Міржақып Дулатов «Бақытсыз жамал» мазмұны, кейіпкерлері туралы қазақша
Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» 1910 жылы басылып шықты. «Бақытсыз Жамал» қазақ тілінде шыққан бірінші роман дерлік кітап болғандықтан, оған толығырақ тоқтауға тура келеді. «Бақытсыз Жамалдың» қысқаша мазмұны: Сəрсембай дейтін бай, момын бір адамның үлкен əйелі Қалампырдан перзент болмаған соң, жасы қырықтардан асып, əркім «қу бас» деуге айналған соң, Сəрсембай тоқал алуға ойланып, ағайындарымен ақылдасады да, белін буады. Бəйбішесі ұнатпағанмен, көптің аузы бірігіп кеткен соң «қарсы емеспін» деген болады.
Қыз іздеген Сəрсембайдың көзіне Жарас дейтін өлген молланың Шолпан атты 14 жасар қызы түседі. Осы қызға кісі салып, қырық жетіні қырқа матап береді де, Шолпан 15-ке шыққан жылы алады. Екі жыл отасқаннан кейін Шолпаннан Жамал дейтін қыз бала туады. Жамалдың туғанын Сəрсембай елге шыққан крестьянский нашəлнік тоқтаған ауылда жиылыста естиді. Баладан зарығып жүрген Сəрсембай ұл, қыз демей, үйіне келіп той қылады. Жамал тоғызға келеді. Үрлеп ауызға салғандай бүлдіршін – сұлу боп өседі. Əкесі Жамалды 9 жастарында ескіше оқытатын Қасен деген молдаға бергісі келгенмен, Қасеннің тұратын ауылы жырақ болғандықтан іреті келмейді.
Жамал онға қараған жылы, жаз, Сəрсембайдікіне Упідегі Татар мектебінде оқитын, жаз елден бала оқытып, қаражат табуға шығатын Ғазер деген ноғай жігіті келеді. Осы Ғазерді Сəрсембай аулына бала оқытуға жалдайды. Ғазер ел əдебиетінен қорқып, оқуды ескіше оқытады. Бір күні Жамалдың зеректігіне сүйінген Ғазер шешесі Шолпанға оңашада «Жамалға қағаз танытайын деп ем» деген сөзді айтады. Шолпан өз əкесінен хат танып қалған, оқудың қадірін білетін адам болғандықтан, «жасырып оқыта бер» деген ақылды айтады. Сол жасырып оқытумен Жамал мұғалімнің күз қайтар кезінде хатқа судай боп қалады.
Ғазерден кейін Сəрсембай молда жалдамайды. Бірақ сауаты ашылған Жамал, өз бетімен кітап оқуға, əсіресе əдебиет кітаптарын оқуға түсіп, оқуын тереңдетеді. 14-15 жасқа келген кезде Жамал, бір жағынан елді сұлулығымен таңырқатқан қыз болса, екінші жағынан əнші, өлеңші, домбырашы, ашық, сауықшыл қыз болды.
Жамалды Байжан дейтін елдің атақты бір биі, Жұман дейтін басы таз, жаратылысы нашар баласына атастырады. Сəрсембай Жамалды Жұманның жамандығын көре-тұра береді. Оған себеп мынау болады: Жамалдың жасырақ кезінде, елдің қыдырма тіл атқамінерлері Сəрсембайды Нұрпейіс дейтін бимен билікке таласуға қыздырады. Сəрсембай оған еріп, атын, асын, ақшасын шашып таласады. Бірақ Нұрпейісті ел ақсақалдары, əсіресе, елге беделді Байжан биі қуаттаған соң, Сəрсембай құр малын шашып, босқа қалады да Нұрпейіс би боп кетеді. Осы кекті ұмытпай жүрген Сəрсембай, Байжан Жамалды сұратқан соң Шолпанның көнбегеніне қарамай, Байжанмен құда болады да, келер сайлауда би боп шығады. Бірақ ол биліктен, сиез кезінде біреуді ұрамын деп түсіп қалады.
Сұлулық, ақылдылық, шешендік түгел біткен Жамал Жұманның жамандығын естіп, іштен тынады. Басындағы мұңын айтып, өлең шығара бастайды. Ол өлеңінің біреуін Шолпан тауып алып оқиды да, «осы Жамал Жұманға баратын емес, жүдеп барады, бекер бердік. Жылатпайық» десе, Сəрсембай «құдай бұйрығы» деп тыңдамайды.
Жамал өзіне тең іздейді. Ол тең бір ойында табылады. Ол табылған жігіт, көзі ашық, оқулы Ғали деген жігіт болады. Ғали сол ойында Жамалмен түсінісіп алады да, артынан көп ұзамай Жамалмен жақындасады. Сүйтіп, екеуі «ойнап-күлумен» жүргенде, Жұман қайнына ұрын барады – деген лақап жайылады – лақап рас боп шығады. Жұманнан аза бойы тік тұратын Жамал көргісі келмей, не де болса Ғалимен кеткісі келеді. Ғали бір келгенде екеуі сөздерін бекітеді де, бір жұмадан кейін Жамал Шолпанмен ақылдасып, бір түнде Ғалимен жоқ болады. Ғали сол кеткен бетімен бір шаһарға барып, Фатихолла деген саудагер ноғайға паналайды.
Жамалдың кетіп қалғанын, оны Ғали əкеткенін сезген Сəрсембай мен елі Байжанға хабар салады. Байжан елін жиып, Сəрсембайға келеді. Сəрсембайдан да, Ғалидың елінен де барымта алдырады. Ел арасы бүлінеді. Ахметжан деген указной молданы Байжан алдырып, заңға келтіру үшін Жамалды Жұманның алған қатыны ғып, неке – талақ кітабына тіркетеді. Бірақ бұл кезде Ғали Оязной начальниктен Жамалдың басына еркіндік алып қояды.
Барымталасып, бүлінген ел Ғали мен Жамалдың қайда кеткенін астыртын іздетіп, Фатихоллада жатқанын білген соң Фатихоллаға «үйінен қашақ татарды қусын, əйтпесе, елдегі 2000 мың сомдық несиесін бермейміз» деп хабар салады. Фатихолла бұл дүмпуге шыдай алмай, Ғалиға айтады. Ғали ол сөзді мақұлдап, 300 шақырым жердегі нағашысына баратындығын білдіреді. Фатихолла мұнысын мақұлдап, ат арба, 50 сом ақша береді де, аттандырады.
Fалиды нағашылары қарсы алады. Бірақ бақытсыздықка қарай, нағашысына барғаннан кейін, 10 күннен соң Ғали ауырып өледі. Жамалдың басына қара күн туады. Нағашылары да ренжіп, дін жолының бұйырған кəдесін істейді де. Ғали мен Жамалдың еліне хабар салады. Улап-шулап елден туысқандары келеді. Қайғылы Жамалды шешесі Шолпан еліне алып қайтады.
Дау бұл кезде сөнбейді. Жамал келгеннен кейін, ел ақсақалдары Сəрсембай мен Байжанның арасына жүріп, Байжанға Жамалды алуды, Сəрсембайға беруді ұсынады. Сəрсембай Шолпан арқылы Жамалға сөз салдырғанда, Жамал «Ғалидан кейін маған бақытты өмір жоқ, мен үшін бүлінбеңдер, бере беріңдер» дейді. Осы хабар Байжанға тигеннен кейін, Жұман өзі кеп алуға арланып, Байжанның бəйбішесі кеп алып кетеді.
Байжандікіне барғаннан кейін, өзі кайғылы Жамалды Жұман ұра бастайды. Кеткенін бетіне басады. Осындай қоршылықпен күн кешірген Жамал, қыстың басында, бір күні таяқ жеген соң, түнде суытып қойған атты мініп, кашады. Қашқандағы ойы шаһарға барып, Фатихоллаға паналау болады. Бірақ ауылдан шыға боран соғып, жолдан адасады да, үсініп, далада өледі. Таңертең жолмен келе жатқан жолаушылар қар теуіп тұрған атты көріп, атқа барса, жанында өліп жатқан Жамалды көреді.
«Бақытсыз Жамалдың» кемшіліктері: кемшілік дегенде біз тіл кемшілігіне тоқтамаймыз. Үйткені, «Оян, қазақ!» сықылды «Бақытсыз Жамалда» да Міржақып татар тілінің əсерімен толық пайдаланған. Сөздерінде, сөйлемдерінде татаршылағандық толып жатыр. Бірақ «Бақытсыз Жамалдың» өлең ғып жазған жерлерінде, тіл жағынан «Оян, қазактан!» қазақ тіліне көп жақындағандық бар. Жəне өлеңнің көркемдік жағы да «Оян қазақтан» ілгері.
Романның ішкі құрылысында бас кемшіліктер, бірнеше кейіпкерлердің, бірнеше оқиғалардың үстірт жазылуы. Романның негізгі заңының біреуі – кейіпкердің не бақытына, не қайғысына себепкер болатын уақиғаларды ашып көрсету болса, Міржақып «Бақытсыз Жамалының» көп жерінде оны ескермеген. Əсіресе:
1. Сəрсембай қандай мінез, құлкы бар адам екендігі, оның өз алабында қандай қадыры бары ашық емес. 2. Шолпанды аларда ұнатпаған Қалампыр мен Шолпанның күндестік əңгімелері ұмытылып кеткен. Қалампырдың аты аталғаны болмаса, қандай адам екендігі жоқ. 3. Fалидың Сəрсембайдікіне көп келуін, Сəрсембайдың маңайы, əсіресе боз- балалар қу жамаған. Жамал мен Ғалидың жақындығын ешкім білмеген сықылды. Бұл туралы өсек-аяң атымен жоқ. 4. Жалпы кейіпкерлердің, əсіресе Ғали мен Жамалдың таршылық мүнеттерде ішкі сезімдерінің құбылысы жоқ. Осыдан, романды оқығанда қынжылып, ренжитін, яки қуанатын кейбір əсерлі орындарда оқушы ойын бөгемей өте шығады. 5. Жамал мен Ғали кеткеннен кейінгі үлкен оқиға – екі елдің дауы нақ болған түрінде сипатталмаған. 6. Ғали өлгеннен кейін, Жамалдың басында болған қайғы, əсіресе үйіне қайтып кеп, одан кейін Жұманға қорлықпен барғандағы қайғысы айқын, ашық емес. Оқушының аянышты сезімін қозғайтын кейбір жерлер суреттелмеген. Бірсыпыра ұсақ кемшіліктерін қоя тұрғанда, романның басты кемшіліктері осылар.
«Бақытсыз Жамалдың» бағасы: жоғарғы кемшіліктерін былай қойғанда, «Бақытсыз Жамал» үлкен тарихи маңызы бар роман. Бұл роман арқылы Міржақып, қазақтың өсіп келе жатқан капиталистерінің ескі феодалдық өмірге қарсылығын көрсетті. Олар мынадай кейіпкерлер арқылы көрінеді.
1. Романның бас кезінде мойнына знагын тағып алып, төре көрінсе алдынан шаба жөнелетін Бекжан ауылнай қазақ арасындағы нағыз шеншіл, ұлтшыл, кекшіл, ескішіл, өз дəрежесін көтергіш атқамінер. Начальниктен далаға шыға кеп, оның – «төре не сұрады?» деген жұртқа, төренің сұраған сөздерін айта кеп: – Анау күнгі Көтібайдың мені боқтағанын айтқаным жоқ. Оны айтқанда, бəлəмə болатын еді, не қылайын, Қасеннің көңіліне қарадым», – деуі, жұрт алдында өзінің бағасын өсіргендік. Бекжан жаңа өмірдің кейіпкері емес. Ол феодалдық дəуірдің «тағдыршыл» адамы.
2. Сəрсембайдың үйіне көп қонған шала молда (аты жоқ – С.М.) Сəрсембайды жəдитке (жаңа оқу жолына) қарсы үтіттейді. Жамалдың қыз екенін білгеннен кейін молда… «шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес, жəне бай қызы 9 жаста балғын болады. Соның үшін намаз оқытып, шаш та қойыңыз, сіздің мұныңыз алла бұйрығына көнбеген секілді болады. Олай болғанда күнə табасыз. Бірақ оқытқанда хат жазып кетерліктей оқытпаңыз, қусусан – жадит молдаларынан оқытпаңыз. Не үшін десеңіз, олар əуелі дін, иман білгізіп, намаз оқытпай иман-шарт, бадуам, əптиектерді, ежіктерді былай қойып, орысша: 1, ба, та, деп орыстың ісін қуаттап, балаңды бұзады»,-дейді. Міне, бұл ұлтшылдардың, оның сол кездегі дін ретінде ұстаған жолы жəдитшіліктің ең қарсы пікірі. Барлық ұлтшылдардын бір ауыздан қарсы боп соңына түсетін молдасы осындай молда.
«Бақытсыз Жамалдың» аяқ кезінде «Жамал Жұманның қатыны еді» деп неке қиятын кінегеге өтірік тіркейтін Ахметжан молданы да Міржақып əдейі кейіпкер ғып алып отыр. Ахметжан арқылы ескі діншілдердің жолының терістігін, ескі молдалардың өтірікшілігін, тамағы үшін, ел ақсақалының беделі үшін қылмыстан жиренбейтіндігін көрсетіп отыр. Бұл сықылды, ақсақалшыл арсыз, өтірікші, ескішіл молдаға, Міржақып Ғазер сықылды: жаңашыл, арлы, алған ақшасын адалдап алатын, мақсаты халық ағартушылық мұғалімді қарсы қойып отыр. Ғазер «бостандықшыл», мəдениетшіл, қазақтың өсіп келе жатқан байларының тілегіне үйлесетін мұғалім. Ал, бастапқы екі молда, құлқынынан басқа пайда келтірмейтін, халықты өнерден кейін сүйрейтіндер.
3. Байжан, оның сөзін сөйлеп, өтірік билік құрған елдің билері романда аса жазылғанмен, сол кездегі елдің ескішіл ақсақалдарының мінез-құлқын айқын көрсетеді. Оқушы, ол билерде ар-ұяттың жоқтығын, Байжан не қылмысқа жұмсаса, соған бара беретіндігін айтады. Міржақып, романында оқушыға «бұлар билеген ел оңбайды» деген пікірді құюға тырысады. 4. Сəрсембай, романда өз басымен ешнəрсені ойлап, шығара алмайтын, бір тұтам жібін алтындай көретін, мал жанды; кім не айтса, соған сене беретін аңқау, доғал адам. Осы доғалдығы арқылы оның елде жарты тиындық беделі жоқ. Онын үстіне Сəрсембайда жігер жоқ, корқақ кісі. Сəрсембай елдің ішіндегі «тілге тəтті, тіске жұмсақ» ақсақал біткеннің əлі кеп, аунатып жей беретін адам.
Романды оқыған кісі бұл көрсетілгендердің бəрін өмірге керексіз адам ғып ұғады. Жаңа туып келе жатқан, қазақ байларының тілегінен туған ұлтшыл- байшыл Міржақып, бұл адамдарға қарсы. Ол қарсылықты Міржақып жоғарғы феодалдардың, оның кұйыршықтарының Жамал ретіндегі қылмысымен көрсетіп отыр.
Міржақыптың жаңа кейіпкерлері мыналар:
1. Шолпан. Бұл үлкен саналы адам болмағанмен, бір жағынан Жамалға аналық мейірімі түссе, екінші жағынан жаңалыққа бейім кісі. Ғазиздің: –«Жамалды усыл жəдитпен оқыта бастасам, аз уақытта хат жазып кетер еді. Бірақ бай ұнатпайды ғой», — деген сөзіне, Шолпанның: – «Біздің отағасының сөзін не қыласың, ақырын оңаша жаздырып, хатқа үйрете беріңіз», – деуі, жəне Ғалимен жақындығын біле тұра, теңі деп қызғанбауы, Жамалды Ғалиға шығарып беруі – жаңалыққа бейімділігін көрсетеді. Егер Шолпанның осы сипаттарына кəрі Сəрсембайға жастай тиген наразылығын қосса, Шолпан жап-жақсы жаңашыл кейіпкер болып шығар еді. Жамал ретінде жаңашылдық жолға түскен Шолпан, 45-тегі надан, иіс алмас Сəрсембайға 15-інде тиіп отырып, наразылығын көрсетпейді. Жазушы бұл арасын ескермеген. Жамал арқылы кейпі көрінген Шолпанға Сəрсембай шынында тең болмауға тиісті.
2. Ғали. Ғалиды жазушы: «жасынан талапты болып, Қызылжар, Троицкідегі медреседе оқып жүріп жəне де қазына ушитілден оқып та, орысша азырақ сөйлеп, жарарлықтай шамасы бар еді. Мұсылманша жақсы оқыса да, елге шығып мола болмай, соңғы уақыттарда оқуды да қойып, азырақ сауда ісімен айналып еді. Əрдайым алыс-берісінде уағдасында, опашыл болғандығы көрінгенге байлар шамалап несие беруден тартынбайтын еді», – деп сипаттайды. Бұған қарағанда Ғали: əрі зиялы (пікірі ашық) жігіт те, əрі өркендеуге бет алған жаңа бай (буржуазия), жүріс-тұрыс көп, ысылған жігіт. Оның үстіне сауықшыл, ақындығы бар жігіт. Бұл сынды жігіттен, өзі романның бас кейіпкері болған жігіттен, окушы үлкен істер күтпек қой. Жазушы Ғалиды жоғарғыдай сипаттағанмен оның Жамал іретіндегі істерінде ұзап шыққан ерліктері жоқ. Ғали романда күресшіл, өз ойындағы істі табан тіреп, қайратпен істейтін адам боп көрінбеген. Жамалға жолығу, жүру, алып қашу, тығылу істері өз беттерімен іреті келе беріп, Ғалиды қиыншылыққа салмаған. Ғали Жамалға жолыққаннан бастап, өлгеніне шейін тұрмыстың арпалысып өтетін, қайратымен ғана өтетін ешбір өткеліне кездеспейді. Өлерінде Ғалидың ішкі сезімі көрінген жоқ. Ол ел-жұртынан кетіп, жат жерге барып, қайғының қара тұманына батқалы отырған Жамалға «шыдадан» басқа түк айтпайды. Өлер алдындағы достық жан ашуын көрсетпейді. «Ештеңе етпеспен» өліп кете барады. Осыларға қарағанда, Fали бір жағынан, оқыған саудагер, жаңашыл болса, екінші жағынан, ескінің сарқынынан құтыла алмаған «тағдыршыл». Жігерсіз жігіт. Ғали буржуазияның ашық кейіпкері болса, ол бірнеше қиын басқышты көптің көзіне көрсете аттап, қиындық шамадан асқанда ғана жеңілер еді, онда да арпалысып өлер еді. Бұны, əрине Міржақып өз басынан шығарып отырған жоқ. Сол кездегі өмірден алып отыр. Ғали шынында өмірде бар адам. Ғалидың мұндай шала кейіпкер болуы, қазақтың капиталистерінің өзі шын мағынасында пісіп жетпеген, бір қолы ескіде, бір қолы жаңада тұрғандығын көрсетеді.
3. Жамал. Ғалидан көрі Міржақып Жамалдың кейпін ашық шығарған. Жамалдың ел ішіндегі ашықтығы, ерлермен өзін тең түсініп, ойын-тойда еркін жүруі, бозбалаларды беттетпеуі, əйелмін деп ұялмауы, ойын-тойды гүлдендіруі, оның ескі өмірдің адамы еместігін көрсетеді.
Жамалда мақсат бар. Сол мақсатқа жету үшін ол өлімнен қорықпайды, не қиындыққа болса да шыдайды. Жамал осы жігерден қайтқан жоқ. Ғали өлгеннен кейін оның Жұманға баруға көнгені, жігері сөнгендіктен емес, одан басқа істер шара таба алмағандықтан. Бірақ Жамал Жұманға барғанмен оны ұнатпады, Ғалиды ұмытпады. Ақырында қорлыққа шыдамай, ерлік істеп қашып, сол жігер үстінде боранда үсіп өлді.
Байлардың (буржуазия) негізгі сипатының біреуі «бас бостандығы» болса, Жамал оны ақтады. Байлардың мақсатшылдығын, соған жетуге жігер салатындығын Жамал айқын көрсетті. Жамалдың қарсылығы, жалғыз қарабастың ғана қарсылығы емес, ақсақалдық дəуіріндегі күңдікте отырған жалпы қазақ əйелінің қарсылығы. Жамал осы қарсылықты көзге көрсете алды. Қазақтан ол кезде өркендей бастаған капиталистердің ұраны «бас бостандығы», əсіресе, əйел бостандығы болса, Жамал бостандық жолында белсене күресіп, күрес үстінде құрбан болды. Жамалдың кейпі Ғалидан көп ашық. Жамалдың ісі де, өлімі де, Ғалидан айқын. Ұсақ кемшіліктерін былай қойғанда, Жамалды жазушы ашық кейіпкер қып шығара алған.
4. Фатихолла. Фатихолла – шаһардың ірі саудагері. Ғали Жамалды алып барғанда, ол: «əйда, Ғали сен бірдə қорықма. Алхамдуиллахи, біздің қораға рұқсатсыз һеш бір степной қырғыз кіре алмайды. Əгəр келіп іскандал жасаса, шығармақшы болсалар, пырамы шастқа апарып, заявит етіп, желткелерін қашатармыз», деп жігер береді. Бірақ, артынан «елдегі 2000 сом несиеңді бермейміз» деген ел ақсақалдарының сөзінен қорқып, Fалиға ат, арба, 50 сом беріп нағашысына жібереді. Елде 2000 сом несиесі бар адам кедей емес қой, оны айтудың қажеті жоқ. Осы 2000 сомның елде сіңіп кетуіне Фатихолла ерік істей алмайды. «Желкесін қаштармызды» қойып, «несиеңді бермейміз» деген соң өзі желткесін қасиды да, Ғалиға «енді қайтесің» деп қынжылады.
Орыстың Гоголь дейтін жазушысының «Өлімтіктер» («Мертвые души») дейтін романы бар. Соның бір кейіпкері Чичиков деген өлерде баласына «ақшадан басқа досың болмасын» деген өсиет айтады. Осы сөз Фатихолланың басына келіп отыр, Фатихоллаға Жамалдың теңдігі де қымбат, ақша да қымбат. Осы екі қымбатты салыстырғанда, ақшаны Фатихолла таңдады да, Жамал мен Fалиден үйін босатса екен, деген тілекті тіледі. Бұл, əрине буржуазияның «бостандық» атаулыны ақшаға сататындығына айқын дəлел.
Фатихолланың Байжан мен ел билерінен Ғалиға жақындығы ол «бостандыққа: қарсы емес, қарсылық былай тұрсын «бостандықшыл», оның Ғалиға ат, арба, 50 сом беруі «бостандықшылдығы». Бірақ ақшамен (несиемен) бостандық қатар тұрғанда, Фатихолла Чичиков айтқандай ақшаны таңдады.
«Бақытсыз Жамалды» қорытқанда, біздің айтарымыз, бұл роман бірінші жақтан əйел бостандығын жырласа, екінші жағынан; ескі дін, ескі салт, ескі əдетке қарсы шыққан роман. Бұл қазақтың жаңа байларының жаңашылдық сойылын соғып шыққан роман. Сондықтан роман қазақ арасында көп тарап, елдің, жаңашылдардың аузында аяттай жатталып жүрді. Роман шыққаннан кейін ауылдың ойын-тойында бозбалалар да, қыздар да бұрынғы: «Базардан алып келген жезді кұман, Пəлеге ұшырайды сөзді қуған. Бал шайнап, шекер жұтқан беу қарағым, Көзіңнен айналайын жаудыраған», – деген өлеңнің орнына, немесе: «Алып келген базардан қара қиық, Той қылғанға қорқамын жұртым жиып», – тың орнына «Бақытсыз Жамалды» өлең қып жүрді. Жамал болғысы келген, Жамалға ұқсағысы келген талай ауылдың қызын көзіміз көрді. Ғали ауыл жігітіне үлкен үлгі бола алған жоқ. Жамал ауыл қызына үлкен үлгі болды. Жалпы романды алғанда, сол кездегі ұлтшылдар əйел бостандығын айтқанда «Бақытсыз Жамалдың» маңайында ғана айтты. «Бақытсыз Жамалға» еліктеп, «Мұңлы Мəриям» (Сəлім Қашымұлынікі) сықылды романдар шықты. «Бақытсыз Жамал» соңғы кезге шейін көп жазушының темасына үлгі болды. «Бақытсыз Жамалдағы» əйел теңдігін көксеу пурлтариатша емес. Жамалдың теңдігінің арты Ғали сықылды онды күйеумен тұру ғана еді. Пурлтариат теңдікті бұлай түсінбейді. Бұл туралы жоғарыда айтылған. Бірақ онымен «Бақытсыз Жамалдың» өз заманындағы маңызын кемітуге болмайды. Бұл роман қазақ елінің басынан өткен феодалдық дəуірі мен жаңа байшылдық дəуірінің күресін көрсететін үлкен тарихи дерек.
#Міржақып #Дулатов #Бақытсыз #жамал #мазмұны #кейіпкерлері