Көне түркілердің діни наным-сенімдері | туралы қазақша

0

Діндердің әралуандылығының себептері. Түркілер тауармен бірге діни наным-сенімдерді әкелген керуен жолдарымен тығыз байланыста болды. Түркі дәуірінде Орталық Азия аумағында әлемдік діндер қатар өмір сүріп, бір-біріне ықпал етті. Бұл аталған аймақтың өзіндік мәдени орталыққа айналуына мүмкіндік жасады.

VІ-ІХ ғасырларда құрылған барлық түркі мемлекеттері түрлі діндерді таратудың кеңістігіне айналды. Оған мыналар куә бола алады: 1) жазба ескерткіштер мен құжаттар (түркі, грек, соғды т.б.); 2) діни белгілері бар материалдық мәдениет заттары (құлпытастар, теңгелер, қыш бұйымдар); 3) сәулет өнерінің ғимараттары (ғибадатханалар, қорымдар); 4) діни мазмұндағы фольклорлық материалдар.

Тәңіршілдік. Түркі дәуірін зерттеушілер түркілердің жаңа дінді қабылдай отырып, дәстүрлі наным-сенімінің көп бөлігін сақтағанын атап өтеді. Түркілердің наным-сенімі тәңіршілдік болатын. Дін тарихын зерттеуші француз ғалымы Жан Поль Рудың пікірінше, көне түркілердің арғы ата-бабалары Көк тәңіріне табынған. Қытай тарихшылары Тәңірге табынудың пайда болуын б.з.б. III ғасырға жатқызады.

Түркілердің түсінігі бойынша әлемді жаратқан және барлық дүниенің тағдырына иелік ететін Көк тәңірі.

Түркілерде Тәңірмен бірге отбасы және балалардың қамқоршысы Ұмай ана саналды. Тәңірі және Жер-Сумен бірге түркілер сиынатын құдайларының қатарына Ұмай ана да енді. Бұл Тоныкөк құрметіне қойылған ескерткіштен анық байқалады. Онда сәтті жорықтардың бірін сипаттаған кезде: «Көк тәңірі, Ұмай Ана, қасиетті Жер-Су, міне, осылар бізге жеңіс сыйлады!» — деп жазылған.

Тәңіршілдікте ата-баба рухына (аруаққа) табынуға зор мән берілді. Қазақтарда аруаққа табыну әлі күнге дейін маңызын сақтап келеді. Оның терең философиялық және рухани-адамгершілік мәні бар. Осы ғұрып арқылы жас ұрпақ ата-бабаны құрмет тұту, өз халқының тарихын сыйлай білуге тәрбиеленеді.

Қорқыт ата түркілерде халықты Тәңірмен жалғастырушы болып есептелді. Түркілер Қорқыт атаның ауруды емдеп, бақытсыздықтан сақтайтындығына, балаларды түрлі сырқаттардан қорғайтындығына сенді. Қорқыт атаның айтуынша, адам үшін ең жағымсыз қасиет — адамгершіліктің жоғалуы.

Неміс ғалымы Г. Дерфердің пікірінше, тәңіршілдік — адамзаттың бір құдайға табынушылық діндерінің бірі. Тәңіршілдік басқа әлемдік діндерге әсерін тигізіп, оларды жетілдірді. Қыпшақ тайпалары Тәңірге табыну дәстүрін ұзақ уақыт сақтап келді.

Буддизм. Соғдылар Орталық Азияның біраз елдерінде будда ілімін таратты. Будда ілімі осы аумақта қоныстанған халықтардың материалдық және рухани мәдениетін байытты. ІІ-VІII ғасырдың басында Жетісу мен Орта Азияда жүзге жуық монастырь жұмыс істеп, мыңдаған монахтар болған. Будда ілімінің бұл аймақта тарағаны жөнінде осы өңірден табылған қолжазбалар куә бола алады. Түркілер бұл діннің негізгі қағидаларын аударған. Будда мәтіндерінде жергілікті түркі дүниетанымының әсері байқалады.

Манихейлік және зороастризм. Түркілер арасында манихейлік дін де тарады. Бұл діннің негізі III ғасырдың соңында ежелгі Иран жерінде қаланды. Алайда манихейлік дін бейнелеу өнері мен музыканы дамытуда үлкен рөл атқарды. Олардың ғұрыптарында бұл өнер түрлеріне үлкен мән берілді. Манихейлік кейін барлық жерде жойылғанымен, бұл ілім бірқатар халықтардың діни және мәдени өміріне айтарлықтай ықпал етті.

Ортағасырлық Қазақстан қалаларының тұрғындары арасында зороастризм дінінің өкілдері де кездесті. Бұған олардың Тараздағы қабірі дәлел бола алады. Зороастризм діні б.з.б. VII-VI ғасырларда ежелгі Иран аумағында пайда болды. Ескерткіштері Сырдария қалалары мен Жетісу өңірінен табылды. Археологтер зороастризмнің жерлеу рәсімдеріне арналған қыш жәшіктер мен ғибадатхана мұнараларының қалдықтарын тапқан.

Христиан діні. V ғасырдың ортасында христиан шіркеуінен несториан ілімі жеке бөлінді. Бұл бағыт патриарх Несторийдің есімімен аталды. Несториандықтар шіркеудің байлығы мен діни ғұрыптарды мойындамады, өйткені Иса қарапайымдылыққа шақырған болатын. Олар кресті де қабылдамай, тостағанды (грааль) қасиетті санады. Византиядан қуылғаннан кейін несториандықтар Арабия, Сирия және Иранда орнығып, өз ықпалын жүргізді. Осы жерден несториан ілімін бүкіл Орталық Азияға тарату жүзеге асырылды.

VII-VIII ғасырларға қарай Тараз, Мерке қалаларында христиан діни орындары салынды. Несториандық христиан ілімі көшпелілердің өмір сүру салтына сәйкес келді. Мәселен, несториан тақуалығы (аскетизм). Түркілер қоғамындағы дінге еріктілік, діндердің қандай бір бәсекелестігіне жол берілмеді. Будда, манихей, несториан діндері түркі ортасына енгенімен, бұл діндердің ешқайсысы түркі мәдениетінде жетекші рөл атқармады және тәңіршілдікті ығыстыра алған жоқ.

#Көне #түркілердің #діни #нанымсенімдері