Азаматтың саяси өмірге қатысуы

0
187
Тақырыбы: Азаматтың саяси өмірге қатысуы
Сабақтың мақсаты: Жеке тұлға мен саясат арасындағы қарым – қатынас туралы жаңа мағлұмат беру.
Сабақтың міндеті:
Білімділік: Саясатта азаматтың алатын орнының ерекшелігін атап өту.
Дамытушылық: саясат туралы көзқарасын қалыптастыру, дүниетанымның ерекшелігін көрсету.
Тәрбиелік: Танымдық көзқарасы дұрыс қалыптасқан, көзі ашық, білімді азамат тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: сыныптық
Сабақты ұйымдастыру әдісі: лекция, жаңа мәлімет беру
Көрнекілігі: оқулық
Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі:
1) Амандасу
2) Оқушыларды сабаққа әзірлеу, сабақтың тақырыбы және мақсатымен танысу
3) Ынта – зейіндерін сабаққа аудару

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
Саясат ұғымы
Мемлекет түсінігі, белгілері
Саяси жүйедегі мемлекеттің орны
ІІІ. Жаңа білімді меңгеру

Тұлға саяси субъект, объект ретінде
Саясаттағы жеке тұлғаның рөлі
Тұлғаның қоғамдық – саяси өмірге араласуы

Тұлға саяси субъект те, объект те бола алады. Адамдардың өз бойында мұндай қасиеттерді орнықтыруы үшін қоғамның құрылымында да қажетті өзгерістер жүзеге асуы тиіс. Адамның өзін еркін сезінуі, бостандығы тікелей заң жүзінде бекітілген құқығымен қорғалады. Адамның бостандыққа деген құқы іс жүзінде адамның жеке меншік құқымен өлшенеді. Адамның өмір сүруін қамтамасыз ететін жеке меншігі болмайынша, өзін емін – еркін сезіне алмайды. Қазір бізде меншікке деген көзқарастың өзгеруі, меншіктің түрлі формаларының өмір сүруіне еркіндік алуы азаматтық қоғамды қалыптастыруға қолайлы алғышарттар жасауда.
Саяси сайлауларға азаматтардың саналы қатынасу деңгейін ескерген жөн, өйткені сайлау – саяси қатынастардың барлық субъектілері үшін сайлау туралы заңмен шектелген ерікті қызмет алаңы болып табылады.

Қарапайым демократиялық жолмен дамыған елде саясат адам үшін және адам арқылы жасалады. Себебі, әлеуметтік топтар, қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар қаншалықты маңызды орын алғанымен солардың бәрі адамдардан, олардың іс – әрекетінен тұрады. Сондықтан, саясаттың бас сүбъектісі адам деп аламыз.

Саясаттағы жеке тұлғаның рөлі – жеке тұлғаның саяси мәртебесі мен саяси мәдениеті, саяси кәсібилігінен туындайтын саяси қатынастарға, саяси үрдіске ықпал ету шарасы, деңгейі. М. Вебер саясаттың үш түрін жіктейді. Және оған қатысуына байланысты саясаткер – тұлғаның үш түрін көрсетеді. «Жағдайға байланысты, кездейсоқ» саясат – саяси қатысудың түрі, бұл жағдайда жеке тұлға өз еркін ара – кідік, тіптен саяси акциялардың маз¬мұны, сипаты мен бағыты туралы ойланбай жүзеге асырады. «Қосымша» саясат адаммен қажет және мұқтаж болған жағдайда басқа қызметімен қатар жүзеге асырылады. Саясатпен «қосымша» айналысатын адамдар үшін саяси қызмет басты болып есептелмейді. Кәсіби саясат бұл жеке тұлғаның кәсібі болып табылады. Кәсіби – саясаткер – саяси кеңестер мен ұсыныстар беруге қабілетті талдаушы, билік технологиялары бойынша маман. Жоғарыда көрсетілген жағдайлардағы саясатта жеке тұлғаның қатысуынан оның рөлі анықталады.
Адамның қоғамдағы орны көптеген әлеуметтік белгілерімен сипатталады. Оған ұлты, тұратын жері, қоғамдық өндіріске қатысуы, қоғамдық еңбек бөлінісіндегі орны, кәсібі, білімі, табыс мөлшері, саяси билікті іске асыруға қатынасы және т. б. жатады.

Осындай бір немесе бірнеше әлеуметтік белгілерімен бірлескен адамдар жиынтығын әлеуметтік топ дейді. Мысалы, жұмысшы, шаруа, зиялылар, орыстар, немістер, студенттер, зейнеткерлер, ауыл адамдары, қала адамдары, ой еңбегімен шұғылданатындар және т. б.
Адам саяси процесте белгілі бір әлеуметтік топтың өкілі немесе мүшесі ретінде қатысады. Олар жалпы қоғамдық өмірдің, оның ішінде саяси процестің басты субъектісі болып табылады. Сондықтан қандай да болмасын саяси іс – қимылдың сыртында біреулердің топтық мүддесі тұрады.

Тұлғаның қоғамдық – саяси өмірге белсене араласуының жан – жақты маңызы бар. Мұндай қатынас арқылы адамның барлық қабілетін дамытуға мүмкіндік жасалады. Азаматтық қоғам мен саяси институттар арасында тығыз байланыс орнайды.
Саясатпен кәсіби айналыспайтын «орташа адам саясаттың толық субъектісі болуы үшін ол әлеуметтік мұқтаждықтар мен мүддені, ондағы қайшылықтардың неден туғанын және оларды жою жолдарын өз басының пайдасы әлеуметтік мүдденің мүмкіншілігімен қаншалықты сәйкес келетінін білу керек. Сонымен қатар ол саяси «ойындардың» ережелері мен тетіктерінен хабары болуы керек.

Жаңа сабақты бекіту.
Адамның саясаттағы орны қандай?
Саяси сайлау процесіне жеке тұлға қатыса ала ма?
Адамды саясаттың объектісі ретінде қарастыруға бола ма?
Үй тапсырмасын беру. Азаматтың саяси өмірге қатысуы
Бағалау.

Дереккөз: http://bilimsite.kz/