Инвестициялық жоба: инвестициялық жобаның түсініктері туралы қазақша
Инвестициялық жоба — ол қаражатты іске асыру және оларды инвестициялық нысанға: ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, құрылыс-құрастыру, сынау, іске қосу-реттеу, қабылдау-тапсыру, ұйымдастырушылық-құқықтық, жарнамалық-рәсімдеушілік және ақпараттық жұмыстар мен қызметтер түрінде айналдыру, ойға алған әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізу мақсатында іс жүзіне асыру бойынша техникалық-экономикалық шешімдер мен үйымдастырушылық-қаржылық іс-әрекеттердің жиынтығы. Инвестициялық жобалардың жаһандық әлемдік, мемлекетаралық, мемлекеттік, аймақтық және муниципалдық сипаты болуы мүмкін.
Нақты инвестициялық жобаны сипаттайтын келесідей төрт белгі бар:
- мақсатқа жетуге бағыттылық;
- өзара байланысты іс-әрекеттердің үйлесімді орындалуы;
- уақыт ішіндегі шектеулі ұзақтық;
- шынайылық (бірегейлік).
Инвестициялық жобаның өміршеңдік кезеңі төмендегі сатыларды қамтиды:
- жобаны тұжырымдау;
- жобаны талдау;
- жобаны әзірлеу;
- жобаны іске асыру;
- алынған нәтижелерді бағалау.
Жобаны тұжырымдау — ол кез келген инвестициялық жобаның неден басталатындығы.
Жобаның өмір сүру кезеңінің басында төмендегілер қаралады:
- инвестициялық ой (идея);
- іске асырылатын тәсіл (инновациялық, патенттік және басқадай);
- ұсынылып отырған техникалық-технологиялық шешімнің сертификация талаптарына сай болуы;
- инвестициялық ойдың федералдық, аймақтық, жергілікті мүдделермен және салалық басымдықтармен алдын ала келісілуі;
- жобаны жүзеге асыруға қабілетті реципиентті іріктеп таңдау. Жобалық талдау — жобалардың жетістіктері мен кемшіліктерін, ресурстардың макро- жэне микроэкономикалық салдарларын есепке ала отырып, оларды пайдаланудың балама жолдарын жан-жақты бағалау әдістемесі.
Техникалық талдау — нысанның орналасуы мүмкін болжамды орны мен ауқымын, пайдаланылатын технологиялық үдерістер тұрпаттарын, материалдарды, құрал-саймандар мен жабдықтарды; жұмыстар кестесін, капитал мен жұмыс күшінің бар болуын, қажетті инфрақұрылымды, инвестициялық жобаны іске асырудың әдістерін, пайдаланылуын және көрсететін қызметтерін зерттеу.
Экономикалық талдау — алынатын пайда мен шығарылған шығындар, яғни ұлттық, аймақтық және жергілікті мүдделерге қатысты оның тиімділігі тұрғысынан алғанда, инвестициялық жобаның құндылықтарын анықтау.
Ұйымдастырушылық талдау — әкімшілік қызметкерлердің инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі барлық міндеттерді табысты шешуге құзыреттілігі мен қабілетін анықтау.
Әлеуметтік талдау — инвестициялық жобаның қоғамдық қатынастардың өзгерісіне, әлеуметтік саланың дамуына, психологиялық ахуалға және адамдардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне ықпал етуін анықтау.
Қаржылық талдау — инвестициялық жобаны белгіленген мерзімдерде жүзеге асыру үшін, инвестициялық ресурстардың жеткіліктілігін негіздеу, пайдалар мен шығындардың қорытындысында алынатын кірістер мен шығыстардың шамамен алынған теңгерімін дайындау.
Экологиялық талдау — болып тұратын табиғат жағдайларын және инвестициялық жобаның қоршаған ортаға элеуетті әсерін қарау, болуы мүмкін әртүрлі экологиялық зардаптарды болжау.
Осындай жан-жақты және егжей-тегжейлі талдау ғана қаралып жатқан жобаны тұтастай шынайы бағалау үшін алғышарттар тудырады.
Жобаны әзірлеу — ғылыми-зерттеу әзірлемелерін және конструкторлық-технологиялық жұмыстардың іске асырылуы, қажетті құжаттама мен тендерлік сауда-саттық дайындау, әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізу, өнім әзірлеушілер мен берушілерді анықтау.
Қазіргі заманғы инвестициялық жобалар шығындар бойынша күрделі және сыйымды болып бара жатыр, ең бір жетілген технологияларды жасауға және игеруге, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтерді өндіруге бағытталушылығымен ерекшеленеді.
Инвестициялық жобаларды эзірлеу барысында әрекет етуші факторларды есепке алуға, жобаның нақты негіздемесін құруға мүмкіндік беретін бірқатар ережелерді басшылыққа алу қажет. Оларға төмендегілер жатқызылады:
1) өнімнің, ресурстардың және ақшалай қаражаттың ағындарын міндетті түрде модельдеу;
2) нарыққа жасалған талдаудың нәтижелерін, мердігердің (қосалқы мердігердің) қаржылық жай-күйін, жоба басшыларына сенім арту дәрежесін есепке алу;
3) алда тұрған шығыстар мен кірістерді олардың экономикалық құндылығының бастапқы кезеңдегі мөлшерлестігі жағдайларына келтіру;
4) инфляцияны, төлемдердің болуы мүмкін кешіктірілулерін және салынатын қаражат құны өзгеруінің басқа да факторларын бағалау;
5) жобаның іске асырылуына байланысты I айқынсыздық пен тәуекелдіктерді анықтау.
Жобаны іске асыру — жобалық-іздену, құрылыс-құрастыру және реттеу жұмыстарын орындау, қызметкерлерді оқыту, шикізат пен материалдар, жинақтаушы бұйымдар мен энергия көздерін беруге келісімшарттар жасасу, тәжіриелік үлгі өндіру, тәжірибе үшін өнімдерді топтап және сериялы шығару, бұйымдарды сынақтан өткізу, инвестицияланатын жобаны пайдалану және оның мониторингі.
Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.
#Инвестициялық #жоба #инвестициялық #жобаның #түсініктері
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз