Француз ағартушылары — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Дүниежүзілік философия тарихында француз ағартушыларының орны ерекше. Бұл философиялық-саяси бағыттың негізін қалаған Вольтер мен Монтескье болды. Олардың еңбектері француз ағартушыларының екінші буынының қалыптасуына зор әсерін тигізді. Оларға Ламетри, Дидро, Кондильяк, Руссо, Гольбах сияқты ойшылдар жатады.

Француз ағартушылары философияның деңгейін өте биік дәрежеге көтерді. Адамзатты тебірендіретін барлық мәселелер философиялық зерде тұрғысынан шешілуі қажет, бұл — олардың негізгі қағидасы. Ой еріктігі бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілді: дін, табиғатты түсіну, қоғам, мемлекеттің құрылымы мен басқарылуы – бәрі де үзілді-кесілді сыннан өтті, бүкіл бұрынғы қалыптасқан көзқарастардың көпшілігі теріске шығарылып, Дүниеге деген жаңа таным қалыптаса бастады.

Француз ағартушыларының еңбектерінде табиғат және ондағы адамның орнына деген материалистік көзқарас қалыптаса бастады, әсіресе олардың әлеуметтік-саяси көзқарастары сол кездегі қоғамдағы ахуалға өзінің зор әсерін тигізді. Егер ағылшын ағартушыларының көбі король билігін жақтап, я болмаса аристократияны қолдаса, француз ойшылдары феодалдық тәртіпке үзілді-кесілді қарсы шығып, саяси-құқтық мәселелерді күн тәртібіне ашық та айқын қоя білді.

 

Монтескьенің философиялық көзқарастары

Шарль Луи де Монтескье (1689-1775 жж.) француз ақсүйектерінің семьясында дүниеге келеді. Сол кездегі беделді оқу орындарында оқып, білім алады.

Негізгі еңбектері: «Персиялық хаттар», «Заңдардың рухы жөнінде», «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауының себептері».

Өзінің ең алғашқы «Персиялық хаттар» атты еңбегінде Монтескье монархиялық тәртіпті, ақсүйектердің дүние шашуын, діни қызметкерлердің екіжүзділігін айыптап, сынға алады, оларды Шығыстағы «Азиаттық деспотиямен» салыстырады.

Әсіресе ол христиан дінін қатты сынайды. Христиан діні сүйіспеншілік діні болуға тырысқанымен, өзінің тарихында талай-талай қақтығыс пен соғыстарды әкелді. Христиандарда ақылға сыймайтын мәселелер көп: оларға үш бірмен тең, жеп отырған нандары — нан емес, ішкен шараптары — шарап емес т.с.с. Бірақ ол христиан дінін сынағанмен, Құдай идеясын толығынан теріске шығарған жоқ. Ол бұл мәселе бойынша деистік көзқараста болды. Құдай өзінің құдіретті күшінің негізінде табиғатты және оның заңдылықтарын тудырды, ал содан кейін Ол табиғаттың әрі қарай өмір сүруіне килікпейді. Екіншіден, ол дінге гуманистік-өмірлік бағыт бергісі келді. Мысалы, оның ойынша, егер Құдай дінді адамдарға ізгілік үшін берсе, онда адамдардың осы Дүниедегі бақытқа ұмтылуы күнә емес. Егер Құдай адамдарды сүйсе, онда адамдар да бір-бірін сүюі керек, бір-біріне бақытқа жету жолында көмектесуі қажет.

Монтескье өз заманының күрделі мәселелерін терең түсіну үшін адамзат тарихына үңіліп, «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауы жөнінде» деген еңбегін жазады. Мұнда оның тарих философиясын байқаймыз. Ол тарихты діни жолмен түсіну (христиандық провиденциализм), я болмаса оны нешетүрлі кездейсоқтық уақиғалардың жиынтығы ретінде қараудан бас тартады. Оның ойынша, «әрбір мемлекеттің өрлеуі мен құлдырауының, күшеюі мен әлсіреуінің жалпы рухани және физикалық себептері бар».

Көне замандағы Римдіктердің өрлеп, күшеюін Монтескье азаматтық құндылықтардан, адамдардың өздерінің жеке мүдделерінен гөрі қоғамның жалпы мүддесін жоғары қойып, соны жан-тәнін салып қорғауға тырысқанынан көреді. Ал мұндай патриоттық, азаматтық құндылықтардың өзі саяси бостандықтың, республикалык басқару жүйесінің болуымен байланысты.

Монтескьенің «Заңдардың рухы жөнінде» деген еңбегінде ойшылдың әлеуметтік-философиялық көзқарастарын байқаймыз. Қоғамның өмір сүруі мен дамуын Монтескье заңдардың сапалы-ғымен байланыстырады. Егер белгілі бір қоғамның ерекшелігін түсінгіңіз келсе, онда сол елдегі қабылданған заңдарды зерттеңіз. Қоғам жөніндегі мұндай түсінікті жүре келе ғалымдар «заңдық көзқарас» деп атап кетті.

Монтескье қоғамдағы заңдарды екіге бөледі. Біріншіден, ол -«табиғи заңдар», олар адамның биологиялық табиғатынан шығады. Екіншіден, әлеуметтік заңдар.

Табиғи заңдардың негізгісі — өмір сүру, ол үшін азық табу керек. Егер Т.Гоббс ол үшін адамдар тартысқа түсіп, «бәрі бәріне қарсы соғысады деген болса, Монтескье, керісінше, жалғыз адам әлсіз болғандықтан басқалардан көмек іздейді, басқалармен бейбіт өмір сүруге тырысады деген пікірге келеді. Сонымен біз Монтескьенің адам алғашқы сатысынан бастап, әлеуметтік пенде болды деген ойда болғанын көреміз.

Қоғам өміріндегі қайшылықтардың пайда болуының негізінде адамның басқалардың есебінен пайда табу ұмтылысы жатыр. Ал мұның өзі адамдардың қарым-қатынасын заңмен ретке келтіру керектігін туғызып, дүниеге мемлекет келеді.

Монтескье құқтың үш түрін анықтайды. Бірінші, халықаралық құқтар — мемлекет, халықтар арасындағы қарым-қатынастарды ретке келтіреді.

Екінші, саяси құқтар — мемлекеттегі басшылар мен халықтың арасындағы қатынастарды ретке келтіреді.

Үшінші, азаматтық құқтар — адамдардың өзара қатынастарын ретке келтіреді.

Монтескье мемлекетті басқарудың үш түрін анықтайды. Олар республика, монархия және деспотия.

Деспотиялық басқару ешқандай заңдылықты мойындамайды. Оның өзі елді бақытсыздыққа әкеліп, неше түрлі зорлық-зомбылыққа жол береді.

Республикалық басқару саяси заңмен бекітілген бостандық-тардың негізінде іске асады.

Монархиялық басқару жүйесі жоғарыда көрсетілген басқару-лардың екі ортасында орналасқан.

Монтескьенің саяси философиясындағы жасалған және бүгінгі таңға дейін өзекті жаңалығы — ол мемлекет билігін бөлу идеясы.

Шынайы саяси бостандық болу үшін республика, я болмаса монархия басқару жүйесінде заң беру, атқару және сот биліктері бір-бірінен бөлінуі қажет.

— Ал енді «заңдардың рухына» келер болсақ, олардың әрбір елдердегі ерекшеліктері көп жағдайлармен байланысты. Олар: жердің күнарлығы, ауа райы, таулы-жазықтығы, әдет-ғұрыптар, діни сезімдер, халықтың саны мен материалдық хал-ахуалы, заң өсрушілердің мақсаты, саяси биліктің, елдегі жалпы тәртіптің көріністерімен байланысты, — деп қорытады ұлы ойшыл.

Мұндай көзқарасты әдебиетте «географиялық детерминизм» (себептілік) деп айтады. Өйткені жоғарыда көрсетілген жағдайлар-дың ішіндегі негізгілері деп, ол «жердің құнарлығын, ауа райын жәнее таулы-жазықтығын атайды.

Мысалы, ыстық ауа райы адамдарды әлсіретіп, енжар қылады, ал суық ауа райы ой мен дененің күшеюіне, олардың өмірге деген қажырлы еңбегіне, ұлы істерді жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан ыстық ауа райында өмір сүретін халықтар құлдыкқа келді де, суық жерде өмір сүретін халықтар өздерінің бостандығын  сақтап қалды, — деп ойлайды Монтескье. Әрине, бүгінгі таңдағы адамдар мұндай көзқарасқа күлкілі көзбен қарауы әбден мүмкін.

Дегенмен қоғамның дамуында географиялық жағдайлармен санаспаудың өзі, таза технократиялық көзқарастар қандай салдар-ларға әкелетінін біз бүгінгі таңда ауылдағы осы уақытқа дейін жүргізілген реформалардың теріс жақтарынан көріп отырмыз.

Кең түрде алғанда, біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы көшпенділік өмір салтын ұстауының өзі (жаңа дәуірге дейін) сол айнала қоршаған ортаға байланысты болатын. Әрине, Жаңа дәуір тарихқа келіп, машиналық техника пайда болған кезде, көшенділік өмір салты мүмкіншіліктері сарқьлып, қазақ халқы жаңа өмір құндылықтарына өтуге мәжбүр болды.

Монтескьенің ойынша, жоғарыдағы көрсетілген жағдайлар-мен қатар, жер көлемі және оның таулы-жазықтығы да қоғамның саяси бітіміне өзінің зор әсерін тигізеді. «Біріншіден, таулы елдер көлемі жағынан үлкен бола алмайды. Ал кіші елде азаматтар қоғамдық мәселелерді талдап шешіп, қабылдауға жиі қалыптасады. Ал орта көлемді елдерде көбінесе монархиялық басқару жүйесі орнайды. Жері жазық жэне өте көлемді елдерде деспотиялық басқару жүйесі қажет, өйткені тек күш жұмсау мен қорқыту арқылы ғана алыста жатқан елдерді орталық билікке көндіруге болады», -деп қорытады Монтескье.

 

Әрина біз ұлы ойшылдың географиялық факторлардың қоғам өміріне деген рөлін асыра көрсеткенін байқаймыз. Бірақ бұл көзкарастар өз заманының мәселелерін жаңаша түсінуде, діни түсініктерге тойтарыс беруде кеңінен пайдаланылды.

 

Вольтер

Франсуа Мари Аруэ Вольтер (1694-1778 жж.) — француз ағарту-шыларының ұлы өкілі. Негізгі еңбектері: «Философиялық хаттар», «Метафизикалық трактат», «Тарих философиясы» т.сс.

Вольтердің дүниетанымдық көзқарастарының негізінде сол кездегі кеңінен тараған деистік материализм болды. Дүниедегі сан алуан материалдық заттар мен құбылыстар жөніндегі деректерді біз сезімдік тану арқылы аламыз. «Мен тасты сипаған кезде, оның орнын ала алмайтынымды өте жақсы сезінемін, олай болса бұл арада кеңістікте орын алып жатқан бір нәрсе барын түсінемін», -дейді ойшыл.

Демокрит пен Эпикурдың атомистік көзқарасын қолдап, Вольтер: «Дүниенің элементтері материалдық және олар өткізбей-тін созылған субстанция», — деген пікірге келеді. Сонымен қатар И.Ньютонның ашқан тарту қасиетін қолдап, оны ол материяның негізгі қасиеттерінің бірі және табиғаттың әлі ашылмаған сан алуан қасиеттері бар деген тұжырымға келеді.

Ал енді Дүниенің бәрі материалдық болатын болса, онда адамның жан дүниесін қалай түсінуге болады? «Жан-дүние дегені-міз — адамның ойлауға және сезінуге деген қабілеті. Олай болса, денеден басқа өмір сүріп жатқан жан-дүние жөнінде менің ешқан-дай түсінігім жоқ», — деп қорытады ұлы ойшыл. Мұндай көзқарас, әрине, дінге қарсы. Мәселенің қызықтығы — сол дінге қарсы пікірді Вольтердің діни жолмен дәлелдеуге тырысуы. «Егер осы ғажап дүниені Құдай жаратқан болса, онда ол материяға сезіну және ойлау қасиеттерін бере алмайды деп кім айтар екен», — деген сұрақ қояды.

Екіншіден, Вольтер сол кездегі жаратылыстану деректеріне сүйене отырып, адамның жан-дүние құбылыстарының оның түйсіктері мен жүйесі, миымен байланысты екенін көрсетеді.

Үшіншіден, жануарлардың да адамның дене құрылысына ұқсас мүшелері бар екенін көрсетіп, олай болса олар да дүниені сезініп, бұлдыр да болса дүниені тани алады, — деген пікірге келеді.

Өзінің шығармаларында Вольтер адам мәселесіне де көп көңіл бөлген. Адам — әлеуметтік пенде. Ол өзінің ұлылығын дүниетану жэне оны қайта өзгерту жолында айқын көрсетеді. «Адамның  табиғатындағы «өзін сақтау», «өзін сүю» т.с.с. олар адамдарды бір-бірінен алыстатпай, керісінше, бір-біріне жақындатып, іштесіп, сүюге әкелетін инстинктер. Адам жалғыздан-жалғыз өмір сүре алмайды. Табиғи түрде пайда болатын еркек пен әйелдің ара-сындағы байланыстар жас ұрпақтарды дүниеге әкеліп, қоғамды біріктіреді», — дейді Вольтер.

Қоғам өзінің ішінде миллиондаған адамдарды біріктіргеннен кейің, олардың моральдық жіне құқтық қарым-қатынастары саяси заңдар мен ережелер арқылы ретке келтіріледі. Оларды адамдардың өзі тудырады. Оған Құдайдың еш қатынасы жоқ.

Моральдық табиғи заң — ол «өзіңе не қаласаң, басқаларға да Соны жаса» — бүкіл адамзатқа тән нәрсе. «Сиамнан бастап Мексикаға дейін шындық, қайырымдылық, достықты сыйламайтын халық жоқ». Құдай болмаса, адамдар ойларына не келсе, соны істейді, тізгінсіз кетеді деген осы уақытқа дейін кең тараған пікірге қарсы шығып, Вольтер ондай адамдарды қоғамның өзі-ақ неше түрлі заңдар арқылы ауыздықтай алады деген пікірге келеді. Екіншіден, халықтың өзі-ақ ондай адамдарға теріс қарайды, бұның өзі — ондай адамдарға ең күшті тізгін. Олай болса, әр адам жетіле келе, қоғам өмірінде өзін таза ұстау керектігін, өзінің басқа адамдар алдындағы борышын бұлжытпай орындау қажеттігін түсініп орындайды, — деп қорытады Вольтер.

 

Тарих философиясы

Вольтер адамзат тарихын философиялық жолмен сараптауда алғашқы із салғандардың қатарына жатады.

Біріншіден, тарихшылар көсемдердің жасаған істерінен гөрі, халықтардың өміріне көбірек көңіл бөлулері керек.

Екіншіден, тарихшылар белгілі халықтың рухани мәдениетінің мазмұнын мұқият зерттеуі қажет (оған ол мораль, онер, философия, құқтық және саяси көзқарастар, ғылыми деректер, әдебиет пен мифологияны жатқызады) жалғыз ғана халықтың діни сенімін қарастыру жеткіліксіз.

Үшіншіден, адамзаттың дүниені игеру жолындағы жасаған  материалдық мәдениет те мұқият зерттелуі керек.

Төртіншіден, христиан елдерінің тарихы — ол бүкіл адамзат тарихымен тең емес. Сондықтан басқа халықтардың да тарихын зерттеп, оларды бүкіл адамзаттық тарихка енгізу қажет.

Вольтер қоғам дамуының, өзгеруінің қайнар көзін адам-дардың ой-өрісінен, пікірлерінен көреді. «Адамдардың пікірлері дүниені басқарады», — дейді ол. Бірақ ол пікірді халықтың көпшілігі қолдауы керек. Олай болса, мемлекетті басқарып отырған саясат-керлердің ойы мен іс-әрекеттері халықты бақытты, иә болмаса бақытсыз өмірге әкеледі. Бүкіл адамзат тарихындағы мыңдаған жылдағы болған бақытсыздық, зардап шегу, қылмыс, әпер-бақандықтың бәрі — өкімет басындағылардың арсыз билігінде болды деген қорытындыға келеді.

Бірақ, сонымен қатар, Вольтер өз заманына — XVIII ғ. көп үміт артады, өйткені ғылымның дамуы, өнердің өрлеуі, зердеге негізделген философиялық ойлар кеңінен тарап, халық бұқарасы-ның рухани деңгейін өсіріп жатыр. Ал мұндай өрлеу Вольтердің ойынша, өкімет билігіне «ағарған дана патшаның» келуіне себеп болады. Ол қоғамдағы залымдықты құртып, адамдардың бақытты өмір сүруіне керекті жағдайларды жасайды деген оптимистік өміршеңдік оймен өзінің тарих философиясын аяқтайды.

Тарих — үлкен оқытушы. Өткендегі болған кемшіліктер мен қателіктерді білген халық қана оларды өзінің болашақ өмірінде қайталамайды деп, біз Вольтердің ойын әрі қарай жалғастыралық. Ол — әсіресе қазақ халқына ауадай қажет нәрсе.

 

Жан-Жак Руссо

Жан-Жак Руссо (1712-1778 жж.) Швейцариядағы Женева қаласында сағат жөндеушінің семьясында дүниеге келеді. Негізгі еңбектері: «Қоғамдық шарт жөнінде», «Эмиль, я тәрбие жөнінде» т.с.с.

 

Адам мәселесі

Руссо адамның табиғатынан екі алғашқы өзімен бірге туатын нәрсені байқайды. Олардың біреуі «бізді өзімізді сақтап, жақсы өмір сүруге ынталандырса», екіншісі — әрбір сезімдік жанның зардап шегуін, өліп-құруын көргенде табиғи тітіркенушілікті тудырады.

Егер Т.Гоббс адамның өзін сақтауға бағытталған табиғи инстинктінен өзімшілдікті (эгоизм) тудырса, Руссо оның өмірге келуіне дейін көп уақыттың өткенін көрсетеді. Руссоның ойынша, адамның өзін сүю сезімі басқалардың зардабын көргенде оларды аяу сезімімен теңеледі, көбінесе соңғы сезім басым болып, басқалардың қайғы-қасіретіне ортақ болуға әкеледі.

— Өзінің табиғи жағынан алсақ, адам — ізгілікке ұмтылатын пенде. Егер адам ізгі іс-әрекет жасап, өзінің өзімшілдігімен күресе білсе, оның бұл қасиеті терең етек жаяды. Бірте-бірте ізгілікке ұмтылу қажеттікке айналып, адамға рақат әкеледі. Басқалардың алдындағы адамның борышы — ол ізгіліктің сыртқы көрінісі ғана. Ал табиғи сезімнен шығатын басқа адамдарға деген ізгі іс-әрекет -ол ең биік дәрежедегі адамгершілік, — деп қорытады Руссо.

Бірақ адамның басқаларға деген ізгі сезімін дамытуға тежеу жасалса, ол өзінің қарама-қарсылығына айналып, эгоизмді, яғни өзімшілдікті тудырады.

Өркениетті қоғамдағы адамдардың, бір жағынан алғанда, адамды сүюі, әділеттілік, ізгілікке деген іңкәрі байқалса, екінші жағынан, ол сыртқы сезімнің, өзімшілдіктің шеңберінде екенін көреміз. Осы екі бір-біріне қарсы сезім тарихта қалай пайда болды?

Бұл сүраққа жауапты ол адамдардың арасындағы теңсіздік қалайша пайда болды деген сұраққа жауап беру арқылы шешуге тырысады.

 

Теңсіздік мәселесі

Егер Руссоға дейінгі ойшылдар теңсіздіктің түп-тамыры, бір жағынан, зорлық-зомбылыққа, екінші жағынан, діни- рухани алдау-арбауда деп есептесе, Руссо оның шынтуайт себептері бар деген ойға келеді. Оны ол адамның ақыл-ой иесі ретінде жетілуге деген қабілетінен көреді. Адам еңбек етіп, өзін-өзі асырау жолында қармақ пен жіпті, садақ пен жебені, малдың терісінен киімді т.с.с. ойлап шығарды, отты игерді. Олар үлкен аңдарды ұстау үшін бір-бірімен оқтын-оқтын бірігіп, оның пайдалылығын байқады.

Руссоның ойынша, үй салу адамдардың өміріндегі алғашқы үлкен төңкеріс болды, өйткені үймен бірге отбасы дүниеге келді, ол тарихи алғашқы әлеуметтік бітім еді. Бұл кезде әлі мемлекет дүниеге келген жоқ, сондықтан бұл уақыт — алтын заман, адамдар бір-бірінен тәуелсіз, олар табиғаттың бақытты балалары.

Екінші төңкеріс теңдікті жойып, адамдарды құлдық пен қайыршылыққа әкелді. Ол — жекеменшіктің пайда болуы. Оның негізін қалаған бірінші адам өз үйінің маңайын қоршап: «Бұл -менікі», — деді, ал қалған адамдар оны мойындады, — деген пікір айтады. Әрине, Руссо бұл құбылыстың терең тамырына шейін жетеді, өйткені жекеменшіктің пайда болуы алғашқы қоғамның экономикалық дамуымен тығыз байланысты болатын.

Жерді өңдеп, егін егудің өзі оны бөлуге әкеліп соқты. Осыдан жекеменшік, теңсіздіктің өзі-ақ пайда болады, тіпті біз алғашында жер тепе-тең бөлініп еді деп есептесекте.

«Ең күшті өзінің еңбегімен басқалардан гөрі көбірек өндірді, ең өнерлі, тапқыр өзінің еңбегінен пайданы көбірек көрді», — дейді Руссо. «Жерді өңдеп, егін егу азық-түлікті көбейтіп, қажеттіктен артық қалатын байлықтың көзін ашты. Ал мұның өзі әртүрлі кәсіптерді туғызып, өндіргіш күштерді әрі қарай дамытты. Әсіресе темірді балқытып, игеру ауыл шаруашылығында қолданатын құ-ралдарды анағұрлым жетілдіріп алатын өнімді молайтты. Байлық аз топтың қолында шоғырланып, көпшілік қайыршылық жағдайға келеді, осыдан бастап адамзат табиғи сатыдан цивилизацияға келіп тіреледі. Байлардың мүдделерін тиімді қорғау жолында мемлекет дүниеге келеді», — деп қорытады Руссо.

Мұндай жағдайда адамға қалайша оның жоғалтқан еріктігін қайтып беруге болады? деген көкейтесті сұраққа Руссо өзінің «қоғамдық шарт» теориясы арқылы жауап беруге тырысады. Оның мәні мынада. Әрбір адам ерікті түрде өз құқтарының бәрін қоғамға береді. Осы сәтте адамдардың бәрі де бір-бірімен заң жүзінде теңеліп, берген құқтарын өзіне қоғамнан қайтарады. Барлығының жағдайы тең, ешкімнің де артықшылығы, жеңілділігі жоқ, әрбір адам бүкіл қоғамды мойындап, оның талаптарына көнгенмен, жеке қайсыбір адамға тәуелсіз болады, әрбір адам біртұтас қоғамның ажырамас бөлігіне айналады.

Сонымен қоғам өмірінде әрбір адам өзінің күш-қуатын сезінеді, адамдар жеке тұлға, дене ретінде теңсіз болғанымен, моральдық, құқтық теңдікке ие болады.

Қоғамдағы шығарылған заңдардың қайнар көзі — халық. Егерде бірде-бір заң халықтың пікірінсіз және дауысын берусіз жарыққа шықса, онда ол заң емес, ол — бұйрық. Халықтың билігін қамтамасыз ететін ұйым — ол халықтың құрылтайы. Ол заңмен бекітілген уақытта жиналып, «қоғамдық шарттың бұзылмауын бақылап отыруы қажет, өйткені ол шарттың ыдырап кету себептері әрқашан сақталады». Олар:

а) әрбір өкіметтің өзін әрқашанда күшейтуге тырысуынан

шығады;

в) азаматтардың біршамасының ізгілік жолынан ауытқу мүм-кіндігінен;

с) жеке мүдделердің дамып, жалпы мүдденің шеңберін қы-суынан;

д) мұндай жағдайда «жалпы мүддені» өзгертіп, адамдарды алдап кету қаупі туады;

Қоғамдық шартты сақтап қалудың бірден-бір жолы, Руссоның айтуына қарағанда, ол — халықты ағарту, оған әрқашанда дұрыс жолды көрсетіп отыру.

Руссо адамды тәрбиелеу мәселелеріне де көп көңіл бөледі. Тәрбиелеу дегеніміз — табиғаттың адамға берген туа біткен дарын-дарын бірте-бірте дамытып, гүлдету. Адамға еріктікті сүю, тәуелсіз пікір айту сезімдерін қалыптастыру — қажетті нәрсе. Мәселені нақтылай келе, Руссо баланың тәрбиесін 4 сатыға бөледі:

туғаннан екіге дейін — негізінен, оның дене тәрбиесіне басым көңіл бөлінуі керек;

екіден он екіге дейін — сезім мен көңіл-күй тәрбиесі жүруі керек; он екіден он беске дейін — баланың ақыл-ойының дамуына

басым назар аударылуы қажет;

он бестен он сегізге дейін — баланы адамгершілік жолына қою керек. әсіресе осы соңғы «дауыл мен іңкәр» сатысына көп көңіл бөлінуі қажет.

Тәрбие жолында тікелей зорлық жасамай, баланың дамуына астыртын ықпал жасау керек. Әсіресе оның қалыптасып жатқан еріктік сезімін аялау қажет. Тәрбие жолында еңбек етуге үйретудің орны ерекше. Ізгілікті сүю үшін балаға ізгілікті істерді жасату керек. Тәрбие жолында баланың денесі мен ақыл-ойының дамуы (бір-біріне ауысып, қатар жүріп отыруы керек.

Руссо өз заманын ондаған жылдарға озып, болашақ ұрпақ-тарға зор әсерін тигізді. Руссоның қоғам, адам, мораль т.с.с. жөнін-дегі көп идеялары біздің ғылыми-техникалық революция жүріп, экологиялық дағдарысқа әкеліп жатқан заманға да өзекті де, мазмұнды.

Жоғарыдағы айтылған ұлы француз ағартушыларының қата-рына басқа да сол замандағы ойшылдарды кіргізуге болады.

Егер Кондильяк (1715-1780 жж.) қайсыбір ой өрісі түйсіктер берген деректердің негізінде пайда болады, яғни қоғамның рухани өмірінде күнбе-күнгі өмір бейнеленеді деп есептесе, Ламетри (1709-1751 жж.) өзінің емдеу тәжірибелеріне сүйене отырып, адамның ұйықтап жатып көрген түсі, иә болмаса ауырып, есінен танып жатқандағы сандырағы жан-дүниенің толығынан мимен байланысын көрсетеді, — деген пікірге келеді.

Гельвеций (1715-1771 жж.) де осы көрсетілген тұрғыдан  мораль мәселелерін қарап, адамның қайсыбір ләззат алу формала-рының негізінде сезім толқыны жатыр, ал кейбір адамдардың өзімшілдігіне келер болсақ, оны тәрбиенің негізінде түзеуге болады деген пікір айтады.

Гольбах (1723-1789 жж.) өзінің «Табиғат жүйесі» деген көлемді еңбегінде: «Өзімен-өзі өмір сүріп жатқан табиғат дүниедеге барлық құбылыстардың себебін құрайды», — деген батыл да терең пікірге келеді. Табиғат дегеніміз — орасан зор шеберхана. Материя-ның негізгі өмір сүру тәсілі — қозғалыс. Ал тарту мен инерция -материяның ең терең табиғи қасиеттері.

Өзінің әлеуметтік философиясында ғалым адамдарды азамат-тылыққа, заңға көнуге, елді қорғауға, қайсыбір саясаттағы озбыр-лыққа қарсы күресуге, жоғары мәдениетті басқару жүйесін орнатуға шақырады.

Мораль саласындағы негізгі құндылықтарға ол ізгілік, ақиқат, зердені жатқызып, тек соларға ғана табынуға болады деген пікірге келеді. Ол қайсыбір діни көзқарастарды қабылдамай, діни надан-дықтан арылуға шақырады.

Дидро (1713-1784 жж.) — ұлы француз ағартушыларының бірі. Оның басшылығы мен ұйымдастыру қабілетінің арқасында XVIII ғ. «Француз энциклопедиясы» басылып шыға бастады (салыстыры-ңыз: Қазақ совет энциклопедиясы XX ғ. 70-ші жылдарында жарық көре бастады). Онда сол кезге дейін жиналған ғылыми деректердің негізінде дүниеге жаңа көзқарас, жаңа саяси, құқтық, гуманистік идеялар дүниеге келіп, кеңінен қоғамда тарала бастайды. Ол фран­цуз халқының рухани жаңаруына өзінің өшпес ізін қалдырды.

Негізгі еңбектері: «Табиғатты түсінудегі ойлар жөнінде», «Д‘Аламбердің Дидромен сұхбаты», «Материя мен қозғалыстың философиялық принциптері» т.с.с.

Егер француз ағартушыларының көпшілігі деистік көзқараста болса, Дидро өзінің философиялық көзқарастарында таза материа-листік бағытқа көшеді.

Дүниедегі субстанция біреу ғана — ол материя, ал оның себебі өзінің ішінде, сондықтан оны түсініп, тану үшін ешқандай Құдай идеясы керек емес. Материяны ешкім жаратқан жоқ, ол өзінің даму заңдылықтарының негізінде мәңгілік өмір сүріп жатыр. Дидро мате-рияның өмір сүру тәсілін қозғалыстан көреді, сондықтан оларды бір-бірінен ажырата алмаймыз. Бүкіл табиғат мәңгі қозғалыста, бір нәрселер жойылып, екіншілері оның орнына келіп жатыр. Дид-роның ең тамаша ойы: ол материяның өзіндік ішкі күштерін мойындап және оның қайнар көзін ішкі қайшылықтардан іздейді.

Адам мәселесіне келер болсақ, Дидро оны басқа тіршіліктер сияқты өзінің қалыптасу, жетілу тарихынан өтті деген пікірге

келеді. Адамның санасы ол Құдайдың оған берген сыйы емес, ол -материяның даму жолында пайда болған құбылыс. Ол тіршіліктің  күрделену жолында пайда болады.

«Қоғамдық шарт» теориясына сүйене отырып, Дидро король-дің билігінің Құдай берген билігі жөніндегі сол кездегі кең тараған пікірге қарсы шығып, оны әшкерлейді. Ол конституциямен шек-іелген монархияны жақтап, ағарған биліктің қажет екенін көрсету жолында талай ойларды қозғайды.

Адамның өзімшілдігін мойындағанмен, Дидро оны ақыл-оймен тежеп, басқалардың да мүдделерін түсініп, адам өзін-өзі тежей, шеңберлей алатын дәрежеге көтерілуі керек деген гума-нистік ойларды келтіреді.

Қорыта келе, біз француз ағартушыларының философия тарихындағы алатын ерекше орнын тағы да атап өткіміз келеді. Оллардың айтып кеткен көп ойлары осы күнге дейін өзінің өзектілігімен бізді таңғалдырып, ішкі дүниемізде шабыт оятып, жаңа ой-пікірлерді тудырады.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!