Антикалық дәуірдегі азаматтардың құқықтары | туралы қазақша
Адам құқығы туралы ой-пікірлер құлиеленушілік қоғамда қалыптасты. Б.з.д. V-ІV ғғ. Афиныда азаматтың принцип пайда болды, яғни полисте құқықты иелену талабының бірі — азаматтық. Азамат деп Афины азаматы немесе азаматшасынан туылған адам танылды. Кәмелетке толған (20 жас) афинылық ер азамат Афины мемлекетінің жоғары органы Халық жиналысының жұмысына белсенді қатысуға құқылы болды. Азаматтардың құқығын ежелгі грек демократиясы Халық жиналысында еркін сөз алу, сот ісіне араласу құқығы (азамат жеребе арқылы азаматтық және қылмыстық істерге қатыса алды), басқару шеніне құқығы (30 жастан бастап), жекеменшік құқығы, келісімшартқа отыру, жеке басын қорғау және қол сұқпаушылық және т.б. танылды. Азаматтардың құқығы мен бостандық институты және оны қолдану нәтижелері осындай пікірлерден алшақ болды. Құлдардың қаналуы, азаматтығы жоқтарының құқықтары аяққа тапталуы күнделікті дағдыға айналды. Жалпы алғанда, Афиныда қалыптасқан азаматтардың құқығы адам құқығының әлемдік құндылығына енді.
Ерікті адам құқығын дамыту эстафетасын жаңашылдықпен алдыға қарай даму барысында ерекшелігімен көзге түскен ежелгі Рим республикасы жалғастырды. Рим азаматының мәртебесі оның қоғамдық қатынастың барлық жүйесінде толық құқылығымен көзге түсті. Өзінің саласына меншік құқығы, некеге тұру құқығы, сөз бостандығы, еркін жүріп-тұру құқығы және лауазымды тұлғаларға шағымдану құқығы, т.б. құқықтарды қамтуымен сипатталатын Рим азаматының жеке құқығы өз аясының кеңдігімен ерекшеленді.
Егер де тарихқа жүгінетін болсақ, «демократия» («демос» — халық, «кратос» — билік), «республика» (жалпы халық ісі), «президент» (провинцияны басқаруға тағайындалған шенеунік) ұғымдары антикалық дәуірде пайда болды. Б.з.д. I ғасырдың аяғында халық республикадағы орасан зор құлдар көтерілісінің салдарынан мемлекеттіліктің жаңа тұрпаты Рим империясына көшті. Антикалық заңдарда пайда болған құқықтар жаңа дәуір азаматтарының түсінігіндегідей болған жоқ. Адамның қоғамда алатын өзіндік орны мен рөлі оның әлеуметтік жағдайын аныңтады. Әр топ және сословиелік құрылым арасындағы адам құқықтары мен еркіндіктерінің теңсіздігі, құлдардың бұл құқықтарға мүлдем ие болмауы қоғамдық даму кемшілігінің орын алуына әкелді.
Табиғи құқық сан қырлы құқық ретінде қаралып, оның мәртебесі адам жасаған құқықтарға қарағанда жоғары болды. Бірақ табиғи құқық теориясының өзінде адам құқығы мен құқық мәні туралы түрлі көзқарастар қалыптасқан. Егер Ежелгі Қытай мен Ежелгі Үндістанда табиғи құқық ақ көңіл заңы ретінде түсіндіріліп, ал адам құқығының қайнар көзі ретінде салт-дәстүр, әдет-ғұрып қаралса, Ежелгі Грецияда табиғи құқық әділдік ретінде қаралды. Аристотельдің өзі былай дейді: «Табиғи әділдік заңдық әділдікке қарағанда жақсырақ және қажетті». Заңдық әділдік барлың жерде бірдей емес, ал табиғи әділдік барлық халыққа бірдей және толығырақ. Бұл кезеңде адам құқығы мен еркіндігі мифологиялық тұрғыда қалыптасты, жалпы құқық және полис адамдарының құқығы діни сипат алды, қоғамдық тәртіп негізгі және жеке деп екіге бөлінді. Ежелгі грек ойшылдарының ойынша, жалпы құқықтық және жеке адамдар құқығының дамуы негізгі нормаларсыз мүмкін емес. Мысалы, Солон полистік заңды жалпы нысан ретінде және полис мүшелерінің барлығына маңызды құқықтық негізі деп санады. Құқықтық теңсіздіктің талабы барлық адамдар заңға бағынады және заңның қорғауында болады деген адамдардың құқықтық теңдігінің идеясын қалыптастыруға барынша әсер еткен пифогорейстер ережелерінің негізінде жатыр.
Аристотель табиғи және адамдар жасаған заңдарды бөле отырып, табиғи құқықтың «барлық жерде бірдей мағынада қолданылатынын және ешкімнің мойындауы, мойындалмауына қарамайтынын», ал жасанды құқық мекен мен уақыт талабына, адамдардың мойындауына және табиғи құқыққа сәйкес келуіне тәуелді болатынын айтады. Жалпы құқық (табиғи және жасанды) және тұлғалардың құқығы Аристотельдің ойынша, саяси мінезде болып, тек полис жағдайындағы мемлекеттерге тән. Аристотель адамдарды анықтай отырып, адамдарды табиғатынан «саяси жан» санатына бөліп қарастыруды меңзейді, адамдардың табиғи құқығы тек қана саяси субъект ретінде (полис азаматы) шындық болып табылатынын айтады.
Адамдардың табиғи теңдігі туралы идеяны ежелгі грек софистері (Протагор, Антифонт, Ликофром) және қытай ойшылдары бұл туралы (Лао Цзы, Конфуций) б.з.д. VІІ-ІV ғасырларда айтып кеткен. Адамдардың табиғи теңдігі туралы идея мен оның «жеке құқығын» полис заңдары бекітті. Адамдардың теңсіздігі мысалы, еріктілер мен құлдар деп бөлінуі полис заңдарының табиғи қорытындысы деп ойлады. Протагордың «бүкіл заттың шегі — адам» деген әйгілі ойы жалпы гуманистік ойдың дамуына түрткі болды.
Либералдық көзқарасты қалыптастыруға Ипекур ағымының ықпалы мен Рим заңгерлерінің қосқан үлестері зор болды. Ипекур әділдікті мазмұны өзгерілетін қайнар көзі адамдар қарым-қатынасының қажеттілігінен туындайтын табиғи құқық ретінде қарады. Рим ғалымдары (Сенека, Марк Аврелий, Эпиктет) табиғи құқық тұжырымдамасын сан қырлы етіп негіздеп, барлық адамдарға теңдікті беретін табиғи құқықтық идеяны алға шығарды. Классикалық рим құқығы «заң қатал, бірақ заң» барлық заңдар алдында теңдік принципі ретінде қарастырылатынын айтса, рим заңгерлерінің ойынша, барлық адамдар табиғи құқық бойынша тең болып туады және адам құқығы мен позитивті құқықты түсіну негізінде олар табиғи құқықтық әділдіктің талаптарын сезінуі (мысалы, Ольпян) қажет. Теңдіктің жариялануы әділдіктің тең екендігін білдіреді және барлық адамдарға бірдей таратылады деп саналды. Құқықтың барлығына бірдей тең екендігін қарастыра отырып, антикалық ойшылдар еркіндікті қоғамдық маңызы бар құндылықтар қатарына жатқызады. Антикалық құқықты түсінудің бір кемшілігі, олар еркіндікті полис адамдарының әріптестік құндылықтарының атрибуты деп ойлады. Жеке адамдар қатынасында жеке парыз жеке құқыққа қарағанда басымырақ болды. Еркіндік жалпы құқықты тәртіп ретінде түсіндірілді. Антикалық жағдайда тұлға мен жеке еркіндік арасы толық қалыптасып аяқталмады, сонымен қатар саяси және азаматтық еркіндік толығымен түсіндірілмеді және бір-бірімен қарым-қатынастары қажетті деңгейде болмады. Жалпы алғанда, антикалық әлемнің мемлекеттілігі адам құқығының одан әрі дамуына маңызды үлес қосты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Искакова Г., Ғазизова Н., Сембаева А. — Қазақстан Республикасындағы адам құқығы: Оқу құралы. — Астана: Фолиант, 2008. — 296 бет.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы, 2006.
- Бельгибаев С. Развитие гражданского общества в Казахстане // Саясат, — 2004., №11.
#Антикалық #дәуірдегі #азаматтардың #құқықтары