Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетіне жалпы шолу туралы қазақша

0

Революцияға үндеу, бостандықты насихаттау, жаңа өмір құруға белсене араласып, ескі салт-санаға балта шабу, қазақ әйелдерінің теңдігі, олардың қоғамдық істерге батыл араласуы, әлеуметтік тартыс — сол кездегі қазақ әдебиеті көтерген негізгі тақырыптар, идеялық мұраттар.

Қазір әлемге атағы жайылған, толысқан қазақ әдебиетінің идеялық мұраттары, көркемдік-эстетикалық нысаналары, негізгі жанрлық формалары, ұлттың ерекшеліктері мен халықтың тұтастығының басты сипаттары 20-жылдардаақ қалыптасқан болатын. Жазушыларды бір ортаға жинап, күшін біріктіріп, қоғамдық сана-сезімді күшейтуге әрекет еткен ҚазАПП-тың жұмысында (Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы) ойсыраған олқылықтар болды. «Ұйымға тек шаруадан шыққан авторлар ғана мүше бола алады» деген дөрекі социологиялық көзқарас, өнердің эстетикалық табиғатын ұмыту, жікшілдік аурулар зардабын тигізді. Талантты қаламгерлер жазықсыз жапа шекті, қудаланды, түрмелерге қамалды.

20-жылдардың екінші жартысында қазақ әдебиетіне жас, дарынды қаламгерлердің үлкен толқыны қосылып, өнер кадрлары өсе түсті. Әдебиеттің әр жанрында И.Байзақов, Ж.Сыздықов, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов және т.б. талантты жастар көрініп, сәтті туындылармен қуантты.

20-жылдардағы қазақ әдебиеті сан алуан тақырыптарды қамтумен қатар көркемдік-эстетикалық, жанрлық-стильдік ізденістерге барды. Алғашқы романдар, драмалар, трагедиялар, сын кітаптары жазылды. Поэзияда жаңа жанрлық формалар туды. Әділет нормалары бұзыла бастаған осы тұста бірқыдыру қоғам қайраткерлері, талантты жазушылар жапа шеккенін, қудаланғанын айту керек. 1929 жылы басталған қуғын-сүргін А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Қ.Кемеңгеров, X. Досмұхамедов сынды жазушыларды абақтыға тықты. Әдеби, рухани дамуға орасан зор кесел келді.

Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин т.б. туған әдебиетті жаңа туындыларымен байытты. Әдебиеттің сол кездегі жас өкілдері Ж.Сыздықов, А.Тоқмағамбетов, Ө.Тұрманжанов, Т.Жароков, М.Дәулетбаев, Қ.Әбдіқадыров, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов сияқты ақын-жазушылар да өз үлестерін қосты. Осы кезеңде қазақ әдебиеті Д.Әбілев, Ә.Әбішев, Ғ.Сланов, С.Ерубаев, Қ.Аманжолов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Сатыбалдин, Қ.Бекхожин, М.Хакімжанова, А.Жұмағалиев, С.Омаров секілді жаңа есімдермен толыға түсті.

Қазақстан әдебиетшілері алғашқы құрылтайға дайындық жұмыстарын жүргізді. Қазақ өлеңінің үздік жүйрігі, ақын, прозаик, драматург І.Жансүгіров бастаған ұйымдастыру комитеті құрылды. «Қазақ әдебиетінің бүгінгі күні мен келешектегі міндеттерін» талқылаған бұл құрылтай 1934 жылғы маусым айының 12-18 аралығында өтті. Осы құрылтай қарсаңында алғашқы сандары шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газеті мен орыс тіліндегі «Литературный Казахстан» журналы республикамыздың мәдени және рухани өміріндегі елеулі құбылыс болды.

1934 жылғы тамыз айында Кеңес жазушыларының Бірінші құрылтайы өтті. Бұл құрылтайда С.Сейфуллин мен І.Жансүгіров жарыссөзге шығып, өздерін тебіренткен ойларын ортаға салды.

Қазақ әдебиеті жанрлық жағынан байып, көркемдік тұрғыда өсті. Тақырыптық жағынан сараланып, толыққанды бейне жасауда мол ізденіс танытқан, төңкеріске дейін өркен жая алмаған прозалық, драмалық жанрларда тәжірибе жинаңтала бастаған кезең де — осы шақ.

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңінде поэзия жанры жетекші қызмет атқарды. Төңкерістің рухын, идеялық бағытын, теңдік, бостандық ұранын халыққа бірінші жеткізген — қазақтың ұшқыр өлеңі еді. Мәселен, С.Сейфуллиннің асқақ пафосты, нысанасы айқын, көркемдігі кемел «Асығып тез аттандық», «Тергеген болсаң айтайын», «Кел, жігіттер» өлеңдері ұлттық поэзиядағы азаматтың, саяси лириканың алғашқы төстабаны болды.

Бұл жылдарда ұлы ақын М.Жұмабаевтың Қазанда және Ташкентте екі кітабы басылды. «Қорқыт», «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» поэмалары, әйгілі «Тоқсанның тобы» өлеңі жазылды. Бірақ, өкінішке қарай, өз мүмкіндігін толық аша алмай, қапаста қаза тапты.

20-жылдардағы қазақ поэзиясының жан-жақты дамуына айрықша үлес қосқан қаламгердің бірі — Б.Майлин. Ол бостандық, жаңа өмір, өзгерген салт-сана, қазақ әйелінің теңдігі, кедейлер өмірі, еңбекші ауыл тіршілігі тақырыптарына арналған көптеген туындылар берді. Ол туындыларында қазақ кедейінің эволюциялық өсу жолын, психологиялық өзгерістерін суреттей отырып, қара шаруаның типтік бейнесін жасады.

Әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, рухани-психологиялық эволюция көркем әдебиетке орасан зор ықпал жасап, жаңа кейіпкерлер, тың образдар, соны шығармалар тудырды. Алғашқы әдеби шығармаларда төңкерістік идея, жаңа салт-сана, күресті насихаттау, үгіт сарындары басым болса, 20-жылдардың екінші жартысына қарай күрескер адам тұлғасы сомдалып, материалдық байлық өндіруші образы жасала бастады. Еңбек ырғағы жырланды, өндіріс даму символы ретінде бейнеленді, ақын-жазушылар теміржолдарға, зауыт, фабрикаларға бет бұрды. Бірақ бұл арнада көркем шығарма тудыру қиын еді.

Поэма жанры өрістеп, лирикалық-публицистикалық формамен қатар, сюжетті туындылар жасалды. Эпикалық жанр саласында С.Сейфуллин «Советстан», «Көкшетау», «Аққудың айырылуы», Б.Майлин «Кемпірдің ертегісі», «Маржан», «Рәзия», І.Жансүгіров «Маңпал», «Кәмпеске», «Күй», С.Мұқанов «Сұлушаш», И.Байзақов «Құралай сұлу» поэмаларын жазды. Революциялық күрес, өткен дәуір шындығы, қазақ әйелінің тағдыры, бостандық үшін айқас, көңіл күйі, өнер мұраты — бұл туындыларда осындай сан алуан әуездер, сарындар, идеялар болды.

Халық поэзиясы да қаулап өсті. Күміс көмей, жезтаңдай, майталман ақындар Н.Байғанин, О.Шипин, К.Әзірбаев, Т.Көбдіков өмірді, теңдік, бостандық, еркіндікті мадақтаған құнарлы, тасқынды жырдың өзенін ағызды.

Осы тұста өмірге келген Сәкен мен Ілиястың жаңашыл жырлары, халық поэзиясының жыр алыбы Жамбылдың толғаулары дәуір дабылына үн қосқан шығармалар еді. Ауыз әдебиеті де кең мүмкіндік алып, халық поэзиясы жаңа мазмұнда дами түсті. Жамбыл бастаған халық поэзиясының көрнекті өкілдері Нүрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Иса Байзақов сияқты суырыпсалма ақындар өз өлеңдерінде халықтың қажырлы еңбегін, жаңаша өмірін шабытпен толғады. Бұл кезеңде Шәкәрім Қүдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн», «Дубровский» секілді әйгілі аудармалары басылды.

30-жылдардағы қазақ әдебиетіне көз салғанда, оның партиялық қысым, үкімет тепкісіне қарамастан, тақырып жағынан байып, қаһарман жасау тұрғысынан толыса бастады. Қазақ әдебиетінің ішкі жанрлық мүмкіншіліктері кеңейе түскен бұл түс еліміздегі жүзеге асқан қоғамдықэкономикалық өзгерістердің әсерінен туған дәуір еді.

Ауыл өмірін суреттейтін ңысңа өлеңдермен қатар бұл кезде күрделі поэмалар да туа бастады. Жаңарған өмірді, уақыт өзгерткен салт-сананы, мезгілге сай қалыптаса бастаған адам тұлғасын бейнелеуге арналған С.Мұқановтың «Колхозды ауыл осындай», А.Тоқмағамбетовтің «Күзетте», Ғ.Ормановтың «Шәуілдір» поэмалары жазылды.

С.Мұқановтың «Ақ аю», А.Тоқмағамбетовтің «Советтік маршрут», Т.Жароковтың «Күн тіл қатты», И.Байзақовтың «Он бір күн, он бір түн» атты поэмалары қаһарман ұл-қыздардың бейнесін жасауды мақсат еткен шығармалар болды. Ақындар жаңа тақырыпқа бара отырып, көркем образ жасауда ауыз әдебиетіндегі көркемдік үлгіні, халықтық тілді еркін пайдалана білді, керекті жеріне дәл тауып қолданды. Ғасырлар бойы дамып, байыған, ұрпақтанұрпаққа ауысып қалыптасқан көркемдік сипаты мол образды тіркестер, көне сөздер, кейіптеу, шендестірулерді өз қаһармандарының портретін беруде, іс-әрекетін бейнелеуде мол пайдаланып отырды.

Алғашқы жанрлық формалары XIX ғасырда туа бастаған қазақ прозасының жедел дамып, тез өсіп, кәсіби биік деңгейге көтерілген, тармақтала жайылған шағы — XX ғасыр. Рас, төңкеріс алдында ағартушылық-демократтың бағыт ұстаған жазушылар М.Дулатов, Т.Жомартбаев, С.Көбеев, С.Торайғыров қазақ прозасын қалыптастырудың алғашқы үлгілерін жасады.

Бүгінде дүниежүзі оқырмандарының қолына тиіп отырған күрделі көркем туындылары бар, биік даму дәрежесіне, кемел шағына жеткен танымдық, тәрбиелік, эстетикалық әсері күшті қазақ прозасының эволюциялық өсу жолында жиырмасыншы жылдарда туған, әртүрлі идеялық-көркемдік, жанрлық-стильдік ізденістердің жемісі саналатын алғашқы үлгілердің маңызы зор.

С.Сейфуллиннің «Айша», «Жер қазғандар» хикаяттары, «Тар жол, тайғақ кешу» романы; Б.Майлиннің «Раушан -коммунист» хикаяты, «Қадір түнгі керемет», «Шариғат бұйрығы», «Кедей теңдігі», «Айранбай», «Сексен сом», «Күлпаш», «Күлтай болыс» т.б. әңгімелері; Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» роман, хикаяттары, әңгімелері; М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі; М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Қаралы сұлу», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Қыр суреттері» әңгімелері, «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» хикаяттары жиырмасыншы жылдардағы қазақ прозасының даму қарқынын, саяси-әлеуметтік нысанасын, идеялық-көркемдік деңгейін танытатын қатардағы шығармалар емес, әдебиетіміздің алтын қорына қосылған ұлттық классика үлгілері.

Қазақ прозасының туу, қалыптасу дәуірінде шеберлік қырларымен, өзіндік стиль, мәнер, көркемдік үлгілерімен танылып, әдебиетке жаңа бояу, әсем нақыш, терең ой әкелген Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов болды.

Ескіні күйретіп, жаңаны тудырып жатқан қаһарлы да қызық уақыттың оқиғалары Б.Майлин қаламына қуат берді. Ол, әсіресе қазақ кедейлерінің қалт-құлт тірлігіне үңіліп, заман талабы, мезгіл шарты тудырған психологиялық құбылыстарды көре білді. Кешегі жоқшылық пен қорғансыздық есеңгіреткен, күңнің күйін кешкен әйелдің серпіліп, таптық күреске тартылып, мәнді іске араласа бастауын баяндап, дәуірдің әлеуметтік шындығын ашты. Бейімбет қазақ кедейлері мен әйелдерінің тұтас образдар галереясын жасады. Өмірі жоқшылықта өткен Айранбайлардың санасының ояну, психологиясының күрт өзгеру эволюциясы ғажап шеберлікпен ашылады.

Сюжет құру, композиция жасау, көркемдік сапа, тіл шеберлігі, бояу байлығы, идеялық тереңдігі жағынан классикалық әдебиеттер үлгісімен деңгейлес әңгімелер тудырған — М.Әуезов болды. Ол ескі қазақ аулындағы трагедиялық оқиғаларды, тұрмыс-тіршілікті, адам характерлерін реалистікпен суреттей отырып, орыс, Еуропа әдебиеттеріндегі жанрлық-стильдік, көркемдік дәстүрлерді қазақ прозасына жаңашылдықпен сіңіре білді.

Сонымен, 20-жылдары прозаның барлық негізгі жанрлық формалары қалыптасып, стильдік-көркемдік, идеялық-эстетикалық ізденістер өріс алды. Жанрдың әңгіме, повесть, роман үлгілері кәсіби дәрежеге көтеріліп, қоғамдық өмірдің сан алуан құбылыстарын бейнелеу талаптарын орындап, әлеуметтік сұранысты қанағаттандырды.

Отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетінде проза жанры айрықша өрістеп, кең арнаға түсе бастады. Сан жағынан да, сапа жағынан да бұған дейін болмаған дәрежеге жетіп, көркемдік түрғыдан дамыды. Тарихи тұлғаларды, революциялық дәуір бейнесін, бүгінгі заман шындығын көркем бейнелеп берген роман, хикаяттар, әңгімелер дүниеге келді. С.Сейфуллиннің «Жемістер», Б.Майлиннің «Он бес үй», С.Шәріповтің «Бекболат», Ж.Тілепбергеновтің «Таңбалылар», Ә.Әбішевтің «Зауал», С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» хикаяттары уақыт тынысын танытуда, образ жасауда шеберлік қырларының молая түскенін байқатты.

Отызыншы жылдар қазақ әдебиетінде әңгіме жанрының айрықша дамыған, кең қүлаш жайған кезеңі болды. Бұл саланы дамытуда Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов айрықша өнімді еңбек етіп, халық өмірінің әр саласын бейнелеуге, жаңа психологиялық қарым-қатынастарды көрсетуге арналған көптеген шығармалар берді. Б.Майлиннің «Қара шелек», «Ұлбосын», «Қызыл әскердің үйі», «Арыстанбайдың Мұқышы», Ғ.Мүсіреповтің «Талпақ танау», «Күсен» атты әңгімелері — заманның шындық көрінісін шеберлікпен бейнелеп берген, қазақ әңгімесіне классикалық әдебиеттер дәстүрлерін сіңіре білген ұлттық өнерді байытқан туындылар. 20-жылдардың өзінде-ақ проза мен драматургияда үздік туындылар беріп үлгерген М.Әуезов шығармашылығы жаңа белеске көтерілді.

1919 жылы ұлттық «Алаш» партиясының мүшелеріне Кеңес өкіметі тарапынан кешірім жасалып, олар халық үшін еңбек етуге азды-көпті мүмкіндік алды. Әдеби, ғылыми, педагогикалық, қоғамдық қызметтерде жемісті өнім бере бастағанда, 20-жылдар соңында жойқын репрессия басталып, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, М. Тынышбаев, Х.Досмұхамедов сияқты алыптар түрмеге қамалды, лагерьлерге жөнелтілді, сол жерде өлді. Ажал тырнағынан аман шыққан біренсаран азаматтар 1937 жылы қайта ұсталып, опат болды.

Отызыншы жылдардағы ел өміріндегі осындай зор трагедиялар қоғам дамуына, адам санасына, әдебиет, өнер, ғылым салаларының өрістеуіне кеселді ықпалын тигізді, теріс әсер етті. Бірақ қазақ әдебиеті қанша қуғын-сүргін көріп, оның небір алыптары лагерьлерде, түрмелерде азап шегіп, атылып-шабылса да, өнердің ұлы арнасы құрғап қалмай, ұлттың рухани өмір көші ілгері басты.

#Кеңестік #дәуірдегі #қазақ #әдебиетіне #жалпы #шолу