Ертегі: Бес ешкі
Бір күні азынап тұрған боранда бай бес ешкі мен қара тоқтыны, құла атты өз малынан бөліп, елсіз-күнсіз айдалаға айдап жібереді.
Ұли соққан боран, үскірік аяздан бүрсең қаққан бес ешкі бір тасқа келіп ықтайды да тасжарғанның бүршігін күрт-күрт шайнап тұра береді. Қара тоқты бишара оларға ере алмай, «Енді өлдім-ау» деп, маңырап тұрғанда, тап қасынан бір түп көкпек көрініпті. Көкпектің түбіне келіп, теуіп-теуіп кеңейтіп, бүрлерін бырт-бырт шайнап, жата беріпті.
Жал-құйрығына қар қатқан,
Қабағын қалың мұз жапқан,
Әрлі-берлі көп шапқан
құла ат қамыстың арасындағы бетін көбік қар жауып қалған бір құдыққа күмп етіп, түсіп кетіпті.
Оқыранып, осқырынып,
Қайшылап тігіп құлағын,
Жұлып жеп ернеу құрағын, күрт-күрт шайнап, о да тұра беріпті.
Сөйтіп, кедейдің бар малы ақ боранның астында, қараңғы түнде айдалада қалыпты.
Боранмен бірге құтырып, араны ашылған аш қасқыр жем іздеп келе жатып, қара тоқтының дәл үстінен түсіпті:
— Қара тоқты, қара тоқты, сені жеймін! – депті қасқыр.
— Ағатай, ағатай, мені жеме, ана жерде бес ешкі тұр, соны же, – депті тоқты.
— Жарайды, – депті де қасқыр аузын ақсита түсіп, бес ешкіге жетіп келіпті.
— Бес ешкі, бес ешкі, мен сендерді жеймін!
— Қасеке, қасеке, бізді жеме, ана жерде жалы құлағынан асқан құла ат құдыққа түсіп жатыр, соны же, – депті бес ешкі.
— Жарайды, – депті де қасқыр құлағын тікірейтіп, арқа жүнін сыртқа теуіп, құла атқа келіпті.
— Құла ат, құла ат, мен сені жеймін! – депті қасқыр.
— Сен қасқыр едің, мен ат едім. Ең болмаса, мені мына құдықтан шығарып алып, батпағымды тазарт, артыма шығып отыр да бір аят оқы, сонан соң же. Онсыз да өлгелі жатырмын ғой, – депті құла ат.
— Жарайды, – деп, қасқыр құла аттың құйрығынан мықтап тістейді де құдықтан шығарып алады. Аяғымен тырналап, батпағын тазалайды.
— Енді әрі қарап тұр да иманыңды айта бер. Мен Құранды келістіріп оқимын да келістіріп тұрып сені жеймін, – депті қасқыр.
Құла ат құлағын жымырып, артқы аяғын бауырына алыңқырап, тұра беріпті.
Иен дала, айсыз түн, азынаған боранда өзімнен басқа батыр жоқ деп даңғойсыған бөрі құла аттың артына шығып, шоқиып отырады да молдаларға ұқсап, екі көзін шарт жұмып, өзінше әндетіп, ұли бастайды.
Аңдып тұрған құла ат қырындай түсіп, көз тастап, артқы аяғымен дәлдеп тұрып қасқырдың шықшытынан періп кеп қалады.
Шықшыты сынып, екі көзі алдына ағып түскен қасқыр қылжиып жатып ұлиды:
Қара тоқтыны жемеген
Қобылан басым-ау, у… у…
Бес ешкіні жемеген
Бағылан басым-ау, у… у…
Құла атты құдықтан суырып алған
Палуан басым-ау, у… у…
Артына шығып, Құран оқып,
Көз жұмар молда ма едім? Ау… у…–
Осыны айтады да, қылжиып жатып өледі.
* * *
Ертеңіне таң атып, боран басылған соң, кедей бір төбенің басына келіп, былай деп, малдарын шақырыпты:
Қой баласы қоңырым,
Ұя бұзбас момыным,
Шопан ата түлігі —
Қошақаным, қайдасың?
Пұшайт!
Пұшайт!
Жүнін жұлса бақырған,
Ешкі атасын шақырған.
Өрісте өскен жануар –
Шөкетайым, қайдасың?
Шөре!
Шөре!
Жолға шықсам – көлігім,
Жапанда жүрсем – серігім,
Қамбар ата өсірген,
Құла атым менің, қайдасың?
Құрау!
Құрау!
Бұл дауысты естіген соң, құла аты қар бұзып, бес ешкі шұбап жол салып, қара тоқтыны соңдарынан ертіп, аман-есен иелерін тауыпты. Кедей малдарын әкеледі де жылы қораға кіргізіп, астарына жайлап көң төсейді, пішен мен жемге тойғызады. Олардың көрген-білгендерін сұрайды да әңгімеге әбден қанып алған соң:
— Сен неге басыңды сауғалап, бес ешкіні саудаға салдың? – деп, қара тоқтыға кінә қойыпты.
— Мүйізім болса өскен жоқ, буыным болса қатқан жоқ, өзім жалғыз әрі әлім келмейтін болған соң, солардан бір зауал болар деп, бес ешкіге жіберіп едім – деп, жауап беріпті қара тоқты.
— Сендер неге өз бастарыңды сауғалап, құла аттың басын саудаладыңдар? – депті бес ешкіге.
— Сіздің құла атпен талай рет қасқыр соққаныңызды білеміз. Сондықтан “ер қанаты — ат” еді ғой, бір зауал содан болар деп едік. Онымыз дәл келді, әйтпегенде, аш қасқыр бәрімізді де жеп қоятын еді, – депті ешкілер.