Күлдіргі ертегілер

0
354

М. Әуезов

Шыншыл ертегілер қатарындағы алуаны бөлек бір топ күлдіргі ертегілер. Бұл ертегілер бала мен үлкенге бірдей ортақ тапқыр күлкіге, қызықты жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер болады. Алдымен бұл ертегілердің уақиға ортасында жүретін бас адамдарының өзі ерекше. Іс мінезі, аты, қалпы, кескін-ұсқыны күлкі, оқыс келеді. «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ», «Ұр тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы тазша», «Қу тазша», «Тазшаның қырық өтірігі», «Қу бала», «Екі еріншек» деген сияқты боп, ертегінің аты мен адамынан-ақ, әңгіменің ойнақы күлдіргі жаққа қарай бейім тұрғаны мәлім болады.

Бұл қатарда қазақ халқы айтатын күлдіргі әңгімелер ішінде алдымен аталатын Алдаркөсе мен Қожанасыр болуға керек еді. Бірақ біз олар жайындағы әңгімелерді жалпы ертегі түрін жіктеуде басқа түрге қосамыз. Олар әңгімесі аңыз-ертегілер қатарында айрықша тексеріледі. Себебі Алдардың аты қазақ фольклорында құр бір атсыз тазша деген сияқты жиынтық, жалпылама ат емес, ол Қорқыт, Асан, Жиренше сияқты нақтылы өмірбаяны, тарихтық орны, өзіне тән ерекше кейіп-кескіні бар, тұтас бітімді бір тұлға. Орта Азия мен қазақ ертегісінде Алдар әңгімелері сол бір ғана Алдар атына байланған алуаны бөлек, өзгеше бір топ әңгіме. Ол әңгіменің мазмұн түрінде жалпы күлдіргі ертегі әңгімелерден бөлек тағы бір ерекшелік – бұлар құр ғана күлдіргі емес, зор мағыналы қоғамдық сатира, таптық саяси бағыты арнаулы түрдегі әлеуметтік тартыстың тарихтық шындығын, болмысын ашатын әңгіме.

Орта Азия, жақын шығыс, қазақ фольклорында Қожанасыр да сол Алдар сияқты алуаны, тарихтық орны ерекше тұрған тұтас бейне. Сондықтан бұл екеуінің әңгімелерін сондайлық мазмұн мен түрдегі айрықша бітіміне қарап, мына жалпы күлдіргі ертегілер тобына қоспадық.

Бұлардан бөлек, жаңағы алғаш саналған күлдіргі ертектердің өзіне оралсақ, ең алдымен олар жайында байқалатын бір өзгешілік, бұл ертегілер көбінше қысқа келеді. Жалпы күлкі түрлердің көбіне ортақ бір сипат осы. Күлкі оқыстан туған, келте қайырылған тар жердің тәсілі, ұйқы-тұйқысы тәрізді болады. Оқиғалы тартысты күлкі болғанда ойда жоқ күлкі хал, көп қимыл әрекеттер тығыз келіп, бірінің үстіне бірі қат-қабаттап үйіле, жұмырлана түссе сонда күлкі әңгіме жетісе түсіп, күлкісі, қызығы үдей береді.

Сондай, мазмұнға сай құрылыс жағынан қарағанда «Тазшаның қырық ауыз өтірігі» анық күлдіргі ертегілердің ең шебер үлгісі деп атауға татиды. Мұнда күлкіге бейім біткен ерекше жайлардан тыс бір ауыз сөз жоқ. Өтірікшіге қыз бермек болған хан сертінің өзі бір әсірелеген, дағдыдан тыс хал. Содан басталған тазша өтірігі «Мен анамның құрсағында жатқанда, тумаған ту атамның жылқысын бақтым» деп кетеді. Мұндағы өтіріктің себебі ертегінің әдейілеп, нақтылап алған күлкілік мақсаты. Өзі ылғи ғана болмас, иланбас суреттерге құрылу керек. Және өтірік құр татымсыз сандырақ емес, өзінде аса қызық тапқырлық бар, мол қиял фантазия бар, өзі әдейілеген жасанды көркем шығарма болу шарт. Тазша соны түгел ақтап, адақтап шығады. Ең аяғында хан әдейі қиын тосқауыл жасап оқыс сұрақтар береді. Тазша өзге әңгімесін бұрын ойлап келді, енді бұның шын өнерлі өтірікші екенін сынау үшін осы арада тұтқиылда қысып көру керек. Сондықтан хан: «Бәйтерегің қысқа шығар» дегенде, тазша шұғыл сұраққа іле жауап беріп «Болса болар, түбінен таңертең ұшқан күйкентай басына кешке жетіп қонушы еді. «Күнің қысқа шығар дегенде: «болса болар, таңертең қашқан марал кешке бұзаулаушы еді» деп, тағы да сипаттап кетеді. Және осы оқыс сұрақтарға берген жауаптары, бұрыңғы айтып келе жатқан, бастан бергі өтіріктерінен өзгеріп, ауысып кетпейді. Дәл солардың үлгі, бітіміндей, үйлесімді боп бітеді. Тазша өтіріктің ақыны, емін-еркін, нажағай ойнап шығады.

Бұл күлдіргі әңгіменің бір ерекше қасиеті, өзі жан иесінің бәріне мәлім, бәріне ұғымды көріністерді, жанды-жансыз табиғат көріністерін алады. Солардың болмас, көнбес қиғаш суретін тыңдаушының көз алдына өз басының ісімен, қатынасымен байланыстыра айтқанда еріксіз өрескел, күлкі күйлер туады. Ұғымдылығы мен күлкілігі иен қазақ тіршілігінің ерекшелігінен ғана туған емес, әрі қазақы, әрі бар адам баласына түгел жетерлік мөлдір, айқындығында.

Күлдіргі әңгіме, тегінде анық шебер құрылса осындайлық көпке мәлім, көзге қанық жайдан алыну керек. Ол үшін күлкілік хал, барлық жұрт білетін көптің көз алдындағы табиғат ішінен алынатыны халық күлкісінің бір ерекшелігі де, даналығы.

Қазақтағы күлдіргі ертегінің осы алуандас бір мысалы «Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ». Онда да адам өрескел кескінде болғанмен, түсінікті табиғат көрінісімен байланыстыра алынған. Бұты шидей, басы қуық, қағанақтай, тамағы қылдай кісілер, әңгіменің басынан-ақ оқшау тұрпатымен көпке күлкі боп тұрады. Олардың өрескел кейпіне қарай ісі мен өлімі де күлкі, оқыс болады.

Әңгіме өте қысқа, сол қысқалығы да мазмұнынан туған соншалық түсінікті, заңды түр болады.

Кейде осындай өрескел, күлкі бейнелі адамды ертегі бірнешеу қып бірақ ертегіге кіргізеді. Бәрінің басын бір ара, бір уақиғаларға түйістіріп әрекет өткізеді. «Тоғыз тоқылдақ, бір шіңкілдек» соның үлгісі. Бәрі де аттарына заттары, мінез әрекеттері сай әр қимылдарынан күлкі күйлі құбылыстар туып отыратын, және өз пішіндері айқын, ұмытылмас жандар болады.

Атына затын сай етіп келтіретін күлдіргі ертегінің бір тарауы қайшы халге, контрастқа құрылады. «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Шал Сияз» сияқты ертегілерде шалдың қарттық себебіндегі әлсіздігі алынса, сонымен қатар тапқыр айлакес қулығы алынады. Әрі әлсіз, әрі өзі ақылды, сол ақылдылығымен мықты болған қайшылық күйі, бұл алуандас әңгімені де өткір күлкі етіп шығарады.

Фольклор көлеміндегі күлкінің бітіміне, тегіне қарасақ, жоғарыда тексерілген ерсілік, әдейілеген әсерлік күлкісімен қатер, осындай қайшы хал, контраст күлкісі де көп кездеседі. Жалғыз қазақ емес, барлық елдің қызық күлкісінің көбі тек фольклорда ғана емес, тіпті көркем әдебиетте де осындай қиғаш, қайшы жайдан туады. Негізі халық күлкісінен, халықтар фольклорынан туып тараған, сыналған, қалыптанған әдіс.

Қаңбақтай қураған шалға алып дәумен шайқасуға тура келеді. Қаңбақтай шал дәуден күш асырған боп, жердің ішегін теуіп шығарады. Түлкіні алдайды. Үш дәу бірігіп кеп алыспақ болғанда жоғарғы дәудің басын ас, төменгі дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас, деп айламен үркітіп, қу бопсамен алады. Қаңбақ шал қысылған шағында айла мен өтірікті құрал етеді. Еппен құрал етеді. Бұндайлық өтірікке құрылған әңгіменің сөз кестесі де соған бейім, сай келеді.

Ертегі басталғанда «бар екен де, жоқ екен» деп, ертек ертек, ерте екен» деп, өзгеше жайды айтатынын сездіре келеді. «Шал Сияз», «Байбай шал» әңгімелері де осындай қайшы халдарға құрылған.

Күлдіргі ертегілердің ендігі бір алуаны «Ұр тоқпақ» сияқты, жансыз елеусіз заттардың ойда жоқ, қырғын қызық, өрескел әрекетіне құрылады. Бұған «Піс қазан», «Бас ноқат, шырт ноқат» деген сияқты ойда жоқ, оқыс күлкі туғызатын заттар халдері мен істері де қосымша мысал болады. Күлдіргі ертегінің бұл түрінде адам ықтияры, ақыл қайраты көп іс өндірмейді. Адам не күлкі, не күшті күйге ауысса жаңағы тілсіз заттарға ертегі бітірген ерекше қуат, сыр арқылы ауысады. Сол заттар істейтін оқыс, істер болмаса бұл ертегілердегі жеке адамның, үй-ішінің, қоғамның тірлігінен әңгімеленетін хал-жайдың бәрі салттағы, күнделікті шындық, болмыстың өзінен алынған болады.

Қазақ ертегісінде көп күлдіргі әңгіменің ортасында жүретін, әдейі айлалы, ақылды тапқыр етіп кейіптелетін бір жан, тазша болады. «Айлалы тазша», «Қу тазша» тағы әлденеше тазша боп әңгімеленетін күлдіргі ертегілер де жай күлкіден басқа мағына мүдде де мол болады.

Тазшаның сол «тазша» дегеннен басқа аты жоқ. Өзі кедей, жалғыз, бұған ешкімнің жәрдемі, жақсылығы болыспайды. Бірақ нелер қиын халден, қысталаңнан аман шығып жүреді. Өз ақылы, қайраты, тынымсыз қарекеті, тапқыр сезгіштігі арқылы аман шығады.

Және бір айқын сыры – тазша ылғи ғана ханмен, патшамен, уәзір, жендетпен тартыста жүреді.

Солардың бәрін ақыл айламен, алдауымен жеңіп отырады. Бұлармен тартыс жөнінде өтірік айтса, теріс істесе, қулығын жалғанға жұмсаса айып емес. Өйткені ол ортаға сондай әрекет істемесе болмайды дегендей боп, халық әңгімесі тазшаға ойдағысын істетеді. «Айлалы тазшаның» ханнан қысылып байды алдап, жасауылды алдауы, оларды өзі құтқарып алғаны, ханға болысатын бақсы кәпірді өлтіріп, оның жаласынан және құлан таза құтылып, ақыры мақтан алуы, сол айланы өзі алдампаз ортаға қарсы құрал етіп жұмсағанын көрсетеді.

Кейде тазша қулығымен мысқыл еткенде ұрыдан ұрлық, аярдан аярлық асырып түбінде барып, тағы екі ханды алдап масқара етеді. «Қу тазша» әңгімесі осы түрде айтылып келіп, салт ертегісінің қатарында тексерілген «Көзбояушы» ұрының ертегісіне ұқсайтыны да бар.

Жалпы тазша әңгімелерінде тапқырлық, мысқыл, ажуа бар болса да, және сол айла тәсілді халық сүймейтін қанаушы ортаға қарсы жұмсаса да, кейде тазшаның өзі халыққа да ерсі, теріс көрінетін бұзақы қылмыс істеп жіберетіні де болады. Бұл осы алуандас халық әңгімесіне, үстем топтың, жат ортаның қосқан жамауы болуға тиіс.