Дипломатиялық хат-хабар жазысу — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека
1-тапсырма. Ой шақыру.
– Қалай ойлайсыздар, дипломатиялық хат-хабар жазысу дегеніміз не?
– Оны жүзеге асырудың қандай жолдары бар?
2-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс. Сөздікті пайдаланыңыз.
Хат-хабар жазысу, нысан, өзекті мәселелер, саяси ұстаным, жеделхат, жүзеге асады,
3-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.
Дипломатиялық хат-хабар жазысу
Дипломатиялық хат-хабар жазысу – мемлекеттің сыртқы саяси және дипломатиялық қызметінің негізгі нысандарының бірі, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды іске асыратын әртүрлі ресми қатынас хаттары мен дипломатиялық сипаттағы құжаттардың жиынтығы. Мемлекеттер арасындағы өзара қатынастар жазбаша түрде мемлекет басшысының, үкімет сыртқы істер министрлігінің, әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық мекемелер мен ұйымдар, немесе олардың басшылары, дипломатиялык өкілдік және жеке дипломаттар атынан жүзеге асады.
Қазіргі заманның аса маңызды, өзекті мәселелеріне қатысы мемлекеттердің саяси ұстанымын айқындайтын мемлекет қайраткерлерінің баяндамалары, мәлімдемелері, жолдаулар, ноталар, меморандумдар, мемлекет басшысының, үкіметтің ресми жеделхаттары сияқты дипломатиялық құжаттар бүгінгі кезеңдегі ақпараттық желісінде сыртқы саясат мәселесіне қатысты құжаттар ретінде ерекше орын алады. Жалпы дипломатиялық құжаттарда қаралатын мәселелер де алуан түрлі. Олар өзіндік нысанына қарай мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындайтын және дипломатиялық қатынастар орнату жөнінде ұсыныстар түрінде, барлық халықтардың тағдырына қатысты құжаттар болуы мүмкін. Дипломатиялық құжаттарды дайындау сыртқы істер министрлігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осы дипломатиялық хат алмасудың қалыптасқан тәжірибе бойынша жүзеге асуын қадағалау негізінен протоколдық қызметке тапсырылады.
Дипломатиялық тәжірибеде жиі пайдаланылатын дипломатиялық хат-хабар жазысу құжаттары:
1) жеке ноталар;
2) вербальді ноталар;
3) жадынамалық жазбалар;
4) меморандумдар;
5) жартылай ресми сипаттағы жеке хаттар;
6) жеке жолдаулар;
7) жеделхаттар.
Дипломатиялық қызмет тәжірибесінде дипломатиялық құжаттарды ресімдеуге үлкен мән беріледі. Аталмыш дипломатиялық құжаттардың бірқатары құрметтілік, қошеметтілік сияқты сөз орамдарымен ресімделеді.
Құрметтіліктің протоколдық сөз орамдары жеке және вербальді ноталарда, жеке жолдауларда, шабарманмен жіберілетін жадынамалық жазбаларда қолданылады.
Жеке нота маңызды және қағидатты мәндегі мәселелер бойынша дайындалады немесе қандай да бір ірі оқиғалар жөніндегі ақпаратты мағынаға ие болады. Жеке ноталар ноталық бланкіде теріледі, яғни елдің мемлекеттік елтаңбасы басылған ерекше қағазда, елтаңбаның астында «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі» деген жазу келеді.
Жеке нота құжатқа қол қоюшының атынан бірінші жақта ресімделеді және қаратпа сөзден басталады.
Жеке ноталарда кең етек алған құрметтіліктің протоколдық сөз орамдары «Құрметті Министр мырза», «Құрметті Елші мырза». Бұл қаратпа сөздер құжатты қабылдаушыны мәтіннің мазмұнына қайырымдылықпен қарауға шақырады.
Қаратпа сөздерден кейін құжатта мәтіннің мағыналы өзегі жазылады. Айтылған ой толық жеткізілгеннен кейін автор «өзінің құрметтілігін растап» қорытынды қошеметтілікпен аяқтайды.
Жеке ноталардың мәтінінің мазмұнына қарап оның қандай лепте жазылғандығын айқындауға болады, яғни аса жылы шыраймен бе, әлде қалыпты ғана жылылық па, жоқ салқынқандылық басым ба. Егер жеке нота
«Министр мырза», «Елші мырза» сияқты қаратпа сөзбен басталып, «Құрметпен» деген қошеметпен ғана аяқталып жатса, бұл автордың нотаға байсалдылық сипатын беру ниетінен тууы ықтимал.
Жеке нотаны автор «Құрметті Министр мырза» деп бастап, «Шынайы құрметпен» деген қошеметтілікпен аяқтауы, бұл құжатта жылылық пен достық сипатты ерекше көрсетуге ұмтылуынан болуы мүмкін. Жеке ноталарда қошеметтіліктің басқа да түрлері кездеседі:
– сыртқы істер министріне немесе елшіге — Министр мырза, Елші мырза
– уәкілге, уақытша сенімді өкілге — Министр мырза, Сенімді өкіл мырза Сізге деген зор құрметімді қабыл алыңыз. Жеке ноталардың қалыптасқан үлгілері:
Құрметті Министр мырза!
Менің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі балып тағайындалуыма байланысты жолдаган шын жүректі құттықтауыңызға ризашылығымды білдіремін.
Еліңізге жасаған сапар кезінде көрсеткен қонақжайлыққа алғысымды айта отырып, екі жақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларымыз жүзеге асатынына сенімдімін.
Министр мырза, өзіңізге мықты денсаулық пен бақыт, бауырлас Пәкістан халқына амандық пен өркендеу тілеймін.
Шынайы құрметпен,
_______________________________________________
Жоғары Мәртебелі
——————-мырзаға
Пәкістан Ислам
Республикасының
Сыртқы істер министрі
Исламабад
4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.
1. Дипломатиялық хат-хабар жазысу дегеніміз не?
2. Оның қандай түрлері бар?
5-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс.
Тағайындау, сенім грамотасы, дипломатиялык өкілді, тіркеу грамотасы,
6-тапсырма. Жалғасын оқыңыздар.
Дипломатиялық өкілдің шет мемлекетте тіркелуін куәландыратын құжат — Сенім грамотасы деп аталынады. Қабылдайтын мемлекетке жолданған Сенім грамотасына дипломатиялық өкілді тағайындайтын мемлекеттің басшысы қол қояды және Сыртқы істер министрінің қолымен бекітіліп Елшілерге, уәкілдерге және арнаулы (төтенше) делегациялар басшыларына беріледі.
Сенім грамотасын тапсыру жөніндегі жеке ноталардың үлгісі:
Жоғары мәртебелі!
Халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту саясатына және Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы достық қатынастарды дамытуды көздей отырып мен Шоқпытов Андар Мәулешұлын Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі етіп тағайындауды мақұл көрдім.
А.М. Шоқпытов мырзаны осы Сенім грамотасымен тіркей отырып, ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕЛІ, оны ізгі ниетпен қабылдауыңызды, бұл кісі менің атымнан және Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан СІЗГЕ баяндағандарының бәріне қалтқысыз сенуіңізді өтінемін.
Н. Назарбаев
Сендіруші Қ. Тоқаев
Қазақстан Республикасы
Сырқы істер министрі
Астана 2006 жыл
Ал тіркеу грамотасы – дипломатиялық өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенім грамотасы, құжат. Сонымен бірге хабардар ету грамотасы – мемлекет басшысының қызметке сайланғандығы және қызметін бастағандығы жөнінде дипломатиялық қатынастағы басқа елдің басшысына хабардар ету жайындағы хаты. Құжатта негізінен осы елдер арасындағы қатынастар сипатталып, оның болашақта да нығая түсетіндігі білдіріледі.
Дипломатиялық өкілді кері елге қайтаруға қатысты кері шақыру грамотасы жіберіледі. Бұл дипломатиялық өкілді жіберген мемлекет басшысының оны қызметінен босатуы жөніндегі ресми хаты. Кері шақыру грамотасының алғы сөзінде қысқаша түрде дипломатиялық өкілді кері шақыру себебі келтіріледі, сонымен бірге бұл дипломатиялық өкілдің екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасуы мен дамуына тигізген үлесі аталынады. Негізінен кері шақыру грамотасын жаңа тағайындалған өкіл грамотасымен бірге қабылдаушы елдің басшысына тапсырады. Кейбір елде кері шақыру грамотасын босатылған дипломатиялық өкілдің өзі тапсырып кетуі мүмкін, жалпы бұл өте сирек кездеседі. Кері шақыру грамотасы да сенім грамотасы сияқты рәсімделеді.
Дипломатиялық құжаттардағы қошеметтіліктің түрі өзаралық қағиданы ескеруі тиіс, әсіресе жауап түріндегі ноталарды дайындаған жағдайда. Қаратпа сөздердің түрлері сондай-ақ нақтылы жағдай мен жергілікті тәжірибеге де байланысты.
Құжатты дайындау барысында келесідей каратпа сөздер болуы ықтимал: министерге – Министр мырза, Жоғары мәртебелі; елшіге — Елші мырза, Жоғары мәртебелі;
уәкілге – Уәкіл мырза немесе Министр мырза;
«уақытша» анықтауышы қаратпа сөзде негізінен қолданылмайды.
Егер уақытша сенімді өкіл — уәкіл дәрежесіндегі кеңесші болатын болса, онда оған қаратпа сөз келесідей болуы мүмкін: «Министр мырза».
Жерглілікті тәжірибеге қарай және өзаралық тәртіпке сай «мырза» сөзін толық жазуға болады. Жеке ноталарда қол коюшының тегі мен лауазымы жазылмайды, мөр койылмайды. Нотадағы парақ санына қарамастан, құжат жіберілетін мекен-жай бірінші парақтың төменгі сол жақ бұрышына жазылады. Мекен-жаймен қоса нота жіберілетін тұлғаның атағы да көрсетіледі:
Жоғары Мәртебелі
Атал Бихари Ваджпаи мырзага
Үндістан Республикасының
Премьер-Министері
Нью-Дели
Жеке нотада көрсетілген мекен-жай сол күйінде нота салынатын конверттің сыртында көрсетіледі. Халықаралық қатынастар жүйесінде дипломатиялық тәжірибе де күннен-күнге даму үстінде, өз кезегінде қалыптасқан түрден ауытқушылық та кездеседі.
Дипломатиялық хат алмасуда консулдық қызметтерге қатысты да бірқатар құжаттар дайындалады. Штаттағы, кәсіпқой, штаттан тыс немесе құрметті консулдарды тағайындауға, олардың кызметін атқаруына байланысты келісім алу негізінен дипломатиялық хат-хабар жазысу арқылы жүзеге асады.
Жеделхаттар. Бүгінгі мемлекеттер арасындағы өзаралық қарым-қатынастардағы дипломатиялық құжаттардың келесі түрі – жеделхаттар да кең етек алуда. Негізінен, жеделхат қашанда жауап беруді қажет етеді. Жеделхат мазмұны жағынан маңызды саяси мәнге ие. Мазмұны да әрқилы болып келеді: ұлттық мейрамдар, маңызды уақиғалар күнін атап өту, мерейтой күніне арнап, қайғылы жағдайға байланысты және т.б.
Көңіл айтуға қатысты жазылатын жеделхаттың үлгісі:
Астана қаласы
200 -«——»——————
Жоғары Мәртебелі,
Үндістан Республикасының бұрынғы Президенті Шаңқар Даял Шарманың қазасына байланысты қайғыра көңіл айтуымды қабыл алыңыз.
Шанкар Даял Шарма аймақтығы бейбітшілік пен тұрлаулылық ісіне зор үлес қосқан көрнекті саяси қайраткер ретінде адамзат тарихынан лайықты орын алмақ.
Жоғары Мәртебелі
Атал Бихари Ваджпай мырзаға
Үндістан Республикасының
Премьер-Министрі
Нью-Дели
Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 16 шілдедегі №173 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколының 12 бөлімінің 2 тарауында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көңіл айту білдірілген хаттардың (жеделхаттардың) жобаларын әзірлейді, оларға Қазақстан Республикасының тиісті басшысы қол қояды деп белгіленген.
Жеделхат мазмұны ел ішіндегі жетекші баспасөз бетінде жариялануы да мүмкін. Мемлекет басшысының жаңадан тағайындалуына қатысты жедел түрде жеделхат жіберу – бұл халықаралық протоколдық тәжірибеде калыптасқан құрметтіліктің ғана белгісі емес. Бұл сонымен бірге мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың деңгейін сипаттайды, ынтымақтастықты дамыта түсуді жалғастыруды және байланысты кеңейтуді көрсетеді.
Жіберілетін жақтың мекен-жайы тек конверттің сыртына жазылады. Дипломатиялық хат алмасу құжаттары дипломатиялық қызметті күнделікті байланыстың көзі болып табылады. Жеке жолдаулар мен жеке хаттар ел басшыларының өзара арасындағы өзара қарым-қатынасқа өздерінің тікелей араласуын аңғартады. Бұл қатынастың нығая түсуіне өзіндік зор үлес қосады. (А.Р. Әліпбаев. «Дипломатиялық құжаттама» кітабынан).
7-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.
1. Дипломатиялық хат-хабар жазысудың түрлеріне жеке-жеке тоқталыңыздар?
2. Бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар?
8-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Ауыспалы осы шақ.
Ауыспалы осы шақ бұрыннан болып келе жатқан және сөйлеп тұрған кезде болған іс-әрекетті білдіреді. Ауыспалы осы шақ етістіктің сөйлемде басқа сөздермен тіркесіп айтылу ыңғайына қарай бірде осы шақ, бірде келер шақ мағынасын білдіреді. Ауыспалы осы шақ көсемшенің -а, -е, -й жұрнағынан кейін жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Кейбір аң қысты ұйқымен өткізеді. Авар өзені бағытын тәулігіне төрт рет өзгертеді.
9-тапсырма. Мәтіндерден ауыспалы осы шақта тұрған сөйлемдерді табыңыздар.
10-тапсырма. Жекелеген сөйлемдерді нақ осы шаққа айналдырыңыздар.
11-тапсырма. Тәуелсіздік күнімен құттықтап жеделхат жазыңыздар.
12-тапсырма. Нотаның үлгісін жазыңыздар.
13-тапсырма. Тірек сөздермен ауыспалы осы шақта сөйлем құраңыздар.
14-тапсырма. Сөз тіркестерін сәйкестендіріңіз.
дипломатиялық басшысы
Мемлекет құжаттар
Сенім өкіл
дипломатиялық грамотасы
жадынамалық жазбаларда
Тест тапсырмалары
1. Дипломатиялық өкілдің шет мемлекетте тіркелуін куәландыратын құжат….
А. Жеделхат
Б. Нота
С. Сенім грамотасы
Д. Кері шақыру грамотасы
2. Дипломатиялық құжаттарды дайындау ……..маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
А. Сыртқы істер министрлігінің
Б. Азаматтардың хал-ахуалын тіркеу бөлімінің
С. Ішкі істер министрлігінің
Д. Мемлекет қайраткерлерінің
3. Ауыспалы осы шақ емес сөйлем қайсы?
А. Өзара қарым-қатынасқа өздерінің тікелей араласуын аңғартады
Б. Күнделікті байланыстың көзі болып табылады
С. Қазақстан Республикасының тиісті басшысы қол қояды деп белгіленген
Д. Байланысты кеңейтуді көрсетеді
4. Дипломатиялық өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенім грамотасы, құжат ол – …
А. Тіркеу грамотасы
Б. Хабардар ету грамотасы
С. Кері шақыру грамотасы
Д. Сенім грамотасы
Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:
1. Ауыспалы осы шақ дегеніміз не? Қалай жасалады?
2. Дипломатиялық хат-хабар жазысудың қанша түрі бар?
3. Нота қандай құжат? Қанша түрге бөлінеді?
4. Жеделхаттың қанша түрі бар? Қандай жағдайларда жолданады?
5. Қаратпа сөз қай жерде қолданылады?
СӨЖ тапсырмасы: БАҚ беттерінен хат-хабар жазысудың үлгілерін тауып, түрлеріне ажыратыңыздар.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!