Дипломдық жұмыс. Қазақ тарихында Әбілқайырдың алатын орны мен ролі

0

Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Тарих факультеті

Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасы

 

 

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

 

Қазақ тарихында Әбілқайырдың алатын орны мен ролі

МАЗМҰНЫ

 

Кіріспе……………………………………………………………………………………….3-10

 

1   Әбілқайыр ханның хандық билікке келуі және қолбасшылық,    

      дипломатиялық қызметі

 

1.1 Әбілқайырдың шығу тегі және оның хандық билікке келуі………………….11-22

1.2 Әбілқайыр ханның әскери қолбасшылық іс-әрекеттері………………………..22-27

1.3 Әбілқайыр ханның дипломатиялық қызметі………………………………………..27-34

 

2   Әбілқайыр ханның Кіші жүзді Ресейге қосу жолындағы ұстанған                    

     саясаты

 

2.1 Әбілқайыр ханның Ресейге қосылудағы саяси көзқарасы…………………….35-41

2.2 Әбілқайыр ханның орыс өкіметінің өкілдерімен қарым-қатынасы……….41-52

 

Қорытынды……………………………………………………………………………………………53-54

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі………………………………………………………………55-57

                          КІРІСПЕ

 

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ елі көп жылдар бойы бодандық құрсауында болып, енді егемендік алған тұста алдына әлемдегі өркениетті халықтар санатына қосылу мақсатын қойып отырған ұлт үшін өзінің өткенін білу, төл тарихынан тағылым алып, оның сабақтарын ескеру – болашақ мақсаттарға жеткізетін негізгі фактор. Қазақстанның ХVШ-ХІХ ғасырлардағы тарихы бірқатар объективті себептерге байланысты жеткілікті зерттелмей келгені белгілі. Осы кезеңдегі тарихи өткенімізді зерделеуге Қазақстанның отарлық тәуелділікте болуы да зиянды әсер еткені сөзсіз. Сол сияқты қазақтардың мемлекеттілігі туралы қолда бар тарихи жазбалар ең алдымен кеңестік кезеңдегі негізінен номадтық (көшпенділік) стереотиптерге құрылған болатын.

         Тарихтың өзекті арнасы — жеке тұлғалардың, тарихи қайраткерлердің туған еліне, халқына сіңірген еңбегін қоғамдық-саяси және әлеуметтік тұрғыдан зерттеу болып табылады. Жеке тарихи тұлғалардың өзінің азаматтық құқығының сақталуы, оның қайраткер ретінде қалыптасу мәселелеріне көп көңіл бөлінуі тиіс.

Халқының жадында, тарихтың сарғайған құжаттарға толы қойнауында есімі де, қызметі де сақталған, сол заманда жасаған ерлік істері бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналып отырған қазақ жерінің ардақты тұлғалары аз емес. Шындығында ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу — қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың қария сөздерінде, яғни шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады.

Мемлекеттік билік кімнің қолында болатыны қоғам үшін өте маңызды. Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей, ұлт маңдайының бағына біткен Қасым, Есім, Тәуке, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандар елдің іргесін бекемдеп, шаңырағын нығайту жолындағы алмағайып заманның қиын-қыстау сәттерінде ұдайы жеке бастарының қадір-қасиеттері мен үлгі өнеге бола білді.

Әбілқайыр — қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлғалардың бірі.

Әбілқайыр Қажысұлтанұлы сияқты ірі саяси тұлғаның қызметі кеңестік тарихымызда жалаң, бір жақты баяндалды. Оған дәлел кеңестік жүйенің алғашқы жылдарында оны тарихшылар «сатқын», «авантюрист» деп жөнсіз айыптаса, ал Кеңес үкіметінің кейінгі жылдарында «дана билеуші», «ұлы орыс халқына өз еркімен қосылудың негізгі ұйытқысы» деп асыра мадақтады. Демек, бұндай жағдай аталған тақырыпты шынайы, сындарлы, яғни жаңаша зерттеу қажеттігін айқындай түседі.

Қайткенде де, өз заманының перзенті Әбілқайыр Шығыс халықтарының тарихында ірі саясаткер, мемлекет қайраткері, күшті әскери қолбасшы ретінде елеулі орын алды.

Халқының қиын-қыстау тарихында дипломат-мәмілегер, данышпан қолбасшы өз ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салысқан ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды.

Бүгінде Қазақстан тәуелсіз ел атанып, өзінің тарихын жаңаша көзқараспен жазып жатқанда, оларды бұрынғы қате, сыңаржақ пікірлерден арылтуымыз қажет.

Зерттеу тақырыбын өзекті ете түсетін тағы бір нәрсе — ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандығының сыртқы саясатына байланысты жазылған әртүрлі құжаттар мен хаттарға Кіші жүз ханы саясатын зерттемейінше баға беру қиын. Көрші елдермен арадағы маңызы зор мұндай дипломатиялық құжаттарға сол замандағы басқа хан-сұлтандармен салыстырғанда көбіне-көп Әбілқайыр хан қол қойып отырған. Ал Кіші жүз ханы дипломатиясын зерттемей, жоғарыда аталған ресми құжаттарды білу мүмкін емес. Мұның өзі ХVІІІ ғасырдың 20-40 жылдарының қоғамдық-саяси астарларын, әсіресе тарихшы-ғалымдардың мұқият зерттеуін қажет етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өз Жарлығымен 1998 жылды «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы» деп, ал 1999 жылды «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп және 2001 жылды «Тәуелсіздік жылы» деп жариялауы еліміздің өткеніне, қазақ мемлекеттілігінің тарихын ашуға, оның ішінде қазақ хандарының ел тарихында алатын ролінің ғылыми тұрғыда кеңінен жазылуына, халыққа оның тарихи зердесін қайтарып беруге септігін тигізері сөзсіз. Дегенмен де елбасының өзі айтқандай «тарих дегеніміз тек өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі, айғағы» /1/.

         Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазіргі таңда Әбілқайырдың қайшылығы мол күрделі тарихи тұлғасы толық зерттелді деп айту қиын. Кіші жүз ханы туралы көптеген мәселелер түбегейлі, байыпты зерттеуді талап етеді. Сонымен Әбілқайыртанудағы өзекті мәселелерді зерттеуді ғалымдар енді ғана шын мәнінде қолға ала бастағанын айта кеткіміз келеді. Алайда, қазір біз оқып жүрген тарихнамада ғылыми дәлелденбеген, нақты дерекке емес, болжамға сүйеніп жазылған тұстар аз емес екені туралы пікірлер айтылуда. Бұл мәселеге байланысты әр кезеңде әр түрлі тұжырым айтылып келді.

                   ХVІІІ ғасырдың I жартысындағы қазақ-орыс қатынастары жөнінде бұл мәселе бойынша біршама қарастырып өткен орыс авторлары болды. ХVІІІ ғасырдағы және XX ғасырдың басындағы орыс авторларының ерекшелігі -ғылыми экспедициялар мен қызмет бабындағы сапарлар кезінде ауқымды мәселелер бойынша материалдар жинады, сонымен бірге тарих, мәдениет, этнография, география және т.б. қамтылды. Бұл авторлар Қазақстанның ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қоғамдық-саяси дамуының ерекшелігімен жақсы таныс болғандықтан өздерінің еңбектерінде Әбілқайыр ханға көптеген беттер арнаған. Алайда бұл авторлар өз заманының адамдары болды және олардың көзқарастары сол уақытқа, идеологияға тән ықпалдардан азат емес еді.      Әбілқайыр хан саясатына берілген бағалар зерттеушінің қай тапқа жататыны тұрғысынан айқындалды. Қандай жағдайда болсын, казақ халқының шынайы тарихын жасау үшін олардың еңбектерін зерттеу және талдау қажет. Алғашқы орыс зерттеушілерінің қатарына П.И.Рычковтың /2/, А.И.Левшиннің/3/, В.АМоисеевтің/4/, В.Н.Витевскийдің /5/, А.И.Добросмысловтың /6/,  А.И.Макшеевтің /7/ еңбектері жатады.

Жоғарыда айтылған Кіші жүз ханы жайлы қалам тартқан ізденушілер мен зерттеушілердің көпшілігі патша үкіметінің отарлау саясатын ақтауға, керісінше, Әбілқайыр ханның саясатын жағымсыз жағынан түсіндіруге тырысқан.

Орыс Географиялық Қоғамының негізін қалаушылардың бірі А.И.Левшин Орынбор комиссиясында дипломатиялық қызметте жүрген кезінде қазақтардың тарихына қатысты материалдар жинаған. Өзінің қомақты еңбегінің екінші бөлімінде автор Қазақстанның Ресей құрамына кіру тарихын айта келе, оның себептеріне мейлінше терең үңіліп, Әбілқайыр хан туралы да деректер келтіреді. Автордың ойы бойынша, қазақтың бірден-бір қорғанышы, қауіпсіздігі мен ішкі тыныштығының кепілі тек Ресей ғана бола алады. Кіші жүздің және Орта жүздің кейбір руларының Ресей бодандығына өз еріктерімен кіргенін дәлелдей келе, А.И.Левшин олардың бұл қадамы «сәті түскен кезде қайтадан тәуелсіздікке оралуға нақты шешім қабылдау» жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар А.И.Левшин бұл бодандықты Әбілқайырдың жеке басы еркінің және «қуатты елдің қорғаушылығымен күшеюге» үміт артқан басқа да халықтың «әкімқұмар бастықтарының» дәмеленушілік көрінісі деп қарауға да бейім тұрғанын атап өтуіміз қажет.

Төңкеріске дейінгі орыс тарихнамасының ірі өкілдерінің бірі А.И.Левшиннің Кіші жүз ханы хақындағы түйіні төмендегідей: «Әбілқайыр Кіші жүздің ханы болғанымен, Орта жүздің де кейбір руларына билігін жүргізді. Елінің жағдайын ойлай отырып, билігінің өктем болуына назар аударды. Жауларын жеңіп өз билігін нығайта түсу үшін бар мүмкіндігін толық пайдаланды» /3/.

Қазақ жерлерінің Ресей құрамына қосылу дәуірін біршама толық зерттеген А.И.Добросмыслов: «Самый сильным, предпримчивым и энергичным из ханов казахских орд, начале второй четверти ХVІІІ столетия был ближной наш сосед хан Малой Орды Абулхаир» /6/, — деген байлам жасайды.

Патшалық Ресейдің жоғары лауазымды шенеунігі әрі тарихшы А.И.Макшеев былай деп жазады: «Мемлекет шекарасы сыртындағы қырғыздар (қазақтар) бұрынғысьнша тәуелсіз болып қала берді, ешқандай алым-салық төлемей, Ресей алдында міндет атқармады» /7/.

Кіші жүз ханын көзімен көріп, жүзбе-жүз кездескен орыс шенеуніктері де, ханның жеке басының қасиеттерін жоғары бағалаған. Оған дәлел, Орынбор экспедициясының бастығы И.Кириллов: «Әбілқайыр хан барлық қазақ — қайсақ хандарының ішіндегі атақтысы және ақылдысы…» /8/ десе, ханмен етене жақын болған орыс елшісі М.Тевкелевтің: «Әбілқайыр хан жетерліктей ақылды және қулығы да бар адам… оның ұлы мәртебелі императорға бодан болу ниеті лажсыздан туып отыр» деген мінездемесімен толық келісуге болады. XIX ғасырдың басындағы ірі қоғам қайраткерлері сапынан орын алатын қазақ зиялылары да өз еңбектерінде аталмыш мәселеге назар аударған. Олар: Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедұлы, Ғ.Мұсағалиев, Қ.Кемеңгерүлы т.б. Бұл авторлардың шығармашылық мұралары олардьң ой-өрісінің кең екенін және Қазақстанның Ресейге қосылуын, соған сәйкес Әбілқайыр саясатын басқаша тұрғыдан бағалайтынын көрсетеді. Біз бұл еңбектердің қазақтарды отарлаудың зақымдары мен зардаптары көзге ұрып тұрған кезде жазылғанын ескеруіміз керек.  Осы орайда Ғабдулғазиз Мұсағалиев өз пікірін былайша білдіреді: «… Әбілқайыр хан халық пайдасы үстіне өзінің құмар болған дәреже, лауазымын русь қол астына кіріп, сақтауды амид етті. Сол ниет, сол амидпенен ол русь қол астына кіруді қуаттайды, һәмде қазақтардың бастан русьқа бағынуына себепші болды… Оның русьқа бағыну пікіріне көбісі қарсы келді… Сонда да хан көптің ризалығын күтіп тұрмады, өзіне ерген кісілермен русь қол астына кіруге қарар берді» /9/.

Автор пікірі бір қырынан қарағанда Кіші жүз ханын сынағандай көрінгенімен, екінші жағынан кейбір пікірлері шындыққа жанасады.

Әбілқайырдың Ресей әкімшілігіне сүйеніп, өзінің саяси қарсыластарының позициясын әлсіретуге, жеке билік жүргізу үшін күресте өзінің потенциалды бақталастарынан асып түсуге үміт артқан пайдакүнемдік мүддесі болғандығын қазіргі кәсіби тарихшылар да растайды. Ғ.Мұсағалиев бодандықтың мәнін Әбілқайыр шығыс дәстүрінде түсінгенін атап өткен. Десек те, ХVШ ғасырдың I жартысындағы әскери-саяси оқиғаларда басты рөл атқарған, сол үшін маңындағылардың жаулық, қастандықтарына ұшыраған, халық болашағы мен жеке мүддесі дәуір ағымының беталысына қарай ойламаған тұста келісім тауып, өзара жарасып кеткен Әбілқайыр тұлғасын автор біржақты бағалаған.

Әбілқайыр ханның ұстанған түпкі саяси мақсатын Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуден шыққан «Қазақ тарихы» атты кітабында былайша түсіндіреді: 1) Күшті Ресейге арқа тіреп Хиуалықты, Қарақалпақты бағындырамын, үш жүзге үлкен хан боламын; 2) Тақты мұралы қыламьн; 3) Қол-аяқты жинап алған соң, Ресейден бөлініп кетемін, деп ойлады. Соңғы пікірімен толқыған халықты да иландырды….

Профессор Халел Досмұхамедұлының көлемді алғысөз жазып, 1925 жылы Ташкент қаласында араб қарпімен жарық көрген «Исатай-Махамбет» деп аталатын еңбегінің күні бүгінге дейін мәнін жоймаған тұстары бар. Әбілқайыр саясатына берілген автордың бағасы мен ханның жеке басының қасиетін айқындауда автор көзқарасында қайшылық орын алады /10/.

«… Ұлы хан болғысы келген хандар көбейді. Әбілқайыр, Қайып, Сәмеке ұлы хан болғысы келіп қатар шықты. Бұлардың қайсысы да бір ауыздан елді тегіс соңына ерте алмады. Әбілқайырға елді қорқытьп алып хан болудан басқа жол қалмады. Елді қорқыту үшін Әбілқайыр орыс патшасына бағынбақшы болды» деп бір жазып кетсе, ханның өзін «Әбілқайыр айбарлы хан болды…» дейді.

1903 жылы Әлихан Бөкейхановтың «қазақтарды жау жағадан алып, бөрі етектен тартып орыс билігін мойындауға мәжбүр етті» /11/ деген тұжырым келтіреді.

XX ғасырдың 30-жылдарының ортасы мен 80-жылдардың басында қазақ халқының бастан кешіргенін зерттеуге маркстік-лениндік идеологияны меңгерген және дворяндық-буржуазиялық тарихнамаға белсенді түрде қарсылық білдіретін кәсіби тарихшылар кірісті. Ресей империясының бұрынғы отарларының ұлттық тарихына деген ынталылық кең етек алды.

В.Лебедевтің, В.Ф.Шахматовтың, П.Г.Галузоның, С.Д.Асфендияровтың, М.Тынышпаевтың, Ғ.Тоғжановтың еңбектерінде, негізінен Ресейдің жаулап алу саясатының зардаптары айтылды. Жалпы алғанда Қазақстанның Ресей құрамына кіру тарихы да ұзақ. Сол сияқты оған берілер баға да әрқилы. Әуел баста ол Әбілқайыр ханның орыс патшасының алдына Ресейге қосылу мәселесін қоюынан басталды десе де болғандай. Өйткені, империя құрамына кірудің мәні бастапқыда бұл мәселеге орыс елін билеушілердің көзқарасынан мүлдем бөлек еді. Аталған мәселеге XX ғасырда жоғарыда айтылған авторлардан басқа М.П.Вяткин, Е.Б.Бекмаханов, Н.Г.Аполлова, Н.Бекмаханова, Д.И.Дулатова, Ж.Қ.Қасымбаев, А.Сабырханов, Б.С.Сүлейменов, В.Я.Басин, П.Е.Матвиевский, В.А.Моисеев, Н.К.Мұқитанов, Б.А.Төлепбаев /19/  және басқа ғалымдар елеулі үлес қосты.

30 жылдары патшалық Ресейдің отарлау тарихын біршама объективті түрде жазып, қазақ жерін казак отаршылдарының тартып алуы, Орта Азия және Қазақстан жерінің Ресей империясының шикізат көзіне айналуы, Түркістан аймағы патшалық Ресейдін отары болғандығы жайында П.Г.Галузо өзінің зерттеуінде кең тоқталады. Сонымен қатар, онда патша өкіметі халықтарды бір-біріне айдап салып өшіктіру саясатын көздеп келгендігін де дәлелдей көрсеткен.

40-50 жылдары бұл мәселені  зерттеуге профессор М.П.Вяткин де зор үлес қосты. Ол қазақтардың бодандығына баға беру осы оқиға өріс алған тарихи жағдайдан туындау керек дегенді айтты. Оның ойынша осы қағидадан шығып кету «абсолюттік қорлау» терминінің пайда болуына әсерін тигізді. Зерттеуші ХVIII ғасырдың 30-40-жылдары қазақ жүздерінің алдында не Ресейге, не Жоңғарға бодан болуды таңдау қажеттілігі тұрды, олардың қайсысын таңдаса да, саяси тәуелсіздіктен айырылуға әкеліп соғады, бірақ Ресейге бодан болу «қорлықтың жеңілдеу түрі», өйткені ол өркендеуге жағдай жасайды деп көрсетті. Автор «өз еркімен қосылды» деп айтатын ұлы орыстық шовинизммен, тарихшылармен келіспейді, бірақ оған қарама-қайшы «… қазақтардың орыс бодандығын қабылдауы жаулап алудың нәтижесі болып табылды; оның бастапқы кезде… мүлдем жаулап алу болмай, «қара» және «ақ» сүйек шонжарларының халық бұқарасының еркіне қарсы патша үкіметі арасындағы одақ екенін жоғарыда көргенбіз» деген пікірді де қолдамайды. Түптеп келгенде оның ойынша, «Әбілқайырды патша үкіметінен қорғаныш» таңдауға жағдайдың өзі мәжбүр етті /12/.

1948 жылы Қазақстанның Ресейге қосылуьн қазақ халқының тарихындағы прогрессивтік жағдай деп бағалайтын Н.Г. Аполлованың «Присоединение Казахстана к России в 30-х годах ХVІІІ века» монографиясы жарық көрді. Әртүрлі деректерді мол пайдалануы жағынан, қарастырылған мәселелердің аумақтылығына қарай осы автордың біз пайдаланған еңбегінің ғылыми құндылығы зор. Онда бұл қосылу нақты тарихи жағдайда, Әбілқайыр ханның шаруашылық және саяси есеп — қисабынан туындады делінген. Автор: «Қазақ хандары ХVІІІ ғасырдың басынан сыртқы саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Тәукеден бастап Әбілқайырға дейін Ресеймен бейбіт қарым-қатынасты нығайту үшін қам жасады» дей келе, «көпшіліктің Ресей бодандығына қарсы болуы жасалған келісім-шартқа наразы болуының бірден-бір себебі, хан бұл мәселені шешуде өз билігін тым жоғарылатып жіберді. Ханның бұл қадамын старшина мен билер бабаларынан келе жатқан әдет-ғұрыптарды бұзғандық деп түсініп, өздерінің хандықтағы саяси биліктерін аяққа таптады деп түсінді» деген болатын /13/

Қазақ халқыньң аса ірі тарихшысы Е.Бекмаханов осы кезең туралы құнды еңбектердің авторы. Ол: «Кіші жүздің қазақтары өздерінің көреген ханы Әбілқайырдың бастауымен 1730 жылы ерікті түрде орыстарға бодан болғаны мәлім. Мұның өзі сыртқы және ішкі себептерден туған қажеттілік болды; ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарында жоңғар жаулап алушылары тарапынан қанауға түсудің қаупі төнген. Әбілқайыр бастаған қазақтар өздерінің қуатты көршісі — Ресейден әскери көмек сұрады. Сонымен бірге орыстарға бодан болуға қазақтарды империямен экономикалық және сауда байланыстары да итермеледі. Бодандықтың шарттары бойынша қазақтар өздері тұрып жатқан мекенін және мемлекеттік дербестігін сақтап қалды» /14/ , — деп жазады.

Шетел тарихшылары да өз еңбектерінде осы мәселеге көңіл аударып, еңбектер жариялаған. Бұл жөнінде тарихшы — ғалым К.Л.Есмағамбетов ХІХ-ХХ ғасырдың өн бойында батыс елдерінде жинақталған қазақтар туралы тарихи-этнологиялық сипаттағы сан алуан материалдарды жинақтай отырып, сол кезеңдегі Батыс елдерінің біраз ғалымдарының, әсіресе Ю.Скайлердің, А.Боджердің, М.Б.Олкоттың өз еңбектерінде Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылу себептеріне, бұл орайда Әбілқайыр ханның атқарған роліне назар аударғандығын көрсетіп берді /15/.

Суонси университеті колледжінің (Англия) оқытушысы Алан Боджер өзінің «Кіші жүз ханы Әбілқайыр және оның 1731 жылы қазандағы Ресейге бодан болу туралы анты» деп аталатын еңбегінде бұл мәселе туралы; «Қазақ халқы орыс боданы болуды қалады» деген жорамал шындыққа жатпайды. Әбілқайыр өзінің іс-әрекеттерінде жеке басының мүддесін — саяси мақсатты көздеді, бір сөзбен айтқанда, ол да орыстан көмек алуға тырысты, бірақ орыспен қосылғысы келмеді» дейді /40/.

Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» ашуға жергілікті тарихшылар да араласа бастады. Бұл мәселені тарихи танымдық жағымен де, ғылыми құндылығымен де ерекше, көптеген тарихнамалық, методологиялық мәселелерді алға тартып, ХVШ-ХІХ ғасырлардағы казақ тарихын зерттеушілерге тың серпін беріп отырған көрнекті тарихшыларымыз М.Қ.Қозыбаевтың,Ж.Қ.Қасымбаевтың, И.В.Ерофееваның тарихи зерттеулерінің орны айрықша.

Академик М.Қ.Қозыбаев «История России есть история страны, которая колонизуется» мақаласында Қазақстанның Ресей құрамына кіруі туралы өз пікірін келтіреді. Ғалым Қазақстанды басып алу стратегиясы сонау I Петр кезінде айқындалып, одан кейінгі уақытта түпкілікті рәсімделгенін көрсетеді. Әбілқайыр ханның Ресейге тәнті болуы «ұлтты сақтап қалу үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында» қазақтардың империя билігін мойындауға мәжбүрлікті қалыптастырған тарихи жағдай деп түсіндіреді /16/.

Осыған сәйкес тақырыпқа тікелей қатысты ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының саяси өміріндегі Әбілқайыр ханның орны, Кіші жүздегі ХVШ-ХІХ ғасырларда қалыптасқан саяси-құрылыс пен экономикалқ дамудағы өзгерістер, Кіші жүзді мекендеген ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы халықтардың этникалық құрамы туралы мәліметтер Т.З.Рысбековтың /17/, Б.Қ.Бірімжаровтың /18/, А.М Абдилдабекованың /19/, С.Өтениязовтың /20/,  М.Ж.Абдіровтың /21/, М.С.Мәшімбаевтің /22/, А.Исин /23/ еңбектерінде жан-жақты қарастырылғандығын айтып кету қажет. Мәселен, тарихшы М.С.Мәшімбаев Әбілқайыр тұлғасының біздің өлкемізге тікелей қатынасты болғандығын баяндай келіп, оны батырлығы мен өркөкіректігі, ақылдылығы мен билікқұмарлығы, саясатшылығы мен бірбеткейлігі астасқан қайшылығы мол тарихи күрделі тұлға ретінде бағалайды /12/.

Сондай-ақ республика баспасөз беттерінде осы тақырыптың әр мәселесін толықтыратын, дербес мемлекеттің өткен кезеңін көрсететін мақалалар жарық көрді .

Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі, Қазақстанның Ресейге қосылуы хақында бүгінге дейін ірілі-уақты бірнеше шығармалар жарық көрді. І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Т.Ахтанов, Қ.Бекхожин, А.Сергеев, С.Сматаев, М. Есламғалиұлы, Қ.Салғараұлы, Қ.Жұмаділ секілді жазушыларымыздың шығармалары бұл тақырыпты едәуір тұсқа дейін тереңдетіп дамыта түсті. Бұл мәселе жөнінде тарихи проза саласындағы шығармалардың ішінде белгілі жазушы Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты романдары, Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз» /48/ шығармасының орны оқшау тұр.

Ерекше атап өтерлік мәселе, шығармада жер-су аттары, қазақтың аңыз әңгімелері түгелдей тарихи шындыққа сай келтірілгені. Автордың архивтердегі тарихи құжаттарды зерттегені, қажетіне қарай сұрыптап пайдаланғаны көрініп түр. Романда, жалқы жүріп жол бағып, іштен тынып, ой бағып дағдыланып қалған Әбілқайыр қанша бой тасалап, алыс мұратына бопсалап қана көз салғанымен, іске де, сөзге де мығым, ағалық жол басқаныкі болғанымен, ойының саралығы ісінің даралығы жағынан өзге сұлтандардан әлдеқайда үстем, биік екені көрінеді. Шығармада Әбілқайыр ханның образы сәтті шыққан десек бұл асыра сілтеушілік емес.

Жұмыстың деректік негізі. Диплом жұмысының дерек көзі ретінде Кіші жүздің Ресейге қосылуы қарсаңындағы қазақтардың экономикасы, саяси құрылымы мен тұрмыс-тіршілігін зерттеуде А.И.Тевкелев күнделігінің орны ерекше /8/. Күнделік 1731 жылдың 3 қазанынан 1733 жылдың 14 қаңтарына дейінгі аралықты қамтиды. Оның тағы бір құндылығы автордың қазақ тілін жетік білетіндігі мен қазақтар арасында екі жылдан астам уақыт болғандығында. Күнделікті мұқият зерттеу Қазақстан тарихнамасындағы кейбір күрделі мәселелерді шешуге; Әбілқайырдың Ресей қол астына өтуге ұмтылуының себептерін айқындауға септігін тигізеді. Тевкелев ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ хандығының көрші елдермен арадағы саяси жағдайының аса шиеленіскенін атап көрсетеді. Көршілес мемлекеттермен арада болып отырған жиі-жиі әскери қақтығыстар халық өміріне олардың тұрмысына елеулі нұқсан келтірді. А.И.Тевкелев жазбаларынан Әбілқайырдың Ресейдің қол астына өту арқылы Ресеймен және бодандарымен бейбіт қарым-қатынас орнатуды көздегенін аңғару қиын емес.

Күнделік кемшіліктерінің бірі — оның әлеуметтік жағынан сыңаржақтылығы. Онда феодал, сұлтан мен хандардың қызметі туралы мол мәліметтер келтірілгенімен, қарапайым халықтың өмірі мен тұрмысы жайлы деректер жоқтың қасы деуге болады.

Тұтас алғанда, А.И.Тевкелевтің халыққа сұрау жүргізу арқылы және қазақтармен тікелей араласуы негізінде жинақталған деректері ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ даласы солтүстік-батыс өлкесінің тарихы жөніндегі аса құнды мәліметтер болып табылады. Алайда, патша әмірін орындаушы А.И.Тевкелевтің консервативті саяси көзқарастағы адам болғанын да ұмытпаған абзал. Сондықтан да ол тарихнамалық мәліметтерді ғылыми мақсатқа емес, негізінен отаршылдық саясатты негіздеуге пайдаланды. Қалай болғанда да патша жансызы Тевкелевтің көптеген құжаттарын талдау Әбілқайыр хан саясатын айқындай түсуге көмектесері сөзсіз.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеуіміздің мақсаты ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Әбілқайыр ханның саяси-мәмілегерлік қызметінің негізгі бағыттарын айқындай отырып, оның қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы ұлттық мемлекетіміздің сыртқы халықаралық саясатымен астасып жатқандығын дәлелдеу. Сондықтан, осы мәселелерді шешу барысында мынадай міндеттерді назарға алдық:

  • Кіші Жүз ханы ретінде Әбілқайыр ханның билікке келуін;
  • Сол кезеңде елінің, жерінің тұтастығы үшін күрескен Әбілқайыр ханның қолбасшылық қызметін;
  • ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қалыптасқан күрделі саяси                  ахуалды   Әбілқайырдың   саяси-мәмілегер   ретінде   ұғынғандығын
    дәйектеу және оның сол замандағы тарих сахнасына көтерілген ірі
    саяси тұлға екенін пайымдау;
  • Кіші жүздің Ресейге қосылуының алғы шарттарын анықтау арқылы
    Әбілқайырдың саяси  тұрақтылықты  сақтау  жолындағы  қызметін
    дәлелдеу және Кіші жүз ханының орыс отаршылдығына қарсы
    жүргізген саяси күресінің мәнін ашу;
  • Өзінің билік етіп отырған кезеңдегі Әбілқайыр ханның орыс өкіметінің арасындағы қарым-қатынасын көрсету;

Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері. ХVІІІ ғасырдың басынан осы ғасырдың 40-жылдарының соңына дейінгі қазақ даласындағы Кіші жүз ханының күрделі, қарама-қайшы саясат жүргізу шараларының маңызды кезеңін қарастыруды қамтиды.

     Жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, бес тармақшадан тұратын екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

            1      Әбілқайыр ханның  хандық билікке келуі және қолбасшылық,                      дипломатиялық қызметі

           1.1    Әбілқайырдың шығу тегі және оның хандық билікке келуі

 

Қазіргі тарих ғылымында қазақ хандары жан-жақты зерттелуде. Тәуелсіздікке қол жеткізуімізге байланысты тарихи таным арнасына жаңадан игеріле бастаған отандық және шетелдік жазба деректер тартылуда.

Әбілқайыр ханның Қазақстанның саяси тарихындағы орны туралы талас-пікірлер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әбілқайыр ханға объективті бағаны XVIII ғасырдың 20-40-шы жылдар аралығындағы тарихи жағдайларды қарастыра отырып, анықтауға болады.

Әбілқайыр ханның шежіресіне тоқталатын болсақ, оған қатысты көптеген ғылыми зерттеулерде әртүрлі шежіре кестелері кездеседі. Әрине, шежіре кестелерінде айырмашылықтар бар. Адам есімдерінің әртүрлі жазылуында, орындарының ауысуында немесе жаңа бір есімнің кездесуінде. Кейбір шежірелерде Әбілқайыр хан Өсеке ұрпағынан емес Қасым хан ұрпағынан шыққан деседі. Яғни, Шыңғыс хан — Жошы — Тоқайтемір — Өз темір — Қожа — Бадақұл — Арыс хан — Құйыршық хан — Барақ хан — Абусағид хан /Әз Жәнібек деп те аталған/. Әз Жәнібектің балалары Иранчы, Махмұт, Қасым хан, Айтек, Жаныс, Қамбар, Тәтіш, Үсек, Жәдік. Қасым ханнан — Шығай — Тәуекел хан — Есім хан — Жаһангер хан /Салқам Жәңгір/ — әз Тәуке хан — Әбілқайыр хан мен Болат хан. Ал, Болат ханнан Сәмеке, Әбілмәмбет тараған. Дәл осылар Ақтабан шұбырындыда Ұлы жүзде Әбілмәмбет хан, Орта жүзде Сәмеке хан, Кіші жүзде Әбілқайыр хан еді /24/.        Қазіргі кезде ғылыми айналымға енбей келе жатқан қазақ хандарының шығу тегі мәселесін Б.Кәрібаев өз еңбектерінде ғылыми тұрғыда қарастырып, қазақ хандарының генеологиясын Жошының кенже ұлы Тұқай-Темірден емес, Орда Еженнен таратады. Сондай-ақ Берекет Бақытжанұлы өзінің еңбегінде XIX ғасырдың I ширегіне дейін өмір сүрген қазақ хандарының бәрі Жәнібектің ұрпақтары деген тұжырым жасайды /25/.

 

Скачать