Дипломдық жұмыс. А. Байтұрсынов бастаған алаш зиялыларының әліпбиді өзгертуге қарсы күресі
+Дип. А. Байтұрсынов бастаған алаш зиялыларының әліпбиді өзгертуге қарсы күресі
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
А. БАЙТҰРСЫНОВ БАСТАҒАН АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ӘЛІПБИДІ ӨЗГЕРТУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСІ
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ …………………………………………………………………………………………………. 3
- ХХ Ғ. БАСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА ЛАТЫН АЛФАВИТІНЕ КӨШУ ИДЕЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
- 1 «Күншығыстағы мәдени революция» немесе алфавитті өзгерту саясатының мақсаттары ……………………………………………………………………………..
- 2 «Жаңа әліппешілер қоғамы» мен Жаңа қазақ әліпбиі комитетінің құрылуы…………………………………………………………………………………………..
- 3 Латыншылардың әліпби жобалары ……………………………………………………..
- А. БАЙТҰРСЫНОВ БАСТАҒАН АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ӘЛІПБИДІ ӨЗГЕРТУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСІ
2.1 А. Байтұрсыновтың қазақ емлесін дамытуға қосқан үлесі …………………………………………………………………………………………………………………
2.2 Арабшылардың араб графикасының артықшылықтары туралы пікірлері …………………………………………………………………………………………………………………
2.3 Баку съезі және латын әліпбиінің ендірілуі ………………………………………….
ҚОРЫТЫНДЫ ………………………………………………………………………………………
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ……………………………………………..
КІРІСПЕ
Диплом жұмысының өзектілігі. Кез-келген халықтың ұлттық рухани мәдениеті мен тарихында жазу мен емленің айрықша орын алатыны белгілі. Ұзақ мерзімді тарихи үрдістер нәтижесінде қалыптасып, материалдық және рухани құндылықтарды бейнелеуші және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші ата мұрасы ретіндегі жазу таңбаларының өзгеру тарихы назар аударатын өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістерден рухани сала да шет қалмады. Руханияттың көзі – ағарту ісі үлкен маңызға ие болғандықтан кеңес өкіметі халықты жаппай сауаттандыру және білім беру жүйесіне реформалар жасады. Қазақ алфавитін ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылып, Қазақстанда Ұлы Отан соғысына дейінгі он екі жыл ішінде алфавит екі рет өзгертілді. 1928-30 жж. Латын алфавиті араб графикасының негізінде жасалған дәстүрлі қазақ алфавитін ауыстырса, 1940 ж. жазу кириллицаға көшірілді.
ХХ ғасырдың 20-30 жж. қызу айтысқа айналып, аз ғана уақыт ішінде өзгертуге ықпал еткен кеңес үкіметінің өктемдік саяясатының мақсаты мен себептері, және осы саясатқа қарсы күрескен А. Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларының пікірлері мен дәлелдерін, төл әліпбиді сақтап қалу барысында жүзеге асырған іс-шаралары туралы әлі күнге дейін ғылыми зерттеулер жүргізілген жоқ. Тақырып аясындағы ХХғ. 20-30 жж. қазақ зиялыларының екі түрлі позиция ұстануы, латын әрпін ендіру саясатының бастау алуы, алаш зиялыларының араб әліпбиінің артықшылықтарын дәлелдеу себептері, А. Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен латын алфавитінің қажеттілігі дәрежесін айқындау т.б. мәселелер толық зерттелмеген және объективті баға берілмеген ақтаңдақтар қатарында қалып отыр. Осы мәселенің көлеңке тұстарын анықтау және сол арқылы ХХ ғ. бірінші жартысындағы қазақ қоғамының саяси-мәдени ахуалы мен Алаш зиялыларының ұлттық көзқарасы, идеологиялық ұстанымдарын жан-жақты зерттеу, тану қажеттілігі туып отыр. ХХІ ғасырдағы тәуелсіз қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен рухани, елдік идеясын дәріптеуде Алаш қайраткерлерінің өнегесі мен мұрасының маңызы зор болып табылады.
Диплом жұмысының деректік қоры. Зерттеу жұмысында ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатындағы 81, 83, 141, 740, 929, 1692 қорларындағы 1, 2, 231, 244, 307, 309 істер/1/ қаралды. Және осы мәселеге қатысты ҚР Президенті мұрағатының 141 қорындағы 336, 915, 1560,/2/ негізгі дерек көздері болып табылады. Бұл құжаттарда 1924ж. Орынбор съезіндегі А. Байтұрсыновтың, Н. Төреқұловтың баяндамалары, 1926ж. Баку съезінің құжаттары, латыншылар мен арабшылардың пікірталасы, Жаңа Алфавит Қоғамының Қаулысы т.б. маңызды деректер мен мақалалар бар. Және тақырыпты зерттеуде А. Байтұрсынов еңбектері /3/ де қарастырылды.
Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Бұл мәселеге қатысты толыққанды жүргізілген ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. А. Байтұрсыновтың қазақ емлесі мен тіл ғылымына қосқан үлесі туралы бірқатар филологиялық зерттеулер мен мақалалар жарық көрді/4/. Әліпби тарихына байланысты М. Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды»/5/ еңбегінде отаршылдық саясаттың кейбір тұстары анық көрсетілді. Тақырыпқа қатысты жазба жұмыстарының көпшілігі мақала түрінде кездеседі. Әсіресе, 2000ж. латын алфавитіне көшу идеясының көтерілуімен байланысты ғылыми жариялымдар мен баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жарық көрді. Атап айтқанда З. Ижанов/6/, Д. Қамзабекұлының/7/ мақалаларында ХХ ғ. 20-30 жж. әліпби айтысы мәселесі мұрағат деректері негізінде зерттелді. А. Байтұрсынов пен алаш зиялыларының күресі туралы А. Б. Салқынбай/8/, Ш. Б. Нұрманова/9/, Ж. А. Арықбаева/10/, Б. Әбілқасымов/11/ т.б. авторлардың мақалалары жарық көрді. Дегенмен А. Байтұрсынов және оның жақтастарының араб әліпбиін сақтап қалуға тырысқан іс-шаралары тарихи тұрғыдан толық түбегейлі зерттелген жоқ.
Диплом жұмысының мақсат-міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – ХХ ғ. басындағы зиялылардың әліпби айтысы мен А. Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының алфавитті өзгертуге қарсы іс-шараларын зерттеу. Ол үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
— латын әліпбиіне көшу идеясының көтерілу себептері мен барысын айқындау;
— А. Байтұрсыновтың араб алфавитіне жасаған реформасы мен араб әліпбиінің ерекшеліктерін қарастыру;
— А. Байтұрсыновтың қазақ емлесін дамытуға қосқан үлесін айқындау;
— Орынбор съезінде араб емлесінің қабылдануы мен оған алаштықтардың қосқан үлесін ашып көрсету;
— Баку съезінде алаш зиялыларының араб әліпбиін жақтау себептері мен дәйектерін айқындау;
— 1924-28 жж. арабшылар мен латыншылардың баспасөз бетіндегі айтысында келтірілген дәлелдерге талдау жасау;
— ЖАҚ бөлімшелері мен Жалпыодақтық түркі жаңа әліпбиінің Орталық комитетінің қызметін қарастыру т.б.
Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негіздері. Тақырыпқа қатысты барлық мақалалар мен еңбектерді қарастыра отырып, сыни тұрғыдан талдау жасау. Қазақ интеллигенциясының әкімшіл-әміршіл жүйеге ғылым мен мәдениет саласындағы қарсылығына Тәуелсіз Қазақстан тарих ғылымы мен ұлттық көзқарас тұрғысынан, ретроспективті әдіс пен объективтілік принциптерін ұштастыра отырып, қорытынды жасау. Мұрағат деректеріне жан-жақты талдау жасау.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. А. Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының алфавитті өзгертуге қарсы іс-шараларын қарастыра отырып, тақырыпқа қатысты мұрағат құжаттарын ғылыми айналымға енгізу. Алфавитті өзгерту – әкімшіл-әміршіл жүйенің отарлық сипаттағы науқандарының бірі екенін дәлелдеу. Алаш зиялыларының елдік идеяларын насихаттау.
Диплом жұмысының хронологиялық-территориялық шеңбері. Зерттеу жұмысында ХІХ ғ. соңы — ХХғ. Басындағы және 20-30 жж. саяси, мәдени жағдай қарастырылады. Түркі халықтарының латын әрпін қабылдауы мен негізінен Қазақстандағы Алаш зиялылары мен латыншылардың әліпби күресі зерттелді.
Диплом жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспе, екі тараудан тұратын негізгі, қорытынды бөлімдер мен пайдаланылған әдебиеттер тізімін қамтиды.
1 ХХ Ғ. БАСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА ЛАТЫН АЛФАВИТІНЕ КӨШУ ИДЕЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
1.1 «Күншығыстағы мәдени революция» немесе алфавитті өзгерту саясатының мақсаттары
ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістерден рухани сала да шет қалмады. Руханияттың көзі – ағарту ісі үлкен маңызға ие болғандықтан кеңес өкіметі халықты жаппай сауаттандыру және білім беру жүйесіне реформалар жасады. Қазақ алфавитін ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылып, Қазақстанда Ұлы Отан соғысына дейінгі он екі жыл ішінде алфавит екі рет өзгертілді. 1928-30 жж. Латын алфавиті араб графикасының негізінде жасалған дәстүрлі қазақ алфавитін ауыстырса, 1940 ж. жазу кириллицаға көшірілді.
20 жылдардың басында социализмнің лениндік жоспарында белгіленген мәдени революцияны іске асыру үшін бірнеше күрделі міндеттерді шешу қажеттіліктері, соның ішінде, ең алдымен қоғам дамуына бөгет болып тұрған сауатсыздықты жою мәселесі көтерілгенде КСРО-да зиялылар арасында жазуға қатысты екі тенденция байқалды: біріншіден, дәстүрлі араб алфавитін реформалау; екіншіден, бірден жаңа түрік алфавитіне көшу. Алғашқа кезден-ақ латын негізіндегі алфавитті қалыптастыру идеясы дамыды. Латын грамматикасының негізгі алынуы оның араб алфавитімен бір кезеңде қатар қалыптасуына және халықаралық маңыздылығына байланысты болды деп түсіндірілді/12. 12/. Яғни араб жазуы түркі тілдес халықтарға ислам діні және мәдениетімен бірге кіріп, көп уақыт бойы түркі соғды жазуымен қатар қолданылып келсе, латын жазуы Батыста римдік-католиктік шіркеудің ықпалымен таралды. Орта ғасырларда Батыс Европа елдерінде діни, мәдени, ғылыми зерттеу салаларында ортақ жазба тіл ретінде қолданылғандықтан, латын тілі қоғамдық және жаратылыстану ғылымдарының ортақ тілі болып қалыптасып қалған/13. 338/.