«Соңғы кезде асқынып барады»: Тоқаев Қазақстандағы тұрғын үй проблемасы туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне тұрғын үй мәселесіне қатысты шағымдар келіп түсетінін айтып, мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

«Менің атыма коммуналдық қызметтердің құны мен сапасы, тұрғын үй қорын басқару жөнінде көптеген өтініштер мен шағымдар келіп түседі. «Үй шаңырақ» пилоттық жобасын іске асыруда бұл мәселесі қалай жүріп жатыр?» — деп сұрады Тоқаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдан.

Скляр тұрғын үй қатынастары бойынша заң жобасына өзгерістер енгізілгенін айтты. Құжат қазіргі уақытта Сенаттың қарауында жатыр. 

«Кешенді мәселелер  дәл осы заң жобасында шешілетін болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша азаматтар арасындағы өзара қарым – қатынасты нақтылау көзделеді, яғни «бір үй – бір шот – бір бірлестік» қағидаты бойынша жоба құрылатын болады. Қоғамдық қатынастар осылайша реттеледі», — деді Скляр.

Сондай-ақ, Склярдың айтуынша бұл заң жобасында «Е-Шаңырақ» электрондық бағдарламасы қарастырылған. Қазір бағдарлама қазір пилоттық режимде жұмыс істейді. 

«Тұрғын үй мәселелерін сіз үнемі бақылауда ұстауыңыз керек. Тұрғын үй мәселесі мемлекетіміздің ең өзекті әлеуметтік мәселесі екенін түсінуіңіз керек. Соңғы уақытта қаншалықты асқынғанын көрдіңіз. Мұны шешу жолын ұсыныңыз», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы белгілі бір адамдар тарапынан тұрғын үйге қатысты талаптар барын, бірақ бұл мәселе өз шешімін таппай жатқанын айтты. 

«Бұл мәселелерді шешу үкіметке байланысты. Сіздің министрлігіңіз көп бейінді болған соң бірқатар мәселемен айналысады. Дегенмен тұрғын үй мәселесі министр мен Үкіметтің тұрақты қадағалаунда болуы тиіс», — деді Тоқаев.

stan.kz