Мұхтар Әуезов Eртегілер
Фольклордың қара сөзбен айтылатын, ерекше мол түрінің бірі ертегі. Ол халықтың ауызша айтатын, көркем әңгімесі. Ғажайып хал, хиял әңгімелері, орасан уақиғалы қызық әңгімелер, салтпен, тарихпен байланысты оқшау әңгімелер – бәрі де ертегінің түрлері. Барлық түрлері әр алуан өзгешеліктерімен тұтас зерттеледі. «Ертегі» деген аты ертедегі, ертеде, ерте күндегі деген сөздерден туған. Кейде «ертек» деп те аталады. Содан ертегі айтушыны «ертегіші», «ертекші» дейді. Осы аты көп ертегінің басында әдейі айтылып, аумай аталып та отырады. Қазақ ертекшісінің бәрі де көптен көп ертегісін: «ертеде бір бай бопты» , «ертеде бір хан бопты», «ертеде бір кемпір мен шал бопты» деп бастайды. Немесе «ертек-ертек ерте екен» деген сияқты көпке ортақ, ерекше өлеңше бастаумен келеді. Кейде «ерте күнде үш ағайынды бопты» дегендей сөздер де ертегінің басын бастайды.
Осылайша, ертегі алдында үнемі айтылып отыратын дағдылы сөздері әңгіменің жолын ашады, жөнін аңғартады. Айтылатын өзге әңгіме емес ертегі, оның өзге сөзден бөлек, өзіне тән айшығы өрнегі бар. Тыңдаушы соны аңғарсын да есітер әңгімесінің ерекшелігіне бейімделе берсін демек.
Ертегіні жұрт қолы боста, қыстың ұзақ кештерінде айтқыш, тыңдағыш болады. Бірақ бұған қарап «ертегі» еріккеннің ермегі деп ойламау керек. Ертегіде фольклордың ішіндегі қоғамдық тарихтық, саясаттық маңызы мол саясаттық маңызы мол халық шығармасының бір түрі.
Бұл алуандас халық шығармасы туралы Ленинннің осы кітапқа кіріспе бөлімінде келтірілген сөздері, пікірлері ертегінің мағнасын мол танытады.
Ертегі алуандас халықтың әңгімелі фольклоры туралы А.М.Горький де көптеген пікірлер айтқан. Оны да кіріспе бөлімде келтірілген Горький сөздерінен аңғару керек.
Сол пікірлер, ертегіні туғызушы ой – халықтың өмір, тірлігі үшін алысушы, өнімді ойы екенін танытады.
Ол ой ертегіде тегін жайды айтпайды, қоғамдық, өмірлік мағаналы сырларды танытады.
Бұл жәй барлық жұрттар ертегісіне ортақ. Сол қатарда қазақ ертегісіде, еліміздің бұрынғы тарихынан бұрынғы қоғамдық тірілік шындығынан, халықтың арман, мүддесінен көп дерек береді деп тексереміз.
Қазақ ертегісі есте жоқ ескі замандардан бастап беріге шейін болған талай ұзақ-ұзақ дәуірлердің кездерінде туған, өсіп, көбейіп келген мол дүние. Онда сонау арғы Үйсін, Қаңлы руларының кезінен санап, Қыпшақ елдігінен, монғолдар жорығының тұсынан айтылып келген көне әңгімелер көп. Қазақ атты ел құралмастан бұрын, мұсылманшылық кірместен бұрын ескі руларға түгел ортақ болған ертектер бар. Дүниетану, дінге нану шамасы шаманизм, буддизм бағытында болған, немесе ескі Иран, Үнді діндерінің әсерінде болған кездерде шыққан ертектер де бар тәрізді. Одан беріде араб-иран мәдениетінің дін арқылы, кітап арқылы тарап сіңген мол топтары тағы бар.
Соғыс жорық, сауда қатынас, діндес болу арқылы қазақтың ескі рулары жайлаған сахараларға нелер алыс елдердің, нелер қиян шеттерінен шыққан ертегі, аңыз, әңгімелер қыдыра келіп жайыла жүрген.
Бертінде қазақ халқы қалыптанып, қазақ хандықтары құралғаннан бастап, тіл жекеленіп, шаруашылық, салт-саналық, қоғамдық өзгешелігі айқындалған сайын, осы жаңа ел ортасында бұрынғы ескі әңгіменің қайсысы қалса да тыңнан қорытылып, жаңғырып, қайта туғандай боп әңгімеленетін болған.
Ескі дәуірлерде дүниеге мәлім шабуыл жорықтың бәрі де осы күнгі қазақ жайлаған жерлердің үстімен өткен. Теңіз жолдары ашылғанша батыс пен қыйыр-шығыс арасындағы сауданың керуен жолы да қазіргі Оңтүстік Қазақстанның көп жерлерін кезіп өтетін болған.
Сол сапарларда жөңкіліп өтіп жатқан елдер селдері талай халықтар ертегілерін ерсілі-қарсылы араластыра тасыған. Алыс шығыс, алыс батыс, жақын шығыс, Орта Азия, Монғол, Тибет – бәр-бәрінің ертектері кездесе араласып, көп туысып, көп өзгерісіп, қызық құбылыстарға ұшыраған болу керек.
Соңғы ғасырларда қазақ халқының ең көп араласқан елі, халық пен халық болып ең көп қатысқан елі – орыс халқы болғандықтан, қазақ ертегісіне орыс орыс ертегісінен ауысып келген әсерлер де көп. Оны біз, әсіресе, хаюанат жайындағы ертегілерден көп кездестіреміз. Оны сол ертегілерді тексеру тұсында кейінірек айтамыз.
Міне осындай іргесі кең, саласы көп қорлардан құралып, қазақ халқының аузында сақталып қалған, өзінше өңделген, өзгертілген өз тәні болған ертегілер қазақ фольклорындағы ұшан теңіз ен қазына болмақ керек.
Анығында, ертегіден бай фольклор жоқ. Бірақ осы байлықтың ғылым жолымен жиналып, зерттелуі аса кенже боп келеді.
Қазақ ертегісіне көңіл бөлген кісілердің саны бірқатар. Бірақ бұлардың бәрі де зерттеу, тексеру жұмысын аз жасап, көбінше естіген ертегілерін жинаумен болған.
Әрине деректер жиналып болмай, ғылымдық байлау, қорытынды жасау мүмкін емес. Әуелі ертектердің ауызда жүрген барлық мол байлығын жазып алып, жиып жарыққа шығарудың өзі де ғылым жолындағы үлкен еңбек.
Осы жөннен қарағанда қазақ ертегісін жинай бастаған адамдар кімдер еді, нелер жиды, соның өзін бір шолып өту қажет.
Қазақ ертегісін революциядан бұрын жинап, жариялаушыларды екі түрлі топқа бөлуге болады. Бұлардың бір тобы орыс оқымыстылары (Радлов, потанин), не болмаса орыс мектептерінен білім тәрбие алған, өз еңбектерін көбінше орыс тілінде жариялаған шығыстан шыққан Шоқан, Диваев сияқтылар. Екінші тобы қазақтың өзінде болған, өз тілінде жиып бастырған, хат білген ақындар.
Бұл екі топтың екеуіне де ортақ бір ерекшелік – олар ертегімен, өзге фольклор түрінің бәрін аралас жиған, жіктемей тізе берген. Оларда ертегімен қатар, тарихи әңгімелер, айтыс өлеңдері, батырлар жыры, салт жырлары, мақал, жұмбақ, нақыл, тақпақ – бәрі-бәріде аралас жүрген. Анық ертегінің өзі ғана бөлек топ болып, көп түрлері арнаулы бір жинақ боп шыққан жоқ.
Осылай жию көбінесе шығысты зерттеуші оқымыстылардың дағдысы еді.
Ал ел ішінің өзінен шыққан, хат білген ақындар еңбегін алсақ, олардың көбіне тән бір ерекшелік, ертегінің көбін өз бетінше әңгіме етіп, өлең жыр түріне айналдырып жазған. Мысалы, қазақтың байырғы ескі ертегісі «Құла мерген» жарыққа шыққанда жыр боп тарады. Шығыс халықтарынан қыдырып келген «Сәйфіл Мәлік, Бадиғұлжамал», «Боз жігіт», «Хасен Мәлік», «Шәкір Шәкірат» сияқты ертегінің көбі де халықтың өз аузында айтылып жүрген қара сөз түрінен ауысып, белгілі пәлен ақын шығарған әңгімелі жыр боп тарады.
Осылай ертегіні өлең етіп, өзгертіп жариялаған ақындар Ақылбек Сабалов, Мақыш, Шәді сияқты кісілер болды. Ақын Абай да шығыс ертегісі «Әлиді» « Әзімді» өлеңмен, өз сөзімен жазып әңгіме етті.
Елге қызықты болған ертегіні осылайша өлеңге айналдырып айту, тарату, тыңдау бұрынғы, әсіресе 19 ғасырдағы қазақ әдебиетінде көп жайылған үлгі еді.
Шығыстан (араб, ираннан, түрік халықтарынан) келген кейбір ірі дастандардың қазақ ортасындағы варианттары да осындай кезеңнен өткен сияқты. «Жүсіп – Злиха», «Көр Оғлы», «Ләилі – Мәжнүн», «Боз ұғлан» тәрізді өлең әңгімелер, халық романдары айғақ.
Бұл айтылған мысалдар қазақ халқының ертегілі, әңгімелі ескілігінің барлығы өлең түрінде хатқа түскендігін көрсетеді. Қара сөзбен халықтың өз аузында айтылып жүрген қалпында аумай жазылып, дәл басылған ертегі жинақтары өте сирек болып келді.
Ертегіні ғылым жолымен жиып зерттеген елдер үлгісіне қарасақ ең үлкен шарт ертегіні қара сөз күйінде, әр айтушының өзі айтқан сөздерімен аудармай, айнытпай, өзгертпей түсіруде. Сонда жеке өлең етуші ақынның тіл өнерін, сөз өрнегін көрмейміз, көпшілік халық боп айтып келген әңгіменің молырақ қалпын көреміз. Және әрбір жеке ертекшінің өзіндік ерекше нақышын, машығын да танимыз.
Қазірде ертекті зерттеуші оқымыстылардың бір алуаны ертегінің өзімен қатар әсіресе сол ертекті айтушыға үлкен көңіл бөледі. Кейде тіпті ертекті зерттеп, талдап ұғынудың ең зор міндеті жеке ертекшінің стиль, өзгешілігін зерттеп ұғынуға сүйенсін дейді. Сондықтан ертекшінің өмірбаяны, кәсіп, тұрмыс салты, ұғым-нанымы, білім шалымы – бәрі жиналып, еске алынып отырады. Орыс халқының дастан ертегісін жинап жазуда Гильфердинг, Ончуковтар қолданған осы жол, кейін академик Шахматов, ағайынды Соколовтар және басқа орыс ғалымдары түгел қолдайтын, ғылымдық дәстүрге айналды.
Олар ертегі – ертекшімен ертегі болады. Әр жеке ертекші өзінше, өзгеден бөлекше тіл, түсінік, көркемдік өрнек, нақышпен айтады дейді. Бұндағы даусыз бір шындық – ертегінің ішіне анық шебер ертекші өзінен өрнек, өзгешелік қосып отыратыны туралы. Ол рас. Мысалы ертекші діндар болса, оның геройы да діндар келеді. «Екі рақағат намаз оқып ап» сапар тартатыны сияқты. Ертекші күлдіргі, әзілқой адам болса оның геройы да күлкі сөздер айтқыш, күлкі жайларға кездескіш болады. Ертекші батырлықты армандықты сүйетін болса ертегінің ішінде соғыс майдан, ер сыны, ерлік сыры, сипаты көбірек көрсетіледі. Ертекші ойшыл, ақылгөй, дана кісі болса оның ертегісінде геройлар аузында адамгершілік, жақсылық-жаманшылық туралы неше алуан терең ойлар, шешен нақыл-ақылдар, үлгі өсиеттер жүреді.
Бұл айтқан сөздер жеке ертекшінің орны, рөлі аса зор екендігін көрсетеді. Кем қойғанда ертегіні әр айтушының өз тілі, өз өрнегімен бұлжытпай, өзгертпей хатқа түсірудің қажеттігін танытады.
Бірақ осымен қатар ертегі, жалғыз ертекшінің шығармасы емес екенін де ұмытпау керек. Ертегі көптен келе жатқан көне мұра. Әрбір ірі ертекшінің өзін алғанда да, оның өз жанынан қосатын сөздегі қоспасынан басқа ертеден бері ауыздан ауызға көшіп, бір қалыпты айтылып сұрыпталып келген тіл мен үлгі де мол болады. Әрбір ертекшінің алдыңғы өзіндей ертекшіден алған, үйренген, жаттаған сөздері, сөйлемдері, көркемдік өрнектері де көп болады. Әр алуандас ертекшілердің әр басқа үйренушілері, қостаушылары болады. Ертекшілердің де өзіне бөлек ұстаздары, шәкірттері, еліктеушілері сияқты топтары, ұялары бар. Ертекті ертекші жағынан зерттегенде де жалғыз бір айтушы емес, алдындағы, айналасындағы барлық тобы, тамыр түбірімен зерттеуде қажет.
Ал, қазақ тілінде жиналған ертегілердің көбінде, әлі ертекші орны еленбей, ескерілмей олқы келген. Сол себепті ертегінің мазмұнына, әңгімесіне ғана қарап тіл, түр өзгешелігінің көбін де елемей келгендік бар. Бізде ертегіні хатқа түсірушілер ертекшіден ауызба ауыз жазып отырмаған. Бұл ретте айрықша ғылымдық жолмен келіп сөзбе-сөз жазған кісі жалғыз академик Радлов қана деуге болады. Потаниннің жиған ертегілерінде айтушылардың аттары түгел аталып отырғанмен, барлық қазақ ертегісі орыс тіліне аударылып басылған. Сондықтан жеке ертекшінің өз тілінде айтқан өзіндік үлгі өрнегінің бәрі аудармада білінбей, бұлдыр қалған. Ертегіні жинауға анық, таза ғылым жолымен кіріскен орыс оқымыстыларының соңғы жарты ғасыр бойындағы тәжірибесіне қарасақ әрбір ертекшінің айтып берген сөз қалпына бірде-бір түзеу, қосымша, редакторлық әрекеттер қосылмайды. Ертекті жиюшы академик Шахматовтай, Ончуковтай, ағайынды Соколовтардай оқымыстылардың өзі болады.
Олар орыс ертегісін өздерінен бұрын жиып мол ғып бастырған, дүниеге танытқан ірі еңбегі бар Афанасьевтің ісіндегі кемшілікті айтқанда – сол өз жанынан төлеу салып, сөз жаңғыртып, аздаған редакторлық еткенін мін деп біледі.
Қазақ ертегісін ғылым жолымен жинауда осындай тәжірибелер ерекше еске алыну шарт.
Енді ертегілерді түр-түрге бөліп талдап тексеруден бұрын бірнеше жалпы түсініктер айтып өту қажет. Бұл ертегі жайындағы негізгі ғылымдық, жүйелік мәселелер.
Бір елдің фольклор мұраларын өзге елдердің фольклорымен салыстырып тексерсек көп-көп ұқсастықтар айқын боп шығады. Бұл ұқсастық тілдері жақын, тарихы аралас, тегі бір елдер фольклорында ғана болмайды. Замандары шалғай, жерлері жырақ, тідері жат, қиян алыс елдер фольклорында да болады.
Әр елдің батыр жырларын, салт жырларын әсіресе ертегі, легенда сияқты мұраларын салыстырғанда осыны көреміз.
Бұл ұқсастықтардың екі себебі бар. Біреуі, ең негізгісі – шаруашылық, қоғамдық, салт-саналық жағдайлары бір дәрежеде, біркелкі ұқсас халде болғанда – сол елдердің әрқайсысы өз топырағында ұқсас шығармалар туғызады. Фольклор, әдет-салт сияқты көп белгілердің дүниежүзіндегі көп халықтарда бірі мен бірі араласпай-ақ, бірін-бірі білмей-ақ ұқсас болатын себебі осыдан делінеді.
Ұқсастықтың екінші себебі бірталай әңгіме тұқылының (мотивінің) бір елден екінші елге қыдырып келіп тарауынан да болады. Бір елде туған әңгіме тұқылы екінші елге талай елдерді, замандарды аралап барып жетіп сіңетіні де болады. Тілі, тарихы, тегі жақын елдер болмаса да біріндегі әңгіме біреуіне ерте замандағы сауда қатынасынан, соғыстан, ақындар, өнерпаздар жиған, ұққан аңыздан, үлгіден барып тарап, қонып қалатыны болады.
Осындай екі себептің салдарынан қазақ халқының фольклоры ішінде орыс ертегілері емес, ескі грек халқы айтқан әңгіме желісі жүрсе, ғажап емес.
Фольклордың, жалпы барлық мұрасы жөнінде айтқан осы пікірді ертегі фольклорына келгенде айрықша еске алу керек.
Себебі қара сөзбен айтылатын кең әңгіме-ертегі, өлең жырмен айтылатын батыр дастандарынан оңай ұғылып, оңай айтылып кететіні даусыз. Және ертегілер көбінше өте ескі заманнан келе жатқандықтан сол көп замандардың әсерін көрген, аралас қатынастың да талай ізін сақтаған, және қай халықта болса да өзге ұзақ фольклор үлгілерінің ішіндегі ең молы, ең көп жайылғаны болады. Бұндай мол мұраның бойында ұқсастық сияқты ерекшеліктер әрине молырақ байқалып танылатын болады. Сөйтіп дүниежүзіндегі халықтарының бәрінің де айтып жүрген ертегілері жалғыз сол халықтың өзі ғана тудырған тума ертегілер емес, қайта өзге де көп-көп халықтарға ортақ мүлік боп шығатын жайы бар. Ол келген ертегілерге айқын мысал, дүниежүзі білетін «Мың бір түн» ертегісі, «Ескендір Зұлхарнайын» жайындағы ертегілер.
Осымен қатар айтылатын тағы бір негізгі пікір – ертегі бір елдің фольклоры көлемінде тексерілу үшін, оның тек қана осы елдің өз ішінде туған төл ертегісі болуы шарт емес. Қай жақта туып, қай шеттен келсе де белгілі ертегіні бір халық өз тілінде халық болып әңгіме етіп, айтып жүрсе сол жеткілікті. Бұл халықта ондай келген ертегіні өз ертегісі қатарында зерттеп, тексеріп, төл ертегісіндей танитын болады. Өйткені келген ертегі болғанмен жаңа халық ортасына көшкенде өзгеріссіз келмейді. Ол халықтың шаруашылық, қоғамдық ерекшелігі бойынша жаңадан өңделіп, азды-көпті өзгертіліп айтылады. Жаңадан қорытылмай, қоспа көрмей, алғашқы қалпынан аумай, бұлжымай айтылатын ертегі болмайды. Ендеше шеттен ертегі алған халықтардың бәрі де сол ертегінің өзіндегі қайталамасына көркемдік, ақындық, шығарғыштық еңбек еткен болады. Бұл елдің фольклоры көлемінде келген ертегінің өз тумасындай саналып, зерттелетін себебі осы. Бірақ бұл жай, ертегінің әуелде қайда туғанын, қай халықтың тудырғанын, тексеруді керексіз етпейді. Ол өзінше зерттелетін негізгі бір мәселе болып тұра береді.
Белгілі ертегіні қазақ ертегісі қатарында тексерумен қатар оның түбі қай елден шыққанын айта отыру шарт. Көп халықтарға тараған ертегі болса, қай халықтың, молырақ, қызығырақ, көркемірек етіп айтатынын да атап өтуге болады. Мысалы, «Мың бір түн» әңгімесін, «Тотынаманың тоқсан тарауын» ауызша айтып келген шығыс халықтары қалай әңгімелейді. Шығыс халықтары арасында Орта Азия елдері қандайлық жаңалықтар қосып айтады. Өзбек, қазақ, қырғыз, түрікпен сияқты елдердің қайсысы молырақ, көркемірек әңгіме етіп жүр? Немесе осы елдердің бәріне ортақ аңыз әңгіме – күлдіргі әңгіме Қожанасыр жайын қай ел қаншалық өзгешелік өрнек, көркемдікпен жетілте айтады? Осы жайдың бәрін салыстыра тексеру, теңеп тану фольклорды зерттеуші ғылымның ардақты міндеті.
Осы пікірмен жалғас ертегіні тексеру жөнінде қазіргі дүниежүзі қолданатын ғылымдық бір негіз, әдісті еске алу шарт.
Өзге фольклор түріне қарағанда бар халықтар мұраларын алсақ ертегілер ұқсастығы ерекше мол болады дедік.
Бұл да Европа, Азия ертегісінің ұқсастығы ғана емес, бар дүниежүзіндегі халықтар ертегілерінде ұқсастық сансыз көп екенін дәлелдейді.
Осы күйді еске алып, ертегі атауларының жанрлары мен түрлерін түгел қамтитын ғылымдық жіктеу, классификация жасау қажет болды.
Бұл жөнінде арнаулы еңбек еткен оқымыстылар әр елден шыққан еді.
Бірақ, сол еңбектер ішінде қазір дүниежүзінің фольклористері қолданып отырған бір классификацияны – фин фольклористі Антти Аарне жасады. Аарне фин ертегісі мен басқа европалық халықтар ертегісінің жинақтарын және орыс ертегісін тізген Афанасьев жинақтарын түгел алып отырып зерттеу, қорытынды жасады. Сол өзіне мәлім болған ертегі сюжеттерін тегіс, қысқаша әңгімелеп тергенде үнемі ұқсас болып құрылатын, бір қалыпта қайталап келіп отыратын ертегі желісін іріктеп тізеді.
Осы ретпен теріп топтағанда талай мың ертегілер ішінде Аарне 2000 ертегі сюжетін мөлшер етеді. Бұл бірін-бірі қайталамайтын тың ертегілердің дүниелік тізімі есепті делінеді. Бірақ, Аарне екі мыңдай тізімді межелегенмен дәл өзінің бөліп шығарған сюжетінің саны 540 номер болған. Қалған номерлерін жаңадан табылатын жаңа елдер әңгімелері толтырады деп мөлшерлеген. Ол долбары дұрыс болып шықты. Қазір әрбір жаңа ертегілер, жаңа халықтар ертегілеріндегі тың сюжеттер сол Аарне атаған екі мыңдық номерден өз орындарын алып жатыр.
Аарне әдісін дүние жүзіндегі көп халықтың фольклористері өз жұртының ертегісін топтауға қолданып жүр. Өз ертегілерінің дүние жүзі ертегілеріне қосылатын ұқсастығын танып, танытып, жаңағы Аарне катологы бойынша әр алуан номерлер атайды, ертегілерін Аарне әдісімен жіктейді. Осы ретпен фин, швед, эстон, норвегия, лопар, чех сияқты көп елдер ертегілері жіктелді.
Орыс халқының ертегісіне Аарне әдісін қолданған Ленинград профессоры Н.П.Андреев.
Бұл Аарне катологына дәл келетін орыс ертегілерін қосумен қатар, ол әдіске орыс ертегілерінен өзі байқаған жаңалықты да қосты. Аарне толтырмаған тізімді, орыс ертегілерінде ұшырасқан жаңа сюжеттермен толтырды.
Сөйтіп Аарне – Андреев каталогы деген қосымша тізім жасалынды.
Орыс халқының ертегісін топтаған көп жинақтардан Андреев 2136 ертегіні алған.
Оның ішінде бірін-бірі қайталайтындарын шығарып тастап, Аарне катологына қалғанын салыстырып талдаған. Сонда 915 ертегі түрінің (тип) ішінен, 613 ертегі жалпы дүние жүзілік ертегілермен ортақ тақырыпты, ортақ сюжетті ұқсас әңгімелер болып шыққан. Ал 302 ертегі түрі (тип) өзге елдерде жоқ. Тек, орыстың өз тума ертегісі болған.
Міне, бұл сияқты ғылымдық әдіс, ертегіні салыстырып тексеру, талдау жөнінде өнімді әдіс және дүние жүзілік фольклористика ғылымына ортақ әдіс болып отыр.
Рас, бұл әдістің елеулі кемшіліктері де бар. Ертегі сюжеттерін, белгілі жанрларға, түрлерге қосуда даулы жайлар туа береді.
Совет фольклористикасы көзімен қарағанда Аарне әдісін түршілдікке (формализмге ) соғатыны бар. Сюжет мотивтердің тек құрылыс ұқсастығын ғана айтып тізу халықтық шығармалардың сыртын ғана бағып, ішкі мазмұн, сырларына бойламау, баға бермеу болады.
Буржуазиялық фольклористиканың бір өкілі болған Бенфей теориясының екінші бір түрі – еліктеуден шыққан түрі осы Аарне әдісі деуге болады. Мұның теориялық жақтарын да совет фольклористикасы жақтамайды, сынайтын әлгі айтылғандай кемшіліктері бар.
Бұл әдістің совет фольклористикасы тек техникалық жақтарын ғана мақұлдайды. Біріне-бірі еліктеуден туған жағын, туыстас көп ертек варианттары арасынан түбегейлі, көне түрлерін оңай талдап алуға көмек етеді. Оның сол әдісін совет фольклористикасы кей орындарда пайдаланады.
Ендігі тереңдеп тексерулерде қазақ ертегісін де сол Аарне катологына салыстырып, сол әдіспен зерттеп ұғынуымыз керек.
Қазақ ертегілерінің көбі жиылып, жазылмағандықтан қазірге біз бұл әдісті қолданбай отырмыз.
Орыс халқының 2136 ертегісін Андреев жиылған, басылған күйінде қолына алып отырып, тексеру жасаса, қазақта ертегі байлығы бірнеше жүз-ақ болып жазылған. Талай жүздеген ертегілер әлі қағаз жүзіне түскен жоқ. Барлық ертегі қоры жиналып, топталмай тұрғанда, Аарне катологынан қазақ ертегілерінің барлық орындарын көрсетіп, жіктеу мүмкін емес. Аз материалмен шалағай үстірт қана жасауға болады.
Бірақ, түбінде аз жылдар ішінде қазақ халқы айтып жүрген бар ертегіні шама келгенше мол жиып алып отырып, сол жаңағы Аарне-Андреев үлгісіндегі дүние жүзілік катологке қоса тексеру өте қажет болады.
Әзірше жиылған дерек аз болғандықтан, біз қазақ ертегісін бүгінгі бар, мәлім түрлерінің ретімен ғылымдық жалпы классификация бойынша, көпшілік қолданатын жанрларға бөліп тексереміз.
Міне, бұл айтқанның бәрі де ертегі жөніндегі ғылымдық, жалпы негізгі түсініктер. Енді осында аталған бағытпен қазақ ертегілерінің жіктеріне, түрлеріне келейік. Тек, алдын ала ескертетін бір сөз – бұл топқа нағыз ертегінің өз түрі ғана емес, өзге қосымша үлгілер де кіретін болады. Ертегі қатарында, қара сөзбен айтылатын аңыз әңгіме, тарихта болған кейбір адамдар жайындағы мұраларды да тексереміз.
Әсіресе бұл адамдардың тарихта дәл болған кездері анық еместіктен және жұрт әңгімесі олар жайындағы сөздерді ертегіше өскелең, еркін хиялмен бейнелегендіктен, ол мұраларды осы топқа қосамыз. Жалғыз-ақ жалпы ертегінің өзге түрлерінен айыра ұғыну үшін олар жайындағы халық шығармаларын «аңыз ертегі», «күй аңызы» деген түрге бөлеміз. Және ертегі атаулы мен бұл түрдегі ескерткіштерді бір арада тексеруіміздің себебі, қара сөзбен айтылатын тіл, стиль жөніндегі бір тектестік себебінен екенін ескертеміз.
Осымен қазақта ертегі тобына қосылатын фольклор қорына келгенде, барлық халық қазынасын негізгі үш жікке бөлеміз. Мұның бірінші жігі – қиял-ғажайып ертегілер; екінші жігі – хайуанат жайындағы ертегілер, үшіншісі – шыншыл ертегілері.