Лаңкестік және радикалды бағыттағы діни ағымдардың теріс әсері туралы қазақша
Еліміздің тәуелсіз, егеменді ел болғанына жиырма жылдан асып, шет елдердің көпшілігіне үлгі тұтарлық жағдайда болуы баршамызды қуантады. Тоқсаныншы жылдары жас мемлекетіміздің осындай жетістіктерге жететініне ешкім де сенбеді. Көпшілгі, «көп ұлтты, көп тілді, көп дінді мемлекет ішінен−ақ дауласып құриды» − деп болжаған. Бірақ, Елбасымыздың дұрыс саясатының және халқымыздың татулығы мен біртұтастығының арқасында бұл болжамдар орындалмады.
Дегенмен, тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде іштей іріткі салатын түрлi дiни радикалды топтар пайда болып, елдегi дiни жағдайда тұрақсыздық туындады. Кеңес Одағының қатарынан шыққан соң экономикамыздың, заңдарымыздың, мемлекеттік органдар қызметінің, кедендік шекарамыздың жағдайы шетелден ағылып келген, іштен алауыздықты тұдыратын түрлі діни миссионерлерге тосқауыл қоюға жарамады. Сол тұста көптеген қандастарымыз теріс пиғылды діни ағымдар жетегінде кетті. Сонымен қатар, елiмiздегi сенiм бостандығына байланысты қабылданған либералды заңның дәстүрлi емес дiни ағымдар, оның iшiнде ислам ағымдарының таралуына себеп болды. Нәтижесiнде кейбір азаматтарымыз діни террористік топтар қатарына қосылып кетуде. Өкінішке орай, діни жағдайдағы бұл проблема әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр. Бұл мәселені толығымен түсіну үшін алдымен лаңкестіктің өзіне түсініктеме беру керек.
Лаңкестік – бұл адамзат тарихындағы басты мәселелердің бірі болып келеді. Ланкестік ұйымдар тамыр жайып, көбейіп отырғанда ешқандай мемлекет және ешбір адам өзінің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Сондықтан да лаңкестікке қарсы тұратын жүйені құрып, оны жетілдіру үшін халықаралық деңгейде әрекеттер жасалуда.
Лаңкестікке қарсы бағытталған заңдарды қабылдап, оларды жетілдіру үшін, біріншіден, осы құбылысқа түсінік беру қажет. Лаңкестіктің нақты ғылыми түсінігінің болмауы оған қарсы халықаралық заңдылықтың қабылдануына бөгет болуда. «Лаңкестік» сөзі алғаш рет 1793-1794 жылдары Франциядағы төңкеріс кезеңінде қолданылған. Бірақ, әлі күнге дейін оған түсінік беруде заң саласындағы ғалымдар ортақ шешімге келе алмай жүр.
Алғаш рет Қылмыстық құқықтың халықаралық ассоциациясымен ұйымдастырылған (Брюссель,1930 ж.) қылмыстық заңдылықты унификациялау бойынша III Халықаралық конференциясында лаңкестікке жалпы түсінік беруге талпыныс жасалды. Бірақ ұсынылған лаңкестік түсінігі осы құбылыстың ерекше қасиеттерін ашпады, тек лаңкестік ретінде қарастыруға болатын әрекеттерді тізіп көрсетті. Лаңкестік –көп қырлы құбылыс болғандықтан бұл тізім кеңейіп, қылмыстардың көпшілік түрі осы түсінік қатарына еніп кетті.
А.И.Долгованың айтуы бойынша, «лаңкестік − бұл адам өмірі, денсаулығы, құқықтары мен заңды мүдделеріне қарсы қоғамға қауіпті әрекет жасау арқылы террорист талабын үшінші жақтың орындауын талап ету» [2].
Ал профессор Л.В. Сердюк лаңкестіктің қатарына, террористердің нақты саяси, ұлттық немесе басқа да мүдделеріне жету үшін өкімет өкілін, халықты немесе басқа тұлғаларды қорқыту мақсатындағы зорлық−зомбылық әрекеттерді жатқызады.Ю.М.Антонян болса, зорлық−зомбылық әрекеті біреуді қорқыту үшін жасалғанда ғана лаңкестік болып саналатынын алға тартады [2].
Лаңкестікке ғалымдардың берген түсініктемелері әрқилы. Тіпті әр мемлекеттің қылмыстық кодекстерінде лаңкестік қатарына жатқызылатын іс−әрекеттер қатары әртүрлі. Ал Голландия, Польша және Қытай елдерінің қылмыстық кодекстерінде «лаңкестік» түсінгі мүлдем жоқ.
1999 жылдың 13 шілдесінде күшіне енген Қазақстан Республикасының«Лаңкестікпен күрес туралы» Заңына сәйкес лаңкестік – бұл қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты қорқыту, мемлекеттік органдардың шетелдік мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету, қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлердің қызметін тоқтату болмаса осындай қызмет үшін өш алу мақсатында жеке тұлғаларға немесе ұйымдарға қатысты құқыққа қарсы әрекет немесе оны жасау туралы қорқыту әрекеті.Лаңкестікке қатысты ережелер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 233 бабында да қарастырылған.
Әдебиеттерде лаңкестікті төмендегідей классификациялайды:
- Саяси лаңкестік – беделді саяси қайраткерлерінің, жоғары лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік биліктің қызметін өзгерту, тоқтату немесе мемлекет шекарасын өзгерту мақсатындағы саяси субъектілердің қылмыстық−құқықтық зорлық әрекеті.
- Діни лаңкестік − осындай зорлық әрекетті белгілі бір діни секта немесе діни бірлестік немесе бір дінді ұстанушы тұлғалар жасаған, діни негіздегі лаңкестік.
- Пайдакүнемдік лаңкестік – бұл белгілі бір топтардың экономикалық немесе бәсекелестік мақсатта жасалатын ланкестік әрекеттер.
Соңғы жылдары, жоғарыда аталған лаңкестік түрлерінің ішінде кең етек жайып кеткені – діни лаңкестік. Діни лаңкестіктің өршуіне теріс пиғылды, радикалды діни ағымдардың әрекет етуі жол беріп тұр.
Қазіргі таңда кейбір қазақстандық азаматтардың діни террористік топтрадың және теріс пиғылды басқа да діни ағымдардың қатарында жүргені өте өкінішті. Уаххабизмшілер, таблиғшылар,тәкпiршiлер, салафиттер және Хизбут-Тахриршілер қазақ қоғамының негiзгi дәстүрi мен рухани байлықтарына соққы беруде. Осы аталған діни бағыттарға ғылыми әдебиеттерге сүйене отырып түсінік берейік.
Салафилiк — бұл Ислам дiнiн бiздiң заманымыздың алдында өмiр сүрген iзгi бабалар түсiнiгiмен түсiнiп, олар амалға асырған iс-әрекеттердi сол қалпында қабылдауды мақсат тұтқан дiни-бағыт. Радикалды салафиттер халифатқа енуге шақырады, олар мемлекеттiң дiннен жеке болуына қарсы, бiрте-бiрте теократикалық мемлекет құру жағында және шарияттық заң мен шарияттық сот құруды көздейдi. Халифатты құрудың бiрден-бiр жолы джихад деп көрсетедi. Салафиттiк радикалдар, әйелдерге қандай да бiр қоғамдық еңбекпен айналысуға, ертеден келе жатқан өлгендi еске алуға, дұға жасауға және онда Құран оқуға, ас беруге тыйым салады.
Уаххабизм бұл — XVIII ғасыр пайда болған джихадизмның шетiн бағыттарының бiрi. Осы дiни — саяси қозғалыс салафизмның дiни доктринасының идеялық мұрагерi болып табылады. Уахабилер Уаххабизм жақтастарының ережелерi бойынша өз-өздерiн сәләфиттер деп атайды. Басқа мұсылман ағымдарынан, уаххабизм қозғалысының ерекше белгiсi ол джихадқа шақыру болып табылады.Уаххабиттер дiнге сенбейтiндерге және жолдан тайғандарға сондай-ақ оларды қолдамайтындарға қарсы қасиеттi соғыс жариялады.
Салафизмдегi радикалды бағыттың бiрi — тәкпiршiлiк. Тәкпiршiлердiң идеологиялары мұсылмандарды қуғынға ұшырататын елдердегi режимдi күштеп өзгертуге бағыттаған.
«Ат-Такфир әл-Хижра» мүшелерiне мемлекеттiк мекемелерде оқуға және жұмыс iстеуге, суретке түсуге, «сенбеушiлермен» қарым-қатынас жасауға тыйым салынады, осы жайт құқық қорғау органдары мен идентификацияны қиындатады. Қазiргi таңда әлемдегi көптеген елдерде тәкпiршiлер ислам мемлекеттерiндегi жоғары лауазымдағы адамдардың өлiмiне қатынасы бар террористiк ұйым деп мойындалған
«Таблиғи Жамағат» ағымының философиясы барлық басқа дiнге шыдамсыздықпен қараумен, исламға жатпайтын түрлi жетiстiктердi, қоғамнан әйелдердi оқшаулауға тырысумен, сонымен қатар, жаңа дiнге ене отырып, басқа дiнге сенбей, «ислам басқа дiндердiң барлығын ығыстыруы керек» деген прзелитистiк ұғымдармен ерекшеленедi.
Хизбут – Тахрир әл – Ислами партиясы халықаралық, панисламистiк ұйым ретiнде белгiлi. «Хизбут-Тахрир» өзiн «идеологиясы ислам болып табылатын, саяси партия» деп жариялайды. Партияның мақсаты мұсылмандардың исламға сай өмiр сүруге оралуына ықпалету және ислам сенiмiн бүкiл әлемге тарату.
Осындай радикалды діни ағымдарды ұстанатын адамдар қатарында қазақстандық азаматтарымыздың орын алуыбіздің халқымыздың дін саласындағы мәдениетіміздің төмендігін көрсетеді. Осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан көптеген іс шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның негізінде, діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмыстары жүргізілді. (Мысалы, Жамбыл облысы бойынша (2012 ж) ислам дініндегі−347, православ пен католик дініндегі−10, протестант – 26 бірлестіктер мен олардың филиалдары, елуіншілер – 1, пресвитериан және харизматикалық бағыттағы – 20 денаминациялар сонымен қатар XIX XXғ. пайда болған 22 конфессия тіркеуден өтті.) Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тарату үшін арнайы тұрақты орындар бекітіле бастады. Заңға сәйкес, бұдан былай арнайы бекітілген жерден тыс орындарда діни әдебиеттерді таратуға тыйым салынды. Көшелерде діни кітаптар сатылатын орындар жабылып, кез келген қоғамдық орында және үйлерге діни әдебиеттерді таратуға тиым салынды. Енді тек мешіттер мен шіркеулер, өзге де діни ғимараттарда ғана діни әдебиет пен кітаптарды сатуға және таратуға рұқсат етілді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы кітап дүкендері мен базарда да жалпы діни әдебиеттің, соның ішінде заң бойынша тыйым салынған кітаптардың сатылмауына айрықша мән беріле бастады.
«Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» жаңа заң жобасының қабылдануына орай Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасында дiни сараптама және ғылыми талдау бөлiмi ашылды. Уақыт талабымен құрылып отырған бөлiм бұдан былай көпшiлiкке ұсынылатын ислами кiтаптар мен әдебиеттердi, басылымдар мен бейне және үнтаспа өнiмдерiн және сырттан әкелiнетiн ақпараттық материалдардың мазмұны мен бағыт-бағдарын арнайы комиссия арқылы дер кезiнде сараптамадан өткiзiп отыратын болады. Сараптап қана қоймай, бұл әдебиеттердiң ҚМДБ-ның дiни ұстанымына сай келуiн өз бақылауына алмақ. Дiнтану сараптамасы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген арнайы тәртiпке сай жүргiзiледi. Бұл жұмысқа ғалым дiнтанушылар және қажет болған жағдайда мемлекеттiк органдардың салалық мамандары да жұмылдырылып отыр.
Ендi дiни кiтаптар мен кiтапшалардың, бейне және үнтаспа өнiмдерiне «Дiни басқарманың сараптауынан өткен немесе мақұлдаған» деген жазу жазылады.
Алға қойылған мәселелерді шешуде отбасында дұрыс тәрбие беру маңыздылығы өте зор. Қазіргі қарбалас заманда ата−аналардың көпшілігі балаларын материалдық жағынан қамтамасыз етуді алға қойып, олардың рухани, діни тәрбиесіне мән бермейді, олармен сөйлесуді, ой бөлісуді мүлдем ұмытады. Осы тұста түсінбеушіліктер пайда болып, балалардың түрлі жағдайларға ұшырауы орын алады. Жас ұрпаққа рухани және адами қасиеттерді орнықтырудың маңыздылығын ұғынып, ұлттық тәрбие беруді алға тартуымыз қажет.
Қазіргі таңда кең етек жайып кеткен ғаламтор желісіндегі теріс ақпараттар, арнайы алдап арбауға арналған видео өнімдері жастарымызды теріс пиғылды ойларды ұстануға және қарулы қақтығыс ошақтары болып отырған елдерге кетуіне итермелеп отыр. Осы ғаламтор кеңістігінің зиян тұстарын жою мәселесі әлі шешілмей отыр. Компьютерлік технологиялардың дамыған заманында жастарымыздың ақпаратты ғаламтор көмегімен алатыны сөзсіз белгілі. Оған тосқауыл қоймасақ, істеген жұмыстардың бекер екендігін уақыт келе түсінеміз. Себебі ғаламтордың жастарға деген ықпалының күштілігі қазірдің өзінде белгілі болып отыр.
Жастардың рухани және мәдени сауаттылығына ұстаздардың, оқытушылардың ықпал ететіндігі сөзсіз. Сондықтан да осы ұстаздар мен оқытушылардың радикалды діни ағымдар қатарында болмауын қадағалау қажет.
Кеденшілер мен шекарашылардың жұмысының сапалығы да осындай теріс пиғылды діни ағымдармен күресуге өз әсерін тигізеді. Еліміздің шекарасының беріктілігі осы мемлекеттік органдардың жұмысының тиянақтылығымен, сапалылығымен анықталады.
Қағазбастылық – қазіргі кездегі барлық салалардағы бөгет, қиыншылықтардың бірі болып отыр. Таңнан кешке дейін азаматтарымыз қағаз толтырып, әлек болып, ең басты қызметін орындауға уақыт таппайды. Осы қағазбастылықты азайтып басты назарды алға тартқан мәселелерді шешуге аударсақ дұрыс болар еді.
Елімізде қауіпсіздікті, тыныштықты, бейбіт өмірді, тұрақтылықты қамтамасыз етуде қолдан келгеннің бәрі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Дәл қазіргі уақытта бірлік, достық, ынтымақтастық және тәртіп еліміздің одан әрі дамуына ықпалын тигізетініне сенеміз.
Әдебиет
1 Дінтұтқа. «Егемен Қазақстан», Астана, 2013 ж.
2 Дикаев С.У., Турецкий Н.Н. Лаңкестік: понятие и классификация. Пособие, Алматы, 2005 г.
3 1999 жылдың 13 шілдесінде күшіне енген Қазақстан Республикасының «Лаңкестікпен күрес туралы» Заңы.
#Лаңкестік #және #радикалды #бағыттағы #діни #ағымдардың #теріс #әсері
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз