Өмір философиясы – Философия – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0
740

Егер позитивизм ағымы XX ғ. ғылым саласында болып жатқан күрделі процестерді зерттеп, танымның жаңа жолдарын ашуға барлық күштерін салса, «өмір философиясы», керісінше, өмірді ақтау мен түсінуге шақырып, ақыл-ой, логика, дүниетаным, экономикалық, саяси т.с.с. зерттеулер адамның жан дүниесін, өмір сезімін кедейлетеді деген пікірге келеді. Расында да, XX ғ. қарай «адам ақыл-ойдың негізінде дүниені өзгертіп, жер бетіне бақытты өмір әкеледі» деген Жаңа дәуірдегі ағартушылардың романтикалық көзқарастары өткір сынға алына бастады. Оның бастамасын біз сол XIX ғ. өзінде-ақ өмір сүрген А.Шопенгауер мен С.Кьеркогердің шығармаларынан байқағанбыз. Бұл ойшылдардың философияға «еккен» ойлары XX г. әр түрлі «өмір философиясының» ағымдарын тудырып, өте жемісті болып шықты.

Бұл ағымның негізгі ұғымы ретінде «өмір» философиядағы бұрынғы «болмыс» категориясына қарсы қойыла бастады. «Болмыс жоқ, тек қана қалыптасу ғана бар», – деді Ф.Ницше. «Ал қалыптасу дегеніміз өмір», – деп әрі қарай өз ойын қорытты.

Өмір философиясының шеңберінде «өмір» ұғымына әртүрлі ғалымдар әртүрлі мазмұн-мағына береді. Биологиялық-табиғи көзқарас ұстаған ғалымдар өмірді инстинктер, өмір сүруге деген құштарлық, ерікке т.с.с. теңейді. Тарихтық көзкарасқа негізделген бағыт өмірді нақтылы-тарихи мәдениетті бойына сіңірген тұлғаның ішкі жан тебіреністерімен ұштастырады. Пантеистік тұрғыдан өмір өне бойы өзінің жаңа формаларын тудырып отыратын ғарыштағы күш ретінде түсініледі.

«Өмір философиясының» алғашқы өкілдері Вильгельм Дильтей (1893-1911 жж.) мен Георг Зиммель (1858-1918 жж.) өмірді ерік пен іңкәрлік, сезім мен тебіреніс деректері деп анықтайды. Өмір хаосты тәртіпке келтіреді. Өмірдің организмдік және одан да биік формалары бар. Өмір организмдік деңгейде өліммен шектелсе, организмдіктен биік формалары мәдениетті құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, шындық – өмірден алған тәжірибенің өзі. «Өмірлік тәжірибе» – зердеге тең емес, ол ақыл-ойға сыймайды. Өмір – ағым, өзгеріс, шығармашылық, онда жалпылық деген жоқ. Өмірді тек қайталанбайтын жекелік арқылы ғана суреттеуге болады. Осы арада «шығармашылық трагедия» дүниеге келеді. Өйткені өмірдің қайталанбайтын толқындары оның объективтелінген, яғни затталынған формаларымен қайшылыққа келеді. Ол қайшылықтарды шешу үшін тарихи мәдениет туындыларын сол замандағы ахуалды білу, барлық жан-дүниеңмен соған өткендей болып сезіну арқылы түсінуге болады. Оны В.Дильтей герменевтика деген ұғыммен береді. Тарихшы өткен оқиғаларды шынайы қайта суреттеп қана қоймай, сонымен бірге оны қайта тебіреніп, оның өміршеңдік жақтарын түсіндіре білуі керек.

Анри Бергсон (1859-1941 жж.) – «өмір философиясының» шеңберінде «шығармашылық талпыныс» ағымын жасайды. Оның ойынша, алғашқы да ең терең шындық – ол белгілі бір толыққанды біртұтас өмір, ал материя мен рухқа келер болсақ, ол -сол өмірдің қалдықтары. Өмір – «өмірлік талпынысқа» (elan vital), яғни ешқашанда тоқталмайтын шығармашылық өзгеріс, қалыптасуға тең. Материя – болмыстың енжар жағы, ол, әрине, қаншалықты қарсылық көрсетсе де, дегенмен, ең ақырында, өмірге бағынады. Сондықтан табиғаттың тарихи күрделенуі, өрлеуі – өмірдің шығармашылық өрлеуімен тең. Олай болса, Дүние – бірегей, тоқталмайтын, өне бойы жаңа формаларды бірінен соң бірін тудыра беретін шығармашылық .

А.Бергсонның ойынша, адам айнала қоршаған материалдық дүниеге өзінің интеллекті (ақыл-ойы) арқылы бейімделді. Интел­лект дегеніміз – ақыл-ой, зерде арқылы адамның дүниедегі құбылыстарды танып-білуі, ол өзінің ең биік шыңына жаратылыстану ғылымдары арқылы жетеді. Интеллект біртұтас дүниені заттарға, соңғыларды құрамдас бөлшектерге бөліп, содан кейін олардан дүниенің жасанды суреттерін тудырады. Интеллектінің қайнар көзі – адамның материалдық дүниедегі іс-әрекеттерін ұйымдастыру, олардың нәтижелілігін қамтамасыз ету. Бұл арада аса назар аударатын нәрсе – интеллект, А.Бергсонның ойынша, заттың терең мәнін аша алмайды, ол тек қана олардың арасындағы байланыстары мен қарым-қатынастарын ғана көрсете алады. Өлі материяны құрамдас бөліктеріне бөліп, содан кейін оларды басқаша түрде қайта құрастыру – интеллектінің негізгі ісі. Олай болса, ол заттың сыртқы қабығын ғана игере алады. Өне бойы қозғалып, өзгеріп жатқан Дүниені интеллект кинопленкадағы өмірді «жасанды түрде» көрсеткен сияқты (онда әрбір кадр қозғалысты көрсетпесе де), бірінің артынан бірін белгілі бір жылдамдықпен өткізген кезде, экранда «қозғалыстағы өмірдің» көшірмесі пайда болады. Интеллект Дүниедегі ұқсас, қайталанатын қарым-қатынастарды ғана көрсетіп, сонымен қатар оның қайталанбайтын, өмірге бір-ақ рет келген ішкі өзегін – өмірдің өзін – танып-біле алмайды.

А.Бергсон адамның интеллектінен басқа да таным құралының бар екенін мойындайды – ол интуиция. Интуиция дегеніміз – ол затқа деген сүйіспеншіліктің негізінде оның ішкі, интеллектіге ашылмайтын жағына өтіп, оның өмірлік өзегін сезіну болып табылады. Интуиция дегеніміз – рухтың алғашқы негізі. Ол -өмірдің өзі. Танымдық тұрғыдан алып қарағанда, алғашқы интуи­ция инстинкт пен интеллектіге бөлінеді. Сол сәтте инстинкт өзіндік санасынан, интеллект заттың ішкі сырын ашу қабілетінен айырылады. Адамның интуициясы толығынан интеллектіге бағынышты. Алайда кейбір «шекаралық жағдайда», адамның өміріне қауіп төнген, я болмаса оның басына «тағдырлық» ахуал келген кезде, интуиция интеллектінің құрсауынан босап, адамға нағыз шындықты көрсетіп, оның Ғарыштағы орны мен тағдырын анықтауға көмектеседі.

Адам – шығармашылық пенде, өйткені «өмірлік талпыныс» оның ішінен өтеді. Алайда өмірді терең сезіну интуициясы – тек қана тандаулы адамдарға ғана тән нәрсе. Сонымен А.Бергсон шығармашылық пен мәдениет жөнінде элитарлық көзқарас ұстайды.

А.Бергсонның әлеуметтік философиясына келер болсақ, ол адамның өмір сүруінің екі түрін мойындайды. Көп жағдайда адам «сыртқы» өмірдің шеңберінде, өзі үшін емес, басқа адамдар үшін өмір сүреді. Тек қана өзіміздің ішкі өмірімізге терең үңіліп, біз өзіміздің еріктігіміз бен биәлеуметтігімізді анықтай аламыз. Бірінші өмір формасын ол «жабық», екіншісін «ашық» қоғамға жатқызады. Жабық қоғамда тұлға ұжымның құрсауынан шыға алмайды, ашық қоғамда тұлғаның өмірі мен шығармашылық қызметі үстем болып келеді.

Қорыта келе, біз А.Бергсонның философиясының біршама қайшылықтарының бар екенін байқаймыз. Әрине, интеллект адамның жан дүниесінің нәзік жақтарын толығынан жете біле алмайды. Интеллект есептейді, бөледі, қайта құрастырады, одан әрқашанда суық лебіз білінеді. Адам көп жағдайда өмірдің терең жақтарын бисаналық түрде өзінің барлық жан-тәнімен сезінуі мүмкін. Мұның бәрі де дұрыс. Бірақ А.Бергсонның интеллект пен интуицияны қарама-қарсы қойғаны қайсыбір терең дүниетанымды жоққа шығарады. Өйткені интуициямен сезінгенді ұғым арқылы түсіне алмасақ, онда оны қалайша басқа адамдарға жеткіземіз? Дүниедегі «шығармашылық талпыныс» өне бойы қайталанбайтын өзгерістерді тудыра берсе, онда дүниедегі барлық заңдылықтардан бас тартуға тура келер еді. Әрине, ол мүмкін емес. Дегенмен А.Бергсонның философиялық көзқарастарының негізінде ерекше ағым пайда болмағанымен, ол XX ғ. басқа философиялық ағымдарға өзінің зор әсерін тигізді.

Ф.Ницше және оның «билікке деген еркі»

«Өмір философиясының» шеңберінде неміс философы Фридрих Ницшенің (1844-1900 жж.) еңбектері ерекше орын алады. Егер А.Шопенгауер әлемдік Ерікті болмыстың алғашқы негізіне жатқызса, Ф.Ницше Ерік категориясына әлеуметтік-моральдық мән-мағына беріп, оны «билікке деген ерік» ретінде түсінеді. Оның ойынша, өмір билікті неғұрлым жете сезінгісі келеді. Егер А.Шопенгауердің «Әлемдік Еркі» біреу ғана болса, Ф.Ницше ондай монистік көзқарастан бас тартып, еріктің көптігін (плюралистігін), сол себепті олардың бір-бірімен бітпейтін күресте екендігін мойындайды. Үшінші ерекшелігі, А.Шопенгауер адам еріктен бас тартып қана өзін сақтай алады деген болса, Ф.Ницше, керісінше, адам, егер ол құл емес, нағыз адам болса, билікке деген еркін өмірге енгізеді, сол үшін күреседі.

Не жақсы деген сұрақ қойып, Ф.Ницше оған: «Билікке деген сананы, іңкәрді, сол адамның билігінің өзін күшейтетіннің бәрі», -деп жауап қайтарады. Не жаман деген сұраққа: «Әлсіздіктен шығатынның бәрі», – дейді. «Ақыл-ой арқылы жүретін дүниетанымдық іс-әрекет билікке деген ерікті күшейте ме» деген сұраққа: «Жоқ, өйткені интеллектінің басымдылығы билікке деген ерікті, оның ұмтылысы мен іс-әрекетін әртүрлі ойдың толғаныстарымен ауыстырып, тоқыратып тастайды. Мораль да басқалардың қамын ойла» деп, билікке деген ерікті әлсіретеді», – деп жауап береді.

Билікке деген ерік – күштінің құқының негізін құрайды. Күштінің құқы неше түрлі қоғамда қабылданған моральдық, діни т.с.с. нормативтік ережелерден биік болуға тиісті, сондықтан нағыз адам осы қағиданы өз өмірінде ұстауы қажет. Социализм адам-дардың арасында теңдік болу керек деген қағиданы таратады. Бірақ ол өмірдің терең мәнін құрайтын билікке деген ерікті құртады, сондықтан ол керек емес. Демократия да билікке ұмтылған адамдардың мүддесіне қарсы, өйткені тобыр қайсыбір билікті ұнатпайды, яғни олар күштінің құқына қарсы тұрады. Ал еркек пен әйелге келер болсақ, табиғат еркекті күшті қылып жаратты, олай болса, оған билікке деген құқты берді. Сондықтан қайсыбір еркек пен әйел арасындағы теңдікке деген ұмтылыс – қоғамның іріп-шіруінің көрінісі.

Жоғарыда көрсетілген көзқарас Ф.Ницшенің моральдық ілімінің негізінде жатыр. Моральдың негізгі ұғымдары – жақсылық пен жамандық – тарихи күштілер, жақсылардың әлсіз, жамандарға қарағандағы артықшылығынан шығады. Осы ойын дәлелдеу ретінде ол моральдықты көрсететін сөздерге талдау жасап, неміс сөзі «shlecht» жаман, түрсіз деген мағына берсе, оған жақын «shlicht» деген сөз де «қарапайым адам» деген мағына береді, – деп қорытады. Тарихи бай, атақты, асылдарды көрсететін ұғым «жақсылықпен» теңеліп, кедейлік, қарапайымдық «жамандық», «залымдық» деген ұғымдарды тудырды деп есептейді Ф.Ницше.

Мыңдаған жылдарға созылған тарихта кедейлер мен құлдар өздерінің моральдарын бүкіл қоғамға таңуға тырысты. Оны ол «құлдардың моральдағы көтерілісі» деп атайды. Ал оны жасаған дүниедегі ең «теоретикалық халық» – еврейлер. Олар қоғамның «құндылықтарын қайта бағалап», аристократиялық бір-бірінен туатын «жақсы – асыл – күшті – әсем – бақытты – құдайдың сүйгені» деген құндылықтарды толығынан теріске шығарып, оған қарама-қарсы «тек бақытсыз адамдар – жақсылар», «кедейлер, әлсіздер, төмендегілер ғана – жақсылар», «тек зардап шеккендер, қайыршылар, аурулар, мүгедектер ғана – тақуалар, масайрауға лайықты адамдар» деген қағидаларды ұсынды.

Ф.Ницшенің ойынша, иудео-христиандық моральды толығынан «қайта қарап», «мырзалардың   моральдық құндылықтарын» тағы да өмірге енпзу керек. Оның негізінде мынандай қағидалар жатуы қажет:

1. «өмірдің құндылығы» – сөзсіз негізгі құндылық;

2. Адамдар бір-бірімен табиғи түрде теңсіз болып жаратылған;

3. Күшті адамдар моральдық борыштан бос, ешқандай моральдық талаптармен байланысты емес.

Жоғарыдағы көрсетілген моральдық құндылықтарға сәйкес келетін адам әлі дүниеге келген жоқ. Егер дүниеде болған қайсыбір жануардың түрі өмірден жойылардың алдында өзінен жоғары тіршілікті тудырса, адам өзінен жоғары пендені тудыра алмай отыр. Өйткені адам – ауру жануар. Оның алғашқы табиғат берген инстинктері сөніп, оның орнын сана алды. Ал, енді, Ф.Ницшенің ойынша, «адамнан жоғарының» дүниеге келетін уақыт жетті. Ол -«аққұба әзәзіл». Тұқым қуу жағьшан алғанда, олар «арий нәсілінен» шыққан адамдар (нордикалық тип). Ал моральдық жағынан алғанда, олар бір-бірімен ұстамды, кішіпейіл, назды, мейірімді. Басқаларға олар жабайы, ауыздығы жоқ жануарлардан да жаман сияқты. Басқаларды көргенде олар жыртқыштың алғашқы күнәсіз ұжданына қайта оралғандай болып сезінеді: өлтіреді, жағады, зорлайды, құртады, енді оларды жыраулар көп уақыт бойы өздерінің өлеңдерінде жырлайтынына кәміл сенеді.

Ал енді «адамнан жоғарылардың» сыртқы кейпіне келер болсақ, олардың «туа біткен асылдығы» бір қарағанда-ақ көрініп тұрады. «Осы қасиет бүгінгі таңдағы саудагерлер мен фабриканттарға қалайша жетпей тұр десеңізші», – деп қынжылады Ф.Ницше. Егер басшының сыртқы түр-әлпеті оның асылдығын көрсетіп тұрса, онда «тобыр» оған көнуге әрқашан да дайын. Ал егерде ол жоқ болса, онда тобыр адамы кездейсоқ келген бақ пен байлық қана адамдарды көтереді деген ойға келіп, олай болса, біз де өзіміздің бағымызды сынап көрейік деген жаман ойға өтуі мүмкін. Ал бұл ой социализмді әкеледі, – деп қорытады Ф.Ницше. Әрине, Ф.Ницшенің бұл ойларына фашизм идеологиясының біршама жақтары жақын екенін мойындамай болмайды.

Ф.Ницшенің христиан дініндегі моральдық қағидаларға қарсы келуі, осы кездегі ғылым мен техникадағы ашылған жаңалықтар, ойшылдан бұрын өмір сүрген ағартушылардың дінге қарсы бағытталған іс-әрекеттері – барлығы жиналып, оның «Құдай өлді!», өйткені Құдайға сенудің өзіне сенбеушілік пайда болды, – деген тұжырымға келуіне себеп болды. «Болашақта, Құдайдың орнын «адамнан жоғары» пенде алады», – деп қорытады Ф.Ницше.

Әрине, Ф.Ницшенің философиясы қайшылықтарға толы, ешқандай біртұтастық жүйелігі жоқ, өз заманының әртүрлі өзекті мәселелерін көбіне көркем сөзбен берген көзқарас. Бірақ, соған қарамастан, Ф.Ницшенің өз заманының әлсіз жақтарын сынауы, нағыз тұлғаның әрқашанда қол астындағы болмыстың шеңберін тиістілік негізінде аттап өту қажеттігін көрсетуі т.с.с. ойлары болашақ философиялық ағымдарға үлкен әсерін тигізді.

Фрейдизм ағымы. Сана мен бисаналық мәселелері

«Өмір философиясының» XX ғ. беделді ағымдарының бірі фрейдизм болып табылады. Негізін қалаушы Зигмунд Фрейд (1856-1939 жж.) – австриялық дәрігер, психолог, философ. Негізгі еңбектері: « Мен және Ол», «Тотем мен Табу» т.с.с.

З.Фрейд жүйке ауруларын зерттеу мен емдеу жолында адам психикасында бисаналықтың зор орын алатынын байқайды. Егер одан бұрын қайсыбір невроз ауруларының себебін ғалымдар сананың шеңберінен іздеген болса, ол оны бисаналықтан көріп, жүйке ауруларын емдеудің «психоанализ» әдістерін жасап, біршама жетістіктерге жетеді. Бұл оған шабыт беріп, ол психоанализдің негізгі қағидаларын бүкіл қоғам мен мәдениетке таратып, философия саласында ерекше ағымды тудырды.

Сонымен бисаналықты ашу, оның құрылымын, адамның жеке өміріне, қоғамға тигізетін әсерін зерттеу – Фрейдтің ғылымға енгізген жаңалығы болды. Адамның көп ынта-тілектері мен құштарлықтары бисаналықты түрде пайда болады екен. Олар сыртқа адамды гипноздаған кезде, я болмаса ұйқыдағы адамның түсінде, байқамай айтылып қалған сөзде, кейбір дене қозғалысында т.с.с. көрініп қалады.

З.Фрейдтің ойынша, адамның психикасының үш деңгейі бар: оның ортасында «Ego» (латын созі, «Мен» деген мағына береді), яғни адамның өзіндік сана-сезімі орналасқан. Екінші құрамдас бөлігін «Super ego» (өзіндік сана-сезімнен жоғары) деп атайды. Оған неше түрлі қоғамның тұлға алдына қоятын талаптары, әлеуметтік нормалар, әке-шешенің бала алдына қойған талаптары мен бұйрықтары т.с.с. кіреді, ол – тәрбие барысында адамның психикасына енгізіліп, соңынан оның барлық жүріс-тұрысын қоғамның талабына сәйкес ретке келтіріп отыратын ішкі механизм. Адам психикасының іргетасы ретінде ең терең жатқан және өте көне кұрамдас бөлігі – ол «Libido» (латын сөзі, құштарлық, іңкәрлік, зауықтану деген мағына береді), я болмаса оны қысқаша «Id» деген екі әріппен береді. З.Фрейдтің ойынша, оған адамның барлық бисаналық түрде өтіп жататын психикалық құбылыстарының бәрі де кіреді. Оларға инстинктер, күңгірт сезімдер мен түйсіктер, ындын-тілектер т.с.с. жатады. Бисаналықтың өзегіне 3.Фрейд жыныс күш-қуатын (сексуалдық энергия) жатқызады. Ол бүкіл адамның психикалық жан дүниесіне өзінің ықпалын тигізіп, адамның «өздігін», ерекшелігін құрайды.

З.Фрейдтің ойынша, егер адам психикасының ең терең қабаты ләззат алуға тырысса, сана, керісінше, сыртқы дүниеге, айнала қоршаған ортаға бейімделуге асығады. Осы себепті сана мен бисаналықтың арасында әрдайым қайшылық пайда болады. Егер тәрбие барысында адамның жан дүниесіне енгізілген әлеуметтік нормалардың талаптары өте күшті болса (Super ego), онда ләззат алуға бағытталған жыныс күш-қуаты сыртқа шыға алмай, бір жағынан, адамды невроз ауруларының түрлеріне әкелсе, екінші жағынан, ол белгілі бір жағдайда сублимацияланып (sublimatio -латын сөзі, «биікке көтеремін» деген мағына береді), яғни жыныс энергиясы мәдени шығармашылыққа айналып, тұлға үлкен рухани туындыларды дүниеге әкелуі мүмкін.

Жүре келе, З.Фрейд бисаналықтың шеңберінен екі негізгі инстинктерді бөліп алады. Олар – «өмір инстинкті» – эрос, «өлім инстинкті» – танатос. Егер эрос инстинкті өмірге деген сүйіспеншілікті, достықты, іңкәрліктін тудырса, танатос адамды өлімге қа­рай итеріп, оның агрессивтік, қанішерлік, қиратуға деген құмарлығын, адамдарды қорлауға бағытталған іс-әрекетін тудыруы мүмкін.

Дегенмен 3.Фрейд бисаналықтың күш-қуаты қандай зор болғанымен, адам оларды ауыздықтап, саналы түрде басқара алады деп есептеді. Әңгіме адамды алаңдататын бисаналық құбылыстарды сананың жарығына шығарып, оларды өз еркіне көндіруге мүмкіндік алуда болса керек.

Қоғам өмірінде адамның күңгірт инстинктерін ауыздықтайтын құрал бар. Ол – мәдениет. Мәдениеттің құндылықтары арқылы адамдар өзінің табиғатпен, өз-өздерімен қарым-қатынасын ретке келтіріп, деструктивті күңгірт инстинктерін шектеп ығыстырады. Бірақ ығыстырылған күңгірт күштер ешқашанда мүлде жойылмайды, олар қорлана келе, оқтын-оқтын бұрқырап шығып, неше түрлі бақытсыздыққа әкеледі. З.Фрейдтің айтуына қарағанда, жыныстық құмарту мен қатыгездік, мейірімсіздік бір-бірімен өте тығыз байланысты. Сонымен екі негізгі инстинктер әрдайым бір-бірімен күресте болып, мәдениеттің дамуының негізгі бағыттарын анықтайды.

Сонымен бисаналықтың екі негізгі инстинктін мойындау, бір жағынан, шығармашылық жолмен дүниені қайта құру, екінші жағынан, жасалған мәдениетке қарсы шығу, қирату – З.Фрейдтің ізін қуған ғалымдардың еңбектерінде неше түрлі қайшылықтарды тудырды. Олардың көбін З.Фрейдтің бисаналықтың өзегін жыныс энергиясына теңеуі қанағаттандырмайды.

Карл Густав Юнг (1875-1966 жж.) басында өз ұстазының көзқарасында болғанмен, жүре келе бисаналықты басқаша түсіне бастайды. Аурулардың көрген түстерін сараптай келе, ол онда халықтардың тарихи аңыз-әңгімелеріндегі кейіпкерлердің бейнелерін байқайды. Олай болса, адамның жеке басының бисаналығынан басқа, одан да терең «ұжымдық бисаналық» формалардың бар екенін байқайды. Егер жеке адамның бисаналық формалары сол адамның тәжірибесінен шыққан неше түрлі психикалық, уақытында ұмытылып, я болмаса ығыстырылған тебіреністерден тұратын болса, «ұжымдық бисаналық» бүкіладамзаттық тәжірибені қамтиды. Онда мыңдаған жылдардағы жиналған адамзат тәжірибесін, сонымен қатар адамға дейінгі хайуандық «жасырылған іздерді» байқауға болады. Олардың көбін халықтардың мифологиясы, аңыз-хикаялары, діни сенімдіктеріндегі бір-біріне ұқсайтын батырлар, дана ақсақалдар, Жер-ана, перілер т.с.с. көркем бейнелерден байқауға болады. Оқтын-оқтын бұл бейнелер адамның түсіне келеді. Олардың бәрін К.Юнг «архетиптер» деген ұғыммен береді. Олардың нақтылы мазмұны жоқ символикалық бейнелер, тірі тұлға өзінің өмір шеңберінде алған тәжірибесін сол символдарға толтырып, өзінің тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады.

Архетиптер халықтың әдет-ғұрыптары арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Сонымен қатар олардың көбі тіпті тұқым қуу механизмдері арқылы созылып, әдет-ғұрыптар жойылып кеткеннің өзінде де өмірде қайталана беріледі.

Егер 3.Фрейд пен К.Юнг жеке адамның психикасын, оның адамның жүріс-тұрысына тигізетін ықпалын зерттеген болса, онда А.Адлер (1870-1937 жж.), К.Хорни (1888-1959 жж.), Э.Фромм (1900-1980 жж.) фрейдизмнің негізгі идеяларына сүйене отырып, қоғам өмірін зерттеуге тырысты.

А.Адлер фрейдизм іліміне «компенсация» (толықтыру) ұғымын кіргізеді. Қайсыбір адамның психикасында өзінің дене кемшіліктерін сезінудің негізінде «өзіне деген сенімсіздік» бишаралық сезім пайда болады. Тұлға оны аттап өту жолында өзінің барлық шығармашылық мүмкіндіктерін сыртқа шығаруға тырысады. Осы адамның өз-өзін өмірде нағыз болуға итерген іс-әрекетін

А.Адлер компенсация дейді. Ал адам осы жолда «компенсациядан да үстем» іс-әрекет жасаса, онда ол ұлылық дәрежесіне көтерілуі мүмкін (мысалы, Наполеонның денесінің кішілігі, Гитлердің аяғын сылтып басуы т.с.с. – олардың дене кемшіліктерін ұлы істер арқылы компенсациялау әрекетін тудырды деген пікір әдебиетте бар).

К.Хорни тұлғаның дамуының екі жолын көрсетеді – ол нор­ма мен паталогия. Бірінші жолда адам өз табиғи дарындарын өзінің қабілеттеріне айналдырып, оларды дамытуға тырысады. Екіншіде адамның мінез-құлқында теріс өзгерістер қорланып, невроз ауруына әкеледі. К.Хорни оны әлеуметтік себептермен («ауру» қоғамның салдарлары) генетикалық (өзара тұлғалық және әке-шеше мен бала арасындағы теріс қарым-қатынастардың қалыптасуы) және «мәндік» (тұлғаның өз мүмкіншіліктерін іске асыру жолында жалған жолға түсіп кетуі) өзгерістермен ұштастырады.

Неофрейдизмнің ұлы өкілі есебінде американ философы Эрих Фроммды айтуға болады. Оның ойынша, тұлғаның ешқандай туа біткен психикалық қасиеттері жоқ. Тұлғаның барлық психикалық өзгерістері мен өмірдегі көріністері оның қоғам өміріндегі қатынастарға тереңдеу деңгейімен байланысты. Қазіргі қоғамдағы қатынастар «машиналанған», «компьютерленген» т.с.с. түрде болғандықтан, ол адамның шынайы мәнін «жаттандырып», оны неше түрлі невроз ауруларына әкеледі. Қазіргі қоғам адамның осы дүниедегі «болуының» орнына оған «алуды» ұсынады. Сол себепті ол тұлғаның «жинаушылық» , «нарықтық», «енжарлық» т.с.с. мінез-құлқын тудырады. Тұлғаның жаттануының ең айқын көріністері -ол адамның еріктіктен бас тартып қашуы, нашақорлықтың, маскүнемдіктің жолына түсіп батуы, қылмыстық т.с.с. Ал осы көрсетілген кемшіліктерді тудырған «ауру» қоғамды қалайша «емдеуге» болады? Э.Фроммның ойынша, ол үшін ең бірінші қажет нәрсе – «гуманистік жоспарлауды» қоғамға енгізу, дүниедегі байлықты жинау, қорлау, алу психологиясынан бас тарту, қоғамды басқару жүйесіндегі қалыптасып қалған шен иелерінің жаттанған басқару формаларының орнына «гуманистік басқару» жүйесін енгізу, соның арқасында қарапайым адамдардың әлеуметтік өмірге деген ынтасын ояту, дүниеде болуға бағытталған құндылықтар жүйесін тудыру т.с.с. қажеттіктерді көрсетеді. Әрине, ұлы философтың бұл ойлары – өтпелі кезеңді өз басынан өткізіп жатқан біздің қоғамға аса қажет ойландыратын нәрселер.

Сонымен қатар Э.Фромм адамның өмір сүру диалектикасына тоқталып, оның ешқашанда жойылмайтын трагедиялық жағын да көрсетеді. Біріншіден, адам бұл өмірге өзі сұранып келмейді, ол белгілі бір кездейсоқ жерде, уақытта дүниеге келіп, алғашқы сатыдан өмірінің соңына шейін «өмір мен өлімнің екі ортасында» болып іс-әрекет етеді. Екіншіден, осындай шектелген өмірдің шеңберінде адам өзінің бойындағы барлық дарындарын іске асырып, алдына қойған өмірлік мақсат-мұраттарын орындап үлгірмейді, сондықтан олардың көбі, қазақ дүниесезіміндегі терминдермен айтсақ, «жалған, жеткізбейтін арман» болып қала береді. Э.Фроммның бұл ойлары бізді фрейдизмнің шеңберінен шығарып, экзистенциализм философиясына өткізіп жібереді.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!