Англия мен Ресейдегі абсолютизм | туралы қазақша

0
889

Англияда абсолютизмнің қалыптасуы. Англияда 1343 жылдан бастап Парламент екі палатадан тұратын болды. Жоғарғы палата — лордтар палатасы деп аталып архиепископтардан, епископтардан, ірі барондардан құрылды. Төменгі палата — қауымдар палатасы аталды. Оған рыцарьлар мен қала өкілдері қатынасты. Кейін XIV ғасырда Парламент заңдар шығарып отыру құқына да ие болды. Ол орталықтанған мемлекеттің жетістігін бейнелейтін басқару ұйымына айналды. Парламент феодалдық мемлекеттің одан әрі нығая түсуіне жағдай жасады.

Кейінгі орта ғасырларда Англияда капиталдың алғашқы қорлануы қызу қарқынмен жүрді. Оның негізін қауымдық жерлерді қоршап алу қалады. Ол жерлер жекеменшік қой жайылымдарына айналдырылды. Бұрын сыртқа қойдың жүні шығарылса, XVI ғасырға қарай шетелдерге шұға шығарылды.

Шұға тоқу ісінің өркендеуі мануфактураның дамуымен байланысты болды. Ол мата, жібек, тау-кен өндірісінде, металл өңдеуде кең өріс алды. Қоғамдық еңбек бөлінісі дамып, ұлттық нарық қалыптасты.

Капиталистік қатынастардың тез дамуына сыртқы сауданың өсе түсуі, отар басып алу арқылы да үлес қосылды. Теңіз саудасында үстемдікке жету үшін флот ұлғайды, Испаниямен соғыс жүргізілді. 1588 жылы Англия флоты Испанияның «Жеңілмейтін армадасын» талқандады. 1485 жылдан 1603 жылға дейін Англияны Тюдорлар әулетінен шыққан корольдер биледі. Олардың кезінде король билігі күшейіп, тежеусіз сипатқа ие болды. VIII Генрих 1534 жылы Англияның шіркеуін Римге бағынудан азат етті. Шіркеудің басшысы король деп жарияланды. VIII Генрих алым-салық жинайтын арнаулы палата құрды.

1553-1558 жылдары VIII Генрихтің қызы Мария Тюдор билік құрды. Реформация қайраткерін қуғынға салғаны үшін оған жұрт «Қанішер» деген жанама ат берді. Мариядан кейін таққа VIII Генрихтің екінші қызы I Елизавета (1558-1603) отырды. Оның тұсында ағылшын абсолютизмі ерекше нығайды. Шіркеу ұлттық деп танылып, абсолютизмнің басты тірегіне айналды. 1607 жылы Англияның мемлекеттік гимні қабылданып, алғаш рет орындалды.

Ағылшын абсолютизмінің ерекшелігі жергілікті билік орындарында ұсақ дворяндар мен қала буржуазиясы өкілдерінің қызмет етуі еді. Олар қоғамды реформалауға мүдделі болды. Мемлекет аралда орналасқандықтан король парламентпен бірлесе отырып, күшті теңіз флотын құрды. Бұл ағылшын абсолютизмінің өзіндік белгісі саналды.

Тюдорлар саяси жағынан бүкіл елді өзінің қол астына біріктірді. Тюдорлардың тұсында ағылшындардың отарлық басқыншылығы күшейді. 1607 жылы Виргинияда (Солтүстік Америка) ағылшын отарының негізі қаланды.

Тюдорлар әулетінің табысты жүргізген ішкі және сыртқы саясаттары XVII ғасырдың басында Англияның экономикалық дамуы жағынан Еуропадағы ең алдыңғы қатарға шығуын қамтамасыз етті. 1603 жылы I Елизавета қайтыс болғаннан кейін таққа Стюарттар әулеті отырды. I Яков пен I Карл билік құрған тұста абсолютизм дағдарысқа ұшырады. Феодалдық қатынас ыдырап, елде ірі кәсіпорындар пайда бола бастады. Кедейленген шаруалар бірте-бірте жалдамалы жұмысшыларға айналды. Буржуазиялық революцияның экономикалық, саяси және идеологиялық алғышарттары қалыптасты.

Мәскеу князьдігінің күшеюі. XIV ғасырдың басынан бастап ежелгі орыс жерінің шет аймақтары әлсіреп, орталығы — Мәскеу, Тверь князьдіктерінің орманды және өзендермен қоршалған жері жау шапқыншылығына аз ұшырады.

Орталықта, қолайлы жерге орналасқан Мәскеу князьдігінде шаруашылық, сауда тез дамып, халқы да көбейе берді. Шет аймақтағы орыс жерінен қашқандар осында келіп паналады. Мәскеу князьдігі орыс халқын біріктіріп, монғол-татар езгісінен азат ету жолында шешуші күрес бастады.

Александр Невскийдің баласы Даниил Коломнаны, Смоленск жері мен Можайск князьдігін Мәскеу князьдігіне қосып алды. Мәскеу князьдігінің жері екі есеге ұлғайды.

Мәскеу князі Иван Калита ұлы князь атағын алады. Жиналған салықтан Мәскеу жерін күшейту үшін Иван Калита өзіне көп бөлігін қалдырып отырған, сондықтан оны халық «Қалталы Иван» деп атаған. Мәскеу князьдігінің күшеюі орыс жерінің бірігуіне, Алтын Орда өктемдігінен құтылуға қолайлы алғышарт қалыптастырды.

Ресейде орталықтанған мемлекеттің құрылуы. III Иван кезінде басталған орыс жерін біріктіру 1380 жылы орыстардың жеңісімен аяқталған Куликово шайқасынан кейін одан әрі жалғастырылды. III Василий Иванович князьдік еткен тұста орыс жерлерінің Мәскеу төңірегіне бірігуі жедел қарқынмен жүрді. 1485 жылы Мәскеу князьдігіне Тверь, Псков жері біріктірілді. Рязань жері қосылды, Еділ бойындағы мари, мордва, коми, карел халықтары бағындырылды. Ресей көпұлтты мемлекетке айналды.

Ұлы Василий князь өлгеннен кейін орыс мемлекетінде өкімет билігі үшін күрес күшейе түсті. Таққа сөз жүзінде үш жасар IV Иван (1533-1584) ие болды да, іс жүзінде мемлекетті оның шешесі Елена Глинская мен кеңесшілері басқарды. 1547 жылдан IV Иван орыс мемлекетінің патшасы атанды. Ол самодержавиені нығайту үшін жаңадан заңдар жинағын шығарды. Бұрынғы боярлар думасының орнына Зем соборын құрды. Боярлардың саяси билігі төмендетіліп, дворяндардың билігі күшейтілді.

Әскери реформа жүргізіліп, Ресейде тұрақты армия құрылды. Ел басқаруда приказдар жүйесі енгізіліп, Ресей бір орталықтан бағындырылған мемлекетке айналды. Абсолюттік монархия елді орыс дворяндарына сүйеніп басқарды. Зем жиналысы мен боярлар думасының беделі әлсіреп, абсолютті монархия шексіз билікке ұласты. Патша шіркеу билігін де өз қолына алды.

Опричнина. IV Иван кезінде халық наразылығымен қатар боярлардың қарсылығы күшейді. IV Иванды халық Грозный деп атады. Ол елде опричнина саясатын енгізді. Ол бойынша мемлекеттік жерлерге патшаны қолдаған сенімді адамдарды орналастырды да, патшаға қарсы шыққан боярлардың жерлері тартып алынып, олар шет аймақтарға көшірілді. Опричнинаны арнаулы, сенімді адамдардан тұратын әскер жүргізді. Опричнина «опричь» сөзінен шыққан — «басқа, айрықша» деген мағынаны білдіреді. Ауыспалы мағынасы — «жүгенсіз кеткен орда».

Халықты қорқыту үшін опричнина әскерлері қанжығаларына иттің басы мен сыпырғыш байлап жүрді. Бұл олардың патшаға иттің иесіне берілгендей берілгендігін, опасыздарды мемлекеттен сыпырып тастайтындығын білдірді. Опричнина әскерлері тек қана патшаға бағынды. IV Иван боярлар думасын таратып, боярларсыз жеке билік орнатып, қарсы шыққандарды жазалап отырды. Опричнина елде үрей туғызып, қатал жазалау саясатына айналды.

IV Иван опричнинаға қарсы шыққан Клин, Торжок, Тверь қалаларын тонап, адамдарды аяусыз жазалады. IV Иван мемлекет жерінің едәуір бөлігін опричнинаға, айрықша өз билігіне қарайтын етіп бөліп алды. IV Иванның қатал билігі кезінде шаруашылық құлдырап, елде тыныштық бұзылды. Патшаға қарсы халық наразылығы күшейді. 1572 жылы IV Иван опричнинаға тыйым салды. Елде тыныштық орнады.

#Англия #мен #Ресейдегі #абсолютизм