Феодализм дәуіріндегі адам құқығы мәселелері туралы қазақша

0
125

Еуропада феодализм жеке тұлғалар топтарын қамти отыра, әлеуметтік-экономикалық жүйе ретінде дамыды. Топтар (патрицилер, феодалдық сеньор, дворян өкілдері) құқықтарының көлемі қоғамдық жағдайға байланысты анықталды. Бұл кезеңде адамдар кез келген топтың өкілі ретінде қалыптасып дамыды. Адамдардың құқықтары мен міндеттері көбінесе өзі жататын топтың құқықтары мен міндеттеріне сәйкес келеді. Құқық белгілі бір топқа тән пайда болып, қалыптасқан еркіндік пен күш ретінде қарастырылды. Жеке адамдардың құқықтары аз болды. Қоғамның әрі қарай дамуы еркін тұлғалардың қалыптасуын талап етті.

Сауданың дамуы, қалалардың кеңеюі, ұлт, мемлекеттердің қалыптасуы, кітап шығару кәсіпорындарының пайда болуы, жаңа кезең, осылардың барлығы қайта өрлеу кезеңінің пайда болғанын көрсетті. Аталған кезең адам өмірінің зияткерлік жағдайының қайта өрлеуін білдірді. Адамдардың қай топта дүниеге келгеніне қарамастан, тұлғаның сапалық жағдайы бағалана бастады.

Бұл үдеріс ең алғаш Англияда байқалды. Монарх пен барондардың қарсылық көрсетуі себебінен туындаған жағдай 1215 жылы Ұлы Хартияға қол қойылуымен аяқталды. Құқық пен еркіндіктің субъектісі ретінде «еркін адам» санаты қалыптасты. Хартия барондарының дәстүрлі құқықтарына кепілдік берілді. Бұл жерде мемлекеттік биліктің заңға сүйену керектігі айтылды, негізгі заңдар мемлекеттің күшімен алынып тасталынбайтын болды, керісінше мемлекеттік билік пен бағынушылар арасындағы келісімшарт негізінде жүзеге асырылатын болды.

Ұлы Хартия корольдік билікті әлсіретіп, бағынушылар жасаған құқық принципін жүзеге асырды. Бірақ, Хартия басқа топ өкілдерінің феодалдық жоғарғы тап өкілдеріне жатуы сияқты кейбір құқықтарына кепілдік берді. Мысалы, король Лондоннан басқа қалаларда «ежелгі еркіндік пен дәстүрді» сақтауға уәде етті.

Хартияда талап етілген келісім король мен аз мөлшердегі бағынушылар арасында жасалған болатын. Ол ағылшын халқының көпшілігінің мақсат-мүдделерін ескерген жоқ. Сонымен қатар, Хартия мемлекеті заңды басқаруға арналған қоғамдық қажеттілік еді, яғни тараптардың біреуі келісімшарттың талабын бұзса, онда келісім жарамсыз деп танылды. Хартия адамдардың құқықтары мен еркіндіктерін шектейтін белгілі бір нормалардың бастамасын жасады, яғни король шенеуніктері билігін, судьялардың, шерифтердің, т.б. құқықтарын шектейтін баптар енгізді. 1628 жылы қоғам мен король арасында шиеленіскен оқиға салдарынан король билігі маңызы жағынан еркіндіктің Ұлы Хартиясына пара-пар құқықтар туралы Петиция деп аталатын маңызды құжат қабылдауға мәжбүр болды. Ақшалай қаражаттың тапшылығынан король I Карл парламентті жанап өтіп, өзінің қарамағындағылардан заңсыз түрде ақша алуға әрекет жасады. Мысалы, король жекеменшік үйлерге әскери күзет қоюды қарамағындағылардан талап етті. Ал парламент болса, корольден құқықтар туралы Петицияны мойындап, салық жинауды парламент шешімімен қолдауды және әскерлердің азаматтық құқығын ескеріп әр үйге әскери күзет қоюға тыйым салуды талап етті. Міне, осылай қоғамда біртіндеп, ешқандай үкімет бұза алмайтын азаматтардың негізгі құқықтарының іргетасы қалана бастады.

XV ғасырдың бірінші жартысындағы Хабеас корпус актісі (лат. аударғанда «тәннің болуы») бостандықты қалпына келтірудің құралы болды. Осы арқылы өз бостандығын заңсыз айырды деп санағандар сотқа шағымданып, ұсталған адамды сотқа жеткізуін талап ете алатын болды. Бұл құжат XVII ғасырда ғана заңды түрде бекітілді. Сонымен бірге жеке басқа қол сұғылмаушылыққа кепілдік берілді, кінәсіздік презумпциясы қағидаты қалыптасты, ерікті адамның құқығын қорғауға бағытталған басқа да ережелер жазылды.

XVII ғасырдағы антифеодалдық революция кезінде еркіндіктің Ұлы Хартиясы және Хабеас корпус актісі жазылмаған ағылшын конституциясын қалыптастырудағы заңдардың негізін қалап, адамның құқығы мен бостандығының әр түрлі болатынын және мазмұнын алдын ала анықтап берді. Адам қүқығы туралы көзқарастың қалыптасуына бостандықтың діні болып саналған христиандық зор ықпал етті. «Құдайдың балалары» сияқты барлық адамдардың жалпыға бірдей теңдігі жалпы бостандыққа сәйкес келеді. Бостандықты олар ерік бостандығы ретінде түсінді, бірақ адамның құдайға тәуелді екені мойындалды. И. Новик: «…бостандықты осылай түсіну оны жекелеген тұлғамен, оның жан-дүниесімен байланыстырады», — дейді. Бірақ бұл шектеулі бостандық болды. Фома Аквинский табиғи құқық негізі ретінде сана мен табиғат қағидаттарының орнына христиан дінін қою туралы табиғи құқықтар мен адам құқығы көзқарасының мазмұнына жаңалық енгізеді. Сонымен бірге ол табиғи құқықты Қүдай заңының бір бөлігі ретінде қарастырады. Ф. Аквинскийдің ойынша, бостандық -өз мүдделері үшін басқаруға ыңғайлы қауым мүшелері-нің құқығы болып табылады.

Құқық және бостандық көзқарасының қалыптасып дамуына христиан дінінің қосқан маңызды үлесінің бірі -саясат пен жеке бостандықтың бір-бірінен ажыратылу үдерісі. Сенім, ар-ұят, адамды жан ретінде түсіну, өзінің күнәһар екендігін мойындау көзқарастары реформация дәуірінде пайда болды (М. Лютер, У. Цвингли, Т. Мюнцер). Бұл ілім адамның ішкі бостандығын тануға, адамның рухани жан-дүниесінің даралануына, ар-ұят бостандығын түсінуге мүмкіндік берді. Реформация нәтижесінде құдаймен тілектес адамдарды жәбірлеуге тыйым салынды.

Егер бұрын «Құдай адамды өзіне бағынышты етіп жасап шығарды» деген адамның құдайға тәуелділігін мойындайтын ойлар айтылған болса, қазір бойында имандылық нүры бар, саналы бостандықпен жалғасқан шығармашылық тұрғыдағы ақылды да еркін тұлға туралы ойлар айтыла бастады. Адам туралы ойлар адамды ең жоғарғы құндылық деп түсіндіріп, өзінің шешімі мен іс-әрекет бостандығын көрсететін, жеке басына араласпайтын және адамдардың теңдігін қажет ететін ережені алдыға тартады. Адамдарға берілетін аталған бостандықтар аясы біртіндеп қоғамдық келісімдер арқылы кеңейе береді.

Феодализм дәуірінде құқық пен бостандықтың жекелеген қағидаттары қалыптасып, қарқынды дамыды. Қалалар мен шаруалар тарапынан болған революциялық қозғалыстар қоғамның топтарға бөлінбеу қағидатының пайда болуына ықпал етті. ХVІ-ХVII ғасырларда болған діни соғыстар ар-ұят бостандығына деген құқықтың іргетасын қалады. Капиталистік қатынастардың тез дамуы және Батыс Еуропа мемлекеттеріндегі шаруалар қозғалысының күшеюі басыбайлылық аясын тарылта түсті.

Адам құқығы туралы ілімді заңгер және қоғам қайраткері Гуго Гроций (1583-1645) адамдардың бостандықта болып, жайлап қоғамдық меншіктен жекеменшікке көше бастайтын табиғи жағдай идеясымен байланыстырады. Гроций пікірі бойынша, адамдардың теңдігі табиғатпен тығыз байланысты, сондықтан ол табиғи құқыққа сәйкес келеді. Мемлекетті құрудың келісімшартын жасасқан адамдар бостандық аясынан билеуші және бағынушы аясына көшті.

Г. Гроций ойынша, мемлекет — бұл қоғамдық пайда және құқықты сақтау үшін жасалған, еркін адамдардың одағы. Адам жекеменшігі және өмірін қорғау мақсатында мемлекеттік билік пен оның заңдарына ерікті түрде бағынады.

Адам құқығын анықтауда зор үлес қосқан философ, экономист және саяси ойшыл Д. Локк (1632-1704) өмір сүру құқығы, жекеменшік және жеке бостандыққа деген құқықтарды адам құқығының негізін қалайтын қүқықтарға жатқызады.

Джон Локк өзінің «Билік туралы екі трактат» еңбегінде табиғи тәртіп жағдайында бірінші орында үкіметтің құқығы емес, адам құқығының тұратынын көрсетті. Локк қоғамның ежелгі даму кезінде адамдардың бостандықта болғанын, яғни адамдардың бостандыққа және жекеменшікке деген табиғи құқық теңдігі болды деп пайымдайды. Бірақ бұл құқықтар мемлекеттің араласуынсыз ешқандай нәтиже бермеді. Адамдар өз құқықтарын жекелей қорғай алмайды, өйткені, құқықтың жүзеге асырылуы өз мәнінде бәсекелестік немесе қақтығыстарды туындатады. Сондықтан адамдар алдыменен қоғамды құруы тиіс, содан кейін мемлекетті қалыптастырады, осылайша олар өздерінің табиғи құқықтарын қорғай алатын болады. Локктың ойынша, мемлекет билеушілер мен халық арасындағы қоғамдық келісімшарт негізінде құрылды.

Д. Локқ: «Мемлекеттің мақсаты адамның табиғи және басқа да құқықтарын қорғау болып табылады (өмір сүруге деген, жекеменшікке және бостандыққа деген құқығы), сонымен бірге ол адам дүниеге келгенде бірден екі құқыққа ие болады: біріншіден, тұлғаның бостандыққа деген құқығы, яғни ешкім де ешқандай жағдайда оның өміріне араласа алмайды, оның өмір сүру жағдайын күштеп міндеттей алмайды; екіншіден, адам әкесінен қалған мұраны өзі немесе отбасының басқа да мүшелерімен бірлесе отырып бөліп алуға құқылы, бұл оның басқа адамдарға қарағанда артықшылық құқықтарға ие екендігін көрсетеді», — дейді. Мемлекет тарапынан адамның жеке өміріне араласуға жол бермеу қажеттігі адам құқығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Адам құқығының толық сақталуын қамтамасыз ету биліктің үш тармаққа бөліну жағдайында нақты жүзеге асырылады. Атқарушы билікке қарағанда, заң шығарушы билік әлдеқайда күштірек болуы қажет, өйткені ол мемлекеттің саясатын, тұлға мен мемлекет қатынасындағы құқықтың шеңберін анықтайды.

Голландық философ Б. Спиноза Локктың көзқарасына қарағанда, табиғи құқықтың қатарына адам құқығын, адамдардың заңды әрекетін, ой мен ождан бостандығын енгізе отырып, кең мағынада алып қарастырады.

Мемлекеттік биліктің әрекет ету аясы «адам құқығынан ажырамайтын бостандықтың шынымен бар екенін көрсетеді». Билік қоғамдағы бостандықтан қорықпауы керек, тек бостандық қана мемлекеттің көркеюіне ықпал етеді. Спиноза жеке және қоғамдық бостандықтың өзара байланыста болатынын көрсетіп берді.

Локк идеясы елде қоғамдық қатынастың негізі ретінде қабылданды. Англияда адам құқығы саласындағы ұлттық заңдылық қарқынды дамыды. Жекеменшіктің шексіздігі, тұлға құқығына қол сүғылмаушылық белсенді түрде бекітілді. Ождан және түлғалық бостандық ағылшын парламентінің арнайы декларациясында бекітілді. Адам құқығын демократияландыру цензурасыз баспасөз және сөз бостандығы идеясының таратылуынан айқын көрініс тапты. XVII ғ. 80-жылдардың соңында ағылшын парламенті еркіндіктің Ұлы Хартиясының барлық нормалары орын алған құқықтар туралы Билльді қабылдады. Билль парламенттің рөлін арттырып, парламент сайлауына бостандықты, сөз бостандығын қамтамасыз етті. 1694 жылы парламент цензура туралы актінің күшін жойды, бұл баспасөз бостандығының заңды тұрғыда қамтамасыз етілуі еді. 1700 жылғы заңмен соттардың тұрақтылығына кепілдік бекітілді. Қорытындылай келе, Англиядағы ұлттық заңдылықтың келешектік даму құбылысы болғанын, ал Еуропаның барлық аймағында адам құқығы мен бостандығының қалыптасып, дами бастағанын айтуымызға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Искакова Г., Ғазизова Н., Сембаева А. — Қазақстан Республикасындағы адам құқығы: Оқу құралы. — Астана: Фолиант, 2008. — 296 бет.
  2. Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы, 2006.
  3. Бельгибаев С. Развитие гражданского общества в Казахстане // Саясат, — 2004., №11.

#Феодализм #дәуіріндегі #адам #құқығы #мәселелері