Курстық жұмыс: Экономика | Қаржы және инфляция өзара байланысы және өзара іс-әрекеті
Мазмұны
Кіріспе…………………………………………………………………………………………..3-4
1. Инфляцияның әлеуметтік-экономикалық мәні………………………5-7
1.1 Инфляцияның шығу тарихы…………………………………………………………..5
1.2 Инфляцияның экономикалық мәні ………………………………………………6-7
2. Инфляцияның қаржымен өзара байланысы………………………….9-23
2.1 Инфляцияның деңгейін өлшеу…………………………………………………….9-14
2.2 Инфляцияға қарсы саясат шаралары………………………………………….14-19
3. Қазіргі Қазақстан экономикасындағы инфляция…………………19-23
Қорытынды………………………………………………………………………………………24
Қолданылған әдебиеттер………………………………………………………………….25
Кіріспе
Нарықтық қатынастардың құрылымында да, мемлекет тарапынан оларды реттеу механизмінде де қаржы зор рөл атқарады. Қаржы – нарықтық қатынастардың құрамды бөлігі және мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың құралы. Бұл орайда қаржының әлеуметтік-экономикалық мәнін түсіне білудің, оның іс-әрекет етуінің ерекшеліктерін терең ұғынудың, Қазақстан экономикасын ойдағыдай дамыту мақсатымен қаржы ресурстарын неғұрлым толық және ұтымды пайдаланудың әдістері мен амалдарын көре білудің маңызы зор.
Қаржы – қоғамдық өнімді жасау мен пайдалану арасындағы байланыстырушы буын.
Қаржы – жалпы ішкі өнім мен ұлттық табысты бөлудің, қайта бөлудің экономикалық тетігі және ақша қорларын жасау мен пайдалануға бақылау жасаудың құралы.
Қаржының мәні, іс-әрекет механизмі және рөлі оның функцияларынан айқын көрінеді. Қаржының мәнін толық ашу оның ұғымы мен қажеттігін ғана емес, сонымен бірге қаржының қоғамдық арналымын, яғни оның функцияларын анықтауды талап етеді.
Қазіргі уақытта қаржының бөлгіштік және ұдайы өндірістік тәрізді екі тұжырымдамасы танылып отыр. Коммерциялық есеп пен маркетинг операцияларын жүзеге асыруға байланысты болатын қаржының бақылау функциясын барлық ғылыми тұжырымдамалардың өкілдері мойындады. Қаржының бұл функциясы экономикалық категория ретіндегі қаржыға тән қасиет және қаржының не бірінші, не екінші функциясымен бір мезгілде жүзеге асады. Бақылау функциясы мазмұнының нақтылы көрінісі мемлекеттің қаржы саясатын жүргізетін қаржы органдары қызметінің барысында іске асады.
Бақылау функциясы қаржының бөлгіштік функциясынан туындайды және жиынтық қоғамдық өнімді, ұлттық табысты және таза табысты тиісті ақша қорлары бойынша бөлуге және оларды мақсатты жұмсауға бақылау жасаудан көрінеді. Егер қаржының мәні, табиғаты және мазмұны, бір жағынан, жиынтық қоғамдық өнімнің, ең алдымен, таза табыстың бір бөлігінің қозғалысымен, оны бөлумен, ақша қорларын жасаумен және материалдық өндіріс процесінде ұлғаймалы ұдайы өндіріске бағыттаумен және басқа жағынан, мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорларын жасаумен байланысты болса, қаржының бақылау функциясы да тиісті түрде материалдық өндірістің бүкіл ұдайы өндірістік процесіне де қызмет етеді. Қаржының екі функциясының диалектикалық бірлігі мен өзара байланыстығы осында.
Бақылау функциясы қаржылық бақылауда – жалпы ішкі өнімді тиісті қорларға бөлуге және оларды мақсатты арналым бойынша жұмсауға бақылау жасауда көрінеді.
Бақылау сандық түрде қаржы ресурстарының қозғалысы арқылы жиынтық қоғамдық өнімді бөлумен және қайта бөлумен байланысты болатын экономикалық процестерді бейнелейді. Сонымен бірге нақты нысандағы қаржы ресурстардың қозғалысы жиынтық қоғамдық өнімді құндық бөлу процесіне мемлекет тарапынан бақылау жасаудың қоғамдық өнімді құндық бөлу процесіне мемлекет тарапынан бақылау жасаудың негізі болып табылады. Мұндай бақылаусыз экономиканың теңгерімді дамуының қамтамасыз етілуі мүмкін емес.
Қаржының бақылау функциясының экономикалық мағынасы кәсіпорынның, фирманың шаруашылық-қаржы қызметіне теңгемен бақылау жүргізу.
Қаржы мәселесі жөніндегі заңнамалардың бұлжымастан сақталуын, мемлекеттік бюджет, банк алдындағы қаржылық міндеттемелердің, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субьектілердің есептесу және төлемдер жөніндегі өзара міндеттемелерінің дер кезінде және толық орындалуын тексеру қаржылық бақылаудың аса маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Қаржының бақылау функциясын жүзеге асырудың нысаны қаржылық тәтіп арқылы жүзеге асуымен және оның жай-күйімен, белгіленген нормалар мен нормативтердің сақталуымен, қаржылық міндеттемелердің орындалуымен байланысты болуы мүмкін. Қаржылық тәртіп оны бұзушыларға қаржы санкцияларын қолдана отырып мемлекеттік парызды сақтауға негізделген.
Қаржының бақылау функциясы қаржы органдарының сан қырлы қызметі арқылы жүзеге асырылады. Нарықтық қатынастардың дамуы жағдайында бақылау жұмысының бағыттары, қаржылық бақылаудың нысандары мен әдістері айтарлықтай өзгерді.
Мен курстық жұмысты осы тақырыпқа жазуымның себебі нарық қатынастары жағдайында қаржылық бақылаудың мәні, іс-әрекет сферасы жайлы мәліметтер және бақылаудың сыныптамасы, соның ішінде аудиторлық бақылауды барынша қамтуға тырыстым. Екінші бөлімде қаржылық бақылауды жүргізгенде қолданылатын әдістер мен бақылауды іске асыратын мемлекет органдар туралы баяндалған. Үшінші бөлімді шетелдердегі, атап айтқанда АҚШ, Германия және Ресей Федерациясының мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің құрылымын талдауға арнадым. Және де салыстырмалы түрде Қазақстандағы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің қазіргі жағдайын жеке талдауды жөн көрдім.
1. Инфляцияның әлеуметтік-экономикалық мәні
1.1 Инфляцияның шығу тарихы
Экономикалық құбылыс ретінде инфляция көптен бері өмір сүріп келеді. Оны тіпті ақшаның шығуымен бірге пайда болды әрі ақшаның қызметімен тығыз байланысты деп саналады.
“Инфляция” термині (латынның inflatio сөзінен шыққан – кебіну, ісіну) ақша айналысына қатысты ХІХ ғасырдың орта шенінде пайда болды және АҚШ-тың Азамат соғысы жылдары (1861-1865 жж.) қағаз долларының (“гринбектерден”) қисапсыз көп шығарылуымен байланысты болды. ХІХ ғасырда бұл термин сондай-ақ Англия мен Францияда қолданылды. Экономикалық әдебиеттерде ол 20-сыншы жылдары жазыла бастады.
Инфляцияның дәстүрлі ең жалпы анықтамасы – тауар айналымының қажеттілігімен салыстырғанда айналыс сферасының артық қағаз ақша массасымен лықа толып кетуі, олардың құнсыздануы және соның нәтижесі ретінде – тауарлар мен қызметтер көрсетуге бағаның өсуі; ақшаның сатып алуға жарамдылығының төмендеп кетуі. Инфляция кезінде қоғамдық өндіріс процесінің алшақтықтарына және артық көп ақшаның шығарылуына байланысты ақша айналысының заңы бұзылады.
Инфляция – ақша жүйесінің дағдарысты жай-күйі.
Ақшаның құнсыздануына мына факторлар себепші болады:
— айналысқа артық ақшаның шығарылуы;
— қолайсыз төлем балансы;
— үкіметке сенімнің жоғалуы.
Ұзақ уақыт бойы инфляцияны монетарлық құбылыс деп санай отырып, ол ақшаның құнсыздануы мен тауар бағаларының өсуі тұрғысында түсіндіріліп келді. Әлі де бірқатар шетелдік авторлар инфляцияны экономикада бағаның жалпы деңгейінің артуы ретінде анықтайды. Алайда инфляцияның тауар бағасының өсуінде көрінгенімен оны тек таза ақша феноменіне жатқыза салуға болмайды. Бұл нарықтық шаруашылықтың түрлі сфераларындағы ұдайы өндірістің сйәкессіздігінен туатын күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Инфляция әлемнің көптеген елдеріндегі экономиканың қазіргі дамуының ең өткір проблемаларының бірі болып есептеледі.
Инфляцияның көріну нысандары:
— Бірқалыпты емес өсуі, мұның өзі ақшаның құнсыздануына, оның сатып алу жарамдылығының төмендеуіне ұрындырады;
— ұлттық ақша бірлігінің шетелдік ақша бірлігіне қатысты
бағамының төмендеуі;
— ұлттық ақша бірлігінде көрінетін алтынның бағасының көтерілуі.
1.2 Инфляцияның экономикалық мәні
Бүгіндегі инфляция бағаның өсуі нәтижесіндегі ақшаның сатып алу жарамдылығының құлдырауымен ғана емес, сонымен бірге елдің экономикалық дамуының жалпы қолайсыз ахуалымен де байланысты. Инфляцияға өндіріс пен өткізу сферасындағы әр түрлі факторлар тудырған өндіріс процесінің қарама-қайшылықтары себепші болады. Инфляцияның әуел бастағы себебі – ұлттық шаруашылықтың түрлі сфераларындағы жинақтау мен тұтыну, сұраным мен ұсыным, мемлекеттің кірістері мен шығыстары, айналыстағы ақша массасы мен шаруашылықтың ақшаға қажеттілігі арасындағы алшақтықтар.
Инфляцияның ішкі және сыртқы факторларын (себептерін) айыра білу қажет. Ішкі факторлардың арасында ақшаға жатпайтын және ақшалай-монетарлық факторларды бөлуге болады. Ақшаға жатпайтындар – бұл шаруашылық сәйкестігінің бұзылуы, экономиканың циклдық дамуы, өндірісітің монополизациялануы, инвестициялардың теңгерімсіздігі, әлеуметтік-саяси сипаттағы ерекше жағдайлар және басқалары. Ақшалай факторларға мемлекеттік қаржының дағдарысы – бюджет тапшылығы, мемлекеттік борыштың өсуі, ақша эмиссиясы, сондай-ақ кредит жүйесінің кеңеюі, ақша айналысы жылдамдығының артуы нәтижесінде кредит құралдарының өсуі және басқалары жатады.
Дүниежүзілік құрылымдық дағдарыстар (шикізат, энергетика, валюта дағдарыстары), басқа елдерге инфляцияны экспортқа шығаруға бағытталған мемлекеттік валюта саясаты, алтынды, валютаны жасырын экспортқа шығару инфляцияның сыртқы факторлары болып табылады.
Сөйтіп, көпфакторлы процесс ретіндегі инфляция – бұл ақша айналысы заңының бұзылуымен байланысты болатын қоғамдық ұдайы өндіріс дамуындағы алшақтықтың көрінісі.
Инфляцияның іс-әрекетін қаржы проблемаларымен байланыстырып отыру қажет, өйткені инфляция құбылысы мынандай қаржылық факторларға тәуелді болып келеді:
— белгілі бір салық нысандары мен әдістерін қолдану;
— инфляциялық сипаттағы шараларды мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландырудың ауқымы;
— мемлекеттік бюджеттің тапшылығын жабудың әдістері;
— мемлекетік берешектің көлемі.
Нарықтық экономика кезінде қаржы инфляциялық процеске бірқатар факторлар арқылы айтарлықтай әсер етеді (инфляциялық тенденцияларды күшейте түседі).
Бірінші фактор – мемлекет шығыстарының өсуі, бұл ерекше төлейалушылық сұранымының артуына жеткізеді, сөйтіп тікелей баға белгілеуге әсер етеді. Тауарлар мен қызметке бағаның көтерілуіне байланысты ақшаның құнсыздануы бюджет шығыстарының көбеюіне соқтырады, ал оның кірістері, ең алдымен, салық түсімдері қажеттіліктен артта қалып қояды. Бұл сөзсіз болатын ұзақ уақытқа созылған тапшылыққа ұрындырады.
Екінші фактор – табысқа (пайдаға) салынатын салықтың көбеюі. Салықтың едәуір бөлігі баға механизмі арқылы тұтынушыға ауысады және рыноктегі бағаның көтерілуінің басты себебі болады.
Үшінші фактор – бюджеттердің ұзақ уақытты тапшылықтары (өндірістік емес шығындардың неғұрлым өсуімен байланысты).
Инфляция қаржы қатынатарын да өзгерістерге ұшыратады.
Бірінішіден, нифляция тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі салдарынан мемлекет шығыстарының өсуін жандандырады.
Екіншіден, инфляция қаржы ресурстарын құнсыздандырады және салық түсімдерін арттырудың қажеттігін тудырады.
Үшіншіден, инфляциялық процесс мемлекеттің берешегі проблемаларын шиеленістіреді.
Сөйтіп, қаржы мен инфляция өзара тәуелді болып келеді. Қаржы инфляциялық процестердің тездеткіші бола алатыны сияқты, инфляция да қаржы қатынастарына әсер етеді. Ақшаның құнсыздануы және бағаның көтерілуі мемлекеттің шынайы кірістерін төмендетуге, бюджеттің шығыстарын кбейтудің қажеттігіне, салық ауыртпалығының күшеюіне, мемлекеттік бюджет тапшылығынан болатын мемлекеттік борыштың өсуіне ұрындырады. Инфляцияның жоғарғы қарқыны мемлекеттің қаржы ресурстарын құнсыздандырады, өйткені салықтық кірістер мен қарыздар оларды есептегеннен кейін уақыттың белгілі бір межелдемелері арқылы түседі, сондықтан мемлекеттің алу сәтінде олар құнсызданады. Осыған ұқсас мемлекеттік берешектің проблемасы шиеленіседі, өйткені қарыздарды тарту үшін мемлекет өзінің бағалы қағаздарының табыстылығын несиелік пайыз деңгейінен жоғары көтеруге мәжбүр болады, бұл мемлекеттік борыштың атаулы өсуін тудырады. Қаржы қатынастары мен инфляциялық процестердің бір бағытта келеңсіз сипаты, бірін-бірі өзара толықтыра отырып, экономикалық жүйедегі келеңсіз нәтижелерге апарады. Мәселен, инфляция бірқатар әлеуметтік-экономикалық проблемаларды тудырады: ақшалай табыстардың құнсыздануы, ұзақ мерзімді инвестицияларға деген экономикалық ынтаның түсуі, ақшалай жинақтардың құнсыздануы, нақтылы пайыздың төмендеуі, экономикалық байланыстардың бұзылуы және т.т.
2. Инфляцияның қаржымен өзара байланысы
2.1 Инфляцияның деңгейін өлшеу
Инфляцияны бағалау және өлшеу үшін бағалар индексінің көрсеткіші пайдаланылады. Бағалар индексі тұтыну тауарлары мен қызметтердің белгілі бір жиынтығының сатып алу бағасы мен базалық кезеңнің бағасы арасындағы арақатынасты өлшейді. Ағымдағы жылдың индексінің қарқыны былайша анықталады. Ағымдағы жылдың бағалары индексінен өткен жылдың бағалары индексі шегеріліп, өткен жылдың бағалары индексіне бөлінеді, сонан соң жүзге көбейтіледі:
Инфляция қарқыны =
Қазақстанда тұтыну тауарларының бағасы мен қызметтер көрсетудің тарифтері өткен жылға қарағанда былайша өсіп отырады (есе): 1990 – 1; 1992 – 2,5; 1993 – 30,6; 1994 – 22,7; 1995 – 1,60; 1996 – 1,39; 1997 – 1,17; 1998 – 1,07; 1999 – 1,18; 2000 – 1,13.
Дүниежүзілік практикада егер инфляцияның қарқыны жарты жыл ішінде және одан көбірек жағдайда айына 50 пайыз немесе аптасына 11,5 пайыз құрса, онда мұндай деңгей әсіреинфляцияға сәйкес келеді. Сөйтіп Қазақстанда бұл деңгей 1992-1995 жж. ішінде айтарлықтай асып түсті.
Инфляциялық процестің қуаттылығын бағалауды және инфляцияның түрлерін мынандай критерийлер бойынша ажыратады:
бағалар өсуінің қарқыны бойынша:
баяу – баға жылына 10 пайыз өскенде; бұл кез ақшаның номиналдық құны сақталады, кәсіпкерлік тәуекел болмайды;
өршімелі – баға 100 пайыз шегінде өскенде; ақшаның затталынуы өседі;
әсіре – баға жүздеген пайызға өскенде; баға мен табыстардың арасындағы алшақтық ұлғая бастайды;
бағалар өсуінің теңгерімділік дәрежесі бойынша:
теңдестірілген және теңдестірілмеген инфляция; теңдестірілген инфляция кезінде әртүрлі тауарлардың бағасы бір-біріне қатысты өзгерусіз қалады, теңдестірілмеген инфляция кезінде – олардың бір-біріне арақатысы өнбойы өзгеріп отырады, оның үстіне әр түрлі үйлесімде;
болжаулық (болжап айтушылық) дәрежесіне қарай:
күтілген, болжамды және күтілмеген;
шығу немесе пайда болу орнына қарай:
импортталынған және экспортталынған;
сондай-ақ дамудың әркелкілігімен сипатталатын сатылы, баға шамалы өскен немесе өзгерусіз қалған, бірақ тауар тапшылығы күшейген кездегі тұқыртылған инфляцияны ажыратады.
Практикада инфляцияның екі типін бөледі: сұраным инфляциясы (тұтынушылар инфляциясы) және шығындар инфляциясы (өндірушілер инфляциясы).
Бірінші жағдайда ол заңды және жеке тұлғалардың ақша массасының өсуімен байланысты өнімге, тауарларға және қызметтерге сұранымның өсуінің салдары болып табылады.
Екінші жағдайда кәсіпорындардың еңбекке ақы төлеуге, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің көбеюіне, тұтынатын шикізатқа, материалдарға бағаның, қызметтер көрсетуге (тасымалдауға, электр қуатына, ақпаратқа және т.т.) тарифтердің өсуіне жұмсалатын шығындардың көбеюі инфляцияны тудырады.
Нақты экономикалық өмірде инфляцияның бұл түрлері және оларға ілеспелі салдарлар тығыз тоқайласады, өзін өзара толықтырады, бұл инфляциялық шиыршық деп аталынатынды тудырады, бұл кезде өндірістің тұтынылатын компоненттері баға мен еңбекке ақы төлеудің өсуі нәтижесінде шығындардың көбеюі шығарылатын өнім құнының артуына соқтырды, мұндай өнімді тұтыну жалақының және экономиканың шектес секторларында материалдық шығындардың қосымша өсуін талап етеді және осылайша шексіздікке кете береді.
Нарықтық экономиканың механизмі – бәсеке мен тиімсіз кәсіпорындардың банкроттығы жеткіліксіз қалыптасқанда , ал өндірістің жеке салаларында ол жоқ болғанда инфляция дамиды. Еркін бәсеке жағдайында, мемлекет шығыстарын немесе кредиттерді қысқарту жөніндегі шаралармен туындайтын сұранымның төмендеуі кезінде кәсіпорын не өндірістің көлемін қысқартуға, не оның шығындарын төмендетуге мәжбүр болады. Макроэкономикалық деңгейде мұнымен қатар не іскерлік белсенділіктің құлдырауы, не бағалардың төмендеуі болады. Алайда фирмалар, компаниялар жағдайдың жақсаруына үміттене отырып, рынокте тұра алуға тырысады және бағалар мен өндіріс шығындарын төмендетуге мәжбүр болады. Процестің жаппай ауқымдағы әрекеті инфляцияның төмендеуіне мүмкіндік жасайды.
Монополияландырылған экономикада бұл механизм әрекет етпейді, өйткені өндіруші-кәсіпорынның шикізатты, материалдарды, шала фабрикаттарды, жинақтау бұйымдарын, жабдықты, саймандарды жеткізушілерді таңдай алмайды. Ол жеткізушілер тарапынан белгіленген бағалармен келісуге мәжбүр болады және жоғарылатылған бағаларды өзінің тұтынушыларына, тұтынушылар өз кезегінде ары қарай технологиялық өзгертіп жасау бойынша түпкілікті тұтынушыға – халыққа аударып салады. Мұндай жағдайда бюджет шығыстары мен кредиттерді шектеу жөніндегі шаралар өндірістің құлдырауына жеткізеді.
Инфляция сыртқы экономикалық қызмет тарапынан арандатылуы мүмкін, бұл импортталатын және экспортталатын инфляция. Бірінші ….