Ертегі: Қошқар мен теке

0

Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Өздері кедей екен. Күн көрерлік бар малы – бес қой мен бес ешкі екен. Олардың сүтін ішіп, құрт, майын және жыл сайынғы өсімді төлін сойып жейді. Терісін, жүн-жұрқасын үстеріне киім қып киеді. Бес қой мен бес ешкі не көбеймейді, не азаймайды.

Бес қой мен бес ешкі өріске өздері жайылып, бұлаққа өздері барып, су ішіп қайтады. Олар не ит-құсқа, не ұры-қарыға жем болған емес. Шал мен кемпір оларды кешке өрістен қайтқанда түгендеп, қораға кіргізіп алады да ертемен түгендеп, шығарып салады. Бес қой мен бес ешкіні аман-есен сақтап, бағып-қағып өсіретін бақташы да, күзетші де қошқар мен теке еді.

Қошқар мен теке шал мен кемпірдің жанындай ең жақсы көретін малы еді. Мал емес-ау, өздерінің туған баласы сияқты еді. Қошқар мен текенің естілігіне шал мен кемпір де сенетін. Қошқар мен теке қой мен ешкіні өрістен ертіп мезгілінен ерте қайтатын болса, күн райы бұзылып жауын-шашын, боран боларын сезіп, алдын ала сақтық жасайтын-ды.

Қошқар мен текенің бастауымен ешкі мен қойлар шу көтеріп маңырап, үркіп-үрпиісетін болса, жақын жерде бұлардың ізін аңдып қасқыр не ұры жүргенін сезетін де алдын ала сақтық жасайтын-ды.

Қошқар мен теке екеуі жандай дос еді, біріне-бірі қамқор, ақылшы серік болатын. Сонымен бірге олардың бірінде жоқ мінез, қасиет екіншісінде бар еді. Қошқар аңқау, аңғал мінезді, қорқақтау еді. Бірақ қайратқа мықты, текеге сенетін. Ал теке айлалы, ақылды, көп жайды күні бұрын болжап білгіш, көреген еді. Осындай қасиеттерін жақсы білетін шал мен кемпір қошқар мен текені аз ғана малымның құт-иесі, күн көрерлік ауқатымның таянышы деп білуші еді.

Күндерде бір күні шал қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Кемпір шалының аузына су тамызып, күні-түні қасынан шықпайды. Қошқар мен теке бұл жайды әбден түсініп, шал мен кемпірді жоқтатқан жоқ, өздері қорадан шығып жайылып, өздері қайтып келіп жүреді. Үй қасынан алыстап кетпей, сақтанып жайылатын болады.

Шал науқасынан жазылмайды, халі күннен күнге ауырлай береді. Кемпір көз жасын көлдете төгіп, жылаудан басқа түк бітірмейді. Шал осындай әл үстінде жатқан кезде, ел аралаған қара бақсы келеді. Қобызын ойнап, тамырын ұстап, шалды қарайды да емін айтады:

— Ең жақсы көретін, қасиет тұтатын бір малыңды сойып, қан-жынымен ұшықтап, емдеу керек…

Мына сөзден шал мен кемпір шошып кетеді, ең жақсы көретін малы қошқар мен текені қалай өлімге қимақ!

—Қасиет тұтатын қошқар мен текені бұл құрбандыққа қимаймыз, басқа бір қоймен емдеңіз, – дейді шал мен кемпір қара бақсыға жалынып-жалбарынып. Бақсы айтқанынан қарысып қайтпайды:

— Нағыз жаныңа бататын, қимасыңды құрбандыққа шалып емдеген ем қонады. Басқа малмен мен емдемеймін, – дейді.

Шал мен кемпірдің амал-айласы құриды. Екеуі бірдей егіліп жылайды. Қошқар мен текенің бірін сойып, емдемесе, шал жазылмайтын сияқты көрінеді.

Ал соятын болса, бар күн көріп, қорек қылып отырған аз ғана малы бірге құритындай көрінеді.

Бәрінен де жан тәтті, адам өмірі ардақты ғой. Шал мен кемпір әрі жылап, бері жылап, басқа қылар ақыл-айласы таусылып, ақыры қошқар мен текенің бірін соймақшы болады.

Теке бұл жайдың бәрін сезіп біледі. Түн ішінде қошқарды оятып алып, оған сұмдық хабарды естіртеді. Әрі жылап, әрі ыза болған екеуі уәде байласады да түн ішінде ешкімге сездірмей, туып-өскен мекенін тастап, жүріп кетеді. Ойласқандары шал мен кемпірді емдейтін дәрі шөп іздеп таппақ.

Қошқар мен текені іздеп, артынан қуған ешкім болған жоқ. Кім қуады? Шал ауру, кемпір өз бетімен мал іздей алмайды. Сонымен қошқар мен теке сол кеткеннен кете барады. Елсіз даланы, сай-саланы, таулы орманды, өзен-бұлақ бойларын аралап, мекендеп отын оттап, суын ішіп бірнеше күн жол жүреді. Аяқ аттаған сайын қауіп-қатер кездеседі бұларға. Бірде қасқыр сияқты жыртқыш аңдардың кезіп-жортқан іздеріне душар болады, кейде түн ішінде айналада ұлыған қасқырдың үнін, аңырған аюдың, қорсылдаған қабанның дауыстарын естіп, жаны алқымына тығылғандай үрейленеді. Бәрінен де жасырынып жүре береді.

Қайда барарын, қайда мекендеп өмір сүрерін қошқар мен теке әлі анықтаған жоқ. Елсіз дала, тау, орман арасында жүрсе де дәрі шөптің қайда екенін де білмейді.

Жыртқыш аңдарға кездессе, бас салып талап жеп қояры ақиқат. Ал ел қарасына жақындап, адамның көзіне түссе, бас салып, сойып жеп қоюы мүмкін. Бірақ елсіз, адамсыз жерде тіршілік етіп, өмір сүру тағы мүмкін еместігін екеуі де жақсы түсінеді. Құтылатын жалғыз жол – шалды жазатын дәрі шөп табу. Ол табылса, қорықпай үйге қайтып бармақ.

Осылайша олар жазық далада келе жатқанда, теке жел жақтан көтерілген бұлтқа қарап тұрады да:

— Бүгін сұрапыл жауын болады екен, кел, қошеке, күрке жасап алайық, – дейді. Қошқар:

— Өзің сыятын шағын күрке жаса, менің жүнім қалың, етім майлы, жауын астында жатсам да түк етпеймін ғой, – дейді.

Теке «Маһм! Маһм!» деп жүріп, жұлып, шөп жинайды, бір шоқ тобылғының түбіне шөпті үйіп, өзі сыятын етіп жылы күрке жасап шығады. Кешке қарай күн райы бұзылады, кілегей қара бұлттар аспанды түгел жауып, сапырылып ағылып, сатыр-күтір, жарқ-жұрқ етіп нажағай ойнайды. Шелектеп құйғандай нөсер жауын үдеп жауа береді.

Асты-үсті, жан-жағы шөппен жабылып қымталған жылы күркенің ішінде теке мынадай сұрапыл жауынға ұрынбастан, үсті-басы құрғақ жайбарақат тынығып жатады. Ал төңкерген қазандай семіз құйрығын жел ұрған жауынның бетіне тосып, күркенің қасына ықтай қошқар жатады. Бірақ қошқар көпке шыдай алмайды, асты-үстінен бірдей сорғалаған мұздай суық су, азынап, ұйтқи соққан суық жел қошқардың қалың жабағы жапқан семіз терісінен өтіп, етіне, етінен өтіп сүйегіне жетеді. Қошқар дірілдеп, қалшылдап тоңа бастайды.

Ақыры шыдамы таусылып:

— Тәке, а, тәке! Мен жаурадым, менде бір білместік болды. Мені жылытпасаң, халім нашарлап барады, – деп жалынады қошқар.

Теке:

— Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да күркесіне қошқарды кіргізіп алады.

Ертеңінде жауын басылады. Күн ашылады. Қошқар мен теке жолға шығып, жүріп келе жатады. Түске таман аспанда ыдырап бітпеген бұлттардың қозғалысына қадала қарап тұрып теке:

— Бүгін қар жауып, боран болуы ықтимал. Күрке жасап алайық, қошеке, – дейді. Бұған қошқар абыржи қоймайды.

— Қар қалың жүннен өтіп кететін жаңбырдың суық суы емес қой. Құйрығымды желге төсеп жата берем. Қылшығың селдір, терің жұқа саған күрке жасап алу әбден дұрыс, – дейді қошқар.

Теке жолдасына қайырып тіл қатпайды. «Маһм! Маһм!» деп жүріп, шөп жинайды. Бір шоқ ақ шидің ығына қалқалай шөпті үйіп-үйіп, өзі сыятындай етіп, жылы күрке жасап шығады.

Кешке қарай күн райы бұзылады. Бурыл ала бұлттар аспанда жөңкіле ағылып, жапалақтап қар жауа бастайды. Құйындатқан суық жел соғып, аспан мен жер бетін ұйтқыған ақ түтек боран жауып кетеді. Мынадай сұрапыл боранда теке жылы күркенің ішінде жайланып, тынығып жататын болса, төңкерген қазандай семіз құйрығын боранға тосып, күркенің қасында жатқан қошқардың халі мүшкіл еді. Ұйтқыған боран, азынаған суың аяз қошқарды титығына жете жауратады. Қошқар ақыры шыдамы таусылып:

— Тәке! Ау, тәке! Менің халім бітуге айналды, күркеңе кіргізбесең, енді құрып кететін түрім бар. Ендігәрі айтқаныңды екі етпеймін, – деп жалынады.

Теке:

— Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да жаураған досын күркеге кіргізіп алады.

Ертеңіне боран басылады, күн ашылып, жылынады. Қошқар мен теке жолға шығып, жүріп келе жатады. Келе жатып, теке жер шолып отырады. Құс ойнаған, қасқыр, қоян жүрген жымдарды, аю, қабан жортқан соқпақтарды қадағалай барлап, біліп, сақтық жасап отырады. Күн кешкіріп, ымырт жабылар кезде, теке кенет тоқтай қалады.

— Қошеке! Қасқыр апанының үстінен шығыппыз, жан-жағына тарап кеткен іздер сайрап жатыр ғой, міне!–дейді.

— Ойбай! Тәке! Енді біржола құрыдық қой, – деп, қошқар қорқып, дірілдей бастайды. Бірақ теке саспайды, абыржымайды, қорықпайды.

— Бұдан қашып құтыла алмаймыз, ізімізді сезеді де, қайда кетсек те қуып жетіп құртады. Құтылатын жалғыз амал — сол қасқыр апанының өзіне тығылу, – дейді. Бұдан тіпті жаны шошынған қошқар:

— Не дейді мынау? Не дейді?! – дей береді қалшылдап. Алайда, теке досының ақылына енді қарсы болуға шамасы да қалмайды. Текенің артынан ере береді.

Теке бастап жүріп отырып, көп ұзамай қасқыр апанына келеді. Кең апанның бір жағы қуалап қазылған үңгір ін екен. Екеуі де ішіне кіріп, дәл кіре беріс тар ауызда теке өзі тұрады да бір жақ бүйірін ала қалтарысқа қошқарды қойып:

— Мен соқ дегенде, әйтеуір, қасқырды аямай, мүйіздеп соға бер. Қорықпа, – деп ақылын айтады. Қасқырдың түнгі жорықтан қайтуын ұзақ күтеді.

Таңға жақын еш нәрседен хабарсыз, түнгі жорықтан қалжыраған қасқыр жалқау басып келіп, апанға секіріп түседі де інге кіре береді. Теке найзадай шаншылған екі тік мүйізін қасқырдың қыл тамағына орай қылғындырып, іннің төбесіне тіреп тұра қалып:

— Тоқтым, тоқтым, соқ! – деп айғай салады. Қошқар бөгелген жоқ. Доғадай иілген зор, тастай ауыр мүйізін қадай, пәрменіменен қасқырды бүйірлеп қойып-қойып жібереді. Бір жақ қабырғасы мен алдыңғы аяғының бір жіліншігі жазым болған қасқыр қыңсылап, өкіріп бір құлап түседі де жан беру оңай ма, бұрылып алып шойнаңдай кейін қаша жөнеледі. Артынан қошқар мен теке недәуір жерге қуып тастайды. Қуып бара жатып:

— Тоқтым, тоқтым, соқ! – деп қояды теке. Осы дауысты естіген қасқыр одан сайын үрейленіп зыта береді.

Таң атып, күн шығады. Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп жүріп келе жатады. Жолшыбай дәрі шөпті іздейді. Сәске мезгілінде теке жер із, жымдарды шолып келе жатып:

— Апыр-ай, бізді он екі қасқыр іздеп келе жатыр екен, енді тезірек жүріп, анау көрінген бәйтерекке жетіп алайық, – деді.

Қошқар мен теке терең жайқын дарияның жағасында биік жарға біткен бәйтерекке жақындап келгенде, алыстан шаңдатып, шапқылап келе жатқан бір топ қасқыр көрінеді. Бәйтерекке жетісімен теке бұтағына оп-оңай өрмелеп шығып алады. Ал қошқар ауыр денесін, майлы құйрығын көтеріп, бәйтерекке шыға алмайды. Теке жерге қайта түседі де қошқарды құйрығынан сүйемелдеп, көмектесіп, бәйтеректің ең төменгі бұтағына шығарады. Өзі одан жоғары бір бұтаққа өрмелеп шығып, келіп жеткен он екі қасқырға қарап отырады. Он екі қасқырдың біреуі түндегі бір аяғы мертіккен ақсақ қасқыр екен. Бәрі де бәйтерекке шығып отырған қошқар мен текені көріп, тілдерін салақтатып, сілекейін шұбыртып, қуанысып іске кіріседі.

Әуелі бәйтеректі құлатпақ болып, жан-жағынан тырнап, қаза бастайды. Бірақ жуан бәйтеректің жер астын алыстап қуалаған тамырлары да жуан, берік еді. Топырағын қазып жуан тамырға жеткенде, қасқырлар басын шайқап тұрып қалады.

Бәйтерекке секіріп, өрмелеп шықпақ болып еді, одан еш нәрсе өнбеді. Жығылып түсе береді. Ақыры бірін-бірі сатылап көтеріліп, бәйтерек бұтағындағы қошқар мен текені алмақ болады. Ең астыңғы саты болып, ақсақ қасқыр тұрады, онан кейін басқалары бірінің үстіне бірі сатылап шығып, он екінші қасқыр төменгі бұтақта отырған қошқарға жетіп, майлы құйрығына арс етіп ауыз сала бастағанда, барлық амалы құрыған теке тек қана:

— Тоқтым, тоқтым, соқ! – дегенді ғана айтып салады. Осыны естігенде, баяғы ақсақ қасқыр тағы да қабырғама тепкілейді екен деп, зәресі ұшып, саты болып тұрған орнынан қаша жөнеледі. Басқа он бір қасқыр биік жардан аунап, дарияға топылдап құлап түсіп, малтып шыға алмай, терең суға бір батып, бір шығып кете барады. Бәйтерекке өрмелеген қасқырлардан қорқып, есі ауып талып қалған қошқар сірескен жабағы жүннен бәйтерек бұтағына ілініп, аман қалады. Ақсақ қасқыр артына жалтақ-жалтақ қарай, зытып отырады.

Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп, тағы да жол жүріп келе жатады. Олар таулы-тасты, қалың тоғайдың ішіне келіп кіреді. Күн кешкіреді, қас қарайып, ымырт жабылады. Жазықтан гөрі тоғай арасының қорқынышы көбірек. Жан-жағына алақтап, қорқып келе жатқанда, әр шоқша қарағай шоқиып отырған аюға ұқсайды. Сытыр еткен ағаш бұтақтарының сыбдыры аңдып, бас салғалы тұрған аш қасқырды елестетеді. Осылай қорқып келе жатқанда, теке кенет жуан қарағайдың түбіне тоқтай қалады.

— Қошеке, мына аңшы терісін сыпырып әкеткен қасқырдың басы мен сүйектерін көрдің бе? – дейді. Қошқар өлген қасқырдың денесінен шошып, досына еш нәрсе айта алмады.

Теке:

— Мұның бір керегі болады, – деп, қасқырдың басын қошқардың жалпақ құйрығының үстіне таңып береді. Екеуі тағы да жүріп кетеді.

Қап-қараңғы түн болады. Айналаның бәрі тау-тас, қалың тоғай. Тек ақырын аттаған қошқар мен текенің өз аяқтарының тықыры, өз жүректерінің дүрсілі ғана естілгендей. Осылай қорқа, жан-жақтарына алаңдай жүріп келе жатқан екеуі алаңдағы жанған отты айнала отырған бір топ қасқырдың үстінен шығады. Енді қашып кетуге болмайды, қасқырлар сезіп қалады.

Теке қошқар досына:

— Қорықпа, мынау басты осы жерге қойып кет те менің артымнан ере бер, – деп, ілгері батыл аттап басып, от айнала шоқиып-шоқиып отырған қасқырлардың ортасына жетіп келеді.

— Ассалаумаликум, – дейді, теке оттың дәл жанына жайланып отыра беріп. Қорыққан қошқар текенің артын ала тұрып қалады. Қасқырлар таң-тамаша қалып, мейілінше қуанысып, бір-біріне қарап, жымыңдай мәз болып, күлісіп:

— Құдай сендерді біздің ортамызға қалай айдап әкелді десейші? – дейді қасқырдың бір арланы. Теке бұлардың енді бас салғалы отырған ыңғайын байқаса да сыр білдірместен:

— Иә, дәм айдап сендерге қонаққа келдік. Сендер әрдайым қой етіне құштар болсаңдар, Құдай әмірі бойынша, енді біз қасқыр етіне құштар болдық, – дейді. Қасқырлар тағы да бір-біріне аң-таң болып қарасып алады. Арлан тәкаппарлықпен:

— Ім! Ім! Қонақасыларың дайын ғой! – деп, кекете бастап еді, теке қорқып, қалтырап тұрған қошқар досына қарап:

— Бұлар бізге оңайлықпен қонақасы берер түрі жоқ көрінеді. Анау байлаудағы он бір қасқырдың біреуінің басын жұлып алып келші, мынау отқа үйтіп жейік, – дейді. Қошқар аяғын жайлап басып, тастап кеткен басқа қарай жүре береді. Мына сөзді естіген қасқырларда үрей қалмайды. Барлығы да қошқар кеткен жаққа алаңдап, қарай береді.

— Мен байқайыншы, – деп, бір-екеуі тайып тұрады. Біраздан соң:

— Әлгілер неге кешікті, – деп, тағы бір-екеуі жөнеледі.

Бір кезде қанын ағызған қасқырдың басын оттың жарығына көрсетіп, жақындай берген қошқарды көргенде, арлан бастаған қалған қасқырлар дүркіреп қаша жөнеледі. Басты жарық оттың жиегіне қақтап қойып, түні бойы қошқар мен теке жайбарақат демалып, ұйықтап шығады.

Ертеңінде қошқар мен теке жолға шығады. Қалың тоғай арасын кезіп келе жатады. Бір мезгілде теке тоғай арасынан кезіп өткен соқпақ іздерді байқап, әрі алыстан даурығып сөйлеген қасқырлардың даусын естиді.

— Түндегі қасқырлар аюға хабар берген екен, ізімізге түсіп, бәрі іздеп келеді бізді. Енді тезірек ыңғайлы бір қарағайдың басына шығып, жасырынайық, – дейді теке.

Бұтағы қалың, жуан бір қарағайға сүйемелдесе көмектесіп, әуелі қошқарды шығарады да артынан бір секіріп теке өзі шығады. Осы кезде балпаң-балпаң басқан дәу қара қоңыр аю бастаған он шақты қасқыр дабырлай сөйлесіп, дәл қошқар мен теке орналасқан қарағайдың жанына жақын келеді.

—Ақымақсыңдар, Құдайдың өзі айдап әкелген майлы тамақтан айырылып қалған сендердей ақымақты көргенім жоқ. Қорқақ қойдан батыр қасқыр қорқып қашып кетіпті деген атақтың өзі масқарашылық қой! – дейді аю.

— Иә, ақымақ болдық, масқара болдық, айеке! – деп шуласады қасқырлар.

— Әй! Менің қолыма бір тисе, ім… ім… мына найзалы саусақпен мытыр едім келіп… Осы жерде бір бал ашып алайықшы, бүгін бір майлы құйрыққа ауыз толар ма екен? – деп, аю арбаңдай басып, қошқар мен теке отырған қарағайдың түбіне шалқая келіп отырады. Он шақты қасқыр да көздерін қызартып, тілдерін салақтатып, аюды айнала, шоқайып отыра бастайды. Осыларды көргенде, қошқардың зәресі ұшып, есі ауып кетеді. Қошқар аяқтарымен тіреп, салмағын тең ұстай алмағандықтан, отырған бұтағы сатыр-гүтір майысып сынып, төмен құлап бара жатады. Мұны көріп отырған теке:

— Ең мықтысын қарма! Ең семізін қарма! – деп айғайлайды. Сөйткенше болмайды, қошқар пәрменімен келіп аюдың дәл төбесінен шаншыла құлап түседі. Қасқырлар тым-тырақай қаша жөнеледі. Мойны үзіліп, өкірген аю біраз жатып жан тапсырады. Теке денесі ауырлап, домалап жатқан досы қошқарды сүйемелдеп тұрғызып алып, тағы жол жүріп кетеді.

Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп, қалың тоғай арасында бірнеше күн жол жүреді. Әлі дәрі шөп табылар емес. Қашып кеткен қасқырлар тоғай ішін шулата ұлып, ұрандасқанын, аю мен жолбарысқа дейін барып арыз айтып, тоғай ішінде емін-еркін сайрандап жүрген қошқар мен текеден кек алу керектігін айтып жар салғанын, өздерінің ізіне түсіп, іздеп жүргенін қошқар мен теке біліп келе жатады. Бір күні кешке таман теке соқпақ іздерді, алыстан талып жеткен шаң-шұң дауыстарды байқап:

— Көп жау ізімізге түсіп қуып келеді. Тез жүрейік. Салқын лебі келеді, алдымызда үлкен дария болу керек, соған жетейік, – дейді.

Тездетіп жүріп отырып, көлденең керіліп жатқан үлкен дарияның жағасынан келіп шығады. Дарияның ортасы кең арал, аралдың арғы жағы тағы жайқын су, судың арғы жағы тағы құрғақ жер екен. Бәрін де қошқар мен теке шамалап байқап көріп тұрады. Ұлып, шулап, гүрілдей ақырып аю, жолбарыс, қасқырлар арттан жақындап келіп қалады.

Теке досы қошқарға:

— Жол бастап, ажалдан алып қалар кезек енді саған келді. Мен жүзуге жоқпын, сен жүзуге мықтысың, бастап түс мына дарияға, мен сенің құйрығыңа асылып отырып, малтиын. Тура аралға тарту керек, – дейді.

Бұл жерде қошқар бөгелген жоқ. Майлы құйрығының үстіне текенің екі аяғын асылтып, терең дарияда қайықтай қалқып жүзе жөнеледі. Ұлып, шулап арттарынан жеткен жыртқыш аңдар жағада аңтарылып тұрып қалады. Ыза болған жалбыр жүнді қара аю ақырып:

— Құтылмайсыңдар, бәлемдер! Ал, түсіңдер артынан суға, алып келіңдер алдыма, – деп, қасқырларға әмір беріп тұрады.

Баяғы түнгі от басында қорқып қашқан арлан бастаған бір топ қасқыр күп беріп дарияға түсіп, жылжып жүзе жөнеледі. Оның артынан іркес-тіркес өзге қасқырлар тобы да дарияға түсіп, қошқар мен текеге қарай бет алады. Бірақ қасқырлардың жүзуінде айла-тәсіл, еркіндік жоқ, бір батып, бір шығып, суды шалпылдатып жылжумен болады. Кейбірі судың тереңіне батып кетіп жатады. Аздан кейін олардың көбі жүзудің бағытынан айырылып, әрқайсысы әр жаққа қарай малтып, енді жан қармаудың амалына кірісіп кетеді.

Ал қошқар мен теке болса, бөгелместен тез жүзіп отырып, дарияның ортасындағы аралдан бірақ шығады. Су бетінде бір батып, бір шығып, жанталаса малтып жүрген қасқырларға қошқар қуанышты да, үрейлі де кескінмен қадалып қарап тұрады. Қасқырлар жүзіп аралға өтер ме екен? Жоқ, кейін қайтып кетер ме екен? Қаншасы суға батып кетер екен? Теке еш нәрседен қуыстанбай, дереу жүгіріп, аралдағы шөптерді тінтіп, дәрі шөп іздейді. Аралда жайылып оттайтын жануарлар сирек еді. Қалың өскен әр тектес шөптер жабағыдай боп кеткен екен. Кішкене төмпешіктегі жақпар тастар арасына өскен шөптер гүл шашып жайқалып тұр. Теке, міне, осы жақпар тастың шетінен бір топ дәрі шөпті табады, оны жапырақпен орап, қошқардың мүйізінің түбіне мықтап бекітіп байлайды. Қошқар мен текені қуған қасқырлар көп, елу-алпыс шамалы еді, жүзе алмауына, суға батып кетіп жатқандарына қарамастан, жағадағы аю ақырып, бұйрық беріп, қасқырдың тағы бір тобын суға түсіріп жатыр. Кейбір жүзгіштері тобын жазбай, қиындықпен малтып аралға тура тартып жылжиды. Мұны да қошқар мен теке байқап тұрады. Енді белгілі болады. Қасқырлардың бәрі болмаса да бірталайы аралға жүзіп жетуі мүмкін. Сондықтан екеуі аралдың қарсы жағындағы жағаға қарай жүзуге дайындалып тұрады. Қасқырлардың алды аралға келіп, аяғын сала бергенде, қошқар мен теке тағы да дарияға түсіп, жағаға қарай тартады. Қапы қалған қасқырлар тілдерін тістеп жалақтатып, қатты ызаланып, аралдың жағасында тағы аңтарылып қалады.

Қошқар мен теке енді қайтып артына бұрылған жоқ. Арғы жағаға жүзіп өтіп шығады да бөгелместен ілгері жүріп кетеді. Таң атпаған, әлі қараңғы түн еді. Түн болса да текенің ақылымен тоқтамай жүре береді, жүре береді.

— Қасқырлардың бір тобы бергі жағаға өтуі мүмкін, әйтеуір, аралда қалмайды. Бері өткендері дереу ізімізге түсіп, қуатыны белгілі. Қалай да таң атпай, бір бекініске жетуіміз қажет, – деп, ақыл айтады теке дос қошқарға. Қошқар текенің ақылдылығына әбден сенген. Енді ешбір күдік келтірмейді. Теке досы не айтса, қошқар көбіне үндемей, мақұлдап бас изейді. Бұлар кең жазық алаңға жетеді. Бірақ жазық алаңқай жалаңаш емес, шабылған шөптен үйілген жыпырлаған шөмелелері бар еді.

Теке қошқарды ертіп шөмелелерді түгел аралап, жан-жағын түгел айналып шығады. Қошқар текенің бұл қылығына қайран қалғандай.

— Біреуіне тоқтамай айнала шарлауымыздың не жөні бар еді? – деп сұрайды.

— Із тастап жүрміз. Енді бір шөмеленің астына кіріп жасырынамыз. Қасқырлар келсе, біздің ізімізбен осы жыпырлаған шөмелелердің барлығын ақтарыстырып қарайды. Бірден оңай таба қоймайды бізді. Оның үстіне шөмелелерді ақтарып жүргенде, шөп иелері де келіп қалмас па екен? – дейді теке. Досының мұншалық терең ақылына жаны сүйсініп:

— Теке, жаным-ай! Ақылыңнан айналайын-ай! – деп, қошқар қатты қысып құшақтап, жылап жібереді. Теке де досын құшақтап жылайды. Екеуі де шөмеленің астында тынығып ұйықтап жатып қалады.

Таңға жақын бұл жерге ұлып, шулап, қасқырлар да жетеді. Шарлаған ізді қуалап, шөмелелерді асты-үстіне шығарып тінтіп, қошқар мен текені қарай бастайды. Алагөбең таң атқан кезде ұлыған, шулаған қасқырлардың айғайын естіп оянған шөпшілер шөмелелерді талқандап жүрген қасқырларды көріп, айыр, тырнауыш, шалғыларын қолына ұстап, айқай салып қасқырларға ұмтылады. Дәл шөпшілер оянып, шу көтерген кезде, бір топ қасқыр теке мен қошқар жатқан шөмелені бұзып, шаша бастап еді. Енді бірер құшақ шөпті алып лақтырса, дірілдеп жатқан қошқардың майлы құйрығына қасқырдың тістері тиетін еді. Шөпшілердің айғайын естісімен, қасқырлар дүркіреп қаша жөнеледі.

Теке мен қошқар да шөмеле астынан шығып, шөпшілерге келіп, алдарында ботадай боздап жылап, жата-жата қалысады. Шөпшілердің бәрі қасқырлардың шөмелелерді неге талқандап жүрген себебін енді түсінеді. Егіліп еңіреген қошқар мен текені аяп кетеді.

— Бұл екеуіне тимейік. Малдың құты болар, ауылға апарып қой мен ешкіге қосайық, – дейді бір шал тұрып, осыны естігенде, қошқар мен теке дереу жасын тыйып, ойнақ салып, шалдың алдына келіп, бас иіп тағзым етіседі.

— Апырым-ай, мына жануарлар есті екен ғой, айтқанды түсініп тұр. Тимейік сорлыларға, – дейді тағы бір шөпші. Қошқар мен теке тағы да ойнақ салып, қуанышты сезіммен бұған да келіп бас изейді.

Шөпшілердің қошқар мен текені басынан сипап, арқаларынан қағып еркелетіп, жатқан қостарына ертіп әкелгенде, ондағы қалған шөпшілердің бірі:

— Ойбай-ау, мыналарың Ақшоқыдағы шал мен кемпірдің текесі мен қошқары ғой. Сорлылар шарқ ұрып, сұрау салып іздеп жүр, – дейді. Қошқар мен теке сол күні туып-өскен мекенінен қашып шыққалы бірінші рет қауіп-қатерсіз, алаңсыз рақаттанып ұйықтап еді.

Ертеңіне шөпшілер ауылға әкеліп екеуін де қойға қосып жібереді, артынан шал мен кемпірге жеткізіп береді. Шал теке тауып әкелген дәрі шөптен жазылып, бұлар бұрынғыша тыныш өмір сүре беріпті.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!