бостандыққа шыққаннан кейін көрінбей,жоғал шапшаң, көзіме енді дейді. Психологиялық екі ұдайылылық дегеніміз осы. Осының нәтижесінде жауыздықтың, қатқылдықтың белгісі ретінде алынатын қасқырдың тағы бір қыры ашылады.
Мысалдың шығуы, даму тарихы туралы айтылған Л. Выготскийдің мына пікірімен де келісе алмаймыз: біз мысалда паралельді екі ағымды білеміз және прозалық мысал мен поэзиялық мысалдар әдебиеттің екі бөлек жанры ретінде шығу тегі жағынан да екі жақты.[6,121-122] Бұндай көзқарас, біздеңше мысалдың фольклормен байланысына ден қоймаудан туындаған болса керек. Осы орайда, тарихи – типология әдісіне сүйеніп мысал өзінің шығу тегі мен даму эволюциясы жағынан фольклормен тығыз байланысты деген фольклористер пікірінің қолдауға тұратынын айтпай өтуге болмайды. Я. Гриммнің миф – жануарлар туралы ертегі – мысал деген даму концепциясын ұстанған ғалымдар мысал жанрының негізі әңгімелеуден тұрады , ал ғибрат адамзат санасының өсіп дамыған кезеңінде алған қасиеті деп таниды. Бұл жөнінде Костюхин Е. А, Қасқабасов С. А өз еңбектерінде атап өтеді.
Даму эволюциясы бойынша мысал фольклормен байланыста дамыған. Түп төркіні негізінен жануарлар жайында ертегілер. С. Қасқабасов: Егер жануарларға байланысты тотемистік түсініктерге негізделіп туған көне әңгіме- мифтердің мақсаты әрбір адам білуге міндетті мифологияны білдірсе, көркем ертегінің мүддесі басқа. Бұл жанр пайда болып, қалыптасқан шақта, адамзат таптық қоғамда өмір сүрген еді. Сол себепті мұндағы қиял тұспалдау болады да, әлеуметтік-таптық классикалық ертегілерде әңгіме шын мәніндегі аң мен құстар жайында емес, адамдар жайлы болады.[1,189] Мұның өзі мысалдың жануарлар жайындағы ертегілермен байланысын сақтайтындығын білдіреді.
Мысал жанрының ең басты … жалғасы

Дереккөз: https://stud.kz