ХІ ғасырдағы педагогикалық ой пікірлер

0

Кез-келген тұлға міндеті – еліне, халқына адал қызмет ету. Адалдықтың негізінде адамгершілік, адами құндылық қасиеттер жатыр. Міне осындай рухани бай қасиеттерге ие азаматтар тәрбиелеуде ойшыл, ғұлама ғалым бабалар мұрасының тәрбиелік құндылығына баға жетпейді.

Еліміздегі «Мәдени мұра» бағдарламасының да негізі алға қойып отырған мақсаты осы. Яғни, төл тарихымызды    зерделеп,    зерттеп, ондағы асыл қазыналарымызды қазіргі қоғам өмірінде, жастарға өнегелі тәрбие беруде шеберлікпен қолдану. Барынша дамыған елу елдің қатарына қосылу әрекетіміздің мәні өзімізді өзімізге және оны барша жұртқа таныту болуы тиіс. Ал мұндай істе ХІ ғасырда өткен бабаларымыздың өнегесі бізге үлгі болары сөзсіз.

ХІ ғасырда өмір сүрген ғұламаларымыз Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Омар Хаям, Қайқауыс, Имам  Ғазали  және  басқа  кемеңгер ойшылдарымыздың баға жетпес мол қазынасы қиын қыстау жолдардан өтіп, сараланып бізге жеткен мұра. ХІ ғасырдағы түркі тілдес халықтардың мәдени дамуындағы өзіндік ерекшеліктерін әр салада Б.Кенжебаев, Ә.Дербісалиев, С.Пірәлиев, Х.Айдаров, М.Мырзахметов, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Б.Иманбекова  және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты талданған. Зерттеушілір ғұламалар өмір сүрген заманның мәдениеті мен тұрмыс тіршілігін зерделеп қана қоймай, олардың мұраларының тәрбиелік мәніне де баса назар аударған.

Сол кездегі  ойшылдарымыздың  бірі «Құдатғу білік» шығармасының авторы Жүсіп Баласағұн мұрасы дидактикалық құндылығымен ерекшеленеді. Бұл еңбегін ойшыл 1069 жылы қызмет бабымен Қашқар қаласына ауысқанда жазды. Шығарманы Қарахандар сарайында жоғары бағалап, Баласағұнға «бас сарай министрі» атағын береді. Күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпаған еңбек туралы профессор Қ.Б.Жарықбаев: «Бұл – дидактикалық және этникалық жанрда жазылған шығарма. Жазылу стилі жағынан ол араб- парсы поэзиясымен,  әсіресе  Фирдоусидің  атақты «Шахнамесімен»  үндес.  Мұндағы «Құдатғу» сөзі «құт», «бақыт», «құтты» деген    мағынаны  білдіреді. Олай болса, «Құдатғу  білікті»  қазақша  «Құтты  білік»,«білім құттайтушы» немесе «бақытқа жету ғылымы» деуге болады», -деп талдай отырып, еңбектің мазмұнын, тәлімдік мәнін аша түседі.

Еңбекті зерделеу барысында оның өскелең ұрпақтың адами-құндылық қасиеттерін, мінез-құлқын қалыптастыруда аса таптырмас өнегелі шығарма екендігіне көз жеткіздік. Мәселен, Ж.Баласағұн адам өмірінде қарым- қатынастың рөлін анықтай отырып, кез-келген ортада жайлы мінездің бағаланатынын ескертеді. Сондай-ақ, ғұлама: «Қайда жүрсең де ерлікпен қатар ақкөңілділік те керек»- деп қайсарлықтың сыпайылықпен қатар жүруі заңды құбылыс екенін түсіндіреді.

Ойшыл бабамыздың:

«Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат,  Ұлық болсаң, кішік бол»- деген нақылы мансап жоғарылап, бедел артқан сайын соғұрлым сабырлы, кішіпейіл болу қажеттігін ұғындырады. Сондай-ақ шығарма мазмұнынан қара басының қамын ойлаған кейбір дүниеқор, мансапқорлармен рухани күрестің сол заманның да өзекті мәселелерінің бірі болғаны аңғарылады.

Сондай-ақ дидактикалық дастанда еңбекқор, еңбекке құштар адам, оның жемісін көріп, әр уақытын тиімді жұмсай алатындығы насихатталады. Ал бабамыздың «Тірлік еткенмен бірлік құрып, үлкенге, елге қымсынбай қызмет ете білген адам бақытқа жетеді»- деген жолдары еліне  еңбек сіңірудің нағыз бақыт екендігін айтты.

Шежіреші ғалымның бәйіттерінің әрқайсысында тұнық ой, зор тәлім тәрбие жатыр. Мәселен, оның 1486 бәйтіндегі:

«Ата-анаңның қабылдап қасиетін,

Ардақтай біл атқарып өсиетін» -деген ойлары Құран Кәрімдегі: «Жұмақ анаңның табанының астында» деген түсінікті аша түскен деп білеміз.

Дастанда ел басқарған патшаның мінез- құлқы,  ақыл   парасаты мен жауапкершілігінің қандай болуы керектігі кеңінен баяндалған. Оның «Ел жұртты басқарған адамның ақыл парасаты ұшан теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, өнер мен білімге жетік, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын болуы шарт»-деген ойлары ежелгі Анарыс данышпанның билеуші туралы пікірлерімен үндеседі.

Сараңдықтан безуді, әділеттілік, меймандостық, кеңпейілділікті дәріптеген Жүсіп Баласағұн бабамыздың ұлтжанды, елжанжы азаматты тәрбиелеуді армандағаны аңғарылады.

Белгілі ғалым Н.Келімбетов:  «Құтты білік» дастаны мемлекетті басқару әдістерін, адамгершілік нұсқаларын, қоғамдық саяси мәні бар түрлі ережелер мен заңдарды, әдет ғұрыптар  нормасын   қамтыған, энциклопедиялық дәрежеде  жазылған көркем туынды»,- деп бағалайды. Шығарма тарих, мәдениеттану секілді ғылымдарында ғана емес, педагогика және психология саласында да аса құнды.

ХІ ғасырдың тарихшысы, этнографы, геогрофы ретінде танымал  Махмұд Қашғари өзінің «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты туындысымен белгілі. Оның еңбегін алғаш талдап   зерттеген  А.Н.Ысқақов, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов және тағы басқа ғалымдар. Ал кейінгі жылдардағы зерттеушілер қатарына  К.Даметов, Ғ.Есімов, Ә.Құрышжанов және тағы басқа ғалымдар.

Ал педагогикалық тұрғыда профессор Ә.Табылдиев зерттеген. Ол: «Түркітану тарихында ол тұңғыш тарихи салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихи диалектологиясының негізін салды»-деп оның құндылығын дәлелдейді.

Зерделеу барысында біз аталмыш шығарманы өзге туындылармен салыстыра отырып: «Диуани лұғат ат-түрк» мазмұны әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн идеяларымен үндес. Еңбекте Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әлеуметтік өмірі туралы деректер мол. Еңбектің негізгі арқауы адамгершілік пен еңбек тәрбиесі»,- деген қорытындыға келеміз, Қашғари кітабындағы мысал ретінде келтірілген батырлық, ерлік, күрес жолдары, дидактикалық сарындағы өлеңдер жас ұрпақты ерлікке, оқу білім  үйренуге, өнерге, әділеттілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Мысалы, ол:

«Үлкен кісі шақырса, ізетпен бар сонда бол,Қуаңшылық жылында, халық  қайда сонда бол»-деп елді бірлікке, елдікке шақырады. Халық күші бірлікте екенін аңғарта отырып, оны сол заманның өзекті мәселесі ретінде қозғайды.

Оның «Адамға дәулет пен даңқ дұшпан» деп түсіндіруі, халықтың «қанағат қарын тойғызар» деген пікірімен үндеседі.

Шығарманы зерттеуші ғалым К.Қалиева:

«Шығармада құнды тағылымдық материал мол. Ізгілік пен өнегелікті дәріптеп, зұлымдық пен әдепсіздікті айыптауда өз ойларын автор әңгімелер мен аңыздар, мақалдар мен мәтелдер, ғибрат сөздер мен нақылдар арқылы көркемдейді. Оларды мұғалімдер   мен   тәрбиешілер  оқу тәрбие жұмысында кеңінен қолдана алады», деп шығарманы бүгінгі күн қажеттілігіне жарату жолдарын көрсетеді. Сондай ақ бір құндылығы адамның жағымсыз мінез- құлқынан арылу жолдарын көрсетуінде деп білеміз. Және шығарма халықтың ұлттық тәлім тәрбиесінің арғы тегін көрсететін құнды дүние деп тұжырымдауға негіз бар. Баласағұн «көңіл толса, үйіңнің жарын жығар, білікті адам айтпай ақ жаныңды ұғар»-деп адамның көркем мінезін насихаттайды.

Көптеген зерттеушілер еңбегіне сүйене отырып Махмұд Қашқариға халық эпосын жазбаша түрік мәдениетінде алғашқы зерттеген ғұлама деген баға береміз.

«Қабуснама» – 1082- 1083 жылдар ішінде жазылған аса бағалы педагогикалық мәні бар туынды. Оның авторы – Қайқауыс. Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында мекендейтін Гилан ру тайпасының ұсақ феодал  отбасында дүниеге келеді. Шығарманы 63 жасында ұлы Гиланшахқа арнап жазған. Бұл оның өмірлік жеке тәжірибесі мен ақыл парасатын ұлына насихат етіп жазған еңбегі. Кітапты жазар алдында автор көптеген ғұламалар өмірі және шығармаларымен танысып, олардың ой-пікірін  теріп пайдалана білгені байқалады.

Еңбекті қазақ тіліне тәжімалаған Т.Айнабеков: «Қабустың немересі Қайқауыс өз заманының көп жағдайынан хабары бар зиялылардан еді, өз дәуірінің ілімділерінің қатарында болып, музыка және табиғаттану іліміне зор құштарлықпен көңіл аударды.  Ал, «Қабуснама» тәлім тәрбиелік мәні жағынан ХІ ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихында аса құнды  шығармалар қатарынан орын алды»,-деген пікір білдіреді. Бүгінде «Қабуснаманың» түрік,  ұйғыр, неміс, татар, француз, орыс тілдеріне аударылуы,   оның  өміршеңдігі құндылығында екендігін дәлелдейді.

Туынды адам өмірінің барлық саласын, яғни Алла Тағаланы тану, ата- ананы құрметтеу, шешендік  өнер,  қарттық, жігіттік, қонақ күту, махаббат, ұйқы, аманатты сақтау, жұлдыздар, ақындық, жомарттық, дәрігерлік, емдеу туралы бас аяғы  қырық  төрт  тараудан  тұрады. Ойшыл «не ексең, соны орасың» ұстанымын ескере отырып перзентінің алдында аталық міндетін орындау үшін бар рухани тәлімін бойына сіңіруді мақсат еткен. Ғұламаның бұл өнегесі бүгінгі ересектерімізге де үлгі боларлық деп есептейміз.

Көңілі пәк, таза жандар Алланың барлығын, бірлігін мойындау арқылы қараңғыланып, азғындамайтынын айта отырып, ол Алланы танып білуді нақты мысалдармен түсіндіреді. «Алла Тағаланың ұлы тұлғасын көзіммен көрдім деме, тек өз хал қадірімше көңілмен ойлап білдім дегін»,-деу арқылы Жаратушы сипатын білдіреді.

Ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесі тұрғысынан да айтар ақылын сараптай келіп: «біреудің дүниесін пайдаланамын деп әуреленбе. Сенен жағдайы жақсырақ адамды күндеме! Малсыздықтан жарлы болсаң да, ақылға бай болу үшін жаса. Аңдасаң ақыл деген бір қымбат нәрсе»-деп аса бағалы пайымдау жасайды.

Қайқауыстың  «тірлікте мәңгі өлмейтіндердің бірі кітап, оны құртып жіберетіндей құдыретті күш жоқ»,-деген пікірі терең ойға жетелейді.

Тәжік, парсы жұртының ойшылы, ғалым Омар Хайямның да еңбектері ХІ ғасыр еншісіне жатады. Оның елуге тарта математикалық еңбектері бар. 1859 жылы ағылшынның  ақыны  Эдвард  Фацджеральд «Омар Хайям рубаяттары» деп аталатын өлеңдер кітабын жарыққа  шығарды. Кітапқа әрқайсысы төр жолдан тұратын жүзге тарта өлеңнің парсы тілінен аудармасы енген.

Атап айтқанда, 1851 жылы неміс математигі Франц Вепке Парижде «Омар әл Хайямидің алгебрасы» деген еңбек жариялады. Ал Омар Хайям дүниежүзілік әдебиет және ғылым тарихындағы ұлы тұлғалардың біріне айналды.

Белгілі ғалым Омар Хайямның:

«Дүниенің бар түкпірін оймен шолдым, Сатурнның сырын да танып болдым, Сан тосқауыл, шешімдер шешілгенмен

О, ажал, жалғыз жұмбақ қалып қойдың»,-деген өлең жолдары туралы А.Көбесов:   «Мақтағанға  жоқ,  сөзге  сараң ұлы ойшылдың бұл сөздерінен асқақтық емес, ақиқат екендігі Омар Хайямның жан жақты шығармашылығымен таныс әрбір адамға белгілі»,-деді.

Ал тарихшы Табризи «Хайям үй орман құру, семья бақытын ешқашан ойлаған емес, одан ұрпақ қалған жоқ, оның ұрпағы рубаяттары, араб және парсы тілінде жазылған мәшһүр шығармалары»-деп оның ғылымға бар ғұмырын сарп еткендігін айтады.

Білімділік,  ақылдылық  жайында «Наурызнама» еңбегіндегі «Қалам және сөз туралы» тарауында: «Ілгері ғұламалар қаламды патшалық сәні, жүрек хабаршысы деп атаған. Қаламсыз сөз, денесіз жан тәріздес, ал олар қаламмен және денемен қосылса, онда мәңгі бақи сақталмақ … Сөз қадірін білетін, ал қалам өнерін меңгермеген кісі жарымжан адам секілді, өйткені қалам қасиеті үлкен қасиет, оған еш нәрсе тең келе алмайды …»-дей отырып білімнің, ғылымның дәрежесін дәл анықтай білген. Омар Хайям білімдінің мұратқа  жететіндігіне күмән келтірмегенін жан. Сонмен қатар ол:

«Тікен бар бізге гүлі бұйырмаса, Оты бар бізге нұры бұйырмаса. Крест пен қоңыраулы шіркеуі бар Мешіт пен бізге діні бұйырамаса»- деген өлең жолдары арқылы сол замандағы өзекті мәселені аңғартады. Ол молдалардың жалған уағызын сыни көзқараспен саралаған. Ол үшін ақиқат пен шындық ең жоғарғы құндылық болып табылады. Осы тұрғыда Розенфельд: «Оның рубайлары адамгершілік ұстанымдарға негізделген, ол әділетсіздікке қарсылық білдірді, қоршаған ортаға сын көзімен қарап, озық ойларын батыл айта білді»,-деп Омар Хайямның тегеурінді ақын екендігін аңғартады.

Жоғарыда аталған ғұламалар педагогикалық ойларын жастарды тәрбиелеуде оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану арқылы олардың туған жерге, кіндік кескен елге деген ұлтжандылық сезімін тәрбиелеп, бойына адами құндылық қасиеттерін сіңіруге болады. Осыған орай біз қазақ мектептерінің әртүрлі  сыныптарына арналған   тарих, әдебиет, қоғамтану, әдеп пәндерінің мазмаұнын аталмыш ғұламалар мұраларымен байыту қажеттілік деп санаймыз.

Мектепте оқылатын оқулықтарды талдау нәтижесі, онда орта ғасырда өмір сүрген ғұламалар мұраларының сирек және жүйесіз берілгенін байқатты. Ал бастауыш сынып оқулықтарында мүлдем кездеспейді. Аталған олқылықтарды он екі жылдық  білім беретін мектептерге арналып  жазылып жатқан оқулықтарда ескеру мүмкіндігі бар.

Бастауыш сынып оқушыларына олардың жасына лайық оңай, әрі түсінікті екі-үш  жол үзінділер берген орынды деп ойлаймыз. Атап айтқанда, Ж.Баласағұнның «Еңбек қылмас еріншек адам болмас» деген нақылы баланың есіне тайға таңба басқандай сақталып қалары сөзсіз. Ал М.Қашғаридың «Үлкен кісі шақырса, ізетпен бар» деген жолдарын санасына сіңіру қажет. Сонымен қатар, Ибн Сина мен Ө.Тілеуқабылұлының дене тәрбиесіне байланысты пікірлерін де келтіруге болады. Әсіресе Ибн Синаны ұйықтау, тамақтану тәртібі туралы өлеңдері осы жастағы балаларға лайық.

Орта сынып оқушылары білуге аса құштар, әрекетшіл, сабырсыз, көзқарастары әлі де қалыптаса қоймаған, бірақ қасиет, қабілеттері тәрбиеге бейімделгіш келеді. Сондықтан бұл жастағыларға білімге құштарлық, білімнің құндылы,ы, отан сүйгіштік,        адамгершілік туралы материалдар берілсе тәрбиелік  мүмкіндігі зор болары хақ.

Дала данышпандарының сұлулық, рухани өмір туралы айтқандары жоғары сынып оқушылары үшін құнды. Мұнда жеке  тұлғаға лайық қасиеттер ерекшеліктерімен санаса отырып, ХІ ғасырдағы ғұламалар мұрасын енгізу мәселесін ойлану қажет. Болашағымыз жарқын, қазақ ғылым өркендесін десек өскелең ұрпақ тәрбиесінде ежелгі ғұламалар ғибраттарын үйлестіре білейік.

 

Әдебиеттер

  1. Сүйінішалиев Х. Орта ғасырлардың әдебиет ескерткіші. Алматы, 55-бет.
  2. http://jusip-balasagun.narod.ru/
  3. Әбенбаев С. Оқушы жастарға эстетикалық тәрбие беруді жетілдіру. -А., 1992.
  4. Бержанов Қ. Тәрбие мен оқытудың бірлігі. -Алматы,
  5. Культурные контакты Казахстана: история и современность. – Алматы,

Автордың аты-жөні, тегі: А.Е. Жетпісова

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз