Мұнай және газ өндіру өнеркісібі
Мұнай өнеркәсібі — дүниежүзілік шаруашылықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қарқынды өркендеген саласы, күшті монополияланған саланың бірі. Дүние жүзі бойынша мұнай саласында АҚШ пен Батыс Еуропаның аса ірі ұлтаралық компаниялары жетекші орын алады. Бұған қарсы тұру мақсатында 1960 жылы мұнай экспорттайтын дамушы елдер арнайы ұйым (ОПЕК) құрды. Ұйымның негізгі мақсаты — осы ұйымға мүше елдердің мұнай өндіру және сыртқа сатумен байланысты қызметін халықаралық үйлестіру. XX ғасырдың соңына қарай дүкие жүзінде өндірілген 3,5 млрд т (газ конденсатымен қоса) мұнайдың 40%-ға жуығы ОПЕК елдеріне тиесілі болды. Ресей әлемдегі жетекші мұнай өндіретін елдердің бірі. Жан басына шаққанда мұнай өндіруден дүние жүзінде Кувейт 1-орын алады (2008 жылы — 54,6 т).
Қазақстан мұнай мен табиғи газға бай ел. Қазақстан Республикасында 2008 жылы 70,7 млн т мұнай өндірілді; жан басына шаққандағы көрсеткіш 4,36 т болды.
Еліміздің мүнай өндіру тарихына көз жүгіртсек, қазіргі Атырау облысы жататын жерлерде мұнайдың бірінші фонтаны 1899 жылы Қарашұқыр барлау алаңында атқыласа, кейін 1911 жылы Доссор, 1915 жылы Мақат, 1934 жылы Ескене, 1935 жылы Байшонас, Қосшағыл, 1938 жылы Сағыз, 1939 жылы Құлсары сияқты мұнай кендері іске қосылды.
1965 жылға дейін бізде мұнай тек қана Ембі бассейнінен алынатын. 1965 жылдан бастап Маңғыстау кен орны елімізді мұнаймен қамтамасыз етуге атсалысты. Қазақстанда сирек кездесетін көмірсутек шикізатының қоры бар. Болжалған мұнай қоры бойынша еліміз әлемде 13-орын алады. Қазақстан сараптаушыларының бағалауынша мұнай мен газдың жалпы қоры 23 млрд тоннаны құраса, оның ішінде шамамен 13 млрд т Каспий қайраңына жинақталған. Қазіргі уақытта Қазақстан территориясында 250 мүнай-газ кен орны табылған, оның көбі республиканың батыс бөлігінен орын алған. Олардың арасында Теңіз сияқты ірі кен орындарында мұнайдың алынатын ресурсы 1 млрд тоннадан жоғары; Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнында газ қоры 1,3 трлн м3 және алынатын конденсат қоры шамамен 700 млн т; сол сияқты Кенбай, Жаңажол, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас, Өзен, Құмкәл кен орындары ашылған. Тек Қарашығанақтың (1979 жылы ашылған, 450 км жер көлеміы алып жатыр) өзінде 21,3 трлн м3 табиғи газ, 644 млн т газ конденсаты, 189 млн т мұнай бар.
Арал төңірегінде де мұнай мен газдың үлкен қоры бар екені анықталды. Оның бірі Торғай ойысының оңтүстік шегінде, Жезқазған қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 230 км орналасқан «Харрикейн Құмкөлмұнай» мемлекеттік АҚ және «ҚұмкөлЛукойл» қоғамы құрылды. Болжам бойынша бұл жердегі мұнайдың қоры 350 млн т болса, газдікі 100 млрд м3.
Мұнай мен газ қорының айтарлықтай болашағы бар деп есептеуге болатын кен орындары Торғай, Шу-Сарысу, Зайсан-Алакөл аймақтары. Мамандардың бағалауына қарағанда Каспий аймағы XXI ғасырда мұнай мен газ беретін дүние жүзіндегі ең ірі қамсыздандырушылардың бірі болатыны анық.
Каспий теңізі бассейні мемлекетте.рінің көмірсутек ресурстарын кеңінең игеруі теңіз және жағалау маңы экожүйелеріне теріс әсер ауқымын үлғайтады. Теңіз мәртебесінің айқындалмаған жағдайында трансшекаралық сипаттағы сыртқы экологиялық қатерлер елеулі мәнге ие болады.
Теңіздің қазақстандық секторында көмірсутегі шикізатын алдағы кезде баса игеру елдің экологиялық қауіпсіздігіне ықтимал қатер төндіреді. Каспий теңізінің қоршаған теңіз ортасын қорғау жөніндегі үлгілік конвенциясы және басымдық іс-қимылдардың өңірлік стратегиясы Каспий теңізінің коммерциялық ресурстарын пайдалану және Каспий маңы елдерінің Каспийдің экожүйесін қорғау жөніндегі алдағы іс-шараларға қатысты өзара ортақ іс-қимылы бойынша негізгі бағыттарын айқындайды.
Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде жетінші, ал газ қоры бойынша алтыншы жэңе уран қоры бойынша екінші орынды ала отырып, ең ірі энергиялық өнімді экспорттаушы елдердің қатарына жатады.
Қазіргі уақытта Қазақстан мүнай өндіру көлемі бойынша ТМД елдері арасында екінші орында болса, ал элемде Таяу Шығыс елдері, Ресей, Венесуэла, Қытай, Норвегия, Канада, Ұлыбритания, Индонезия, Бразилия және бірнеше Африка мемлекеттерінен кейінгі 18-орынды алады. Бұл жерде атап өтетін бір мәселе: Қазақстан көмірсутектерін пайдаланушы негізгі мемлекеттер -т Италия (74%), Ұлыбритания (11%), Германия (10%) және т.б.
Отандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдейтін қуаттары бар қондырғыларды жаңғырту жэне жаңасын салу жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі. Жаңғыртудың нэтижесінде мұнай өнімдерін шығаруды ұлғайту, әлемдік талаптарға сәйкес өндірілетін өнімдердің сапасын жақсарту көзделуде.
Жаңа экспорт жүйесін ұлғайту мұнай көлігі инфрақұрылымын серпінді дамытуды талап етеді. Жаңа экспорт жүйесін құру және. қолданысын кеңейту жөніндегі жұмыс өзекті болып табылады. Каспий Құбыр Консорциумы мұнай құбырын кезең-кезеңімен кеңейту, Қазақстандық Каспий Тасымалдау Жүйесі арқылы Баку-Тбилиси-Жейхан құбырына қосылу және Қазақстан-Қытай мұнай құбырларының екінші кезеңін салу мәселелері пысықталуда.
Бүгінгі күні Қазақстан көмірсутектерін әлемдік нарыққа жеткізуші негізгі бағыттар: Ресей арқылы Еуропаның Балтық елдеріне; Каспий-Қара теңіз транспорт торабы арқылы Еуропаға; шығыс транспорт торабы арқылы Қытай және Азиялық Тынық мұхит жағалауы елдеріне жеткізіледі.
Болашақта Қазақстанда болжалған мұнай өндіру көлемі 2010 жылы 75-80 млн тоннаны, ал 2015 жылы 120-130 млн тоннаны құрауы керек. Сол сияқты шикі газ өндіру келемі 2010 жылы 40 млрд м3 жетсе, 2015 жылы 70 млрд м3 жетеді деп күтілуде. Соған сэйкес сұйытылған газ мөлшері 2015 жылы 2 млн тоннаға дейін жетеді деген болжам бар. Сарапшылардың болжауынша, Қазақстан жақын болашақта алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші Кувейт пен Эмираттың қатарына, яғни он мемлекеттің қатарынан орын алуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы қазіргі мұнай өндіру технологиясының шамасына қарай қол жетерлік мұнай қоры 2 млрд 32 млн т, ал табиғи газдың қоры 1 трлн 170 млрд м3 шамасында бағаланған. Мамандардың айгуы бойынша, Өзен, Жетібай, Бозащы т.б. кен орындарыиың қоры қазіргі технологиялық мүмкіндікпен байланысты алғанда мұнай 2073 жылға, газ 2167 жылға дейін өндірілуге жетеді деп болжанады.
Мұнай — аса маңызды экспорттық тауар, дүние жүзінде өндірілетін мұнайдың 45%-ға жуығы сыртқа сатылады. Мұнайды өндіретін (Парсы шығанағы елдері, Латын Америкасы мен Африка елдері) және тұтынатын аудандардың) Еуропа, АҚШ, Жапония) аумақтық алшақтығына байланысты мұнай тасымалы күрделі көлік жүйесіне айналып отыр. Қазіргі заманғы ірі порттар мен жүк сыйымдылығы аса жоғары танкерлер, қуатты мұнай осы мақсатқа жұмылдырылған. Негізгі тасымал жолдары Парсы шығанағынан Батыс Еуропаға және Жапонияға, АҚШ-қа бағытталған. Сонымен қатар Венесуэла мен Мексика мұнайы АҚШ порттарына жеткізіледі. Аса ірі мұнай құбырлары Ресейдің мұнайлы аудандарын Еуропа елдерімен байланыстырады. Канада мұнайы АҚШ-қа құбыр арқылы жеткізіледі. Теңіздегі қайраңдық (шельф) кен орындарында өндірілген мұнай құрлыққа суасты құбырлары арқылы тасымалданады. Қазіргі кезде олар 500 метрден төмен тереңдікке орналастырылған.
Ал енді газ өндірісі дүние жүзі бойынша XX ғасырдың ортасынан бастап өркендей бастады, содан бері оның өндіру көлемі 10 есеге артты. Табиғи газбен қатар, мұнайға серік газды өндірудің де маңызы зор.
Газ энергетикалық мақсатта ғана емес, химиялық шикізат ретінде азот тыңайтқыштары мен полимер өндірісінде пайдаланылады. Табиғи газдың маңызды кен орындары Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа, Парсы шығанағы, Ресей жері мен Орта Азияда шоғырланған. Қазіргі кезде көптеген елдер (Бруней, Малайзия, Норвегия және Ұлыбритания) табиғи газды теңіздегі газ кәсіпшіліктерінен өндіреді, су астындағы газ жинау қондырғылары 500 метрден астам тереңдікте жұмыс істейді. Қазіргі кезде дамыған елдердің отын-энергетика құрылымында газ үлесі көмірмен бірдей мөлшерде. 2006 жылы дүние жүзінде 3646 млрд м3 табиғи газ өндірілді, оның 36%-ға жуығы Ресей мен АҚШ-тың үлесіне тиісілі. Қазақстанда 2008 жылы 32,9 млрд м3 табиғи газ өндірілді, яғни жан басына шаққанда 1474 м3-ден келеді. Пайдасымен бірге мұнай өндірісінің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері аз емес. Мұнай өндіру мен тасымалдау қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізуде. 1977 жылы Оңтүстік Африка жағалауында әрқайсысының жүк сыйымдылығы 330 мың т болатын екі мұнай таситын танкер соқтығысып қирады. 1989 жылы Аляска жағалауында қайраңға тұрып қалған «Вальдес» танкерінен суға 40 мың т мұнай ағып жайылған. 2002 жылы күзде Испания жағалауларында (Галиссия) болған мұнай апаты да қоршаған ортаға зор зиянын тигізді. Одан бергі уақытта да талай осындай апаттар орын алуда. Ал су бетін жайлаған әр тонна мұнай 12 км2 дейін су бетіне жабылғы түзеді. Мұнай өңдеу кәсіпорындары, әдетте, шикізат көзіне жақын жерде немесе аса ірі портты қалаларда орналасады. Қазіргі кезде дүние жүзінде ірілі-ұсақты 700-ден астам мұнай өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Олардың 30-ға жуығының қуаттылығы жылына 15 млн тоннадан асып түседі. Мұнай өнімдеріне қатысты экологиялық талаптардың күшеюі бұл саладағылым мен техника жетістіктерін кеңінен қолдануға итермелейді. Мысалы, дүние жүзінде өндірілетін бензиннің жартысынан астамының құрамында зиянды қорғасын жоқ, ал АҚШ, Германия мен жапонияда тек осындай бензин ғана пайдаланылады. Қоршаған ортаның ластануы іздеу-барлау және мүнай, газ өндіретін үңғымалар (сважиналар) құрлысынан басталады. Бұл кездегі ластаушы көздерге бұрғылау қондырғыларында орнатылған дизельдерден шығатык түтіндер, азот пен көміртек оксидтері, шаң, бұрғылау ерітінділері және т.б. жатады. Бұрғы мұнарасынан 800 м алшақтыққа дейінгі топырақ және өсімдіктер бұрғылау сұйығымен (құрамында жиырмаға жуық химиялық реагенттер болады) ластанып, зардап шегетіні ғылыми түрде дәлелденген.
Қолданылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., — Алматы: Өнеркәсіп экологиясы, 2011. -262 бет.